Батыс Қазақстан облысында 225 мың гектар жер мемлекетке қайтарылды

Батыс Қазақстан облысында 225 мың гектар жер телімі мемлекетке қайтарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО жер қатынастары басқармасының басшысы Мұрат Өмірәлиевтің айтуынша, Мемлекет басшысы биылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында игерілмей жатқан және заңсыз табысталған жер телімдеріне қатысты шаралар қабылдап, жыл соңына дейін республика бойынша 5 млн га жерді қайтаруды тапсырған болатын.

Қазіргі таңда жерлерді пайдаланудың тиімділігін арттыру мақсатында мемлекет тарапынан заңнамаларды жетілдіру, ауыл шаруашылығы жерлерінің пайдаланылуына бақылауды күшейту, елді мекен жерлерін қажетті жайылымдық алқаптармен қамтамасыз ету, жерлерді шаруашылық айналымға тарту бағытында тиісті жұмыстар атқарылуда.

Облыс аумағы 15 млн 133 мың гектар болса, соның 7756 мыңы – ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер, 2288 мыңы – елді мекендерге тиесілі, 47 мыңы – өнеркәсіп, көлік, байланыс, қорғаныс және ауыл шаруашылығына арналмаған өзге де жерлер, 12 мыңы – ерекше қорғалатын табиғи аумақ, 217 мыңы – орман қоры, 82 мыңы – су қоры, 3268 мыңы – босалқы жерлер, басқасы – 1463 мың га.

Басқарма басшысының сөзіне қарағанда, мал санының өсуіне байланысты кейбір ауылдарда жайылымдық жердің жетіспеушілігі байқалады. Осыны шешу мақсатында 249 514 га жайылымдық және шабындық жер телімдері резервке қойылды. 547,5 га жер мәжбүрлеп иеліктен шығарылды. 4 356 гектар жер ауылдық округ әкімдерінің аппараттарына тұрақты пайдалануға берілді. Сондай-ақ 27 569,6 гектар жайылым елді мекен жерлері санатына ауыстырылды.

Жергілікті атқарушы органдар тарапынан елді мекендерді 282 мың гектарды құрайтын жайылымдық және шабындық алқаптармен қамтамасыз ету мүмкіндігі бар.

М.Өмірәлиевтің мәлімдеуінше, облыс бойынша 2019-2021 жылдары пайдаланылмай жатқан 1 млн 193 мың гектар жер телімі анықталса, соның 225 мыңы мемлекет меншігіне қайтарылды. 739 мың гектар жер иелері мақсатына сай игеруге кірісті, яғни 81 пайызы бойынша шаралар қабылданды.

Сондай-ақ Батыс Қазақстан облысында «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында геоақпараттық портал жұмыс жасауда.

Жария кадастрлық картаны толтыру, геоақпараттық қабаттарды енгізу, облыс бойынша бас жоспарлар мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын цифрландыру бойынша жұмыстар толық жүргізілді.

Өтініш берушілер мен мемлекеттік органдардың қызметкерлері арасындағы байланысты төмендету және сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жол бермеу мақсатында Орал қаласы, Бөрлі және Бәйтерек аудандарының орталықтары бойынша барлық мүдделі ұйымдармен жер телімін таңдау актісін келісудің автоматтандырылған рәсімі енгізілді. Нәтижесінде қала және 2 аудан орталығы бойынша электронды келісім беру рәсіміне 24 мекеме қосылды. Қазіргі таңда 1 474 жер учаскесін таңдау актісі электронды түрде келісілді.

Таңдау актісін келісуді автоматтандыру мемлекеттік органдардың қызметкерлерімен байланысты болдырмауға мүмкіндік берді, сондай-ақ келісу рәсімін жеделдетті.

Қалған 10 аудан орталығында (Ақжайық, Тасқала, Казталов, Жаңақала, Жәнібек, Бөкей ордасы, Теректі, Сырым, Қаратөбе, Шыңғырлау аудандары) мүдделі ұйымдармен жер телімін таңдау актісін келісу рәсімін автоматтандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Биыл аудандық жергілікті атқарушы органдармен 36 конкурс өткізіліп, 173 мың га құрайтын 276 жер телімі табысталды. Оған қоса 7 мың га құрайтын 16 жер телімін табыстау бойынша 3 конкурс өткізу жоспарланып отыр.

«Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді экономикалық айналымға конкурстар арқылы енгізу осы саланың дамуына оң ықпалын тигізуде. Атап айтқанда, 2022 жылы жаңадан 134 агроқұрылым ашылып, өткен жылдың 1 тамызымен салыстырғанда, ірі қара саны 12, ұсақ мал 6, жылқы 12 пайызға көбейді. Сондай-ақ егіс көлемі 3,3, суармалы жерлер көлемі 11 пайызға артып отыр», деді Мұрат Өмірәлиев.

Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз