ВЕРНУТЬСЯ

         Аса қадірлі
Василий Владимирович!
    Мен әлі
осындамын, қазақ мақалымен айтқанда, жіпсіз байланып отырмын. Хрестоматияның
басылуы аяқталып келеді. Бос уақыттарымды пайдаланып, мен мұнда, қазақ
балаларына орыс тілін окытуға жетекші оқу құралын да түзіп қойдым; тек оны қайтадан таза қағазға көшіргенім
жоқ, мұны Торғайға барған соң көшіретін болармын. Ырғызға оқытушы жіберілді. Бірақ
онда менсіз ешнәрсе шығар ма екен, өйткені, ондағы мектепке әлі керекті парта,
стол, орындық және басқа шаруашылық құралдары сатылып алынған жоқ еді. Бұл
заттарды алуға керек қаржыны мен Орынбор басқармасынан бұдан бір жеті бұрын
ғана сұрап алдым. Бірақ ақша Ырғыздан берілетін болды, ал алынатын заттардың
бірқатары, мысалы: кереует, асхана және төсек-орын жабдықтарына осында заказ беру
керек көрінеді. Сондықтан, Орынборға 700 сом ақша жіберу туралы Ырғызға хат
жазылды. Осыны еске алып, мен қазір 25 темір кереуетке заказ бердім, Қызыл
крест қоғамынан әртүрлі кенеп, ақсүп маталар сатып алдым.
Біздің болады деп жүрген мәслихатымыз қашан болатынынан
бихабармын, соған осы Сіздің келуіңізді күтіп отырған жоқ па екен. Біздің
мектептер туралы жобамыз осы мәслихатқа қалдырылып отыр. Менің тек, «іш пысып,
қайғы басып жүр» деп ән салуыма ғана тура келіп отыр. Айтқандай, менің сорыма
аяғымның жарасы жарылып, дәрігердің айтуы бойынша, міне бір жеті бойы, түрмеде
отырғандай, үйден шыға алмай отырмын. Сонымен қатар, зеріккендіктен аса көп
оқып, көп жазамын деп, бірнеше күннен бері басым ауырып жүр, оған қосымша, екі
құлағым бірдей бітіп қалды; сондықтан әрбір сөйлеген адамға құлағының біреуін
тоса қоятын Попечительдің секретары сияқты болып отырмын (ғылыми дүниенің шын
соңына түскен адамның осылай болуы да керек кой).
Сонымен,
көргенше сау болыңыз, Василий Владимирович. Егер мұнда келетін болсаңыз,
тезірек келгеніңіз тәуір болар еді.
Ісімізді де шешер едік, мені де қапастан боса-
тып алар едіңіз.
Сізге шын көңілмен берілген
қызметішіңіз И. АЛТЫНСАРИН.
Егер мұнда келмейтін болсаңыз, онда бұл туралы жазып жіберіңіз. Жұбайыңызға менен сәлем айтыңыз.
1879 жыл, 9 ноябрь.
Орынбор қаласы.