ВЕРНУТЬСЯ

       Мыңғысқа
Алматы бұрыннан таныс. Заманында астанада тұратын нағашысының септігі тиіп ауыл
шаруашылығы институтының экономика факультетіне түскені бар. "Бұдан
ыңғайлылау институттың сыңайы болмай тұр, жолдасым емтиханды осы арадан
қабылдайды екен, жатпай-тұрмай оқысаң үлгермейтін не бәлесі бар?" деген
нағашысы тура жолға салды да жіберді. Мыңғыс кереметтің көкесін оқыған соң
көрді. Ен-таңбасы жоқ, мың-сан есептің қайсысына ие болсын, қайырусыз қойдай
қаптап, күн сайын мыңғырып бара жатқан бірдеңе. Әуеліде "өлімімді салып
оқысам" деген ниетпен далақтап, ана сабақтың ізінен бір, мына сабақтың
ізінен бір шапқылап та көрді. Шапқылағаннан бірдеңе бітіп жатса жақсы, аңды
үркітіп алып, құр ауыз қайтатын иіс алмас көпектер сияқты қаңғалақтаумен-ақ әбден сілеледі. Бұның Қарақұмнан алған
онжылдық білімі бос шелектей жүргенде, жұрттың баласы жеті қат жердің астындағын
түгел біліп, "кәнекей, тағы нең бар?" дегендей жалаң-жалаң етеді:
бәрі де пыс-пыс етіп лекция жазып, күбір-сыбыр өздігінше сөйлеп есебін шығарып,
аузы-ауыздарына жұқпай орысша сөйлеп, астананың жіптіктей жігіті болып
шыға келді. "Білімің бірінші кластың көлеміндей ғана екен ғой, сорлы бала,
сені қалай оқуға түсіргеніме таңмын" деп ара-тұра соғып тұратын нағашысы
тағы жерлеп кетеді. - Әкеңнің көзін көрсе де ана шалбарыңды тастасайшы...
Түйенің жабуындай күл-қоқыс қылмай, жадағайы құрғырыңды қағып-қағ-е-е-п
қоймайсың ба? А?.. Қашан көрсем де жұртта қалған бәтеңкедей аузың аңыраяды да
жүреді.

Қойшы,
қай қорлығын тергіштеп отырсын. Мыңғыс та күні кеше бір мектепті шулатқан атайы
тентектің өзі еді, енді жынынан айрылған бақсыдай сәмсіреп, бишараның біреуі
болды. Ауылда  жүргенде талай рет
терезесін таспен күлпәрше етіп қиратып қоятын жаман автобусқа дейін дүр ете
қалса жүрегі дір ете қалатын күн кешті. Сонда да болса, жадағайын да
қаққыштамады, ауылдан киіп келген шалбарын да тастаған жоқ, әлдеқалай ғайыптан
пайда болған құбыжық сиықты жалбаңдап көптің легінен қалмай, олар лекция
тыңдаса лекция тыңдап, олар кітапханаға барса ілесе жүріп, бұйырған дәмін де
солармен жарнақтаса жеп күнін өткізді. Бірақ жүре беруге де болмайды екен,
араға ай салмастан коллеквиум, семинар дегендер өріп кетті. Мұғалімдердің
обалына не керек, қатарларынан кем қылмай сабағын түсіндіреді, шығарып кел деп
есебін де аямай береді, кәдімгідей кәделеп бұдан да тапсырмаларын сұрайды.
Қауақтай басына қаулап өскен шаштарын тартқылай сипап теңселіп тұрғаны.

Мыңғыстың
жаны да темірден жарамаған, қанша бір миғұла болса да бұл қорлыққа одан әрі
төзе алмады. Бұның тілегін күнібұрын сезгендей нағашысы да келіп:

-
Шалбарыңның ауы тізеңнің тұсында екен, институтта жүргенде тұсаулы аттай
китіңдеп, бәрінің соңында жүретін шығарсың? - деп тұрған.

-
Нағашы аға, үнстөт менің қолым емес екен, - деді Мыңғыс жөн білетін адамның
нып-нық даусымен оп-орнықты сөйлеп. - Басымда миым жоқ па, әлде біздің мектепте
теріс оқытқан ба, үнстөттің есептері мұндай
өмірімде көрмеген бәлелерім... Әкем мен шешемнің үміттерін ақтайын деп
аянып қалғаным жоқ, бірақ шамам келер емес. Бұл мен сияқтыларға ие беретін оқу
болмады. Сізге рахмет, нағашы. Сол мың сом ақшамды қолыма берсеңіз қайтайын мен
ауылға.

-
Ненің ақшасы? - деді нағашысы өздерінен басқа жан баласы  жоқ жатақхана бөлмесінде қарадай қуыстанып. -
Есің дұрыс па өзіңнің?

-
Шынымен ұмытып қалғаның ба? - Енді Мыңғыс кәдімгідей аң-таң қалып, нағашысының
жүзіне аңтарыла қарады. - Анадағы ше? Сіздің үйден Бұқабай ағамыз екеуміз шай
іштік қой... Сонда...

-
Өшір үніңді...

-
Сонда... балаңыздың үстіне шкаф құлап өліп қала жаздағаны ше?.. Мен ғой сонда
сізге шкафты көтеріскен. Шайдан кейін Бұқабай ағам айтқан жоқ па: "Бірінші
- құдай, екінші - өзіңе аманат" деп...

- Ей,
қой деймін саған...

Оқудан
да, ақшадан да айрылып қаламын ба деп қауіп еткен Мыңғыс нағашысының аузын
басып жасаған айбарағына тоқтайтын емес, ұмытшақты ұғындырып жібергісі келіп
есіне қайтадан түсіре бастады:

-
Есіңізде жоқ па, нағашы аға?.. Біздің ауданның "Коммунизм жолы"
газетіне орап өзіңізге берген түйіншек ше, ұмытпасам, соның бірінші  бетінде есігін ашып, тепкішегіне аяғын салып,
ай далаға қарап күліп тұрған шофердің суреті болатын... Сосын, сосын... Сол
түйіншекті сіз алдыңыз... Сол ақша ғой...

"Ә-ә,
мені құдай атқан екен. Тірлігім басымнан асып жатқасын оның есімнен шығып
кетіпті-ау... Алған екенмін ғой... Бұны айтқаның дұрыс болды. Шынымен оқығың
келмесе, ақшаңды ертең әкеліп қолыңа берейін" деп айтады ғой деп күткен
нағашысы жекіріп жіберді.

-
Есуас! Ереже жатта десе миың ағып түскендей мәңгіріп тұрар ең-ау, қалай-қалай
сайрайсың... Өшір-р-р үніңді.. Ендігәрі аузыңа түскенді сандалып соза берсең
сотталып кетесің әлі.

-
Мен ба?..

-
Сен.

Институтта
оқи алмағандар үшін қолданылатын жазаның мұншалықты қатаң екендігін алғаш рет
естіген Мыңғыс айран-асыр қалып тым-тырыс отырды. Қарақұмда жүргенде қала жақта
сот болады дегенді ұзынқұлақтан естігені бар-ды. Ол көбіне біреудің малын
ұрлап-жырлап өз кәдесіне рұқсатсыз жаратып жіберіп жатса ғана араласатын
тәрізді еді. Онда да: "Мал иесі кешірім берген екен. "Өздерің
келіссеңдер біреудің бала-шағасын шулатуға біз де ықыласты емеспіз" деп
сотың жайына кетіпті" деген сыбыс естіліп, өздігінен басылып жататын.
Былайынша айтқанда оған сот жоқ. Мысалы бұл сегізінші кластың емтиханын
тапсырып шыққан күні ауылдағы тұма судың
басында ересек балалармен вино ішіп, балшыққа аунап жатқан кезінде де сотталмай
аман қалды. Өзі бір топ сотанақтарға бас болып, көршідегі тракторист жігіттің
басына күпәйке жауып жіберіп жабыла ұрғанда да түк болмады ғой. Милиция
мектепке келгеннен: " Мыңғыс, ақыры, сотталатын шығар?" деген
күбір-сыбыр әңгіме қанша көтерілсе де түгі қисаймастан мектебін бітіріп шықты.
Ол ол ма, балалар бақшасына терезеден түсіп, бүкіл ойыншықтарын қапшыққа тығып,
қалың құмның арасына апарып жалғыз өзі ойнап жатқан жерінен милиция ұстаған.
Ондай сорақылардан да аман өтіп осы күнге жетті ғой. Енді әкесі мен шешесінің
маңдай терлерін сыпырып жүріп тапқан аз ғана ақшасын өзімен бірге ала қайтайын
дегені үшін жазықты болғаны ма? Солай ойласа да, бұрынғы түйсік-түсінігінің
бәрін жоққа шығарған мынандай үлкен қалада 
ондай зұлымдықтардың болу әбден мүмкін деп іші кіп ала бастады. Бұған
дейін көрген көп сүргінінің түбі бірдеңеге әкеліп соғарын сезіп, қауіп етуші
еді-ау. Ойына осы түскенде нағашысының жүзіне тіктеліп назар салмастан,
қайтарып тіл қатпастан, есі ауысқан адамша керуетінің үстінде үнсіз теңселді.
"Газетке оралған мың сомың да, ыбырсып жатқан институтың да, тіпті,
нағашысы да құрсын, басымның амандығында Қарақұмның қарасына, әке-шешеме жетіп
алайын" деп ойлады. Сонан арғысын бақ талайынан көре жатар. Қой бақ десе
қой бағар, ара-арасында атқа мініп той-томалағынан да қалмас. Әне, өмір,
институт деген ұғымның өз ой, өз басына қайдан келгенін есіне түсіре алмады. Егер
оқу атаулының бәрі шым-шытырық есепке айналып кетпесе, өзінен де төмен талай
миғұланың бітіріп жатқан механизаторлық курсынан өтіп право алып қойсам деп бір
қойды. Осылай-осылай ел қатарына қосылып, мен үшін жылай-жылай кеткен
әке-шешемнің мың сомын кейінірек қайтарып берермін деп түйді. Осы уақытқа дейін
ештеңеге себім тимесе де қабағын шытпаған олар еңбегіміз далаға кетті деп ренжімес
деді өзінше отырып. Сөйтіп жүріп үйленермін, мұны көрсе сонадайдан мұрнын басып
өтетін Алматының қызы болмаса өмір сүрмеуім керек пе, қалаған қызымды ауылда
жүріп-ақ алып қашамын. Бұдан кейін Мыңғысқа қанат бітіп, Қарақұмды бетке ала
ұша жөнелетіндей көрінді.

-
Қайтамын ауылға, - деді орнынан бір қозғалақтап алып:

-
Ешқайда да бармайсың, - деді нағашысы тістеніп тұрып, дымын сыртына шығармай
нығарлап. - Қалай да алғашқы сессияны өткізіп, сабақтарыңды жақсылап тұрып
тапсыруға тиіссің.

"Жақсылап
тұры-ып" деген сөздің Мыңғыстың құлағына түрпідей тигені соншалық жаңа
ғана басына ұялай бастаған тәтті қиялдарының тоз-тозы шықты.

- Мен
ба?..

-
Жоқ, сен емес. Мен тапсырамын.

Мыңғыс
нағашысының мұндай өмірінде ашуланғанын бірінші рет көруі еді, темекі ұстаған
қолы қалт-қалт етіп, көзі шатынап ұясында-ақ сынып түсетіндей әлемештеніп
кетіпті. Ауылда жүргенде электрге тартылып, аузы-басы қисаңдап, дем жетпей
жатқан оқушыны көргені бар-ды. Енді болмаса құлап кететіндей дірілдеп, даусы
жарықшақтана сөйлейді.

-
Сенің түйедей теңселіп тұрған тұрпатыңды көре-біле тұра отқа сорға өзім
ұрынғанымды айтсайшы. Осы уақытқа дейін Малбағар деген ғалымның атын естісем
керең болайын, сенің оқу қонбайтын мал кейпіңді неге ескермедім екен...

...Енді
ешқайда бармайсың...

...Мен
саған сабақ үйрету үшін адам жалдаймын. Күнде екі сағаттан қасында болып,
зәрезап болған есептеріңнің бәрін жіліктеп шағады да, көзіңе шұқып тұрып
көрсетеді. Есі-гөйің ауыл болмай соның бәрін ұғып алуға тырыс. Өйткені, анау
басыңның ішінде бір институттың есебі сиярлықтай бос орын жеткілікті. Білдің
бе, әй, әумесер. Енді ешқайда алаңдама.

-
Мен ба? - Қиял-арманы шарықтап Қарақұмда жүрген Мыңғыс мына сөзден шошып қалды.

-
Ойбу-уй, тас маңдайға тап келген екенмін. - Нағашысы бұдан кейін ләм-мим
деместен ашық тұрған бөлме есігінен шығып жүре берді. "Мен ба, мен ба?"
дейді ғой деп өзінше күбірлеп барады.

Енді
Мыңғыстың жатақхананың көрпе-төсегін өткізумен де шаруасы болмады, институттан
алған студенттік билетін де, кітаптарын да тапсырған жоқ. Жұрттың көзіне
сүйелдей көрінгенімен өзі үшін мамықтай майда тоқыма-күртешелерін нығыздап
шабаданына салды да, басқа тірлікке алаңдамастан вокзалдың басынан бір-ақ
шақты. Қанша қажетті деген қағаздарының ұмыт қалғаны  вагон купесіндегі жылы-жұмсақ төсекке басы
тигенде барып есіне түскен Мыңғыс: "Маған, тіпті, аттестатыңның да,
паспортыңның да, үнстөтінің де
қажеті шамалы, өздері-ақ оқи берсін. Ауылға қайтармайтындай солардың несін
алыппын" деп нағашысына ренжіп жатып ұйықтап қалыпты.

***

...Алматы
Мыңғысқа содан бері таныс. Арада не бәрі он бес жыл-ақ өткен шығар. Елде жүріп
етке қой айдады, аракідік трактор айдады, әйтеуір бәледен басқаның бәрін айдаған
шығар, бұл істемеген жұмыстың түрі қалмапты. Уақыт деген жаманды-жақсылы
адамның бәріне ортақ айтулы жүйрік емес пе, әрі тарт, бері жық ұзақты күнді
қысқартып жүргенде қанша қыратты басқаныңды білмей қаласың. Әкесі марқұмның
бұған деген көңілі бір толмай-ақ о дүниелік болып кетті, ал шешесі одан гөрі
бақыттылау екен. Мыңғыстың аузынан түскендей қонжық сияқты жұмаланған төрт-бес
немерені мейірлене бауырына басып, өздерімен бірге от басында шүкіршілік айтып
отыр. Ойланып көрсе, Мыңғыстың бітіргені аз шаруа емес. Әскерге барды,
тіршілікке қарады, үйленді, балалы болды дегендей, оның үстіне мал-текесіз
емес. Ептеп ішімдікке де үйірсоқтығы бар.

Бұл
күнде институтқа оқимын деп Алматыға барып көрген азапты күндерін есінен шығара
бастаған. Әрине, зердесінде түк қалмады-ау деу ағаттық, ойында сақталған
бірдеңелері бар. Әсіресе, аузына ащы су тиген кездері астанада көргендерінің өңін
айналдырып, өзгертіңкіреп айтады. Зәрезап болған жақтарын бұқпантайлата, есте
қалған жақсылығы болса өсіріңкіреп, тыңдаған жанға тәттілеп жеткізетіндей
қулығы да бар. Кейінірек оннан-мыннан құрастырған өз өтірігіне сеніп кеткені
соншалық, Алматыда өткен баяғы уақытын аңсап, сағынатынды шығарды. Мыңғыс
әңгіме басында айтқандай ауылдың моп-момақан, сөзге шорқақ ұялшақ баласы емес,
қазір сөйлесе тілі көсеудей, ішіп ала қойса сөзге қонақ бермейтін отыздың
үстіндегі соқталы жігіт. Онымен қоймай, есепсіз ішіп-жеп, жатып-тұратын
мамыражай ауыл тірлігі мен жан тыныштықтан қарны төбеленіп, бұғақ бітіп,
салиқаланған сыңайда. Сөйтсе де әлдекімдер еңбек күнін тартып жаза ма, әлде
ақысын дұрыс төлемей ме, ауыл басшыларына өкпесі қара қазандай. Өкпелі
болғандықтан томсырайып қарап отыратыннан емес, рабайда бір өткізілетін совхоз
жұмысшыларының жиналысында "Менің бір ауыз сөзім бар еді" деп мінбеге
белсеніп шығып, сарығы басылғанша сапырып сөйлейтіннен. Ара-арасында мінбеде
тұрған басшының сөзін бөліп:

-
Директор жолдас, түлкібұлаңға салмай шындықты тура айтыңыз... Сіз оқыған
институтта біз де оқығанбыз, деп кеуде қағатын әдет те тапты кейінгі кездері.

-
Оқысаң, бітіріп қайтпадың ба? - дейді директор.

-
Құдай көмсін, - Алматыдағы жағдайын да жақсы білетін біржар құрдасы желке
тұсынан булыға күледі.

Ол
ол ма, өзі шалабурыл тартып, адам қарасы молырақ жиналғанда совхоздың бас
экономисінің столына сұқ саусағын безеп:

-
Сіздің отырған мынау орныңыз менікі еді, - дейтінін қайтерсің.

Қойшы,
Мыңғысты күллі Қазақстан түгел білмес, әйтеуір Қарақұмның кәрі-жасына дейін
оған сырмінез. Шаруасы сай түсіп қалмаса, кәделеп ешкім де әңгіме сұрамайды, ал
өздігінен  келіп айтып жатса, құлықсыз
болса да басы бәлеге қалмас үшін сөздерінің түйірін түсірмей тыңдауға әркім де
міндетті. Көбіне-көп әңгімесінің түйіні сол баяғы құрып қалғыр институттың
экономика факультеті.

-
Ай, жындылықпен оқымадым ғой, оқымадым. Қазір бармағымды шайнағаннан не пайда?
Өзіммен бірге үнстөтке түскен балалар дипломның қыр ізінен қалмай жүріп
бітірді, қазір берген сәлеміңнің өзін шаққа алатын білдей қызметкер бәрі де, -
деп күйінеді. - Қалайша ғана зығырданым қайнамас. Нем кем еді менің солардан?
Қазір маған не дұрыстап айлық жазбайды, не жөні түзу трактор бермейді, ит
қорлықты көрсете-еп жүр...

Мыңғыс
осыны айтып шынымен күйзелуші еді. Ішіп алған күні көкейіндегіні басшыларға
жеткізу үшін ауыл орталығындағы совхоз кеңсесінен шығатын. Ойға алған жұмысын
бітірісімен үйіне келетін. Сосын қонжықтай балаларын әр жерге қонжитып-қонжитып
отырғызып қойып ақыл беруге көшеді.

-
Әй, өзім ұқсаған әтеңенәлеттер ылғи... Адам болмайтындарың қазірден белгілі,
өйткені отырыстарыңның өзі қолапайсыз... Сендер де мен сияқты оңбайтын жаққа
шығып жүрсіңдер ал... Мінездерің иттің мінезіндей, төбелесе кетсеңдер
бір-бірлеріңді түтіп жейсіңдер. Ал, айтпады демеңдер, қор боласыңдар, түсірген
институтты бастарың істемей тастап кетесіңдер, берген ақшам біреуге жем болады.
Сосын жүресіңдер не бітірген оқуларың жоқ, не аты бар кәсібің жоқ айналысатын,
табатындарың елу-алпыс сом ғана ақша. Жаңа трактор ма, сендер сияқты
бір-бірімен жағаласып жатқан иттерге?.. Аларсыңдар... Қатын-балаларыңды қалай
асырауды білмей қаңғырмасаңдар әлі... "Папа, сен бәрін біліп айтқан
екенсің" демесеңдер әкел қолдарыңды.

Балаларымен
серттескендей шетінен қолдасып шығады.

Осы
сөздерден соң ішкілік Мыңғыстың титығына тие бастады деп ойлау қате, әрине,
түсінік-түйсігінің бар болғаны осы ғана. Оның үстіне арақ-шарабын да бір
адамдай көтереді, өйткені, ақыл-есі түзу кезінде де бұл қылығы үшін
қынжылмайды, қайта "кеше не дедім сендерге?" деп мастықпен айтқан
сөздерін нықытып қояды. Бір ғажабы, екі күннің бірінде болып қалатын әкелерінің
мұндай дүрбелеңіне қонжық балалары да әбіржімейді, олар үшін көріп отырғандары
анау айтарлықтай жаңалық емес, "Әліппеден" қарай-қарай көңілдері
шыққан таныс суреттер тәрізді. Әйтеуір, папалары шақырған кезде ас үй жаққа көп
айналшақтамай малдастарын құра-құра жеткен жерлеріне шоқия кетсе болғаны, одан
әрі қарай қалай сөйлесе де бәрін бірдей көкірекке тоқып алу бұлардың міндетіне
жатпайды. Өзі айтады, өзі қояды, содан кейін бұлардың шекелерінен де
шертпестен: "Осы ақылымды анау астау бастарыңа құйып алыңдар, барыңдар
енді бедіреймей" деп бөлмеден шығарады да жібереді.

...Алып
қашып үйленсе де қабағына кірбің алмай-ақ от басын ұйыстырып отырған әйелі де
бір бибатима адам - арақ іштің демейді, ақша таппадың, отын-су әкелмедің деп
шаң-шұң шығармай, намысына тырысып, ел қатарлы күн көруге жансебілденіп алған.
Ол да Мыңғыстың бір тірлігіне түсінбейді. Күйеуінің киіздің астына салып
сақтайтын ақ жемі шыққан қалың дәптері бар. Іші толған жазу. Қазір сондай
дәптердің саны үшеуге жетті. Күнде кешкілік жұмыстан соң қолына бояу немесе сия
қалам түссін, дәптерін суырып алып пеш түбінде күбірлеп жазып отырғаны.

"Ешкімге
білдірмей шыжбайлап жүргені не тірлік болды?" деп таң-тамаша қалған әйелі
оңашада оқып та көрген. Дәптердің бірінші бетіне баттитып тұрып: "Жиырма
бірінші ғасыр. Совет дәуірі. Мыңғыс Қарақұми ғұлама" деп қойыпты.

"Құдай
тас төбеңнен ұрсын". Әйелі әрі қарай оқыған. "Тіршілік туралы"
деп тақырыбын жазып, астын әдемілеп толқын сызықтармен жүргізіп шыққан.
Төңіректе сол тақырыбына түсініктеме беремін деп әуре-сарсаңға түскені
байқалады.

- Адам
баласын аллатағалам әурешілікке жаратқан, - деп басталады Мыңғыс Қарақұми
ғұламаның философиялық трактаттары шу дегеннен. - Олар не үшін тоя тамақ
ішетіндіктерін өздері де түсінбейді. Сол тамақты қайтадан тастайды. Тағы ішеді,
бірақ тағы да тастайды, қайтесің, 
пенденің өзі де миы ашып кеткен жанды мақұлық қой. Ақыл айтсаң
құлақтарына кірмейтін әлімсақтан әдеті.

Аллатағаламның
адам басына салып қойған әурешілігі осымен бітіп жатса жақсы ғой, бір-біріне
ынтықтырып әйел-еркекті үйлендіріп қоятынын қайтерсің? Одан туатын балалар да
шеттерінен миғұла, бір құлағынан кірсе, екінші құлағынан ағып кетеді. Тамақ
тауып бермесең сүйенісіп отырып өледі де қалады, тауып берсең қарындары
шертигенше ықылық атып, түн ортасында: "папа, кәкә, кәкә болайық" деп
шырт ұйқыңнан оятып, жалаң аяғына ызалы топырақ бастырады. Бұл көрген бейнетіңе
қайлы болар едің-ау, солардың тамағы үшін мұрныңнан қаның сүмелектеп жүріп
жұмыс істейтініңді қайтерсің. ХХ ғасырда әрбір еңбеккердің айлық жалақысы 50-60
сомнан әріге артылған емес, одан әріге кеңге сілтейін десең шотын тасырлатқан
бұғалдірді тура маңдайыңның тұсына отырғызып қойған.

Қаһарлы
хан, қатыгез бай осы ғасырдың басында түп-тамырымен құрып тап-таза өңкей
жақсылар қалдық деп жүргендердің бәрі өтірік. Мысалы, бастықтарға барып жаңа
трактор сұрап көрші, тамыр-танысың болмаса маңайынан жүргізбейді.

Келер
ұрпақ, бәлкім бұл сіздің заманыңызда қытығыңызға тиіп, күлкіңізді келтіріп
отырған болар, онда сіз де біздің замандасымыз сияқты топас адамсыз. Күлсеңдер
де шындықты бүкпесіз айтып, от пен судың ортасында ақырет-азар көріп, сендер
үшін түн ұйқысы төрт бөлген біздей аталарыңның өмір сүргенін білсеңіздер
жетеді. Қысқасы, желкілдеп келе жатқан жас ұрпақ, біздің ғасыр құбыжықтың
ғасыры болды. Бүкіл бәле-жәледен үн-түнсіз қашып құтылайын деп үнстөтіне
түссең, ажапаның басы ол жерден де қылтияды. ХХ ғасыр - "Қайда барсаң да
Қорқыттың көрі". Осыны еске сақтаңдар.

Мыңғыс
Қарақұми ғұлама, әл-Данышпани, әм тракторши.

ХХ
ғасырдың аяқ шені, тамыздың бірінші жұлдызында жазылды. Қарақұм шаһары" -
делінген.

Әйелі
оқып шығысымен пеш түбіндегі қонжық балаларының біреуін құшақтай отырып, әлгі
жазбадан тағы да: "Біз қалай адам боламыз?", "Алматы мен ауылдың
айырмасы" деген тарауларын көріп айран-асыр қалды. Әңгіме сыңайынан
аңдағаны: өзі де, тапқан балалары да күйеуінің басына үлкен
"әурешілік" әкелген екен, оны енді аңғарғандай жайы бар. Сонда да
болса жатар орынға жайласа бере дәптердегі жазудың мән-мағынасын күйеуінен
елеусіздеу сұрай салды.

-
Бұл менің болашақ алдында қалдырған үлкен мұрам болады, - деді Мыңғыс Қарақұми
ғұлама ағынан жарылып. - Сенің түсінуің қиын, әрине.

Мысалы,
былай... Тарихта: "Осыдан бәленбай ғасыр бұрын, біздің жыл санауымыздан да
ілгері атышулы бір ғұлама дүниеден өтіпті. Өз заманының озық ойлы перзенті
болған ол үстем тап өкілдерінен теперіш көріп, заманадан көңілге түйгендерін
біз үшін жылнамаға жазып қалдырған екен" деп, балаларға осы сөздерді
сусылдатып жаттатып жатқанын білуші ме едің?.. Сол ғұламалар сеніңше екі аяғы
көктен салбырап түскен пірғауын деп ойлайсың ба? Бәрі - өтірік. Олар да
заманында мен сияқты арақорда біреулер. Кешкілік жұмыстан ішіп келгесін ойына
түскендерін жазады-жазады да қобдишаға салып, бір тастың түбіне апарып тепкілеп
тұрып тебеді, көмеді. Арада пәленбай ғасыр өткеннен кейін топырақ тіміскілеп
жүрген көп қаңғыбастың біреуі оны қазып алады да: "О-о, мынау біздің
эрамыздан бірнеше ғасыр бұрын жазылған Аплатон, немесе Қарақұми деген
данышпанның аса бағалы дүниесі екен, тұнып тұрған ғибрат" деп жерден жеті
қоян тапқандай жалпақ әлемге жария салады. Сен сонда білесің, шалыңның
тым-тырыс жүріп қандай шаруаның басын қайырғанын.

-
Сонда осы жазғаныңа бірдеңе төлей ме?

-
Маған ба? - Мыңғыс Қарақұми ғұлама төсегінің астынан су шыққандай орнынан атып
тұрды. - Қарағым-ау, саған миллион жылдан кейін деп отырмын ғой. Миллион жылдан
кейін бедіміске қол қойып ақша алатындай осы үйде адам қала ма? Соны неге
ойламайсың? Бұның бәрі тарих үшін жасалып жатқан мәңгілік дүниелер екенін
есіңнен шығарушы болма.

-
Қайдан білейін... - Әйелі тереңнен күрсінеді. - Биыл мектепке баратын балаларың
бар, соларға бәтеңке керек еді...

Әңгіме
аяғы майда тірлікке қарай ойысқанда оқыстан үріккен аттай Мыңғыс Қарақұми
ғұламаның қос құлағы селтиіп қалатыны бар.

***

...Тіршіліктің
бір қызығы етте деп түсінетін қарақұмдықтар бір-бір қараны соғымдыққа жығып
алып жатқан қаңтар айында нағашысы ойда жоқта ауылға келе қалмаған да Мыңғыстың
жаратылыс жөнінде осыншама хикая жазылар ма еді, жазылмас па еді. Алайда, сылтауға
себеп табылды. Ел іші ғой, малдың кірі бар, мандытып айлық таппаса да бір
қонақты жайымен атқарарлықтай қазан-ошақтың қауметі бәрінде де жетерлік. Жылан
жылы сұраусыз кеткен ақшасының дауын қашанғы қусын, ол да бір бұйырмаған
қайырсыз дүние болды ғой деп жүрген Мыңғыс нағашысына өз аяғымен барып, отының
басын көріп, дәм татып кетуге қонаққа шақырды. Бұлар үйге кіргенде
шоқиып-шоқиып әр жерде отырған қонжық балаларының бірін - ай, екіншісін - күн
деп жеке-жеке таныстырып шықты.

-
Осы күшіктер ертең бауыр жүндері сабалақтанып, иіс тартатын болған кезде өз
қолыңа апарып тапсырамын, - деп бір қойды.

Нағашысы
тегі Қарақұмнан шыққан ауылдың қолтума баласы болғандықтан ба, анау айтқандай
ұятын да білмейтін жан емес, соғым кезінде ырзығымды ел үстінен жинап алайын,
төрт қабырғамды түгел дүниеге толтырайын деген ниеті де жоқ, өте қарапайым,
кішіпейіл жан. Ешкімнің меселін қайырып әңгіме айта алмайтындай көңілшек,
сондықтан ба, оқу іздеп осы жақтан ат сабылтып барғандар болса, пайдасын
көрер-көрмес делдалдыққа жүріп кететін осалдығы бар. Өзі астана тұратын ауылдың
жалғыз ғана арқа сүйері, соңына ерген қара-құралар оқып білім алса маңыма
айнала ма деп дәмеленсе керек, Мыңғысқа дейін институтқа түсірді ғой.

Елге
деген тілегінің түзу екенін халық біледі, қысылып-қымтырылған күні тып-тыныш
тірлігінде жүрген мұны бәрі тауып алады. Бәлсініп жатқан ол жоқ, істің ымыраға
келер жағын күйттеп, жарғақ құлағы жастыққа тимейді және онысын міндетсінген
емес. Өзі қарапайым қарақұмдықтар сияқты ажалы жеткен әңгімеге шебер-ақ, біраз
жыл бұрын Алматыға салпаңқұлақ болып барып-қайтқан жиенінің қылықтарын, сөз
саптауын, ауылдағы түрлі тірлігін тілімен түйреп, күлдіріп отыр. Нағашысы
осындай жеңіл әңгімемен жиенін қағытып-қағытып қойса, Мыңғыс қай мінін айтып
отырғанын білмей ойлау жермен орғытып, шоқырақтайды келіп...

-
Мына бес қонжығың оқып адам қатарына қосылып кетуі үшін кемі он мың сом керек,
- дейді нағашысы лекіте күліп. - Онда да өзіңе тартып Алматының ақ шаңдағын
шығарып-шығарып, аулына қашып кетпей табан тіреп оқитын болса.

-
Оқиды, - деді Мыңғыс балаларына қарай жұдырығын түйе өзеуреп. - Осыдан маған
ұқсап бетімен кетсін, тап қана әкелеріңнің... Солай... Бір дипломның жоқтығынан
менің тартқан азабымды бұларға берсе, ауыздары былжырап далада өлер... Елден
озбай, көштен қалмай етімнің тірлігінің арқасында қатарда жүрген шығармын.

Нағашысы
сол күні Мыңғыстың кішкентай қонжық балаларына қарап ішек-сілесі қатқанша
рахаттанып күлді.

-
Әй, қайдам, бастары өзіңдікіндей кәукиіп, құлақтары үріккен тайлақтікіндей едірейіп
тұр екен... Баяғы бала кезіңдегі өзің сияқты Алматыға барған...

"Алматыға
барған" дегенді Мыңғыс шаншулап қалса да, дастархан басында
көңілді-көңілді әңгіме айтылды, шай ішіліп, ет де желінді. Сол әзіл-қалжыңның
арасында Мыңғыс тұрмыстың да жыл санап ауырлап бара жатқанын сөз етті. Әлі
күнге дейін жас балалармен қатар аты жоқ жұмысқа жегіліп, ой-қырға шапқылап
жүргенше бір техникумды сырттай да болса бітіріп алып, совхоз гаражын
ашып-жауып тұратын меңгеруші болсам да жарар еді деген ниетін байқатты. Ең
ақырында:

-
Қазір отыз екіге аяқ салып тұрмын, әлі пенсияға дейін аттай жиырма сегіз жылым
бар екен. Ең болмаса қалған өмірімді адамға ұқсап өткізсем деп едім, соған
жәрдеміңді тигізсейші, - деп аяқтады.

Нағашысы
қатты қиналды. Жиенінің тұрмысы қоңынан жарылып тұрмағанын көзі көріп тұр.
"Жаңа трактор алу жағына көмектесейін" деп айтып көріп еді. Мыңғыс
бір диплом алу жағын қолайлай берді. Тағы да өтініш жасап қиылғасын, түсіндіре
алмасына көзі жетіп жиенінің сөзін жерге тастап кете алмады.

-
Баяғыда оқитын оқуың еді... Өзің болмай тұрсың ғой, қолымнан келгенін жасаймын,
- деп шарасыздан келісім берді.

Мыңғыс
енді қалған өмірінде сырттай да болса техникум тамамдап  мамандық алу жағына қамдық жасады.

***

...Бұл
Алматы Мыңғысқа бұрыннан таныс... Бір кездері қай есікке кірерін білмей,
әрлі-берлі  шапқылап, басы мәңгірген
Алматысы емес пе? Бәз-баяғыдай трамвайлары тарсылдап, жұдырықтай таксилер
ілгері-кейінді жүйіткіп өтіп жатыр. "Түк өзгеріс жоқ екен ғой"  деп ойлады Мыңғыс өзінен кейін салынған
қаншама ғимараттарды көзіне де ілместен. Сол баяғы машиналар, сол таксилер..."
деп жатақхананың балконында айналасын шола отырып.

Ол
қазір абитуриент - кәдімгі. Соның өзі үшін аса бір абыройлы атақ емес екенін
сезініп, бейсауыт көзге түсе беруге айбынады. Сондықтан, ол көбіне балконды
паналап өздігінше демалғанды қалайды. Өйткені, бөлмеге кіріп кетсе жан-жағы
шулаған бала-шаға, қыз-қырқын. Ұзын коридордың бойымен біреулері тырағайлап
жүгіріп бара жатыр, екіншілері соған қарқылдап күледі. "Кәпірлердің даусын
құлағым естімесін" деп бірыңғай темір тұрбалармен әдіптеп сырлап тастаған
балконға қажыры қайтқан кәрі арыстанша жайғаса отыра бергені сол еді, әлдекім
тас төбесінен мұздай суды құйып жібермес пе? Шошып кетті. Мыңғыс жатақхананың
үшінші қабатына нағашысының жәрдемімен орналасқан еді, жоғарыдан қыздар мен
балалардың қиқулап күлгені естіледі.

-
Қап, жер мола ғана болғырлар-ай, - деді омырауының суын қолымен олай-бұлай
қаққыштап тұрып. - Бала деген шайтан болады екен ғой. "Әй" дейтін
әже, "қой" дейтін қожа жоқ, жын-ойнаққа қолдары енді жеткен екен.

Боқтап-боралап
ақырып жібергісі келіп тұрды да, құрысын, айға жуық уақытымды амалдап өткізсем,
өздері үшін-ақ тоз-тоздары шығып ауылдарына қайтпай ма деп райынан тез қайтты.
Бетімен кеткендерді тәртіптеп қайту мұның міндеті емес, диплом алатын бір оқуға
басын сұқса, мақсатының орындалғаны емес пе?

Нағашысы
мұның құжат-қағаздарын есеп-несие техникумының экономика жағына апарып
өткізген. Басқа оқудың тағы да орайы табылмағасын, бар дәмесі осы техникумда.
Енді білдей болып, сол техникумның жатақханасында жатыр. Оншақты күннен соң
емтиханы бар көрінеді. Оңашада кітап қарап, аузын кәлимаға келтіргендей
өткен-кеткен есептерді есіне түсіргісі де бар, бірақ "Алгебра",
"Тригонометрия" деген құбыжық кітаптардың парақтарын ашса болды, көз
алдына қаздай тізіліп қонжық балалары келе қалады. Сосын ет бауыры елжірейді.
Өз-өзінен отырып: "Айналайын, сендерден көкелерім... Көздерің жаудырап
жолымды тосып жүрсіңдер-ау... Ақырып-жекіргеннен басқа сендерге қандай рахат
көрсеттім мен" деп ойласа болды, көңілі босағандай ма?.. Қолы қалтырап,
парақ бетіндегі сансыз сызықтар мұрнының үстімен бұлтша қалқып өтіп бара
жатқандай. Әйтеуір, білім белгілеріне санайтын әлгі есебі түскірлер мұны
маңайлататын емес. Содан кейін уайым-қайғыдан аулақ жүрейінші деп көңіл аулау
үшін асханаға барады, тамақтанып қайтып келісімен көзіне ұйқы тығылады. Қарнын
сипалап манаурап жатқанда қор ете түскенін өзі де сезбей қалады. Бір жақсысы
мұның жанына қылқандай-қылқандай екі бала орналасқан еді, ауылдары Алматыға
жақын маңайда ма, бір-екі рет қараларын көрсетті де одан кейін ізім-қайым ғайып
болды. Әңгімелесерге өзі тұрғылас жан бұл жатақхананың төңірегінде жоқ. Іші
пысады. Іш демекші, онысы да ауылдағыдан гөрі қомақталып, белбеуінің үстінен
жапыра басып салыңқы тартып барады. Бала-шағаның ырысын ішіп-жеп осылай
жүргенімде екі алақан бір бет болып ауылға құр алақан қайтам ба деп уайым шегеді.
Бірақ нағашысы дәтке қуат. Сондықтан, зерігіп кеткенде жұқалап қана жүз грамм
ішсем, ешкімнің дүниесін ойсыратып кетпеспін деп те ойлайды. Ондайда әлденеге
елегзігендей жан-жағына жалтақ-жалтақ қарайтыны бар. Тамағы бүлкілдегенде
нағашысының үйіне салып ұрып жетіп барар еді, жеңгесінен қысылады. Өзі бір
қас-қабағын білдірмей тым-тырыс отыратын сыпайы адам. Мыңғыс ондай жандардан
ауылда жүргенде-ақ ат-тонын ала қашушы еді.

Тіздеген
түйедей көлбеп керует үстінде қашанғы жатсын, аяңдап отырып өзі түсетін
техникум жаққа барды. Онда да оңып тұрған тірлік жоқ: есігінің алды,
аудиториялардың іші бақа-шаяндай бала-шағаға толып жүр. Бәріне де оқу керек,
қызық керек, жөн-жосықсыз жыртың-жыртың күлкі. Ол араға да  көп аялдамастан есік алдындағы тақтайшаға
шұқшиып өз фамилиясының қай топқа тіркелгені жөнінде тағы да анықтап алды. Он
жетінші топтың кеуде тұсында "Дәусеменов" деген жазулы тұр. Тасқа
басылған қағаздан көзіне таныс фамилияны көрісімен оқуға түсіп кеткендей көңілі
марқайып қалды.

Біреу
мұның құлағының түбінен: "Таба алмай жүрсем, фамилиям мында ілінген екен
ғой" деп өз-өзімен күбірлей сөйлесіп тілдей кітапшасына бірдеңелерді
түртіп алып жатыр. Келбетіне қараса көз тояттайтындай келісті-ақ жігіт екен,
жас шамасы да өзі құралпы, тек шаштары сиреп, кере қарыс маңдайы сүйемдей
ашылып қалыпты. "Бірыңғай бала-шағаның оқуы ма?" десем, менен де
басқа бұған қолы жетпей жүрген ер-азаматтар баршылық екен ғой" деген
Мыңғыс қуанышын жасыра алмады.

-
Сіз де оқуға түспекшімісіз? - деді әлгі жігітке сыпайы тіл қатып.

- Е-е,
достым. - Жігіт жалтыр басын сипап-сипап қойды. Өзінің екі бетінен қаны тамған
нұрлы адам екен, мойнындағы томардың жігеріндей галстугі қарнын қайта-қайта
қағып тұр. - Түспесіңе қойып жатыр ма, маман керек деп...

-
Ойпырмай құрдас болмасақ еді... Жасың нешеде өзіңнің...

-
Отыз екі кірпіштің астында тұрмыз...

-
Әй, құрдаспыз шынымен... Кірпіші құрсын... - Мыңғыс бүкіл Алматыны зар
жағалағанда таптырмайтын адамының ойда-жоқта ұшырасқанына мұндай көңілденбес.
Жүзіне күлкі жүгіріп, талай күннен бері матаулы тілінің шідері шешіліп жүре
берді. - Мен жынды болып оқи алмадым, құрдас. Сенікі не? Түр-тұлғаң Карл
Маркстен бір де кейін емес, кім болып істейсің?..

-
Бухгалтер едім, енді қатырма қағаз көгеріп, бала-шағаның аузындағысын жырып
жұмсап жатырмын. - Бейтаныс жігіт құрдас тапқанына Мыңғыстан бетер қуанды, мұны
өзімсіне қолтығынан ала кетті. - Ал тағдыр айдап екеуміздің басымызды осы арада
тоғыстырған екен, танысып қоялық.

Екеуі
апақ-шапақ танысты, бірақ Мыңғыс ұмытшақтығына салып жаңағы жігітінің есімін
әп-сәтте ұмытып қалды да есіне түсіре алмай әуре-сарсаңға түсті. Сәлден соң
құрдастығына салып Карл Маркс деп атауға көшті.

Ешкім
де екі жігітке былай жүріп, олай барыңдар деп ақыл-кеңес берген жоқ, бірінің
қалауын бірі сұрап енді қайтеміз деместен қаздай қатарласқан күйі
"Алматы" ресторанынан бір-ақ шықты.

Жер-су
бөлек деген әшиін әңгіме, жаңа таныстар иісі қазақ баласы болғасын бір-бірін
жатырқамастан оны-мұны сөз қылып шұрқырасып кетті. Әрі екеуінің де тағдырлары
ұқсас екен. Баяғы елде жүріп ауыл басшыларынан түрткі көріпті. Екеуі де шындық
айтуды, қалпелсіз сөйлеуді қалайды екен, олардың осы мінезі бүкіл ауылға көзге
шыққан сүйелдей көрінген.

-
Біздің қазақ әлі де қараңғы ғой, - дейді Карл Маркс.

-
Айтары жоқ, - дейді Мыңғыс Қарақұми ғұлама. - Көр соқыр десек арасында екеуміз
де кетеміз, әйтпесе, ақ-қараны ажырата алмайтыннанбыз ғой...

Бейтаныстар
ескі достарша қауқылдасып, бүйірлері шыққанша тамақ ішті, бір бөтелке коньяк
алдырып, "дәм ғайып, дидар ғайып" деген осы дей отырып оны да еңсеріп
тастады. Ресторан ішінде жарқылдап қызылды-жасылды шамдар жана бастады,
дүрсілдеп музыкадан хабар келді, айналасындағы жұрт қозғалақтай емен-жарқын
күлісіп, жасы-жасамысы араласып би биледі. Сол тобырға жолдасы да араласып
кеткен, ізінде хордың қызындай үлпілдеген екеуі бар келіп тұр.

-
Мой друг Мэлс, - дейді маңдайы енді ғана жіпсіп, құрыс-тырысы жазыла берген
Мыңғысты нұсқап. - Екеуміз бір курста оқығанбыз, қазір бір совхоздың білдей
директоры.

-
Қой, әй, - Мыңғыс совхоз директоры дегенді естігеннен іші мұздай болып, қарнын
жинап ала қойды. - Ол не дегенің, Кәке-ау...

Жолдасы
бұған байқатпай көзін қысып қалды. Сонда да болса Мыңғыс директор дегеннен
кейін жайсыз орындыққа отырғандай қозғалақтап, төбесіндегі шағыр шашынан да
қысылып қалды. Сыртқы келбетінің директорға он қайнаса сорпасы қосылмайтынын
жақсы түсінеді, алайда жалған да болса артықтау айтылған сөздің тігісін
жатқызайын десе "шындықты тура айтатын" тілі түспегірі икемге келетін
емес, езуі екі құлағында. Ал, жолдасы майлы қасықтай әлгі қыздардың асты-үстіне
түсіп сызылғанда соқыр иненің көзінен ілмей өтеді.

Шынында,
қыздар үріп ауызға салғандай перизаттар екен, "үп" десе мамықтай
қалқып кеткелі тұр. Өздері инабатты, мәдениетті жандарға ұқсайды, ара-арасында
орысша сөздерін қосып сөйлейтіні болмаса, тал бойларында бір міні жоқ
періштелер бұлардың жанына қанатын жайып қонып отыр. Олардың бітім-болмысына
мейірлене көз тастаған Мыңғыс: "Жаным-ау, осы көріп отырғандарым өңім бе,
әлде түсім бе?" деп өз-өзіне сенер емес. Иіліп-майысып құрақ ұшқан жолдасы
дастарханды қайта жасатты. Алғашқы сөзді "Алматыға айында-жылында бір жолы
түсетін, алыста жүрген азамат, ел ағасы Мэлске" берді. Қыздар сатұр-сұтыр
алақандарын соқты.

-
Ой, Мэлс, жарайсың... Молодец, - деп шүпірлесіп жатыр. - Говорите...

Осындай
қошеметтің ортасына Мыңғыстың бірінші рет түсуі, қысылғандықтан алдымен орнынан
тұрды, сосын ресторанда отырып сөйлеген дұрыс шығар деген долбармен қайтадан
отырды. Бір қыз мұның иығынан нәп-нәзік саусақтарымен сипағандай болып еді,
омыртқа сүйегінің ішімен біреу машина жіп жүргізіп жатқандай дірілдеп кетті.
Көзінің алды бұлыңғыр тартып, тілі байланып, ерні жуыспай, жуыса қалған күні де
айтатын сөзін таба алмай қысылғандықтан үнсіз қалды. Самайынан жылыстап тер
ақты.

-
Әй, Маркс, - деді дастархан басындағы аз ғана үнсіздікті жуып-шаю үшін бәріне
бірдей бәйек болған жолдасына сұқ саусағын безеп. - Мына қыздарға
ішкен-жегенімізден басқа бір сыйлық жасамаймыз ба? Алдырып бергейсің
кәмпит-сәмпиттерін, - деп ышқырлығына тігілген судай жаңа он сомдықтарын
шалбарының сыртынан шықырлата бастады. - Кім үшін еңбек етіп..., ел басқарып
жүрміз.

-
Міне, жарайсың...

-
Ой, рахмет, ағай...

-
Спасибо вам Мэлс. - Жаңағы екі қыздың Сәнә деген біреуі сипалап-сипалап келіп
қолын костюмінің өңіріне тығып жіберіп кеуде тұсын басып тұр. - Ағайдың жүрегі
тап-таза екен.

Сол
кезде Мыңғыстың үні еркін шықты. Қолындағы рюмкесін бір толғады да:

-
Мен Сәнәнің шеген құдықтың суындай мөлдір таза көзінің тұнығы үшін ішемін, -
деп тартып жіберді.

Енді
аңғарды, жолдасы бұған қарай көзін қысып, "ретсіз шашыла берме"
дегендей сыңайды байқатып отыр екен, емеурінді түгел түсінді де алғашқы
арынынан төменшіктей сөйледі.

Бұлар
түгелімен биге көтерілді. "Тәуекел" деп Мыңғыс та араласып кеткен
еді, қара жерді қайырып басып, қарыштап қалған аяғы кібіртіктеуге көнетін емес.
Қанша талпынғаннан түк өнбесіне көзі жетті ме, жазда киетін шәркейінің басынан
башпай ұштарын музыка ырғағына қарай қимылдатып, екі көзін алма кезек қысып,
бір орында аяз атадай айналды, қалғандары мұны қоршай биледі.

Сауық
бітті. Обалына не керек, жолдасы адал жігіт екен, ылғи құлағы кетілген үш
сомдықтар мен бір сомдықтарын шығарып, дастарханының бір жағын қал-қадірінше
көтерісті. Ара-арасында қыздармен отыратын үйдің бар екенін де құлағына салды.

Төртеуі
айқара құшақтасып тауға қарай өрлейтін қытай қорғанындай ұзын бульвардың
арасымен жүріп келеді. Мыңғыстың құшағында - Сәнә, Сәнәнің құшағында - Мыңғыс,
шаруалары жай, аяқтарын асықпай басады. Тіпті, қыздың басын қос қолымен ұстап
тұрып қаймақтай еріндерінен Мыңғыс бір-екі рет сүйіп алды. Сәнәсі түспегір
жатырқамайды түк, іші-бауырына кіріп барады. Бұлар қара көлеңкелеу ағаш астына
қарай таяна берді. Бір қараса, қасындағы серігі қолтығындағы қызын ұзын
скамейкаға отырғызып, өзі оған қарай төбесінен төніп барады екен. Жолдасының
әрекетіне қарап соны қайталамаққа бекінген Мыңғыс бірдеңеден құр қалғандай
жанұшырып қасындағы Сәнәға бас салды да, кәдімгі қырқымға қой жыққандай сол
қолын мойыннан алды да, оң білегімен тілерсектен жоғары қаусыра көтеріп
"әуп" деп жәукемдей бастаған, май құйрығынан бірдеңе дыз еткізіп
қарып өткендей болғанды. Жыландай шырылдап жағына тиген Сәнәнің шапалағы да жеп
барады.  Сөйткенше:

-
Ойбай, Мэлс, құрыдық, - деп серігінің тапырлатып қашып бара жатқанын біледі.
Мыңғыс қызды тастай салды. Енді жолдасының соңынан үріккен тайлақтай ұшып
келеді. Іздерінен індете қуған үш-төрт жігіт бар екен, қолдары ұстауға
жетіңкіремей жатса керек, қоян шалған тазыдай аяқтарын ашалай салғысы келеді.
Бұл сүріне-жығылғанына қарамады, таяқ тастам жердегі серігінен қол үзбеді.
Жарық көшеге жете, әлгілер адам қарасынан тайсалып кетсе керек-ті, ертелі көк
желкесінен түспеген көлеңкелер сиреп барып, бірте-бірте ғайып болып кетті.
Екеуі сол арада тұрып ағып жатқан мұздай суға беті-қолдарын шайды, шалбарларын
қағып, жағаларын түзеді.

-
Алматының осынысы жаман, - дейді серігі үсті-басын әлі де қаққыштап жатып. -
Бізді рестораннан тонау үшін алып шыққан екен ғой әлгі екеуі.

-
Аман қалғанымызды айтсайшы. - Мыңғыстың мастығы айығып, өз-өзіне келіңкіремеді.
- Тырайып тас көшеге қылжисақ "Қарақұмда өлетін жер жоқ қой, қайтсін"
деп ел айтады ғой.

Тірі
қалғандықтарына тәубешілік айтып екеуі күлді, құшақтасты, бір-бірінің бетінен
сүйді. Тіпті, бұл өмірде осындай қағажуды көп көргендіктен бе құрдасы қамығып
қалды. Екеуі жақын маңдағы жолдасының танысына түнеп шықпақ болып келісті. Тағы
да көше айнала берген, жаңағылар алдарынан тосып тұр екен, сүргіншілік тағы
басталды. Сыралғы болып қалған серігі ә дегеннен бұдан ұзап кетті. Мыңғыс жанын
салғанмен енді жете алатын емес, бірақ долбармен ізінен салып келеді. Жолдасы
жалт етіп қуысқа кіріп кеткендей болып еді, сол араға Мыңғыс та өліп-өшіп
жетті. Есік ашып күтіп тұр ма деген жолдасынан бір жолдас жоқ, сүріне-қабына
анау есікті бір, мынау есікті бір ұрады, бәрі де тастай бекітіп алған.
Баспалдақтарды дүрсілдетіп ізінен қуып келе жатқан біреулер бар сияқты еді,
аңдаса жалғыз өзінің аяғының тарсылы екен, ентігіп тұрып тыныстады.

Соқайып
басы қалғасын қалайда жатақханаға жетіп алудың жағдайын ойлап, көше бетті
бақауылдап біраз тұрды да тысқа беттеді. Шыққан кезде сонадайда әңгіме айтып,
күліскен төрт-бес бала тұр екен, абайлап көрген, нобайлары жаңағы бұзақыларға
ұқсайды. Бұл енді кідірудің ретін таппай, алды-артына қарамастан тырағайлай
қашты. Екпіндеп айдау жолға шыққасын, кетіп бара жатқан таксиге қолын көтере
жүгірді. Шопыр Мыңғыстың мүшкіл халін айттырмай түсініп, тез тоқтады да ентелеп
келген мұны отырғызды да, жұлқына тартып кетті. Таксидің артқы орындығына иегі
іліккен Мыңғыс: "О, жаратқан ием, көрсетпегенің көп екен ғой" деп
тәубешілік айтып келеді. - Ой-қырын білмейтін жермен абайлап аяқ баспаса
болмайды екен.

Бірақ
Мыңғыс алдында күтіп тұрған әлі қандай оқиғалардың бар екеніне бейхабар-ды.

***

...Таңертеңгілік
Мыңғыстың төсегінен тұруға әл-дәрмені жетпеді, жеткенімен оң жамбасы алдыратын
емес, басын көтерейін десе сықырлап сынып кететін тәрізді зар қақсап төсегіне
қарай тұқыртып қояды. Абырой болғанда, емтихан күндері таянғасын екі бала
жатақханаға оралған екен, күнкөрісі соларға қарап қалды. Асханадан тамақ әкеліп
береді, сүлгіні суға шылап бет-аузын сүрткілеп мысық дәретін алғызады, керек
кезінде жүрелетіп дәретке отырғызады.

Құрдасы
жаман жігіт көрінбейді, ертесіне қолында ораулы шөлмегі бар, бұған келіп халін
біліп кетті. Жолдасы жалғыз қалдырғанына қысылады-ау сыңайы, алдында бәйек
әйтеуір. Мыңғыс Алматыдан дос таппадым деп ренжімейді, осы сияқты таныстарға
жолыққанының өзіне дән риза. Көлбеп жатып ала келген сырасынан ауыз тиді,
денесін жайлаған дерт пен уайымы жеңілдейін деді. Бірақ мұның бәрі уақытша
екен, әркім шаруасымен болып, адам аяғы сиреген кезде өз-өзімен оңаша қалады да,
ойы түспегір алдымен ауырған сүйегінен бастап жегідей жей бастайды. Осы құрып
қалғыр оқуда алты аласы, бес бересісі бардай қай әкесінің құны қалғанын
білмейді, әйтеуір ынтызар қылып қойған құдайды айтсайшы...

Осы
жағдайға келгенше бей-берекет тірлік кешкен өзіне де атар оғы жоқ, бірақ жаны
құрығыр тәтті ғой. Жамбасын шаншып кетсе қаралай жатып ойбайын салады. Қолымен
ауырған жерлерін сипалап көрген, сынған-шыққаннан аман сияқты, тек бөкселік
демпейілденіп іскенге ұқсайды.

-
Осы бейнетімнен де құтылсам жақсы, - дейді кешегі сойқанды көз алдына
елестетіп. - Бала-шағамның көз жасына аман қалдым-ау.

Осылай
сары уайымын шегіп жатып көзі ілініп кетеді, көзі ілініп кетсе болғаны түсінде
қалықтап ұшып ауылы енеді. Бәз-баяғы қалпы, жықпыл құмдардың арасында, нардың
жотасындай үй арқалары сонадайдан мен мұндалап тұр. Бұның Алматыда жүріп
мертігіп, мүгедек болып, қолына балдағын ұстап, автобустан түскен беті екен
дейді, алдында жұрт шуылдасып жүр. Қыр беткейден құлындай ұшып қонжық балалары
ұбап-шұбап құлап келеді. Арасында әйелі де бар ма?.. Алдымен жеткен үлкен ұлы
папа деп мойнына асыла кеткенін біледі. Құшақтап жатыр, мейірі қанатын емес,
баурына қысып сүйіп жатыр.

-
Папа, оқуға түстің бе? - дейді аузын мұның құлағына тақап. - Қашан директор
боласыз?.. Өзіңіз айтып едіңіз ғой...

Міне,
дәл осы арада қандай бір шырт ұйқыдан да бұл шошып оянады. Түсінде көрген
тірлігіңді өңіңде қайта ойлағаннан асқан азап жоқ екенін Мыңғыс енді ғана
түсінді, көзінен бұршақ-бұршақ жас саулады. Ауылда ешкімге сөз бермей,
кеуделейтіні өз алдына-ау, кішкене қонжықтарын, ұлы бөрінің астына алатынын
айтсайшы. Сонда олардың көздері жәудіреп өзіне, тек өзіне ғана қарап отыратынын
айтсайшы. Әкелеріне сенеді ғой... Осыны ойлағанда бұзылған көңілі мыңғырған
қойдай ие беретін емес, "Мен де бір құдайдың пендесімін-ау, - дейді
өзін-өзі жазғырып. - Адамнан айрықша жаратылғанша, адамдардың арасында өмірге
келмегенімнің өзі жақсы еді ғой. Мен ғой дипломым жоқтықтан емес, осы
мінезімнен құрып жүрмін. Не ақыл-есім жоқ, не құдай сүйер қылығым жоқ, иттен де
қор қылып қойды ең аяғы. Осы күйімде өле кетсем де өкінішім жоқ-ау, бірақ
артымда қалған балаларыма әркім басын қайттаған заманда кім бас-көз болады.
Енді елге жеткенді айтсайшы..."

Қалтасындағы
қаншама ақшадан бір тиын да қалмағаны ойына түскенде өзегін тағы от шалып
кеткендей беті жиырыла қиналды. Ақшасының жоқ екенін таксиге мінгенде барып
білген. Ал, жамбасынан қалай шойырылғаны өз алдына бір бөлек оқиға.

***

...Обалына
не керек таксидің шопыры "Ал, жатақханаң мынау" деп есіктің қыр
көзіне келіп тоқтады. Сіңірген еңбегі бар, үкіметке төлеуге тиісті кесімді
ақысы бар, молырақ қарбытып қолына қызыл он сомдықтан біреуін ұстата
салайын" десе түк таппай әбігерге түсті. Ресторанда отырып бір бума ақшаны
ышқырлығынан жұлып алып, қалтасына салғанын біледі, одан кейінгісі бұған
беймәлім. Аласапыран жүгірістің қай кезінде түсіп қалғаны есінде жоқ. Енді
қайтпек? Нағашысының түн ұйқысын төрт бөліп, беймезгіл уақытта қалай ақша
сұрамақ. Не дегенде, шопыр жігіт қазақтың баласы екен, жағдай айтуға бекінді.

-
Айналайын, ақшам түсіп қалыпты... Мына қарашы. - Түбі айналған бос қалтасын
көрсетті де, онымен қарап тұрмай қалтарысында елеусіз қалған он бес тиынды тағы
ұсына берді. - Бары осы екен. "Ер мойында қыл арқан шірімейді"
деген...

-
Мен сізді ажалдан алып қалдым ғой. - Шопыр бұны сұмдық ойлап отырған жанша
бетіне сыздана қарайды. - Жаңағы балалар ақша емес, бұл күндері ішек-қарныңды
айналдырып қоятын еді...

-
Ол рас, ондық еңбегің бар енді, інім, - дей берген өзі де жағдай айтамын деп оң
қол жағына емініп кеткен екен, шопырдың қолы көз ілеспес шалттықпен көкірек
аузына сарт етті. Сонан кейін боз тұман.

Есін
жинап, көзін ашып алған кезде алдымен көргені - жұлдызы жамыраған Алматының
аспаны. Ертелі аңдамады ма, әлде арақтың буы оған мұрсатын келтірмеген шығар
сытырлап жаңбыр жауып тұр екен, үсті-басы малмандай. Жатқан жері көгал болып
шықты, жан-жағын бажайлаған, жатақхананың есігінен шеткерілеу жерге сүйретіп
тастағанға ұқсайды. Бір жұдырық жеп, таксипұлдан құтылған сыңайы бар. Орнынан
сенделіп тұрды. содан кейін бөлмеге бару керек екендігі ойына түсіп, өлексесін
сүйреткен иттей жатақхананың есігін қақты. Арғы жағынан мойнын созған
көзілдірікті кемпір мұны көрісімен басын тартып алды да, іштің жарығын
тым-тырыс сөндіріп, қайталап жауап қатпай қойды.

"Жазған
құлда шаршау жоқ", бұл жатақхананы айнала-айнала өзі жататын бөлменің
терезесінің алдына келді, аяғының астынан майда тастар тауып алып терезеге
атқылай бастады. Абыройына, жанындағы екі бала орнында екен, бұның қандай
жағдайда екенін сонадайдан түсінді. "Кідіре тұр" деген белгі берді де
бірғауым уақыттан соң екінші этаждың балконынан бас көрсетті.

-
Сізді осы балкон арқылы көтеріп алмасақ, кезекші кемпір өткізбейді...

-
Жарайды, - Мыңғыстың келіспеске шарасы қайсы.

Балконнан
арқанша шиыршақталған төсек жаймасы төмен салбырады.

-
Осыдан мықтап ұстап ал. - Екі бала жамыраса түсіндірді. - Аяғыңды ыңғайлап
баурыңа жина. Балконның белдеу теміріне қолың жетісімен аяғыңмен демеп
көтеріліп кетесің.

-
Жақсы, жақсы, - деді мыж-тыжы шыға шыдамы таусылған Мыңғыс.

-
Ендеше қазір...

Шиыршақталған
ақ жайманы тиянақтап ұстау үшін қолына бір орап, Мыңғыс та аяғын баурына тарта
бастады.

-
Болдың ба? - Жоғары жақтан хабар келді.

-
Болдым...

Солай
деп айтуы мұң екен, аяғы баурында тұрған Мыңғыс жерге қарай құлдырай жөнелді.
"Гүрс" етіп құлағанын біледі, арғы жағы есіңде жоқ.

Көзін
ашқанда екі бала қасында зар жылап кешірім сұрап тұр екен, "Болдым"
дегеніңізді мынау түсінбей қалды" деп бірі бірінен көреді. Көзі бақырайған
күйі не жағдайға ұшырағанын білмей Мыңғыс ыңқылдап біраз жатты. Әйтеуір жамбас
сүйегі аман сияқты, бірақ жақын маңдары 
жүруге жарамайтынын өзі де сезеді.

Мыңғыс
қайтсін, екі баланың кінәсін кешірмей құлаған орнында жайғасып жата беруі керек
пе? Бар болғаны:

-
Әй, жасамағырлар-ай, жасамағырлар, - деп басын шайқай берді. -  Мен бір жаны жоқ зат емеспін ғой, байқап
ұстамадыңдар ма?

-
Ойбай, ағатай аңдамай қалдық, айып бізден, мынаның кесірі, - деп екі бала
айнала шауып жүр.

Сол
түні қасындағы екі бала басқа бөлмедегілерден өтініш жасап, Мыңғысты балкон
арқылы табыт көтергендей "әупірімдеп" бөлмесіне алып келді.
"Өлдім, жамбасым" дегеніне қаратқан жоқ. Содан бері жатысы осы.

Емтиханға
бір күн қалды-ау деген шамада керует жағалап жаймен қозғала бастаған, есікті
тықырлатпай ашып нағашысы келіп тұр.

-
Әу, байдың баласындай шалжиып жататын едің, керуеттің басын ұстап ойланып
қалыпсың ғой, - деді бірден әзіліне басып. Мұның қарға адым жер жүре алмай
кәріп болып тұрғанымен шаруасы шамалы. Қай күні құрдасы ала келген бос
бөтелкенің аяғының ұшымен түртеді. - Жағдайың жаман емес көрінеді, Алматының
сырасына сылқия тойып, бабыңа енді келіпсің. Қабағың түсіп кетіпті ғой.

- Нағашеке,
осы жолы қалжыңды қойыңызшы. - Мыңғыс керует басына сүйеніп әлі тұр. Осыны
айтқан кезде қанша намысына тырысқанмен көзінің жасын ұстай алмады. - Мені
төсегіме жатқызыңыз.

Бір
жағдайдың болғанын сезген нағашысы қолтығынан демеп әкеліп Мыңғысты төсегіне
жайғастырды. Соңғы оншақты күннің ішінде көрген қорлығы мен ақіретін айтып
шағынарға жан таппай жатқан еді, болған оқиғаның бірін қалдырмастан сол арада
ақтарып салды. Нағашысы төмен қарай тұқшиған күйі маңдайын сипап ұзақ отырды.
Күлудің де, ашуланудың да қисыны жоқ, қанша дегенмен қандасы емес пе, әрі
ауылдасы емес пе, жаны ашып кетті. Үн-түнсіз біраз ойланған соң, бұған жаймен
ғана:

-
Саған не болып жүр? - деді.

Неше
күн төсек тартып жатқанда осы сауалды Мыңғыс өзіне мың қайтара қойған. Жұртқа
күлкі көрінетін, бірақ өз басына қасірет жасай жаздаған өткен оқиғаларды шақалап
отырып, әрқайсысына көкірегінен жауап іздеген. Обалы не, ешкімге де өкпелеген
жоқ. Ойда-жоқта танысқан құрдасына да, оқуға түсесің деп Алматыға ала жөнелген
нағашысына да, тіпті талай жылдан бері жаңа трактор бермей зарықтырып қойған
ауыл басшыларына да кінә артпайды. Барлық кінә 
өзімнен деп түйген. Жауабы дайын еді.

-
Ауылдан келген күні сіздің үйде болдық қой, - деді Мыңғыс сол ыңқылдаған күйі
бөлменің төбесінен көзін алмай жатып. - Сонда сенің екі балаңды көптен бері
дастархан басында көргенім еді. Өздеріне қызығып кеттім...

-
Тіфә деп айт...

-
Жақсы, жақсы, тіфә ал... Сол балалар тамақ жер кезде омырауларына бір-бірден
сүлгі қыстырып алды ғой. Өзің де сөйттің...

Нағашысы
күлімсіреген күйі бұған бұрылып үнсіз басын изеді, жанындағы адамға
білінер-білінбес етіп жеңіл ғана күрсініп алды.

-
Осыдан отыз жыл бұрын өзің туған ауылда өрім-өрімің шығып қой бағып жүргенде
сүлгі асынып отырып тамақ ішу сенің түсіңе кіретін бе еді?

Нағашысы
жындыға, ескерімсіздеу адамға санап жүретін жиенінен мұндай нұсқалы әңгіме
шығады деп күтпеген еді, сүйсініп қалды.

-
Міне, осы жасыма келгенше омырауына сүлгі қыстырып отырып тамақтанғанды өз
басым бірінші рет көруім нағашыеке. Бізді не деп айтуға болады? Көрмегеніміз
көп қой біздің... сосын да жүріп-тұруды білмегендіктен жатқан жағдайым осы...

-
Әй, сенің жатқан сайын айта түсетін сыңайың бар екен, аулыңа ғұлама болып аттанатындай
сыңайың жоқ па? Пайымдауың шамаға соғады, баяғыдан бері жын ұрғанша осы сөзіңді
айтпайсың ба? - Нағашысы шын көңілден риза болғандай Мыңғыстың кеудесінде
жатқан қолын сілкілей бастады. - Сенен осындай ой туады деген үш ұйықтасам
түсіме кірген емес. Тек бұл сөздеріңнен тіршілікте айныма енді...

-
Жо-оқ, мен осылай кеттім... Қашан барсаң да көретінің баяғы араққорда Мыңғыс,
лахуа Мыңғыс, жынды Мыңғыс... алдында тұрады. Тек, бір қызығы мен соның бәрін
тірлігіме риза болмағаннан жасаймын-ау деймін. Сіздердей рахат өмірден құр ауыз
қалғасын жүнжіп жүргенім шығар...

-
Қойшы, сандалмай... Менің аз ғана тірлігімнің несін айтасың...

-
Жо-оқ, нағашыеке, сізге кінәрат емес. Өзімді айтамын да... Әйтеуір бір жерде
жақсы өмір бар қол жетпестей... Соның ұштығын осы арадан көрген секілдімін.
Нағашыеке, ең болмаса ана үйдегі бес қонжығымның біреуі осы арада оқып, адам
қатарына қосылса деп армандаймын...

-
Ау, әуелі өзің оқымаушы ма едің? - Нағашысы әлі де әзілге қашырды. - Ол да
осында келіп жамбасын сындыратын бәле шығар.

-
Шыныңды айтшы, нағашы...

-
Балаларыңның қайда оқитынын құдай біледі... Қолымнан келіп жатса сенің ұлдарыңа
неге көмектеспейін...

-
Рахмет ендеше, онда мен ауылға қайта берейін...

...Ертеңіне
қолтығына таяған қос балдағы бар, қасында нағашысы Мыңғыс вокзалда билет алу
кезегінде тұрды. Нағашысының қой-қойлағанына қарамастан ресторанға кіріп жүз
грамды тартып жіберген мұның көңіл-күйі бөтен емес. Оқуға келгенмен емтиханға
кіруге жарамай бос қайтқан жанға ұқсамайды, қыдырып, серуендеп жүріп, аяғын аңдаусызда
ауыртып алған бұл да көп қыдырманың бірі секілді. Баяғы Мыңғыс, әңгімені
сапырып, оңды-солды соғып тұр.

Нағашысы
да қаққан адам ғой.

-
Қай күнгі көңіл көтергендерің ана қыздар емес пе? - деп біреулерге саусағын
шошайтты.

-
Бәленің атын атай көрме, - дейді ішіп тұрса да запы болып қалған Мыңғыс
барқ-барқ етіп. - Қыз да: қызық та осы вокзалдың басында қалсын енді.

Нағашысы
вагонға Мыңғысты мінгізіп салып тұрып:

-
Енді жас емессің, өзіңе қарап отырған бала-шағаң және бар бұрынғы жаңғалақтығыңның
бәрін тастамасаң да бірлі-жарымын қойсайшы, - деді.

-
Менің жаратылысым солай енді қайтейін, - деді Мыңғыс ыңғайсыздана күліп. - Аман
болсақ әлі талай қызығымды естисің. Ал, енді сау тұрыңыз...

Селтиіп
вокзал басында Мыңғыстың ізінен қарап қалған нағашысы таңдайын қағып  басын шайқады.

-
Шынында, құдайдың берген мінезіне дауа жоқ екен ғой...