ВЕРНУТЬСЯ

  (Қыршын кеткен ұлым Мирзоға)

 

  Айтпадым бар деп көзімде от,

Кешпедім күнін жасықтың.

Ажалдан қорыққан кезім жоқ,

Өмірге... және ғашықпын!

Апарды талай қиырға,

Қуаныштар менен қасірет.

Жиырма төрт жылдық ғұмырда

Жылаған екем бес рет.

...Жарқ етіп жарық дүние,

ерінге тиіп ақ уыз.

Ананың ғажап әлдиіне,

Жұбандық алғаш бәріміз.

Аңдаусыз басқан қадамдар,

Қапыда жерге құлатты.

Екінші рет бізді, адамдар

Әке мен Әже жұбатты.

Алғашқы қадам... тәй басқан,

әркімге беріп еншісін,

Татулығымызды жоймастан,

Тағдырға бөлген сенбісің?!

Қош айтып тәтті ертегім,

Бір күні келді қиянат!

Көкірегім кектен өртенді,

Ыстық жас көзге ұялап.

Алақанын аңсап әкенің,

Жел тарап өсті айдарым.

Бақытқа қайтсем жетемін,

Ізгілікке баста, ойларым!

Содан  ба...

Есте қалмады,

Төртінші рет неге жыладым?

Бәлкім, бір досым алдады,

Бәлкім, бір сыннан құладым.

Бәрі де өтті басымнан,

Шын өмір маған сен бердің -

Әке боп жиырма жасымда,

Артымнан ұлым ерген күн!

Өзекті шарпып от алды,

Өзіңді және жек көрдім -

Ақ уыз емген ботамды,

Баурымнан алып кеткен күн!

Жібімей қойды жарқылға,

Кірпікке қатқан тас моншақ.

Өрлігім баз бір қалпында,

Көңілім сәл-пәл жасқаншақ...

Дүние кезек көп шығар,

Өкіндік, тағы бекіндік.

Жаныңда жүрсе жақсылар,

Жоламайды екен жетімдік!

Жылдармен қымбат ай-күні,

Бұл өмір - асау, дулы өмір,

Күйретер едім қайғыны,

Жекпе-жек келсем бірге-бір!!!