ВЕРНУТЬСЯ

   Біреу мақтап, біреулер кінәлаған, 

Жылдар аз жүк артқан жоқ мына маған.

Жатсынған жоқ шамы көп шулы қала,

Шақырған соң кеттім мен туған далам.

Дақпырты көп, дәні жоқ сол күндерді,

Естелікке еншілеп бердім енді.

Қиял емес, әйнектің ар жағы емес,

Өз қалпында даланы көргім келді.

Бәрін сайып кейбіреу көз көрдіге,

Жусан иісі тәтті деп... сөз берді ме?!

Майбүйректің құмына барғым келді,

Бала күнгі суреттер өзгерді ме?

Айта алмаймын шыныққан болатпын деп,

Тапқанымнан тірнектеп... жоғалттым көп.

Жалтаң,

жасық көңілім бір талпынды,

Сары атанның қомына қол артқым кеп.

Жомарт шалдай күні ұзақ, шекпені кең,

балалық та бір сабақ өткенімен.

Жексенбектің еңбегін жазбас бұрын,

Арық қазғым келгені кетпенімен.

Жел қақсын, малшынайын жаңбырыңа,

Аязыңмен шынықтыр қолды мына.

Кетпен, мейлі қалам ба ұстағаным,

Жауап берем, туған жер, тағдырыңа!