ВЕРНУТЬСЯ

Сәуірде көтерілер рахмет туы,

Көрінер көк жүзінде қаз 
бен қуы.

Көктен жаңбыр, таулардан сулар жүріп,

Жайылар жер жүзіне 
қардың суы...

Ұшпақтың бір сәулесі жерге түсіп,

Өсірер жерден шөпті нұрдың буы.

Жақындар құдайымның көктен күні,

Тең болар жарлықпенен күн мен түні.

Аспаннан рақымменнен түн төнгенде

Қуанып қыбырлайды ыныс - жыны

Ұйқыдан көзін ашқан жас балаша,

Жайқалып шыға келер жердің гүлі.

Шапақтан бұлты шығар мұнарланып ,

Жаңбырлы күндер түсер тұманданып

Адамзат нәр ауасын судай жұтар

Шөл тартқан айуандарша құмарланып

Жетпеген үлкендікке жас балалар  

Жүгірер ойдан - қырға құмарланып...

Сәуірде алуан-алуан жауар нөсер,

Нөсердің қуатымен жер шөбі өсер,

Көк орай дүние жүзі шалғын болып,

Жан, айуан, адамзат баурын төсер.

Жан - жәндік рақат тауып тұру үшін,

Ұшпақтан қош иісті желдер есер.

Сәуірдің әр бір күні дертке дәрмен,

Құдайым дәрмен бол деп етер пәрмен,

Бір малы шаруаның екеу болып,

Қыстаудан ел шығады алуан - алуан.

Күлісіп, құшақтасып әзіл етер,

Әйелдер көш жөнелтіп кейін қалған...

Жүгірер киік, құлан таумен қырда,

Қуанып, ықыласпен келген жылға.

Алыстан мұнарланған сағымдары,

Шақырып тұрар кел деп мұнда.

Көл бұзылып, көк шығып қойынын ашса,

Қарқылдап қонар оған қаз бен тырна...

Адамзат сайран етер көңлі жай,

Секіріп ойын салар құлын мен тай.

Қой маңырап, сиыр мөңіреп шат болады.

Тасиды күркіресіп өзен мен сай.

Аяғын алшақ басып түйе шыгар ,

Жаратқан мұнша таңсық жаббар құдай.

Кеш болса күн қонады таудан асып,

Шапақтан қызыл алтын нұрын шашып.

Аһ ұрып шүкірлікпен құшақтасар,

Рақатпен кеш уақытында неше асық...

Боз үйден таң алдында күйеу шықса,

Артынан қарар жары жүзін басып.

Құдайға шүкір етер жас пен кәрі,

Бердің деп жанға рақат мұндай дәрі.

Жан - айуан, адамзат, құрт - құмырсқа

Разылық бір құдайға асар зары.

Қырда орман, жер жүзінде бәйшешектер,

Шуылдап шүкір етер мұның бәрі.