ВЕРНУТЬСЯ

   Ертерек жылдардың бірі. Қазақстан Жазушылар одағының проза
секциясын басқарып жүрген кезім. Бастығымыз - Ғабиден Мұстафин. Жауапты
секретарь - Сейтжан Омаров. Біз бір бөлмеде төрт-бес консультант отырамыз.
Қайңекей Жармағанбетов - балалар әдебиетін, Хамит Ерғалиев - поэзияны, Аманжол
Шамкенов - жастар әдебиетін басқарады. Қалтай Мұхамеджанов драматургия
секциясында.
       Шынымды айтсам,
осылардың ішіндегі ішкі тәртіпке мойын ұсынғыш Аманжол екеуміз.
       Күнделікті
күйкі тірлік, жұмыс бабында не болмайды... Бір жолы жауапты секретарымыз
Сейтжанның ойлаған жерінен шыға алмай қалған болсам керек, бастығымыз Ғабиден
шақырып алды да ескерту жасады:
-        Сен өзің
орныңда бола бермейтін көрінесің. Түскі тамаққа ерте кетіп, кеш келеді
екенсің...
           Әлбетте
мынадай әділетсіздікке көніңкіремеймін ғой.
-        Ғабеке, бекер.
Қайта сарылып отыратынның өзі менмін.
-        Бекер емес,
Сейтжанның өзі айтты маған. - Осыдан кейін Мұстафин дағдысынша сөзін салмақтап
біраз отырды. - Кешіккеніңді екінші рет естісем, жұмыстан шықтым деп есептей
бер.- Үні сондай қатқыл. Ойнап отырмағаны айқын. Іштей қарсылығым болғанымен не дей аламын
- жарайды, жақсы деп кабинеттен шықтым. Осындайда өзім деген кісісіне түсіп
кететін Ерғалиев елеңдеп отыр екен.
-        Бастық не
дейді?
-        Жұмысқа енді
кешіксең, шығарып жіберемін дейді.
-        Секретарымыздың
шағыстырмасы ғой бұл. Көреміз. Ал әйде кеттік...
-        Қайда?
-        Тамаққа да.
          Қарасам түс
болып қалған екен.
          Бізде жақсы
дәстүр бар: түскі тамаққа бесеуміз де жұбымызды жазбай көкшін базардағы ұлт
тағамдарын жасайтын асханаға барамыз. Бұл жолы да солай еттік. Онда өзімізге
таныс бір мықты аспазға арнайы заказбен манты жасаттырдық. Дұнған лағманын
создырдық. Сөйткенше сағат екіге жақындап қалды.
-        Ал кеттім, -
деймін манағы ескертпеден кейін алаңдап отырған мен.
-        Отыр. Бәріміз
бірге шығамыз. Кешіксек бірге кешігіп барамыз, - деді Хамит.
         Сөйтіп біз
жұмысқа он бес минут кешігіп келдік. Айтқандай-ақ іздеп жатыр екен. Мұстафин
манағыдан да қатулы.
-        Өзің сөзге
түсінбейтін адам екенсің. Жаз арызыңды,- деді салмақтап.
-        Жазсам,
жазайын, - деп бөлмеме келдім.
          Тағы да
қайран Хамаң:
-        Не дейді? -
деп қалды.
-        Жұмыстан
кетесің. Арызыңды жаз дейді...
          Хамит ұшып
түрегелді.
         Олай болса, кетісетін жер келді ендеше.
Жүріңдер кәне! Түгендесіп алайық.
        Үшеуі Хамит
соңынан ерді.
-        Ау, сен неге
жүрмейсің?
         Арыз жазам...
-        Жоқ жазбайсың
арызды. Тұр кәне!
          Жазған құлда
шаршау бар ма, мына төртеуіне еріп мен Мұстафиннің кабинетіне қайта бардым.
Хамит от ала қашқандай дуылдата кірді.
-        Мынау адам
баласы естімейтін сұмдық қой. Он бес минут кешіктің деп жұмыстан қуу естір
құлаққа ұят екен тіпті. Және қай мекеме? Жазушылар одағы. Ғабиден Мұстафин...
Он бес минутта Жазушылар одағы не тындыра қоятын еді?
         Ғабиден
саспайды. Шықшытын қимылдатып біраз отырды да:
-        Тәртібі жоқ
мекеме ат қорамен тен. Мана ескертілген бұл жігітке. Енді өз обалы өзіне.
Жұмыстан шығады, - деді орнықты бір қалыпты дауыспен.
         Хамит тулай жөнелді.
-        Сафуанды
шығаратын болсаңдар, біз бәріміз де кетеміз. Бәріміз де қазір арызымызды
береміз. Қайнекей, кәне жаз арызынды. Қалтай, әй, Аманжол, жазыңдар
арыздарыңды.
         Ғабиден мыңқ
етпейді. Ниетінен қайтар түрі жоқ. Жазса жазсын дегендей үнсіз отыр.
         Дәп сол сәтте
адам баласы ойлап таппайтын бір қызық оқиға туып кеткені. Бір жолдасымыздың
қайда болсын мұрнын шұқылап, ермек етіп отыратын әдеті бар-тын. Бұл жолы да ол
жұрттың артын ала кіріп, есік көзінде тұрған орындыққа отыра кеткен де, әңгіме
өзі туралы болмаған соң басқада шаруасы не, өзінің дағдылы ермегіне көшкен-ді
«әй, батыр» деген дауыс шыққан сәтте селк етіп, саусағы ербең ете қалмасы бар
емес пе? Үлкендігі кішігірім қоңыздай қозы құмалақ сонау төрдің басындағы Ғабиден
столының шынысына барып былқ ете түскені. Әуелі шошып қалған Ғабиден
көзілдірігін киіп ана жағынан да, мына жағынан да үңіле
қарады. Ештеңеге ұқсата алмады ғой деймін, ақыры ұртына жел толтырып алып
барынша үрлеп еді, құмалақ қозғалмады. Жаңағы жолдастың сырын жақсы білетін
мына жұрт ашу буып отырса да аспан жарылғандай ду ете түсті. Әсіресе күлегеш
Қайнекей шек-сілесі қатып, шиқылдап қалған. Мұрыны қисайып кеткен
Хамиттың өзі де буына күледі. Неге екенін кім білсін, сазарып
отырған Ғабиден де езу тартты.
-        Ал жақсы,
барып жұмыстарыңды істеңдер, - деді бастық жайдары дауыспен.
          Сөйтіп дос
мұрнының арқасында бір қауіптен аман қалған едім сонда.
         Дүниеде не бір
қызықтарың бола береді екен ғой.