ВЕРНУТЬСЯ

      ХІХ ғасырда қазақ даласынан шығып, орыс, Европа мәдениетіне қолы
жеткен оқымысты, халық ағартушылар дәрежесіне көтерілген әрі педагог, әрі ақын-жазушы
Ыбырай Алтынсаринның өз халқының келешегі үшін істеген еңбегі зор. Әр педагог-оқытушы
халық ағарту жолында тап Ыбырайдай жұмыстар істесе, көптеген табыстарға қолы
жеткен болар еді. Ыбырайдың педагогтік, жазушылық қызметтері кейінгі ұрпақтарға
үлгі және сол үлгілік мәнін әрқашан да жоғалтпақ емес.

            Алтынсарин
- өз кезінде де, өлгеннен кейін де орыс, қазақ оқымыстыларының абайын өзіне
аударған педагог-жазушы. Оның оқу, оқыту, мектеп жұмыстарын жолға қоюдағы еңбектерін
сол кездегі Орынбор, Қазан қалаларындағы орыс оқымыстыларының бәрі де жоғары бағаласа,
1879 жылы шыққан «Қазақ хрестоматиясымен» байланысты сол жылы «Оренбургский
листоктың» 49-санында (2 декабрь) шыққан рецензиядан бастап, газет, журнал,
ескерткіш, кейін жеке монографиялық еңбектерде Ыбырай Алтынсаринның өмірі мен
ісі таңдаулы тақырыптардың бірі болды. Сол кездегі орыс оқымыстылары
А.Васильев, А.Е.Алекторов, Н.И.Ильминский, Ф.Д.Соколов, т.б. Алтынсарин жайлы
аз жақсылық жасаған жоқ. Ол өлгеннен кейін біреулері қолжазбаларын жиыстырды,
енді біреулері ескерткіш құрастырды, тағы біреулері Ыбырайдың Хрестоматиясын қайта
бастырып шығарды (Ильминский, Соколов, Васильев, т.б.). Бұларды Ыбырайдың мұрасына
құрмет көрсеткен, сол арқылы қазақ халқына үлкен қызмет еткен адамдар деп
білуіміз керек.

            Олардың өмірге
көзқарастары әртүрлі адамдар бола тұрса да, Алтынсаринды түсінулері, оны бағалаулары
дұрыс, тарихи шындыққа негізделген және бәрі де оның ағартушылық, жазушылық қабілет-талантын
өте жоғары бағалап, өз елін мәдениетке сүйреуде көп еңбек еткен халқының адал
перзенті еді деген қорытындыға келді.

            Революцияға
дейінгі қазақ авторларынан Ыбырайдың ағартушылық, ақын-жазушылық және әлеумет қайраткерлік
ролін дұрыс түсінген көзқарастарды аңғартатын және оны ескермей, оған
желкесімен қараушы ұлтшылдық топқа қарсы ашына жазған адам - белгілі демократ
М.Сералин. Ол: «Өткен 1914 жылы 14 июльде Алтыбас (рудың аты) Ыбырай
Алтынсаринның дүниеден қайтқанына 25 жыл толып өтті. Қазақ жұрты үшін
Алтынсаринның сіңірген қызметі көп еді. Оны есіне алған қазақ болды ма, жоқ...
Көресіз, біз культурный жұрт қатарына кіруден әлі алыс жатырмыз-ау»1, - деп
жазды.

 

1«Айқап», 1914ж., №2, 18-бет

            Сол кездері
қазақ оқығандары арасында болған ұлтшылдық пен демократтық көзқарастардың бір
тобының пікірлерін аңғартатын Сералин сөзінің мәні зор. Автордың: «Оны есіне алған
қазақ болды ма?» деп кекете сұрап отырғаны - жалпы қазақ емес, қазақтың ұлтшыл
оқымыстылары. Олар Алтынсаринның халық ағарту жұмыстарындағы әдісін де, оның
орыс оқымыстыларымен бұл жолдағы достықтарын да түсінбеді, түсінгілері де
келмеді. Ыбырайдың достасқан адамдарының ішінде миссионерлердің болушылығы ұлтшыл
оқымыстылардың Алтынсаринға теріс қарауларының негізгі себебі болғанға ұқсайды.

            Өздері
білімді орыс мектептерінен алса да, олар шығысқа бүйректері бұрып, сол елдің мәдениеті
арқылы даму жолдарын ұсынғандықтан, Ыбырайдың орыс алфавитімен кітап шығаруының
өзі олардың үрейлерін ұшырды. Сол кездің өзінде орыс алфавитінің арабшаға қарағанда,
әлдеқайда пайдалы екендігін, шаруашылығы, тұрмысы мидай араласып жатқан екі
елдің келешекте достаса түсуі үшін де, мәдениеті кейін қалған қазақ халқы орыс
тілін үйрену, сол арқылы оның мәдениетін меңгеру үшін де орыс алфавитінің
керектігін көрегендікпен аңғарған Алтынсарин идеялары ұлтшылдарға көзге ұрған қамшыдай
тиді. Сондықтан да олар Алтынсаринға «шоқыншық» деп қарады. Алтынсарин
миссионерлік идеяны алдарына қойған мектепте оқыса да, сол бағыттағы орыс ғалымдарының
кейбіреулерімен достасса да, ол өзінің педагогтік, жазушылық өмірінде бірде-бір
миссионерлік жұмыс жүргізген жоқ. Ал алфавит мәселесінде Ыбырайдың пікірлерінің
дұрыстығын тарихтың өзі дәлелдеп отыр.

            Совет дәуірінде
де Ы.Алтынсаринның өмірбаяны, оның ағартушылық жолындағы жұмыстары, жазушылығы,
педагогтік еңбектері, әр мәселеге көзқарастары жайлы жазылған мақала,
таныстыру, зерттеулер көп: М.Әуезов, С.Мұқанов, М.Жолдыбаев, Ғ.Тоғжанов, Ә.Қоңыратбаев,
Т.Тәжібаев, Б.Сүлейменов, Қ.Жармағамбетов, тағы басқалардың еңбектері бар.
Алтынсаринға әр жағынан келіп, көптеген бағалы пікірлер айтқан - профессор
А.Ф.Эфиров («Ыбырай Алтынсаринның педагогикалық қызметі», 1945 жыл).
Алтынсаринның өмірбаянын, ағартушылық, педагогтік ой-пікір, көзқарастарын
молырақ қамтып, тереңірек зерттеген - педагогикалық ғылымдардың кандидаты Ә.Сытдықов.
Оның «Педагогическая идея и просветительство Ибрая Алтынсарина» (1949ж.) атты еңбегі
Алтынсаринды тануда құнды еңбектердің сапына жатады. Бұл авторлардың екеуі де педагогика
ғылымдарының маманы. Сондықтан Алтынсаринның педагогтік және ағартушылық қызметтерін
терең толғап, кеңінен шешуге мүмкіншіліктері мол ғалымдар еді. Шынында да
олардың зерттеулері оқырмандардың көңілін аударарлық жақсы еңбектер болып шықты.

            Соңғы
жылдардағы зерттеулерден тағы да екі адамның зерттеулерін айрықша атауымыз қажет:
Б.Сүлейменов, Ә.Дербісәлин. Тарихи ғылымдардың докторы Б.Сүлейменов
Алтынсаринның өмірі мен қызметін арнайы зерттеп, талай архивтерді көтеру нәтижесінде
4-5 томдық қолжазбалар жинастырып отыр. Олардың ішінде Алтынсаринның өмірін,
творчествосын білуімізді толықтыра түсетін мәліметтер аз емес. Әсіресе күні бүгінге
дейін Алтынсаринның өз кезіңінің әдебиетіне мәлімсіз болып келген көзқарастарының
біздер үшін мәні зор. ХІХ ғасыр қазақ әдебиетімен байланысты әлі күнге шешімін
таппай келген мәселелерді айқындауда Алтынсаринның бұл мақаласының үлкен көмегі
тимек.

            «Ыбырай
Алтынсарин» атты филология ғылымдарының кандидаты Ә.Дербісәлиннің 1965 жылы шыққан
кітабының зор көмегі бар. Бұл - жас ғалымның көп жылдар бойы өте бір табандылықпен
мұқият зерттеп, әр мәселеге ой көзімен қарап жазған еңбегі. Автор өзіне дейінгі
осы тақырыппен шұғылданушы, зерттеушілердің қайсысына болсын, әдебиеттік сын тұрғысынан
қарап, дұрыс бағалар берумен қатар, көптеген жаңа мәліметтер тауып, оларды өз еңбегінде
шебер пайдалана білген.

            Алтынсарин
туралы жазылған мақала, еңбектер, әрине бұл аталғандармен шектелмейді. Тарихшы,
философ, педагог, т.б. мамандардың жазғандары да баршылық. Біз тек негізгі
зерттеушілерді ғана атап өттік. Алтынсаринның өмірін, творчесвтосын мұқият
зерттеп, тереңірек түсінгісі келетіндерге жоғарғы көрсетілген авторлардың жазғандарының
бәрі де керек. Бірінде шала айтылған, не қалтарыста қалып қойған құнды пікір, өмірге
көзқарастары екіншісінде басым айтылады. Кейінгі оқушы-зерттеушілер өздерінің бұрынғы
жазылғандардың барлығымен толық танысып, сын мұнарасы тұрғысынан әділ бағаларын
бере отырып пайдалануы керек.

 

Ыбырай (Ибрагим) Алтынсарин 20 октябрьде
1841 жылы Қостанай облысы бұрынғы Аманқарағай болысы, қазіргі Затоболь
ауданында туған. Өз әкесі Алтынсары Ыбырайдың 4 жасар кезінде өледі де, үлкен әкесі
Балғожаның тәрбиесінде өседі. Балғожа Жаңбыршыұлы - өз кезінің қабырғалы биі,
патша өкіметіне де қызмет еткен адам. Бірақ ол қазақтың басқа феодалдарымен
салыстырғанда, өмір ағымының бет алысы қалай бара жатқанын аңғара алатын адам
болған. Балғожа ендігі жерде оқу, өнер-білім керектігін ерте түсінген.
Келешекте ел басқару үшін де, күнкөріс үшін де оқу қажет екендігін жақсы
білген.

            1844 жылы
Орынборда қазақ балаларына арналған жетіжылдық мектеп ашу туралы патша ережесі
бекітіледі. Балғожа осы ашылмақ мектепке 1846 жылы 5 жасар немересі Ыбырайды
жаздырып қояды. 1850 жылы 23 августе орыс-қазақ мектебі ашылып, қазақтардан 30
бала алынады, солардың бірі Ыбырай Алтынсарин болады.

            Жеті жылда
Ыбырай мектептен ойдағыдай, жақсы білім алып шығады. Мектеп программасы бойынша
арифметика, тарих, татар тілі, дін сабағы, тағы басқалар өтілсе де, негізгі
нысана орыс тілін жақсы білгізіп шығару болады да, басқалары осыған бағындырылады.
Өйткені орыс-қазақ мектебін бітіріп шыққан қазақ балалары писарьлік, тілмаштық қызметтерін
атқарып, патша чиновниктеріне көмекші болуын, солар арқылы қазақ даласына
патшаның саясатын молырақ, кеңірек таратуды мақсат еткендіктен, орыс тіліне
айрықша көңіл бөлінеді.

            Алтынсарин
1857 жылы мектепті жақсы бітіріп шығып, біразырақ өз елінде писарь болып
істейді де, 1859 жылдан бастап Орынборда тілмаштық жұмысын атқарады.
Алтынсаринның жалпы білімін толықтыруда болсын, орыс тіліне жетілуінде болсын,
не әлеуметтік мәні зор ірі мәселелерге құлаш серпуінде болсын оның өмірінде
шешуші орын алған кез осы Орынборда болған жылдары тәрізді.

            Шығыс
зерттеушісі, профессор В.В.Григорьевпен жақындасып, оның бай кітапханасын еркін
пайдаланудың арқасында орыс әдебиетінің және шет елдердің ұлы адамдарының еңбегімен
мол танысады. Сөйтіп кешегі жетіжылдықты бітіріп, писарьлік, тілмаштыққа ғана
жарап жүрген Ыбырай Григорьевтің көмегімен, өзінің талмай оқып, ерінбей еңбектенуінің
арқасында, 1860 жылдары елде мұғалім боп бала оқытуға жарарлық дәрежеге шейін көтеріледі.
Осы мақсатпен ол 1860 жылы Торғайға келеді. Бірақ мектеп ашу оған оңайға түспейді.
Жаңа талап жас мұғалім кертартпа феодалдардың әртүрлі бөгеттеріне кездесіп, көп
қиыншылықтар көреді. Көп жылдар аңсап, өз өмірінің арманы болған мектебі тек
1864 жылы ғана ашылады. Бұл оқытушылық жұмысында ұдайы бес жыл болып, өзінің оқу-ағартушылық
майданында қабырғалы қайраткер екендігін танытады. Енді оны бір мектеп емес,
Торғай облысының барлық мектептеріне басшылық етіп, ақылшы, жетекші боларлық
орынға тағайындайды. Оны 1879 жылы облыстық мектептердің инспекторы етеді.

Қысқасы, 1864 жылдан бастап, 1889 жылға шейін Алтынсарин өзінің
барлық күш, барлық ынта-жігерін халық ағарту ісіне жұмсайды. Оның осы ағартушылық
жолында, әсіресе тарихи еңбегінің бірі - көп жылдар бойы жоғарғы үкімет
орындарынан сұрана жүріп, ақыры 1887 жылы қазақ қыздары үшін Ырғызда
мектеп-интернат ашқызып, қыз балаларды оқыту ісіне өз халқының тарихында
бірінші рет жол салады. Ыбырай қайтыс болғаннан кейін 1891-1896 жылдар аралығындағы
Қостанай, Қарабұтақ, Ақтөбе қалаларындағы интернаты бар әйелдер училищелері де Алтынсаринның
ізденулерінің нәтижесі екендігі документ арқылы дәлелденіп отыр. Қазақ балалары
үшін ауылшаруашылық қолөнер кәсібіне үйретерлік училищелер ашу туралы да көп
ізденіп, үлкен әрекеттер жасағаны, ақыры Торғай қаласында ремесленное училище
ашуы, басқа қалалардағы ауылшаруашылық оқу орындарына қазақ балаларын жіберуге,
оларды орналастыруға күш салуы - оның өз халқы үшін істеген айбынды ісі, ұмытылмас
еңбектері екені сөзсіз.

            Әйтсе де, қазақ
қыздарының мектебін ашуға үлкен күш салуының айрықша мәні зор. Өйткені ХІХ ғасырда
бұл жалғыз қазақ халқы ғана емес, шығыс, батыс, орыс елдерінде де әлеуметтік мәні
зор, күрделі мәселенің бірі болатын. Бұл мәселе, әсіресе шығыста көңіл
аударарлық еді.

            Алтынсарин өмір
сүрген дәуірде батыс, орыс оқымысты, жазушы, әлеумет қайраткерлері әйелдің қоғам
өмірінде алатын орны, азаматтық праволары туралы келелі мәселелер көтеріп, бұған
жұртшылық көңілдерін аударды, прогрессивтік-демократтық бағытағы әр елден шыққан
жазушы, публицист, қалам қайраткерлері бұл үшін қызу күрестер жүргізді.

Орыстың революцияшыл демократтары: Белинский, Чернышевский,
Добролюбов әйелдерді қоғамдық жұмыстарға араластыру, жабық түрде емес, ашық түрде
оқыту, т.б. мәселелерді көтерді. Н.А.Добролюбов «Әйелдердің ашық мектептерін ұйымдастыру
туралы ойлар» атты мақаласында патшалық Россияда әйелдердің правосыздығын айта
келіп, сонымен байланысты әр алуан шындықтардың бетін ашып, әйел мәселесінің
айналасындағы кертартпалықтарды өлтіре сынаса, Н.Г.Чернышевский өзінің «Не
істеу керек» деп аталатын романында әйелдерге байланысты екі түрлі жайттың
бетін ашты. Бірінші, ол кезде патша заңы бойынша, бір үйленгеннен кейін, қайтып
неке бұзуға болмайтын. Үйленгеннен кейін мінездердің келіспеуі, ерлердің әйелдерді
қорлауы, азап көрсетулері тәрізді себептермен ажырасу ол заманда заңға қайшы
болатын. Егер ондай жағдайлар бола қалса, тек патша «ағзамның» өз шешімімен ғана
болатын. Ал патшаға жету ілеуде біреудің қолынан келетін.  Тәжірибе жүзінде айрылу мүмкін емес болатын.
Сондықтан ондай жағдайларға кездесуші әйелдер өмір бойы басыбайлылық қалпында қала
беретін.

            Міне, «Не
істеу керек?» романында 60-70 жылдардағы демократтық бағытты қолдаушы жастар әйелдің
жеке бас бостандығы мәселесін өздерінше шешеді. Бір кезде бірін-бірі сүйіп қосылған
Лапухов пен Вера Павловна бірге тұрып, өмір сүре бастағаннан-ақ екеуі екі басқа
адамдар екенін сезе бастайды да, Кирсановпен танысқаннан кейін Вера Павловна
тек сол жігітпен қосылса ғана бақытты өмір сүретіндігін түсінеді. Бірақ Вера
Павловна Лапуховтың өзін ауыр халден құтқарғанын ұмытпай, Кирсановты ұнату
сезімін жасырып, ибалық, адамдық жолдардан аттамайды. Мұны сезген Лапухов әркімде-ақ
болатын өзімшілдік сезімдерін саналылыққа жеңдіріп, Кирсанов пен Вера
Павловнаның қосылуына мүмкіндік іздейді. Патша заңы бойынша еш жол жоқ, сондықтан
бір күні көпір үстінен атылған, көпірден құлап суға кеткен болып, жасырын түрде
шетелге кетіп қалады да, он жылдан кейін оралады. Бұл жылдардың арасында
Кирсанов пен Вера Павловна үйленіп, бақытты семья құрады. Лапухов ескі
достарының көңіліне дақ салмау үшін, сақалын өсіріп жіберіп, фамилиясын өзгертіп,
олармен қайта достасады. Сөйтіп Чернышевский жаңа идеяны қолдаушы демократтық
бағыттағы жаңа адамдардың өз идеяларына беріктігін, әйелдің бас бостандығымен
байланысты мәселелерді осылай суреттеп, осылай шешеді.

            Егер біз
сол романдағы Вера Павловна басқарған мастерскойдағы әртүрлі жұмыстардың жолға қойылуын
еске алсақ, әйелді әлеумет өміріне араластырса, қоғамға қандай үлкен пайда
келтірер еді деген идея жатыр. Жасында қатты езілген, есейіп кеткесін ғана оқыған
әйел Вера Павловнаның бойында қаншама қабілет барлығын кішкене мастерскойды ірі
комбинат, үлкен коллективке айналдыруын көрсету арқылы автор қоғамға пайдалы қаншама
күштер көміліп жатыр деген қорытындыға әкеліп тірейді.

            Орыстың ХІХ
ғасырлардағы ірі жазушыларының әйел мәселесіне бір соқпай кеткендері жоқ. Әсіресе
революцияшыл-демократтардың әйел мәселелерін дұрыс шешуде рольдері ерекше. ХІХ ғасырда
әйелдердің бас бостандығы, қоғамда алатын орны туралы мәселені шешуде
прогрессивті идеяны қолдаушыларға қазақ даласынан үн қосқан, демократтық идея
биігіне көтерілгендер - Алтынсарин мен Абай. Алтынсаринның қазақ қыздары үшін
мектеп-интернаттар ашуға жарты өмірін сарп етуі тек жалаң оқыту, хат білдіру ғана
емес, қазақ әйелдерінің әлеумет жұмыстарына араласуын, қоғамның праволы мүшесі
болуын аңсаған ұлы арманнан туған істер болатын.

Алтынсарин 25 жасында Достарқызы Айғанысқа үйленеді. Айғаныстан
Абдолла (1882ж.), Абдрахман (1884ж.) атты екі ұл, Шәрипа деген бір қызы
(1886ж.) болады. Ыбырай балаларына өзі тәрбиеші болып, жасынан орыс тіліне үйретеді.
Абдрахман гимназияда оқып жүргенде жастай қайтыс болады. Абдолласы аурулы болған
себепті оқи алмайды (ол революциядан кейін 1920 жылы қайтыс болады).

            Алтынсаринның
мектеп ашу, бала оқыту, ондағы тәлім-тәрбие жұмыстарын алдына нысана етіп қою,
белгілі жүйемен жүргізу мәселесі оның педагогтік, тәрбиешілдік міндетін бір
минут та ұмытпай, жүзеге асыруға тырысқандығы еді.

            Оқыту,
мектеп жұмыстарынан тысқары кезде халықтың көпшілігімен қоян-қолтық келіп, асқан
кішіпейілділікпен олардың мұң-мұқтаждарына зор көңіл бөлумен қатар, халықтың
жуан ортасынан шыққан талант иелері, ақын, әнші, әр алуан өнерпаздардың өсу,
ілгерілеуіне көмек көрсетіп, жетекшілік еткен. Күдері, Ақмолда, Сейтахмет, Нұржан,
т.б. ақындардың теріс бағытын оңға түзеуге кеңес береді. Күдері де, Нұржан да
ескішіл, кертартпалық көзқараста болған ақындар. Әйтсе де олардың кейбір шығармаларының
әдебиеттік, идеялық жақтарының жақсаруына Ыбырайдың ықпал тигізгендігі сөзсіз.
«Жалпақ қоян» атты жұтты суреттейтін ұзақ өлеңін Күдері ақын Ыбырайдың кеңесімен
жазады. Оның бұрынғы өлең, жырларына қарағанда, бұл - анағұрлым бағалы шығарма.

            Көп ақындар
Ыбырайды өздерінің рухани басшысы таныған. Сондықтан да олар Ыбырайдың
іс-амалдарындағы бұқарашылдығын, ел қамын сөз етіп, жұрт пайдасын ойлаушылығын,
ел арасындағы дау-шар мәселелерінде туралық, әділдігін өздерінің өлең-жырларына
арқау етіп, өзін әділдікті қолдаушы адам образының негізгі үлгісі етіп алған.
Мысалы, Сейтахмет ақын өзінің «Бір нашардың әділ төреге айтқаны» деген ұзақ өлеңінде
бай мен кедейдің арасында болған бір дауға төреші болған оқымысты қазақтың әділдігін
көрсетеді. Дауды тыңдап болып, оқымысты төренің шындық кедей жағында, байдікі
даукестік, әлсізге жасап отырған зорлық екендігіне көзі жетеді де, билікті
кедейдің пайдасына шешеді.

            Алтынсаринның
өмірбаяны жөнінде көп материал берген және жақсы білетін оның шәкірті Әбдіғали
Балғынбаев: «Бір нашардың әділ төреге айтқаны» атты өлең Ыбырайдың өмірінен
алынған еді»1, - дейді (бұл өлең Алтынсаринның 1879ж. хрестоматиясына
енгізілген).

 

 

 

1Алтынсарин жөніндегі қолжазба, 10-бет. ИЯЛ қолжазбалар
фондысында сақтаулы.

 

            Алтынсаринның
өмірбаянын сөз еткенде, айрықша көңіл аударарлық жайттың бірі - орыс оқымысты-интеллегенттерімен
байланыс, қарым-қатынастары. Бұл бізде әлі жүйелі түрде зерттелмей келе жатыр. Әрбір
мақала, зерттеу еңбектеріндегі атүсті, шолу түрінде ғана айтылып жүрген
пікірлер бағалы, керекті екені рас, бірақ ол жеткіліксіз. Алтынсаринның достасқан,
істес, пікірлес болған адамдары ол кездегі Орынбор, Қазан қалаларындағы шығыстану
ғылымымен шұғылданушы ғалымдар: В.В.Григорьев, Н.И.Ильминский, оқытушы және тіл
ғалымдары В.В.Катаринский, А.А.Мазохин, үйездік қызметкерлер Яковлев, Караулов,
т.б. еді. Оқу-ағарту мәселелері жөнінде олардың Алтынсаринға көп көмектері
тиген. Әрине, Ыбырай олармен достас, істес болғанда қазақ халқының келешегімен байланысты
барлық мәселелер жөнінде де пікірлес болды десек, қателескен болар едік. Кейбір
күрделі мәселелер жөнінде Алтынсаринның Ильминский, Григорьевтермен де
келіспейтін жайлары аз емес. Бірақ Ыбырай олардың ешқайсысымен араздасып, не
айтысып-тартыспай-ақ, өзінің ойға алған жұмысын іске асыруға тырысқан. Бәрімен
де істесе білген. Бірақ ешқайсысының ықпалында кетпеген.

            Әрі мәдениетті,
әрі талантты педагог-жазушы, әрі мінезге бай, адамгершілік, жолдастық қасиеті
мол Ыбырай орыс жолдастарының арасында да мейлінше беделді, құрметті, бағалы
болады. 1889 жылы Ыбырай айлап ауырып, төсек тартып қалғанда орыс жолдастарының
оны дәрігерге қарату ісін ұйымдастырулары, ол қайтыс болған күні ақырғы рет қоштасу
үшін қаладан көптеген жолдастарының арнайы келуі, өлгеннен кейін
Н.И.Ильминскийдің «Ыбырай Алтынсарин туралы есте қалғандардан» деген атпен Қазан
баспасында арнаулы кітап бастырып шығаруы, оның өз жолдастары арасында беделді,
құрметті болғандығын және оның істеген жұмыстарының да тарихи-әлеуметтік мәні
зор болғандығын дәлелдейді.

            Қазақ халқын
мәдениетке үндеп, халық ағарту мәселесінде көп еңбек еткен қазақтың тұңғыш
педагогі, әрі ақын, әрі жазушысы Ыбырай Алтынсарин 1889 жылы дүние салды. Ол қайтыс
болғаннан кейін орыс жолдастарының Ыбырай туралы жазған мақаласында оның әлеуметтік
ісі мен дүниетанушылық көзқарастарына әрі шындық, әрі дәл баға беріледі.

            «Ыбырай
Алтынсарин қазақ арасынан шыққан тұңғыш кемеңгер адам еді, ол қараңғы көшпелі өз
халқының ішіне европалық цивилизацияның жарығын таратты және оларды Россияны сүюге
шақырды»1, - деді. Бұл - тамаша дұрыс, мейлінше терең айтылған және күні бүгінге
шейін мәнін жоймаған, Алтынсаринның өмірі мен творчествосын зерттеушілердің әрдайым
есінде боларлық құнды пікір. Әрбір әлеумет қайраткерлерін жақсы білетін тұстас,
замандастарының оны қалай түсініп, қалай бағалағандықтары көп жайттарда
пайдалы, кейінгі зерттеушілер үшін біраз көмегі бар.

            Алтынсаринның
өмірі - оқушы, студент, оқытушылар үшін айрықша үлгі. Өйткені оның өмірбаянына
көз салсақ, оқу, еңбек, халық үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей қызмет
істегендігін көреміз. Ол небарлығы 7-ақ жыл оқыды. Әйтсе де Алтынсаринның жазғандарына,
аудармаларына, оқу, оқыту, мектеп мәселелері туралы Н.И.Ильминскийге, басқаларға
жазған хаттарына қарағанда, оның білімі, ағарту мәселесіне көзқарастары мен
ой-пікірінің тереңдіктері кімді болсын таң қалдырғандай. Соншама көп білімге
оның қолы қалай жетті екен деген сұрақ туады. Оның жауабы, бізше, біреу-ақ. Ол
- еңбек. Орта, жоғары мектептерде оқу барлық жағдайларда өздерінің аттарына сәйкес
келе бермейтіндігіне, шын білім алғысы келген адам өз бетімен оқып, ерінбей еңбек
етсе, жоғары дәрежелі білім алуға, үлкен ой, терең пікірлер айтарлық дәрежеге көтерілуге,
халыққа көп пайда келтіруге болатындықтың айқын айғағы - Ыбырай Алтынсарин өмірі.
Мұндай үлгілі өмірдің жастар үшін тәрбиелік мәні зор.

Алтынсаринның
өмір сүрген дәуірі, жағдайы ол кездегі әлеумет өміріндегі тартыс, әлеумет қайраткерлерінің
өмірге көзқарастары, әдебиеттегі екі түрлі бағыт, ол тартыстарда Ыбырайдың жаңалықты
жақтаушы адамның бірі болғандығы кітаптың кіріспе бөлімінде айтылды. Біздің бұл
жердегі тоқталмағымыз - оның жазушылық қызметі.

            Кейде біз Алтынсаринның
ағартушылық ісі, жазушылығы деп бөле сөйлейміз. Мектеп ашу, бала оқыту, тағы
басқа оның игілікті жұмыстар жүргізгені, атүсті қарағанда, олар екі бөлек нәрсе
болып көрінетіндігі рас. Бірақ Ыбырай бұл шеңберге сыймайды. Өйткені ол - жай ғана
ағартушы емес, әрі оқытушы-педагог, әрі жазушы.

            Ыбырайдың өмірі
мен ісіне көз жіберіп, оның жұмыс еткен жағдайын еске алсақ, ол іске
кіріскенде, сонау Торғай, Қостанай, Орынбор қолтықтарындағы қазақ далаларында қараңғылықтың
қаймағы бұзылмай, мұрты кетілмей жатқан болатын. Татар молдалары арқылы, тағы
басқа да жолдармен ел ішіне уын жая бастаған ислам діні, оны таратушылар «балаңды
орысша оқуға берсең, шоқынып кетеді» деп, елді үркітуге барынша күш салды.
Ыбырай, не Ыбырай тәрізділерді оқытып шығарғандағы миссионерлердің ойлаған ойы
мен көздеген мақсаттарынан Ыбырайдың ойлаған мақсат, көздеген нысанасы мүлде
басқаша болды. Олардың үстіне елдегі бай-феодалдармен, ең ар жағы өз
туыстарымен де оның тілек-мүдделері қабыспады. Ыбырайды оқытқанда «әкесінің
баласы болар» деп олар үміт етуші еді. Ол армандары орындалмады. Оқып, білім
алып, өз тізгінін өз қолына алған күннен бастап-ақ Ыбырай туыстарынан іргесін бөлек
салды. Олардың күткен үміттерін үзіп кетті. Осы айтылғандардың бәрі де Ыбырайдың
жолына кесел келтіретін үлкен-үлкен бөгеттер болатын. Өзімен білімі тең, көзқарасы
бір өз қасында серігі жоқ, ен қараңғылықтың дәл ортасында жалғыз өзі болса да,
Ыбырай бар бөгетке қарсы барып, күрес майданына шықты. Сүйгені де, сүйенері де
халық болды. Сол халықтың келешегі үшін басын бәйгеге тігіп, желіні ұзаққа
тартып, белсеніп іске кірісті. Кезіндегі жағдаймен санаса отырып, Алтынсарин
екі түрлі ірі мәселені алдына мақсат етіп қойды: біріншісі - мектеп ашу, бала оқыту,
жалпы халық ағарту жұмысы да, екіншісі - халықтың ой-санасын жаңалыққа қарай
бейімдеу жолындағы тәрбиелік істері. Оның барлық іс-амалы мен бізге қалдырып
кеткен мұраларына көз жүгіртсек, осы идеяны оның творчествосынан анық көреміз.

            Ол өзінің
алғашқы адымында-ақ мектептің ролін бірінші орынға қойды. 1871ж. 31 августа
Н.И.Ильминскийге жазған хатында дін мектептерінің жастардың басын қатырған
зияннан басқа ешбір пайда бермейтінін, халықтың ілгері дамуына бөгет жасайтындықтарын
айта келіп: «Қазақтардың білімге қолын жеткізетін ең басты құрал - мектеп. Бірақ
даладағы мектептер шашылыңқы, сондықтан әлі пайдалы бола алмай отыр, әйтсе де
олардың үміт күтері - мектеп, тек қана мектеп және қазақ халқының болашағы да
мектептермен байланысты», - деді.

            Ол кезде
мектеп, оқу, оқыту мәселесіне әркім әртүрлі қарады. Қазақ ішінде мектептің, онда
бала оқытудың пайдасын тез ұққандар да, баласын орысша оқытатын мектептерге
беруден тартыныңқырағандар да болды. Тіпті үстем тап өкілдерінің өздері де бірыңғай
болған жоқ. Ислам дініне берілушілер және ескілікті берік сақтағысы келгендер қадым
оқуын қолдады. Кейбіреулері жаңаға қарай бейімделіп, ел билеу үшін де, патша үкіметінің
ұлықтарымен араласу үшін де орысша білу керек деп ұқты да, балаларын жаңа
мектептерге беруді мақұл көрді. Мұндайлар қазақтың әр губерния, әр уйездерінен де
табылды. Бұлардың жерлері басқа болса да, аңсаған арман, көздеген мақсаттары
бір болатын.

 

Үміт еткен көзімнің нұры, балам,

Жаныңа жәрдем берсін хақ тағалам.

Атаң мұнда анаңмен есен-аман,

Сүйіп сәлем жазады бүгін саған.

Атаңды сағындым деп асығарсың,

Оқуға көңіл бөлсең, басыларсың.

Ата-анаңды өнер білсең асырарсың,

Надан боп, білмей қалсаң, аһ ұрарсың.

Шырағым, мұнда жүрсең, не етер едің?

Қолыңа құрық алып кетер едің.

Тентіреп екі ауылдың арасында,

Жүргенмен не мұратқа жетер едің? -

 

деп Балғожаның Ыбырайға жазған хаты тек Балғожа ғана емес,
сол сықылдылардың бәрінің көздеген мақсатының бір екендігін аңғартады. Балғожа,
не Балғожа сықылдылар баласын оқуға бергенде, оқы, білім ал, өнер үйрен, соған қолың
жетсе ғана ата-анаңды асырай аласың деп, оқу оқудағы мақсатты қара бастың қамына
әкеліп тірейді. Бірақ сол 1850 жылғы орыс-қазақ мектебіне түскендердің бәрі
бірдей «әкесінің баласы» болған жоқ, оның іштерінен «адамның баласы», халықтың
баласы болып шыққандары да болды. Екінші жағынан, олар патша үкіметінің қазақ
балалары оқитын мектеп ашқандағы алдарына қойған мақсат-міндеттерін орындаудан
да бас тартты. Ата-аналары «оқу-өнеріңмен тек біз үшін қызмет ет» десе,
миссионерлер «біліміңді патша үкіметінің ықпалын қазақ даласында жүргізу үшін күш
сал» деді. Халықтың Ыбырай тәрізді адал ұлдары алған білімдерін өз елін мәдениетке
жетелеуге, оқу, ағарту ісін өркендетуге жұмсады. Ол кезде надандыққа белшесінен
батып жатқан елді оқуға, мәдениеттілікке шақыру тарихи іс еді. Сол бір тарихи
кезеңде әлеуметтік мәні зор үлкен іс, ауыр жүкті арқалаған адамдардың бірі
Ыбырай Алтынсарин болды.

            Ыбырай өзінің
көптеген бір алуан өлең, әңгімелерін жастарды оқуға шақыруға арнады.

 

Оқысаңыз, балалар,

Шамнан шырақ жағылар.

Тілегенің алдыңнан

Іздемей-ақ табылар.

Кел, балалар, оқылық,

Оқығанды көңілге

Ықыласпен тоқылық!

 

            Кезінде бұл
өлеңнің тарихи мәні айрықша зор болды. Ақын бір жағынан, жастарды оқуға, білім
алуға шақырса, екінші жағынан, өмірдің бар қызығы тек қана байлықта деп ұғатын,
оқу-өнер, ғылым-білімге, оның жалпы халық үшін керектілігіне еш мән бермейтін
ескі көзқарасқа соққы берді. Өмірдегі сарқылмайтын мол байлық білім екендігін
айта келіп, білімге адамның қолы жету үшін ерінбей оқу, қажымай еңбек ету
керектігін түсіндірді. Есті бала мен ессіз баланы қарама-қарсы қойып, жастарға
кімнен үлгі алып, кімнен безу керектігін көрсетті.

            Ақын «Өнер,
білім бар жұрттар» атты өлеңінде оқу, білім алудағы мақсатты аша түседі. Балғожа
сықылдылардың бала оқытқандағы арманы «ата-ананы асырау» болса, Алтынсарин оқушылардың
білімді адам болғандағы мақсат-міндеттері өз халқының бір керегіне асу, оның
прогрестік жолмен ілгерілеуіне жетекшілік жасау, мәдениет жағынан салыстырғанда,
басқалардан бірнеше ғасырлық кейін қалған өз елін, «Тастан сарай салдырып,
айшылық алыс жолдардан, көзіңді ашып-жұмғанша хабар алдыратын» елдердің қатарына
жеткізу деп білді.

            Алтынсарин
мейлінше қиын жағдайда жұмыс істеді, талай бөгеттерге кездесті. Өтірік арыз,
«Жаптым жала, жақтым күйенің» неше түріне жолықты. Бірақ ол күрестен қажыған жоқ.
Себебі оның келешекке деген сенімі зор болды. Аңсаған армандарын өзі орындай
алмаса, болашақ жастар орындайды деп білді. Елді қараңғыдан жарыққа шығаратын
тек қана жастар деген қорытындыға келді. Өзін қоршаған қараңғылық, надандықтарды
шеней келіп:

 

Біз надан боп өсірдік,

Иектегі сақалды.

«Өнер - жігіт көркі» деп,

Ескермедік мақалды.

Біз болмасақ, сіз барсыз,

Үміт еткен, достарым,

Сіздерге бердім батамды, -

 

деді.

            Ыбырай қазақ
жастарын оқуға шақырумен қатар, адамгершілікке, махаббат-достыққа, еңбекке,
жігерлілікке, тапқырлыққа, халқын сүюшілікке шақырды. Былайынша айтқанда, адам
деген ардақты есімді ақтай алатын кісі болып шығуды насихаттап, жастарға дұрыс
тәрбие бергенде ғана бұл міндеттерді іске асыруға болатындығын ол жақсы ұғынды.
Сондықтан өзінің оқытушылық, жазушылық, аудармашылық жұмыстарын осы мақсатқа бағындырды.

            Балаға
жастай дұрыс тәрбие беру бүкіл дүниежүзіндегі педагог-ғалымдардың кәрі
замандардан бері үлкен көңіл аударып, айрықша көтерген мәселесінің бірі десек,
ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазақ даласынан оларға үн қосушы бірінші қазақ
педагогі - Ыбырай Алтынсарин. Бұл мәселе жөнінде ол көптеген педагогтермен, әсіресе,
орыстың алдыңғы саптағы ұлы педагог-ғалымдары К.Д.Ушинский, Л.Н.Толстой,
Бунаковтармен пікірлес болды. Оның 1879 жылы басылған «Қазақ хрестоматиясын»
алсақ, әрі мазмұны, әрі методика жағынан жастарға дұрыс тәрбие беруге лайықталынып
құрылғандығын көреміз. Кітаптың мақсаты - татар тіліндегі әдебиеттер арқылы
далаға кең тараған ислам діні мен оның зиянды әрекеттеріне қарсы шығу, оның
орнына шын ғылым беретін жаңа принципті ұсыну және оны орыс алфавиті арқылы өзінің
ана тілінде тарату болса, методика жағынан, балалардың жастарына лайықты, ең
керекті материалды теріп жинастыру еді.

Кітаптың мазмұны бірнеше тақырыпты қамтиды: 1) балалар өмірі
туралы орыс тіліндегі әртүрлі хрестоматия, көбіне Паульсонның хрестоматиясынан
алынған әңгімелер; 2) әртүрлі жастағы адамдардың өмірін суреттейтін әңгімелер;
3) қазақ жыршыларының өлең-жырларынан үзінді; 4) қазақтың мақал-мәтелдері.

Жинастырған материалдарына да, құрастыруларына да автор
мейлінше ұқыптылықпен қарап, тәрбиелік мәніне зор көңіл бөлген.

            Бұл әңгімелерінің
көпшілігі И.И.Паульсонның «Книга для чтения и практических упражнений в русском
языке» хрестоматиясынан, басқалары К.Д.Ушинскийдің «Детский мир», «Родное
слово», Л.Н.Толстойдың балаларға арналған кітаптарынан алынған. Бұлардың көпшілігі
дәл аудармалар да, бірқатары - ерікті аудармалар. Кейбіреулерінің орысшадан тек
тақырып, сюжетін ғана алып, қазақтың өмірі мен тұрмыс-салтына жақындатып, өзінше
жазған деуге болады.

            Қалай болғанда
да жастарға дұрыс тәрбие беру үшін, олардың дүниетанушылық көзқарасын кеңейту үшін
«Қазақ хрестоматиясының» тек өз кезі ғана емес, қазірдің өзінде де мәні зор.
Сондықтан да ол талай жылдар талай рет басылып, мектеп оқушыларына ұсынылып
келеді. Бұл кітапқа енгізілген әңгімелерінде еңбек сүюшілік, оқу, өнерге ұмтылушылық,
отанын, елін сүюшілік, талаптылық, жігерлілік, іздемпаздық, кішіпейілділік,
махаббат, қайырымдылық, адамгершілік, жинақтылық, тағы басқа осылар тәрізді жақсы
мінез-құлыққа тәрбиелеуге керекті мәселелерді қамтиды. Бұларға жалқаулықты, қиянатшылдықты,
надандықты, сотқарлықты қарсы қойып, жастардың мұндай әдеттерден аулақ болуына
жол сілтейді. Мысалы, Хрестоматияға енгізілген өлең, әңгімелердің балалардың
жасына, сана-сезіміне лайықталып, педагогика ғылымының талап ететін әдіс мәселесінің
берік сақталынуы өз алдына, сонымен қатар оқу, еңбек, талап, мейірімділік тақырыптарға
лайықты әңгімелерді әдейі, саналы түрде таңдап алғандығын  көреміз.

            Кітаптың
беташары оқуға шақырудан басталып, оның әлеуметтік мәнін түсіндіру болса,
сонымен қатар негізгі тақырыбының бірі - еңбек мәселесі болады.

            «Өрмекші, құмырсқа,
қарлығаш» әңгімесінде, ең кішкентай жәндіктердің де өмір, тіршілік үшін тыным
таппай еңбек етіп жүретінін көрсете келіп, оларды балаларға үлгі етеді. Қарлығаш,
өрмекші құрлы жоқпысың, сен де еңбек ет, босқа жатпа дейді. Ал Ыбырайдың «Әке
мен бала» деген шығармасында мынадай әңгіме айтылады: «Бір адам он жасар
баласын ертіп, егістен жаяу келе жатса, жолда қалған аттың бір ескі тағасын көріп,
баласына айтты: «Анау тағаны, балам, ала жүр», - деп. Бала әкесіне: «Сынып қалған
ескі тағаны не қылайын», - деді. Әкесі үндемеді. Тағаны өзі іліп алды да, жүре
берді. Қаланың шетінде темірші ұсталар бар екен, соған жеткен соң әкесі қайрылып,
тағаны соларға 3 тиынға сатты. Одан біраз өткен соң, шие сатып отырғандардан 3
тиынға бірталай шие сатып алды. Сонымен шиені орамалына түйіп, шетінен өзі
бірлеп алып жеп, баласына қарамай, аяңдап жүре береді. Біраз жер өткен соң, әкесінің
қолынан бір шие жерге түседі. Артынан келе жатқан бала да тым-ақ қызығып келеді
екен. Жерге түскен шиені жалма-жан жерден алып, аузына салды. Біраздан соң және
бір шие, одан біраз өткен соң және бір шие, сонымен, бала әрбір шие тастаған
жерге бір еңкейіп, шие теріп жеді. Ең соңында әкесі тоқтап тұрып, баласына
шиені орамалымен беріп тұрып айтты: «Көрдің бе, бағана тағаны жамансынып,
жерден бір ғана іліп көтеріп алуға еріндің. Енді сол тағаға алған шиенің жерге
түскенін аламын деп, бір еңкеюдің орнына, он еңкейдің. Бұдан былай есіңде
болсын, «аз жұмысты қиынсынсаң, көп жұмысқа тап боларсың, азға қанағат етпесең,
көптен құр қаларсың», - деді».

            Кейде сәл нәрсені
қомсынып, оған көңіл бөлмеушілік, «аз жұмысты қиынсынып», бойкүйездікке
салынушылық өмірде көп кездеседі. Бұл - жақсы әдеттің нышаны емес. Сондықтан
балаларды жастайынан-ақ бойкүйездікке, жалқаулыққа қарсы еңбекке тәрбиелеу мәселесіне
Ыбырай ерекше көңіл бөлген. Жастарды еңбек етуге дағдыландыруды үгіттеген оның
басқа да әңгімелері аз емес.

            Жазушы
«Атымтай жомарт» әңгімесінде еңбекті дәріптейді. Еш нәрсеге мұқтаждығы жоқ
Атымтай еңбектен ұдайы қол үзбейді. Бұл ел аузында ертегі-жыр болып кеткен,
ежелгі араб жұртының әңгімесі болатын. Ыбырай осы ел аузындағы ертегіні балаларға
арнап, әңгіме етіп ұсынды. Әңгіменің идеясы да, кейінгілерге үлгі боларлық жағы
да Атымтайдың сөзінен анық көрінеді. Атымтай бір сөзінде: «Күн сайын өз бетімнен
тапқан пұлға нан сатып алып жесем, бойыма сол нәр болып тарайды. Еңбекпен табылған
дәмнің тәттілігі өзгеше болады екен», - дейді.

            Алтынсаринның
тәрбие жөніндегі негізгі тақырыбының бірі - талап. Талпынбаса, адам баласы
ешбір алға баспаған болар еді. «Талапты ерге нұр жауар» деген халық мақалы да өмір
тәжірибесінен туған. Жастық шақ - жігер, қайраттың толы кезі. Бойдағы жасырын
талант, өнерлерін жарыққа шығарып қалатын кез де осы. Ол үшін талап керек. Әр нәрсені
де жігермен істе, өзіңнің не нәрсеге қабілетің, ыңғайың бар, қолыңнан не
келеді, соңына түссең, әрі өзіңе, әрі қоғамға пайда келтіре аласың, талаптан да
таңдап ал дейді. Кейде талаптың, жігердің жоқтығынан жап-жақсы өнердің жарыққа
шықпай кетуі де мүмкін. Сондықтан өз талабыңмен өрге шық дегенді айтады. Міне,
Ыбырай «Талаптың пайдасы» деген әңгімесінде осы пікірін толық жеткізіп бере
алды. Әңгіменің мазмұны мынадай: «Даңқты І Петр шіркеуге барып ғибадат етіп тұрғанда,
сурет салып жатқан бір баланы көреді де, оның не жасап жатқанын сұрайды. Бала:
«Сіздің суретіңізді салып жатырмын», - дейді. Петр суретті көрсе, мәз еш нәрсесі
жоқ екен. Бірақ ақылды Петр патша ол баланың суретке талабы бар екенін аңғарып,
сурет салуға үйрететін орынға бергізеді. Кейін сол бала үлкен суретші болады». Жазушының
бұл арадағы көздегені - Петрдің ақылдылығын көрсету ғана емес, жас баланың
талабын, сол талаптың арқасында неге қол жеткендігін көрсету, кім талап етсе,
сол мақсатына жететіндігін дәлелдеу.

            Ыбырай жас ұрпақтарға
дұрыс тәрбие беру, оларды жас кезінен дұрыс баулу мәселесіне ерекше көңіл бөлді.
Баланы дұрыс күт, түзу тәрбиеле, қисығын түзе, адасса, айқын жолға сал деді. Бұл
жөнінде де елге үлгі боларлық әңгімелер жазды. Ыбырай осы тақырыпта жазған бір әңгімесінде:
«Жаздың бір әдемі күнінде бір кісі өзінің баласымен бақшаға барып, екеуі де
егілген ағашты көріп жүрді. «Мына ағаш неліктен тіп-тік, ана біреуі неліктен қисық
біткен?» - деп сұрады баласы. «Ата-анаңның тілін алсаң, ана ағаштай сен де түзу
болып өсерсің. Бағусыз кетсең, сен де мына қисық ағаштай бағусыз өсерсің. Мынау
ағаш бағусыз өз қалпымен өскен», - деді атасы. «Олай болса, бағу-қағуда көп мағына
бар екен ғой», - деді баласы. «Бағу-қағуда көп мағына барында шек жоқ, шырағым,
бұдан сен өзің де ғибрат алсаң болады, сен жас ағашсың, саған да күтім керек.
Мен сенің қате жеріңді түзеп, пайдалы іске үйретсем, менің айтқанымды ұғып,
орнына келтірсең, жақсы, түзу кісі болып өсерсің. Бағусыз кетсең, сен де мына қисық
біткен ағаштай қисық өсерсің», - деді.

            Бұл әңгіменің
оқушылар үшін де, оқытушылар үшін де үлкен тәрбиелік мәні бар. «Балан жастан»
дегендей, оның болашақ өмірі үшін балаға жас күнінен түзу тәрбие беру керек.
Есейіп кеткен соң қисығын түзеу қиынға түседі. Кейде сол қисаюмен барып, мерт
болады. Ыбырайдың бұл әңгімесі қазіргі мектеп балаларын тәрбиелеу үшін де үлгі
бола алады.

            Махаббат,
мейірімділік туралы, әсіресе, «Мейірбанды бала», «Шеше мен бала», «Аурудан аяған
күштірек» деген үш әңгімесін алуға болады.

            Махаббат,
мейірімділік ата мен ананың үй ішіне деген махаббатынан басталады.
Адамгершілікті ту қып көтерген ұлы адамдар да алдымен өз атасын, өз туғандарын
сүйеді, олардың кейбіреулері өсе келе тек «атасының баласы болмай, адам баласы»
бола біледі. Тек өзіме ғана болсын деген мещандық көзқарасты аттап өтіп, адам
деген ардақты атқа ие болушылардың шын бақыты үшін қол созады.

            «Мейірімді
бала» әңгімесінде 13 жасар қыз патшаның үкімі бойынша қолы кесілуге бұйырылған әкесі
үшін патшаға арыз етіп, өз қолын кесуге ұсынады. Қыз: «Тақсыр, жұмыс жасап,
бала-шағаларын асырайтын атамның қолын қалдырып, мына менің қолымды кесіңіз», -
дейді. Мұнда жас қыздың тек қана атасы емес, анасы мен бауырларына деген де
махаббаты суреттеледі.

            Ананы қандай
түрде бағалап, қалай сүюдің айқын үлгісін жазушы «Аурудан аяған күштірек» деген
әңгімесінде айқын көрсеткен. Бұл әңгімеде аяғы сынған Сейт деген бала жанына аяғының
ауруы қанша батса да, анасын ренжітпеу үшін қабақ шытпағандығы айтылады. Автор
бұл көріністі былай суреттейді: «Сейт орам-ораммен жүгіріп бара жатқанда, бір
арбалы келіп, аңдаусыз соғып кетіп, аяғын сындырыпты. Ойбайлап жылап жатқан
баласын көріп, шошынғаннан шешесі талып қалыпты. Мұны көрген соң Сейт жыламақ түгіл,
сынған аяғын орнына салып таңып жатқанда да дыбысын шығармай, қабағын да шытпай
жатты. Сонда сынықшы кісі: «Аяғың ауырмай ма, қабағыңды шытпайсың?» - деп сұрайды.
Сейт шешесі шығып кеткен соң, демін алып, сынықшыға сыбырлап: «Ауырмақ түгілі,
жаным көзіме көрініп тұр, бірақ менің жанымның қиналғанын көрсе, әжем де қиналып
жыламасын деп жатырмын», - деді.

            Сейт шын мәнінде
мейірімді бала болып суреттеледі. Мұндай жастарда жалпы адамды сүйетін жақсы
мінездің біртіндеп өсетіндігі сөзсіз. Бала кезінен әлпештеп өсірген анасының қадірін
білген жастар алақанына салып аялап, тәлім-тәрбие беріп отырған ұлы анасы -
Отанын сүйетін, ол үшін де өз жанының ауырғанына ыңқ етпейтін нағыз отаншыл
болып шығады. Ыбырайдың бұл әңгімесінің идеясы - осы. Бұл әңгімені осылай түсінсек
қана Сейттің мейірімді мінезін дұрыс түсіне аламыз.

            Тәрбие мәселесін
сөз қылғанда, ерекше тоқтап өтуге керекті мәселенің бірі - Ыбырай еңбектерінде
түрлі елдердің мәдениет майданындағы өзара достық қарым-қатынастарды да
бейнелеп отыратындығы. Ыбырай балаларға басқа елдің жақсы адамдарын үлгі етуі -
оның жалпы адам баласының достық идеясын аңсағандығын көрсетеді.

            Біз жоғарыда
хрестоматияға енгізілген әртүрлі әңгімелердің Паульсон, Ушинский, Толстой, тағы
басқалардан алынғандығын көрсетсек те, талдау үшін мысалға келтірілген әңгімелерді
«Алтынсарин әңгімелері» деп атадық. Өйткені олардың аударма екені белгілі бола
тұрса да, орта мектептерге арналған оқу құралы, не кейбір мақалаларға көп
жылдар бойы шартты түрде солай жазылып келгендіктен, бұл ұғымды біз де шартты түрде
қолданып отырмыз. Екінші, сол тақырыптарды қамтитын оның өз қаламына тән де әңгімелері
болғандықтан, «Бай баласы мен кедей баласы», «Надандық», «Сейтқұл» аудармаларын
да «Алтынсарин әңгімелері» деп атауды орынды санадық.

            Сонымен қатар,
Алтынсаринның орыс авторларынан алған әңгіме, көркем шығармаларын қазақшалауында
ерекшеліктері де бар. Ол әңгімелерді аударғанда Алтынсарин барлық жерде түпнұсқасын
бұлжытпай, сол күйі аударуды принцип етіп қоймаған. Кейде тақырыбын, кейде
сюжетін, кейде баяндау әдісін өзгертіп, қайткен күнде де қазақ өміріне жақындатып,
қазақ балаларына түсінікті баяндауды негізгі нысанасы еткен. «Алтынсарин әңгімелері»
деп атау үшін біз бұл жағын да еске алдық.

            Мәселе әңгіменің
атында емес, тәрбиелік мәнінде, яғни әңгімелердің өз кезінде атқарған қызметінде
ғой. Мәселеге осы тұрғыдан келсек, өзі жазған әңгімесі болсын, орысшадан
аудармалары болсын, Алтынсарин жазба әдебиетіміз тарихында балалар әдебиетінің
негізін салушы бірінші жазушы болды. Ыбырай Алтынсаринның кезінде орыс не
Европа елдерінде балалар әдебиеті сол елдердің әдебиетінің негізгі бір саласына
айналып еді. Біздің қазақ жағдайында (ХІХғ.) Махамбет, Абай тәрізді ұлы ақындарымыздың
кейбір өлеңдерін айтпасақ, балалар әдебиеті жоқ, не жоқтың қасы болатын. Бұл мәселені
биік сатыға көтеріп, балалар әдебиетін жасауға саналы түрде кіріскен адам -
педагог-жазушы Алтынсарин ғана.

            Оған дейінгі
балалар әдебиетінің үлгілері тек фольклорымызда ғана болатын: «Жаңылтпаш», «Бесік
жыры», «Құйыршық», «Қотыр торғай», «Өтірік өлең», «Жұмбақ», «Тазша бала» туралы
ертегілер жастардың ой-санасына лайықталынған балалар әдебиеті қатарына жатады.
Халық өздерінің дүниетанушылық көзқарастарына сәйкес, кекілді жас, келешек ұрпаққа
өздерінше жақсы тәрбие беруге тырысты.

            Бұл салаға
жататын әдебиеттің өзіндік ерекшеліктері бар: ең алдымен, уақиғалы, қысқа, қызықты,
тартымды болуы қажет. Мейлінше түсінікті, балалардың ұғымына жеңіл, тілі жатық
және оқу, өнер, адамгершілікке жетектейтін тәлім-тәрбие берерлік болуы шарт.
Балалар қиналмай, қызыға отырып оқумен қатар, көздеген нысана, ойлаған мақсатын
орындауы керек. Яғни, автор әңгімесіне қандай мақсат қойса, балалардың
ой-санасында сол мақсаты мәңгілік қалатын болуы керек. Сонда ғана әңгіме өз міндетін
атқармақ. Ыбырай әңгімелері осы шарттардың барлығына дәл келеді. Мысалы, жоғарғы
Паульсонның хрестоматиясынан алып, қаһарманына Сейт деп ат беріп, кейбір
жерлерін өзгертіп, қазақшылаған «Ауырғаннан аяған күштірек» («Чувство любви
сильнее боли») дейтін әңгімесіне назар аударсақ, бірнеше сөйлемнен ғана құралады.
Бірақ сол кіп-кішкентай әңгіменің ішінде оқиға бар, диалог бар. Қысқасы, өзінше
басы-аяғы бүтін, жап-жақсы шағын ғана шығарма болып шыққан.

            Бұл
келтірген мысалдардан басқа да Алтынсаринның аударған, өзі жазған қысқа әңгімелері
әрі тәрбиелік мәні үлкен, әрі өмір құбылысы мен  адам өмірінің әр алуан жақтарын қамтиды. Солардың
ішінде, әсіресе, оның «Бай мен кедей баласы» атты әңгімесі айрықша көңіл бөлуді
қажет етеді. «Бай мен кедей баласы» ел көшіп кетіп, ойламаған жерден жұртта ұмытылып
қалған екі баланың бастарынан кешірген бір тәуліктегі оқиғасын суреттеуге
арналса да, тереңірек қараған адамға автордың ой түйінінде көптеген сыр жатқандығын
аңғаруға болады. Бұл әңгіме сюжеті, құрылысы жағынан орыстың ұлы демократ
жазушысы Салтыков-Щедриннің «Бір шаруа екі генералды қалай асырады» деген
сатиралық ертегісіне ұқсайды.

            Ол әңгімеде
де екі генерал бір себептермен елсіз-күнсіз тоғайдың ішінде қалады. Екеуі де әбден
ашығады. Өздері амал жасап, тамақ табу, күн көрудің шарасын іздеудің орнына,
сол елсізден орыс крестьянын іздейді. Олар өзара сөйлескенде «Бір мужик тауып
алсақ, тамақ та, шарап та табылар еді, ол бізді қалай да асырар еді» дейді. Сөйтіп
жүргенде екі генералдың тілегі қабыл болып, елсіз тоғайдың ішінде ұйықтап жатқан
бір мужиктің үстінен шығады. Екеуі оны көрісімен-ақ: «Тұр, біз ашпыз, тамақ тап
бізге!» - деп әмір етеді. Бұрыннан оларды бағып қалған мужик, аң аулап, тұзақпен
құс ұстап, екеуін де асырап, еліне әкеледі.

            Барлық
салыстыру дәл шыға бермейді. Біз бұл мысалды келтіргенде Алтынсарин
Салтыков-Щедринді аударды, не соның әңгімесін көшіріп алды демек емеспіз. Біздің
бұл жерде айтпағымыз - екеуінің тақырыптық ұқсастығы.

            Салтыков-Щедрин
өзінің әңгімелерінде шаруалардың күшін ақысыз-пұлсыз пайдаланудың арқасында өмірге
түк икемдігі жоқ адамдардың пайда болуын, мүгедек-дәрменсіздікке әкеліп тіреген
сол жағдай екендігін, сондықтан ондай қоғамның тозығы жеткендігін, енді өмір сүруге
правосы жоқтығын көрсетіп өлтіре шенеу Салтыков тәрізді демократ жазушыларға тән
болса, Алтынсарин әңгімесінің идеясы да солармен ұштасады.

            «Бай баласы
мен кедей баласы» атты Алтынсаринның әңгімесінде үлкен идея бар. Ғасырлар бойы
еңбекшілерді қанап, халықты қанауды ата мирасындай көріп, соның арқасында үлде
мен бүлдеге оранып өскен бай баласының басына күн туғанда дәрменсіздігін
суреттеу арқылы жазушы сол қоғам құрылысының тамыры шіріп, оның адамдары өмірдің
жасаушысы, күресушісі емес, бейшарасы, үстемдік етуші таптың, яғни жауыздық пен
қаярлықтың қапшығы, мүгедектіктің бейнесі деген қорытындыға келетін сықылды.

            Шығармасының
бас геройы етіп, бай баласы мен кедей баласын алуының өзінде үлкен сыр жатыр. Егер
оның көздегені тек Үсеннің ақылдылығы, Асанның ақылсыздығы, яғни жастас
балалардың бірі ақылдырақ, екіншісі ақылсыз болуы мүмкін екендігін көрсету
болса, онда оларды екі таптан шығарудың қажеті болмас еді. Жазушының бұл жерде
көрсетейін дегені - биологиялық, не психологиялық мәселе емес, әлеуметтік мәселе.
Асанның есі дұп-дұрыс, дені де сап-сау. Бірақ оған қарағанда, Үсен көш ілгері
жатыр. Өмірмен бетпе-бет келгенде, Асанның әлсіз, мүгедектігіне кінәлі де, Үсеннің
өз құрдасынан асып түсіп, бетпе-бет келген өмір қиыншылығымен алыса кетуіне
негіз болатын - тұрмыс талқысы. Өз бетімен жерден еңкейіп шөп алмай өскен Асанды
өскен ортасымен ақысыз-пұлсыз асыраған тұрмыс өз бетімен күн көруге келгенде әлсіздікке,
бейшаралыққа ұшыратса, әкесін де, өзін де өз күші, өз еңбегімен күн көруге дағдыландырған
қиыншылық тұрмыс кедей баласы Үсенді кішкентай күрес ері етіп шығарды.

            Асан да,
Үсен де жай ғана алына салған балалар емес. Бірі - бай баласының, екіншісі -
кедей баласының типі. Жазушы өз ортасынан үздік шығатын бірен-саран ақылды,
талантты Үсендердің, не ақылсыз Асандардың да бар екендігін аңғартады. Бірақ ол
бай балаларының көпшілігіне тән мінез Асанда, кедей баласының көпшілігіне тән
мінез Үсенде деп көрсетеді.

            Асан мен
Үсен образына байланысты және бір айта кететін нәрсе, бай баласы мен кедей
баласын салыстырғанда, алдыңғысы ақылды, соңғысы ақылсыз келеді деген ескі ұғымға
да жазушы соққы бере кетеді. Сөйтіп Алтынсарин «Бай баласы мен кедей баласында»
өз кезіндегі қазақ даласындағы, Обломов, обломовшылдықтың кішігірім бір
көрінісін суреттеу арқылы, соны туғызып отырған негізгі себептердің бетін ашып,
оқушыларын оған қарсы тәрбиелейді.

            «Надандық»
әңгімесі де көлемі шағын, бір-екі эпизодтан ғана құрылған кішкене әңгіме болса
да, мәні зор. Өйткені оны қазақ даласындағы ғасырлар бойы серпілмей келген қараңғылықтың
бір алуан көрінісі және сол қараңғылыққа дін надандығы қосылып, ескілікке жаңа
заман, жаңа адамның шығарған үкімі деуге болады.

            Алтынсарин
тек балалар ғана емес, үлкендердің өзін де еңбекке, отырықшылыққа, саудаға
тәрбиелеу мәселесін көтерді дедік. Бұл жөнінде «Қыпшақ Сейтқұл» әңгімесінің
мәні зор. Автордың өзі: «... Тілеу Сейдалин сұлтанның куәландыруы бойынша,
Сейтқұл 1830 жылдарда өліпті», - дейді. Торғайдың терістігі Қабырға өзенінің
бойында қыпшақтардың барлығы, ол жерде «Сейтқұл қорғаны» атанатын оба және осы
тәрізді ел аңызы барлығы рас. Әрине «Сейтқұл» оқиғасы тарихи нәрсе емес, бұл -
ел аңызы, сондай адам мен сол тәрізді өмірдің болуын аңсаған үміт елесі.
Зерттеушілердің міндеті ол әңгімедегі оқиғаның болуы-болмауын дәлелдеуде емес, Алтынсаринның
осы аңызды көркем әңгімеге айналдыру себебін ашу керек.

            Орыс
зерттеушілері Чернышевскийдің «Не істеу керек?» романын сөз қылғанда, Вера
Павловнаның мастерскаясы, не ондағы еңбек ұйымдастыру мәселесі шынында болды
ма, жоқ па, оны сөз етпейді. Солай етіп көрсеткендегі автордың идеясы не еді, осыны
ашуға тырысады. Бұны мысалға келтіргендегі мақсат - Алтынсарин «Қыпшақ Сейтқұл»
әңгімесін Чернышевскийден алды деу емес, бұл тәрізді әңгімелерді қалай
талдаудың керектігіне бағыт сілтеу ғана.

            «Қыпшақ
Сейтқұл» әңгімесінің сюжет желісін халық аңызынан алғандығы талассыз. Бірақ
қаншасы халықтікі, жазушы өз жанынан нені қосты, ол арасын ашу қиын. Әйтсе де,
халық арасындағы көп аңыздан «Қыпшақ Сейтқұлды» таңдауы, бізше, кездейсоқ емес.
Қай кезде болсын, мәдениетті жазушы фольклордан сюжет негізін алғанда жай ала
салмайды, сол фольклор материалында жазушының идеялық бағытына сәйкестігі бар,
кейбір жақтарынан өз пікірімен өрістес, аңыздың шығу негізінде шындық нәрі бар
нұсқаларын алады.

            Бізше,
«Сейтқұл» аңызынан Алтынсарин де өз ойы, өз идеясының талшығын тапқанға, соны
дамытқанға және оған әлеуметтік мән беріп, аңызды шындыққа жақындатып, аңыз
адамдарын тарихи адамдар етуге тырысқанға ұқсайды. Әңгімесіне реалистік түс
беруі, бас геройының өлген жылы туралы, сөз арасында болса да белгілі мезгілін көрсетуі
де осыны аңғартады.

            «Қыпшақ
Сейтқұлда» негізгі тақырып - еңбек. Сонымен қатар, отырықшылық егін кәсібі,
сауда және ұрлықпен еңбексіз күн көрушілік мәселелері. Жазушы осы төрт түрлі
мәселенің негізінде сюжет құрады да, оның әрқайсысына оқушыға бағыт сілтерлік
өз көзқарасын білдіреді.

            Еңбекті сөз
еткен Алтынсарин жалпы түрде емес, пайдалы және өнімді еңбекті ұсынады, адал
еңбек арқылы өмір үшін күрестің үлгісін және оның нәтижесін мынандай деп, басқа
елдің басшыларына - Сейтқұлды, бағынушыларына - оның соңынан ерген еңбекшілерін
үлгі етеді. Ұрлықпен еңбексіз күн көрмек болған Сейтқұлдың ағасының сүйегі де
табылмай қалады. Сөйтіп жазушы «Еңбек түбі - ырыс», «Ұрлық түбі - қорлық» деген
қорытындыға келеді.

            «Қыпшақ
Сейтқұлда» жазушының және бір көтерген мәселесінің бірі -  отырықшылық пен сауда мәселесі. Ал сол кезде қазақ
халқының негізгі тіршілігі мал шаруашылығы болды, сол шаруашылықтың жағдайы
көшпелілікті керек етсе, ХІХ ғасырдың екінші жарымындағы әр алуан әлеуметтік
шаруашылық жағдайлар қазақ халқының шаруашылығының отырықшылануын талап етті.

            «Жаңа
низамнан» кейін жер қазыналық болып, түгелдей патша өкіметінің меншігіне
айналады, капитализм элементінің қырға қанат жая бастауымен байланысты ескі
феодалдық қоғамның өз ішінде әлеуметтік қарым-қатынас өзгере бастайды.
Маңғыстау өлкесінен басқа аймақты «Жалпақ қоян» жұты түгел жайпап кетеді. Бұл
жағдайды қазақтың үстемдік етуші бай-феодалдары өзінше пайдаланып, кедей
шаруаларды қанауын бұрынғыдан да өршіте түсті. Олардың ауыр халдерін
пайдаланып, оларға «көтере алмаған қосып арқалардың» кебін келтіріп, тұра
алмастай несиеге малтықтырды. Қазақтың кедей шаруаларының бұл кездегі ауыр халі
Шоқан, Алтынсарин, Абай тәрізді адамдарын ойландырмауы мүмкін емес еді. Алтынсаринның
«Қыпшақ Сейтқұл» аңызын әңгімеге айналдыруының бір себебі осындай жайттармен
байланысты тәрізді. Жоғарғы айтылған әлеуметтік және шаруашылық жағдайлар
ендігі кезде отырықшылану қажеттігін керек етті. Ері мойнына кеткен кедей
шаруалардың ауыр халін жақсартудың төте жолы отырықшылану, сүйтіп, егін
кәсібімен айналысу деген пікірді қазақ ағартушыларының бәрі де мойындады.

            Шоқан
Уәлиханов отырықшылану мәселесіне айрықша көңіл бөлсе, Абай:

 

Болмашы кекшіл,

Болсайшы көпшіл,

Жан аямай кәсіп қыл!

Орынсыз ыржың,

Болымсыз қылжың,

Бола ма дәулет, нәсіп бұл?

Еңбек қылсаң ерінбей,

Тояды қарның тіленбей.

 

Егіннің ебін,

Сауданың тегін

Үйреніп, ойлап мал ізде.

Адал бол, бай тап,

Адам бол, мал тап,

Қуансаң, қуан сол кезде,

Біріңді, қазақ, бірің дос,

Көрмесең, істің бәрі бос, -

 

десе, Алтынсарин отырықшылану, егін кәсібін қолданудың
қазаққа пайдалы екендігін «Қыпшақ Сейтқұл» әңгімесі арқылы үлгі етіп
көрсетпекші болды. Бұлар өзара кеңес құрып, келісімге келмесе де, ой-пікір,
көздеген нысаналары бір жерден шығады.

            Егін
кәсібінің, әсіресе еңбекші кедей шаруалар үшін пайдалы кәсіп екендігін ұғыну
бұл кезде, ХІХ ғасырдың екінші жарымында, қиын мәселе емес болатын. Өйткені
1861 жылғы реформадан кейін қазақ даласына орналастырылған орыс шаруалары
Россиядан малсыз-мүліксіз келсе де, егіншілікпен айналысып, өздерінің адал
еңбектері арқасында аз жылдың ішінде-ақ ес жиып, етегін жапқаны, ауыр хал,
аштық тұрмыстарын анағұрлым жеңілдеткені Алтынсарин, Абайлардың көз алдында өтіп
жатты. Ал қазақ еңбекшілері үшін егін кәсібін үйрену де бұл кезде оңайланған
мәселе еді. Кімде-кім егін егуді пайдалы кәсіп деп үйренгісі келсе, ауылы
аралас, малы қоралас жатқан орыс шаруаларынан үлгі алуға, үйренуге болатын-ды.

            «Қыпшақ Сейтқұл»
әңгімесіне қарағанда, Ыбырай тек жалпы егін егу ғана емес, егісті суғару
мәселесінен де толық хабардар екендігі аңғарылады. Әңгіменің бір жерінде:
«Қабырғаның бойына келгесін, Сейтқұл қолына кетпен алып, отыз үйлі кедейіне де
кетпен беріп, жер тегістеп, егін егуге кірісті. Түркістан жағында көрген
үлгісімен арық қазып, егінге су жіберді»,1 -дейді.

            Алтынсаринның
бұл әңгімені саналы түрде, алдына белгілі мақсат қоя жазғандығын әңгімедегі
суреттелетін коллективизм мен оның айналасына жинала бастаған кедей шаруалардың
өзі-ақ дәлелдейді.

 

 

 

 

 

 

 

1Ы.Алтынсарин. Таңдамалы шығармалары. 1943, 40-бет.

 «Мұны
көріп, - деді автор, - әрбір көшпелі елдегі жарлы-жақыбайлар да келіп,
Сейтқұлға қосылып, бес-алты жылда төрт жүз үйге таянды». Бұл сөздерге
қарағанда, оның басқаларға үлгі ететін елі - рушылдық емес, таптық негізге
құрылған ел. «Қыпшақ Сейтқұл» әңгімесіндегі бұл айтылған отырықшылану мәселесі Алтынсаринның
негізгі нысанасы - ағартушылық мәселесіне де дәл келді. «Болыстық мектеп көшкен
елмен бірге көшіп» жұмыс істеуі қажет деп Алтынсарин ұсыныс жасағанда, осы
әдіспен оқыту әбден қолайлылығынан айтқан жоқ, сол жағдайда онан басқа
мүмкіншіліктің жоқтығы, лажсыздықтың күні еді. Ал отырықшыланған елде оқу
жұмысын дұрыс жолға қою, көшпелілік жағдаймен салыстырғанда, анағұрлым оңай, анағұрлым
ыңғайлы екені айқын нәрсе болатын. Сондықтан отырықшыланудың барлық жағынан
халыққа пайдалылығы Алтынсаринның әбден көзі жеткен мәселесі деуге болады.
Демек, «Қыпшақ Сейтқұл» әңгімесі - Алтынсаринның ағартушылық идеясымен де
сабақтас.  

            Бұл
әңгімеде сауда-саттық мәселесі де қозғалады. Әңгіменің бір жерінде: «Сейтқұл
енді Бұхар, Қоқанға мал айдатып, ол кенттерден қазақ қолы әртүрлі товар
алдырып, жылда егін піскен уақытта манағы қорғанда жәрмеңке реуішті базар
болды, көшпелі халық белгілі уақытта малын, жүн-жабағысын, тері-терсегін
келтіріп, егіншілер оған астығын, товарын айырбас етіп, осы қалыпты бір жағы
егін, бір жағы саудамен Сейтқұлың жұрттан асқан бай болыпты».

            Бізше, бұл
үзіндіден екі түрлі мәселенің беті ашылатын сықылды. Бірінші, Алтынсарин - өз
кезіндегі қазақ даласына ене бастаған капитализм элементін қолдаушы
капиталистік даму жолы, ескі феодализм қоғамымен салыстырғанда, анағұрлым
прогрессивті жол екендігін дұрыс болжап, дұрыс түсінген адам. Бұл өз кезінде,
сөз жоқ, прогрессивтік пікір еді. Екінші, өз еңбегімен күн көру, отырықшыланып,
егін кәсібі арқылы кедей шаруалардың тұрмысын жақсартуды ең керекті мәселе деп
біліп және оны бірінші орынға қойса, мал жиып қоңданған елге қосымша түрде
сауда кәсібін ұсынады. Сейтқұл елінің бәрі теп-тегіс сауда арқылы байиды. Сауда
арқылы баю мүмкіншілігін жоққа шығармағанда, сауда болған жерде қанау бар,
қаналу бар. Демек, Сейтқұл елінің басына жазушы қаншама жұмақ орнатамын деп
«бозторғайды қой үстіне жұмыртқалатпақ» болса да, ол жерін аңғарып байыптай
алмайды және саудагер жай халықты қанау арқылы ғана байитындығын көре алмайды.
Бұл жазушының өмірдің кейбір құбылысын топшылауда аяғын шалыс басқандығын
аңғартады.

            Сөйтіп,
жоғарғы айтылған пікірімізді қорыта келгенде, ақын және жазушы Алтынсаринның
ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің даму тарихында негізгі ролі - өзіне дейінгі
әдебиетте болмаған жаңа тақырып қосуында. «Тақырып дегеніміз - идея» деп
Горький айтқандай, жаңа мәселе көтеруінде өзінің алдындағы және өз кезіндегі
әдебиеттегі кертартпа-ескішілдік, діншілдік, мистикалық көзқарастарға өзінің
барлық ісі, творчествосымен тойтара соққы беріп, өз халқына болашағы мол прогрессивтік
үлгі-өнеге ұсынуында. Екіншіден, орыстың ұлы демократтарының еңбектерімен
танысып, олардың революцияшылдық жолмен ескі өмір құрылысын өзгерту идеясын
толық түсініп, толық меңгеру, күреске шақыру дәрежесіне көтеріле алмаса да,
ескі өмірдің мызғымас салбөкселігін, халықтың ой-санасын діннің уы қорғасындай
уландырып бара жатқандығын, алуан түрлі қанауға ұшырап жатқан халық
көпшілігінің ауыр халін көріп, ескі феодалдық қоғамның кейбір жақтарына ғана
емес, оның негізіне қарсы шығуында. Келешегі жоқ, қараңғылық, діншілдік тұманы
басқан ескі қоғамның мұнан былай өмір сүруіне правосы аздығына өз
творчествосымен үкім шығаруында. Орыстың ұлы демократтарының Алтынсаринның
көзқарасына, творчествосына еткен әсерін де біз осы мәселенің айналасынан
іздеуіміз керек. Үшіншіден, Алтынсарин - ескі өмірдің надандығын көріп, тек
сынаушы, халықтың ауыр халін көріп, налушы емес, сол шытырманнан шығудың өз
дәуіріндегі мүмкіншілікке сай дұрыс жол көрсетуші.

            Ескі өмірге
қарсы Сейтқұл елін, кержалқаулықтан зілі басқан, ақ алақандықтың арқасында
дәрменсіздікке айналдырғандарға қарсы - Сейтқұл мен оның маңындағы адамдарды,
көшпелілікке қарсы - отырықшылықты, надандыққа қарсы - ғылым мен ағартушылықты
ұсынды. Жұртшылыққа оқуды - өнеге, «Сейтқұл елін» үлгі етті.

            Ыбырай Алтынсаринның
бұл пікірлерінің қайсысы болсын қазақ әдебиетінде бірінші рет айтылған жаңа
сөз, жаңа пікір, өзіне дейінгі әдебиеттегі зиянды идеологиялық сарынға қарсы
ашылған майдан, белдескен күрес. ХІХ ғасырдың екінші жарымында қазақ
әдебиетінің даму жолындағы оның үлкен ісі, негізгі ролі осы айтылған
идеологиялық майданында жүргізген күресінде деп білуіміз керек.

Біз
жоғарыда орыстың демократтық бағыттағы әдебиеті мен Алтынсаринның идеологиялық
байланысы туралы қысқаша айтып өттік. Оның орыс әдебиетімен үндес, туыстас
жақтарын, тек жоғарғы аталған шығармаларынан ғана емес, басқа да
өлең-әңгімелерінен көруге болады. Ұлы орыс халқына, оның мәдениетіне деген
сүйіспендік Алтынсарин шығармаларына өзек болып тартылды, оның шығармаларының
бір саласы - орыстың ақын-жазушыларынан аударма. Ақынның игілікті бұл еңбегі де
далаға кеткен жоқ. Орыстың ұлы классик ақындарын аудару, олардан үлгі алу
арқылы Алтынсарин өзіне дейінгі қазақ әдебиетінің фольклорлық қалпын
өзгертпекші болды.

            Ол ең
алдымен, қазақ әдебиетіне мысал өлеңнің түрін енгізді. Оған дейінгі қазақ
поэзиясындағы қара өлең, қайым өлең, толғау, жыр тәрізді өлеңдер орыс
әдебиетінің үлгісінде тәрбиеленген ақынға аз, жеткіліксіз  көрінгендей. Екінші жағынан, бұл мысал
өлеңдер оның алдына қойған негізгі тілегіне дәл келді. Өз кезіндегі қоғамның
салтына айналған зорлық, зомбылық, екіжүзділік, қаярлық, өзімшілдік, менмендік,
жалқаулық, пәлеқор, парақорлық тәрізді өмірдің көлеңке жақтарын өлтіре сынаған
улы сарказм, өткір иронияға толы орыс халқының ұлы ақыны Иван Андреевич Крыловтың
мысал-өлеңдері оның көңіліне қона кетті. Өмірдің әр алуан құбылысы жөніндегі
Крыловтың көзқарасын өзіне өнеге, кейінгілерге үлгі етті. Ыбырай аударған
«Егіннің бастары», «Екі шыбын», «Қарға мен түлкі», «Қайырымды түлкі» өздерінің
мазмұны жағынан да, түрі жағынан да қазақ әдебиетіндегі көрнекті аудармалардың
төрінен орын алады.

            Алтынсаринның
орыс әдебиетінен үйрену арқылы қазақ поэзиясына және бір енгізген жаңалығы -
табиғат лирикалары. Табиғат - тек байлық кені, адам баласы ризығының сарқылмас
қазынасы ғана емес, көркемдік, сұлулықтың да әлемі. Сарғая атқан таң, қызара
батқан күн, дірілдеген сәуле, үдере көшкен бұлт, жайнаған жаз, құлпырған жазық,
асқар тау, тулаған теңіз, нулы орман - барлығында да өзінше әдемілік, әр алуан
сұлулық, ақын-жазушылардың эстетикалық сезімін оятарлық күш, қиялын
серпінтерлік қуат бар. Табиғат, оны суреттейтін өлеңдердің мәні туралы ұлы
сыншы Белинскийдің: «Табиғат - ақынның алғашқы оқытушысы, рух берушісі...»,
«Табиғатты сүйе білу - ақындық рух, ақындық шабыттың алғашқы адымы», - дейтіні
де сондықтан.

            Мәдениетті
елдердің ұлы ақындарының қайсысын алсақ та, табиғаттың әр алуан кезі мен
көрінісін шебер суреттеген, ақынның ой-пікір, сезім күйін оқушыларына былайынша
өлеңдерден гөрі анағұрлым тез жеткізетін табиғат лирикалары туралы өлеңдер
тартымды да сюжетті боп келеді. Ал қазақтың ХІХ ғасырдағы поэзиясын алсақ, шын
мәніндегі пейзаждық өлең жоқ деуге болатын. Табиғаттың кейбір құбылыстарын
басқа жағдайлармен байланысты:

 

«Мұнар да, мұнар, мұнар күн,

Бұлттан шыққан шұбар күн» (Махамбет).

 

«Ылдиы жоқ, өрі жоқ,

Ат тайғанар жері жоқ,

Жазып салған кілемдей,

Аман бол, қайран жерлерім», -

 

дегендер тәрізді сөз арасында ғана суреттелетін табиғаттың
кейбір көріністері болмаса, табиғат құбылысы өз алдына жеке алынып, оқиға да,
герой да өзі, ақынның ой-пікірлері де сол пейзаждың өз ішінде түйінделген
пейзаждық өлең жоқ десек, қателеспейміз.

 

Қараңғы түнде тау қалғып,

Ұйқыға кетер балбырап.

Даланы жым-жырт, дел-сал қып,

Түн басады салбырап...

 

            Пейзаждық
өлеңмен машықтану немесе ақындардың табиғатқа барулары, табиғатты сырласар
әлемі, сүйсінер керегі деп білушіліктің сан түрлі себебі, әр алуан сыры мен
шыны бар. Оның әрқайсысына жеке тоқтап, әлеуметтік-таптық сырын ашу - өз алдына
жеке бір мәселе. Сондықтан Алтынсаринның табиғат лирикаларына келелік.
Алтынсаринның бұл тақырыптағы бізге мәлім өлеңдері: «Жаз», «Өзен», «Жаз
шыққанда». Бұл өлеңдердің алдыңғы екеуі - шын мәніндегі лирикалық өлеңдер.
Мұнда негізгі тақырып та, герой да табиғат құбылысы. Автордың ойын да, сезімін
де, айтайын деген пікірін де сол пейзаждың өзінен көруге болады. «Жаз шыққанда»
атты өлеңі - пейзаждан гөрі де портретке жақын, жаз кезіндегі ел өмірінің
картинасы. Мұнда сол жаз кезіндегі адамдардың қарым-қатынастары,
күйініш-сүйініштері суреттеледі. Табиғат - сол қарым-қатынастардың фоны ғана.
Алтынсаринның пейзаждық өлеңдері - қалай болса, солай жазыла салған, табиғаттың
әр алуан кезі мен кезеңдерін құптау, не машықтау емес, бәрі де өмір шындығы, ел
тіршілігінің сәулесі. Алтынсаринның пейзаждық өлеңдерімен байланысты айта
кетуді керек ететін бір нәрсе, өмір құбылысын пейзаж арқылы шебер суреттеу
әдісі  Алтынсарин мен Абайлардан
басталады.

            ХІХ
ғасырдағы қазақ поэзиясына негізгі тән, өлеңнің негізгі түрлері саяси лирика
мен дидактикалық өлеңдер болатын. Үздік талант иелері Махамбет өлеңдері мен
Біржанның айтысын есептемесек, өмір құбылысын суреттегенде, оны суретшілердің матаға
түсірген портреттері тәрізді, суреттемек объектісінің әрбір қимылы мен қыбын,
кескіні мен түсін, ісі мен әрекетін, бояуын қандыра, жеріне жеткізе суреттеу
болған емес. Өмір құбылысын бұл тәрізді барлық жағынан мүлтіксіз етіп, тым
шебер, аса іскерлікпен және өмірдің шындығына дәл етіп суреттеу әдісінің
Алтынсарин, Абайлардан бастап үлгісі салынды.

            Алтынсаринды
орыс әдебиетінен үлгі алды дегенде айрықша тоқтауды керек ететін бір мәселе -
оның әңгімелері. Ең алдымен, өз қаламына жататын новеллалары. Алтынсаринға
шейінгі қазақ әдебиеті - түп-түгел поэзия. Ауыз әдебиетіндегі ертегі,
әңгімелерді ғана айтпасақ, тарихқа аты мәлім ХІХ ғасырдағы қазақ ақындарының
біреуі де қара сөз жазған емес. Тіпті ұлы ақынымыз Абай да көркем қара сөзбен
шұғылданған жоқ. Эпостық жанрдың бұл түрін жасауда бірінші рет қолына қалам
ұстап, әдебиетімізге соныдан жол салып, үлгі пішкен жазушы - Алтынсарин.
Сондықтан Ыбырайды қазақ әдебиетіндегі көркем әңгіменің негізін салушы атасы деу
- оны мақтау емес, шындық.

            Оның
жоғарғы талданылып өткен «Бай баласы мен кедей баласы», «Надандық», «Қыпшақ
Сейтқұл» әңгімелері мазмұны жағынан ғана емес, көркемдігі, композициялық
құрылысының шеберлігімен де қызықтырады. Бұлардың бәрі де шебер жазылған
новелла. Новелла - эпостық жанрдың әріден келе жатқан түрі. Оның өзінше даму
тарихы, әр дәуір, әр жағдай, кезеңдерге, авторларының көзқарастарына байланысты
әр алуан болатындықтарын атап өтіп, өзіне тән кейбір ерекшеліктеріне ғана
тоқталайық. Новелланың кейбір ерекшеліктері туралы А.Толстой: «Новелла -
искуствоның ең қиын түрі. Көлемді повесте суреттеулермен, өткір диалогтармен,
тағы сондайлармен оқушыларды алдарқата салуға болады. Ал мұнда сіз түгелдей
алақанда тұрғандайсыз. Сіз ақылды болуға тиістісіз, шағын түр үлкен мазмұннан
сізді құтқара алмайды. Сіз сонета жазған ақын сияқты сөзге сараң, ықшам болуға
тиіссіз, бірақ ықшамдылық материалды жинақтаудан, тек ең қажеттіні талғап ала
білуден тууға керек»1, - деп жазады.

1Литературная газета, 1955, №22
(Аударған - Ә.Дербісәлин)

Шын мәніндегі новелла өмір құбылысының жұртшылық үшін ең
керекті, ең маңызды жағын алады да, әрі қысқа сюжетті, әрі ауызша айтып беруге
лайықты оқиғаға құрады. Әңгіме көбіне бір не екі эпизодтан ғана құралады.
Әрдайым оқиға оқушының күтпеген жерінен шешіледі. Новеллалық сипаттардың айқын
аңғарылатын әңгімелері - «Надандық», «Бай баласы мен кедей баласы».
«Надандықтың» оқиға баяндау әдісіне қарағанда, шешесін өліп болмай көмгендігін
айтып, зар жылап отырған 6-7 жасар қыздың көз жасын көріп аяйсың да, үлкен
кісілердің түсіндірмелерін тыңдап, әйелді әбден өліп болғасын ғана
көмгендіктеріне күдігің қалмайды. Бейшара бала жыламағанда қайтсін? Ананың
өлімі балаға оңай ма! Әйтпесе не біліп отыр дейсің ол байғұс дегенде, өзіңді
аяныш сезімі билейді. Бірақ көрді ашқанда, баланың айтқаны дұрысқа шығады. Әйел
алып ұйқымен ұйықтап кеткенде, байқамай, тездетіп көме салған. Көрге түскеннен
кейін, ұйқыдағы әйел оянып, сыртқа шығудың әрекетін жасап, жанталасады, ақыры,
тұншығып өледі. Сөйтіп әңгіменің шешуі оқырмандардың күтпеген жерінен шығады.

Новелланың шешуін автордың былай бітіруі кездейсоқ емес,
өзінің айтайын деген идеясына сәйкестігі. Автордың надандықты тақырып етудегі
негізгі мақсаты - сол надандыққа, мәдениетсіздікке қарсы күрес ашу кезіндегі
шындық, қазақ даласындағы надандық, дәрігердің жоқтығы, олардың мына тәрізді
қайғылы халдерге ұшырайтындықтарын суреттеу арқылы көпшіліктің ой-санасын ояту,
мәдениетке үндеу. Әңгіменің шешуін күтпеген жерден бітіруінің өзі де сол жайтқа
оқырмандарының көңілін аудару тілегінен туған.

Асан мен Үсен оқиғасының шешуі де күтпеген жерден бітеді.
Балалардың жоқтығы мәлім болғасын-ақ, жұрт тез атқа отырып, әр жақтан іздейді.
Оқырмандар іздеушілердің бірі болмаса, бірі іздеп табар деген ойға келеді.
Бірақ ауылды балалардың өздері табады. Әңгімеде жетекші герой - Үсен. Барлық
қиыншылықтардан Асанды құтқаратын да сол. Демек, оны бір бүтін етіп шығару үшін
автор әңгімені өз шешімінде Үсеннің тапқырлығына әкеп тірейді.

Көркем қара сөздің ең алғашқы негізін салушы Ыбырай десек,
көркем әңгімелердің композициялық құрылысын шебер етіп құруда да оның өзінше
еңбегі бар. Көркем шығармалардың ішінде оқиға шешулерінің шеберлікті ерекше
талап ететін екі түрі бар: бірі - драмалық жанр. Екіншісі - новелла, қысқа
әңгімелер. Егер драмалық жанр, оның түрлері оқиға дами келе шиеленісіп, өзінің
шарықтау шегіне жеткесін созылмай, тез бітуін керек етсе, қысқа әңгіме -
новеллалардағы суреттелінетін оқиғалар өзінің шарықтау шегіне жеткесін,
оқиғаның күтпеген жерден бітуін міндетті түрде талап етеді. Новелла олай
бітпесе, ол өзіне тән ерекшеліктерін жоғалтады. Бұл жанрдың ең шебері -
П.А.Чехов, оның әңгімелерінің оқиғалары әрдайым күтпеген жерден шешіліп
отырады.

Ол тәрізді үлкен новеллист болмаса да, Алтынсарин да өз
әдебиетінің тарихында ерекше мәні бар жазушы. Жоғарғы екі әңгімесі де өз
тақырыптары, өз сюжет құрылыстары шеңберінде новеллалық сипаттарды берік
сақтаған, кейінгі жас жазушылар, әсіресе балалар әдебиетін жасаушылар үшін
үлгілі әңгімелер.

Біз
өткен бөлімдерде Алтынсаринның өмір құбылысын шындық-реалистік тұрғыдан
суреттейтіндігін сөз арасында айтып өттік. Бірақ ол - жеткіліксіз. Өйткені ХІХ
ғасырдың екінші жартысындағы қазақ әдебиетінің негізгі методы реалистік әдіс
болды. Бұл жайт сол әдеби бағыттың ең басты өкілдерінің бірі Алтынсарин
шығармаларында өзінің қандай сәулесін қалдырғандығын аша түсуді керек етеді.
Алтынсаринның ел арасында көп болғандығы бізге өмірбаянынан мәлім. Бұл - оның жалпы
қазақ өмірін жақсы білу үшін ең қажетті жағдайдың бірі. Жаратылысында сезімтал,
аңғарымпаз және өз халқының ауыр халін көріп, оны жеңілдету үшін көркем
туындылары арқылы ат салысқан орыстың ұлы классиктерінің даналық еңбектерімен
жақсы таныс Ыбырай - өз кезіндегі әлеуметтік өмірдің жай-жапсарын жай ғана
бақылаушы емес, бүккенін жазып, бүркегендерін ашушылардың да бірі. Ең алдымен
ол қазақ даласындағы әлеуметтік теңсіздікті көре білді.

            Теңсіздік
мәселесі сонау хандық замандардан бері қарай келе жатқандығын, үстемдік
етушілер өз қожалықтарын жүргізу үшін қандай сұмдықтан болсын жиренбейтіндіктерінің
бетін ашты. Өзінше өлтіре шенеді.

 

Азған елдің хандары

Тақ үстінде отырғандары.

Жарлыдан алып байларға,

Сыйлар берсе керек-ті...

 

Азған елдің билерінің

Барар болсаң алдына,

Алым берсең тамағына,

Қарар ма ол сенің әліңе,

Қорадағы малыңа,

Төре берсе керек-ті...

 

Азған елдің байлары

Ұлық тұтар басын-ай,

Қайда дәулетті болса,

Берер соған асын-ай.

 

Азған елдің молдасы

Үлкен болар сәлдесі.

Аса бауыр қылмаңыз,

Оның рас емес алласы.

Көрмей-білмей біреуге,

Куәлік берсе керек-ті.

 

            Қожалық
етуші, арамтамақтардың шын бейнесін осылай ашып береді. Қазақ өмірінде нақ
осындай іс-әрекет, мінез-құлықтардың болғандығы даусыз. Сондықтан мынау
көрсеткені шындыққа қайшы деп ешкім де таласа алмайды.

            Балалардың
жастарына лайықталып жазылған қысқа-қысқа әңгімелерінің қайсысын алсақ та, өмір
шындығына дәлдігі өз алдына, кейбіреулерінің негізінде тарихи оқиға, тарихи
адамдардың аттары, олардың іс-әрекеттері жатқандығын көреміз. Тақырыбы, сюжеті
балаларға арналған шығармаларын балалардың өз тілімен, сәбилік ой-санасына
лайықты етіп бере алады. Бұл жағынан Алтынсаринның ұсталығы - күні бүгінге
дейін үлгі.

            Өмір
құбылысын реалистік әдіспен суреттеуде оқушылардың айрықша көңілін аударарлық
шығармалары - «Жаз», «Жаз шыққанда», «Өзен». Бұл өлеңдердің лирикалық жағы
қырдағы жаз көріністерін сүйсіну, сезіне білу, соған өз көзқарасын көрсету
десек, мал баққан елдің қыста қысылып, жазға жеткендегі кеуде тынысының кеңеюі,
қуаныш-шаттықтары шындық түрде мейлінше шебер суреттелінеді.

Алтынсаринның ана туралы өлеңдері де өмір шындығын дәл
беруімен құнды. Ыбырай Алтынсариндағы реалистік әдіс туралы сөз қозғағанда және
бір көңіл аударарлық жайт - образ, сөз қолданыстарының өмір шындығына
сәйкестігі. Үздік теңеу, асқақ әсірелеу Алтынсаринда кездеспейді. Теңейтін
нәрсесі де өмір шындығында кәнігі, жұртшылыққа таныс құбылыстар. Не өмір
көрінісінің, не адам қимылын көзге елестету үшін жазушы дағдыдан тыс не
үлкейтіп, не кішірейтіп көрсетуге тырыспайды. Қандай құбылысты болсын, сол өз
қалпында көрсетуге лайықты сөздерді таңдайтындығы аңғарылды. Бұл, біріншіден,
оның өмір құбылыстарын суреттеудегі реалистік әдісімен нық байланысты десек,
екіншіден, педагог-жазшы Алтынсаринның қазақ тілін ұлттық тіл дәрежесінде
сақтау, оның тазалығы үшін күресу идеясымен де байланысты.

            1871 жылы
31 августе қазақтар үшін орыс әліппесін алудың пайдасы жайлы Н.И.Ильминскийге
жазған бір хатында Ыбырай: «Орыс әрпін қолданумен байланысты қазақ тіліне
орынсыз кірген араб, татар сөздерінен тазарады. Орыс әрпімен жазғанымызда ғана
сөзіміз дұрыс жазылатын болады. Қазір молдалар оқытып жүрген араб, парсы, татар
тілдерінде шыққан діни кітаптар бізді кері кетіреді, таза ойымызды кірлетеді,
басымызды құммен толтырады, таза тілімізді шұбарлайды»1 , - деді. Бұл тарихи
жағынан да, теориялық жағынан да қырағылықпен, өз халқының келешегін болжап
айтылған пікір болатын.

1Ыбырай Алтынсарин. Таңдамалы
шығармалары. - Алматы, 1943ж. - 6-бет.

            Қорыта
айтқанда, Алтынсаринның өз халқын оқуға, өнерге үндеуі, надандыққа, зұлымдыққа
қарсы шығуы, сол кездегі әлеумет өміріндегі теңсіздіктің бетін ашып, өмір
шындығын көрсетуі, жастарды жақсылыққа, адамгершілікке тәрбиелеуі оның
творчествосының халықтық жағы десек, қазақтың қазіргі ержеткен проза жанрының
және балалар әдебиетінің ең алғашқы негізін салушысы болды. Ыбырай Алтынсарин -
жазба әдебиетіміздің төрінен берік орын алатын педагог-жазушы.