Айдана Досқалиеваны өлтірді деген күдікпен қырық жастағы тұрғын ұсталды

Биылғы 14 тамызда Зеленов ауданы Щапов ауылының 25 жасар тұрғыны, 1989 жылғы Айдана Досқалиева жоғалып кеткен болатын.

БҚО ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, Айдана сол күні Серебряков кентіне дейін автобуспен жетіп, әрі қарай жолшыбай ақ түсті «ВАЗ-2106» автокөлігіне мінген. Щапов ауылында күтіп тұрған 2001 жылғы інісі Бекзатқа машинадан түспей, көп ұзамай оралатынын айтып, оған велосипедпен қайта беруін өтінген. Бұдан соң Айдананы ешкім көрмеген.

Осы факті бойынша ҚР ҚК 125-бабы (адам ұрлау) және 96-бабы (қасақана кісі өлтіру) бойынша қылмыстық іс қозғалып, іздестіру жұмыстарына 300 полиция қызметкері тартылды. Қысқа мерзім ішінде жақын маңдағы ауылдардағы 51,5 мың тұрғын, 9 мың аула, есепте тұрған 12,5 мың адам, ақ түсті 2287 автокөлік иелері мен сенімхатпен айдаған 1,5 мың адам, жүздеген таксист сұралып, тексеруден өтті.  Бейнебақылау камераларына түскен 7,5 млн. астам бейне, мұрағаттағы 200-ден астам қылмыстық істер зерттелді.

Осындай жұмыстар нәтижесінде 12 қыркүйек күні Орал қаласы маңындағы ауылдардың бірінде тұратын, бауырына тиесілі ақ түсті «ВАЗ-2106» автокөлігімен жолаушы тасымалдаумен айналысатын, бұрын ұрлық жасағаны және кісі тонағаны үшін бес рет сотталған қырық жасар Х. деген азамат назарға ілікті. 2013 жылы ол кафелердің біріндегі даяшыны жұмыстан кейін қала маңындағы ауылға тасып, жолда соғып, зорламақшы болған. А.Досқалиева жоғалып кеткеннен кейін күдікті автокөлігін жасырып тастап, оны соған дейін-ақ сынып қалды деген сөз таратқан. Алайда бейнежазуды талдау күдікті А.Досқалиева із-түзсіз кеткеннен кейін де қалада автокөлікпен жүргендігін көрсетті. Содан кейін облыстан тысқары жерге кетіп, Астана қаласы маңындағы ауылдардың бірінде жасырынған. Осыған байланысты оны ұстау кейіндей берді.

20 қыркүйек күні бұрынғы учаскелік полиция инспекторы, қазір ішкі істер зейнеткері, 1959 жылғы В.Воронцов Серебряков маңындағы Көшім арнасынан балық аулау кезінде адам аяғы бара бермейтін қалың қамыстың арасынан қыздың мүрдесінің үстінен түседі. Ата-аналары киімінен оның А.Досқалиеваның денесі екендігін таныды.

Оқиға орнын тексеру және сот-медициналық сараптаманың бастапқы нәтижелеріне қарағанда, жәбірленуші өлтірілер алдында зорланған.

22 қыркүйек күні күдікті Х. ұсталып, оны оқиға болған күні көрген кісілер таныды. «ВАЗ-2106» автокөлігі тәркіленіп, оны мұқият қараған кезде түсі мен ұзындығына қарағанда, Айдананікіне ұқсас әйел шашы, басқа да ұсақ бөліктер табылды. Күдіктінің арқасына түскен таңба да А.Досқалиева жоғалған уақытқа сәйкес келеді.  Күдікті өзінің қылмысы жөнінде айтқан куәгерлер де анықталды.

Жинақталған айғақтар арқасында Х. Орал қалалық ішкі істер басқармасының уақытша оқшаулау изоляторына тоғытылып, 24 қыркүйек күні сот қаулысымен тұтқындалды.

 

BNews.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз