ВЕРНУТЬСЯ

      Көп күндер кейін
қалып жаздағы алтын,
Жан біткен
ажарына таң қалатын.
Алматы тоты құстай
қарашада
Жап-жаңа жиып
алған сән қанатын.
Бәйтерек, сән
қарағай, сұлу қайың,
Сұрамас ешкім
келіп бүгін жайын.
Дәулетін бір-ақ
жұтта шашып алған
Баяғы салады
еске қырдың байын.
Бұлт қою
кеудесінен дым бүріккен,
Торғайлар аласұрып
күнді күткен.
Қалғиды
қажығандай су бұтақта,
Бүрісіп
жапырақтар сыны біткен.
Жақында келді
Темір демалысқа,
Көп жатып әке
алыста, ана алыста.
Сағынып қалған
екен үй ішін ол
Бір келіп
кеткені бар анау қыста.
Талай іс өтті
бастан ол ұққандай,
Әуелде суы
жетіп, толық қанбай,
Қалпы бар сына
жаздап, мол пісуге
Қайтадан
ұстасына жолыққандай.
Қалыпты кешегі
бір бала қылық,
Қарайды ұлға
соны ана біліп.
Әке де сезеді
оны зерек оймен
Мұртының
ұшыменен ғана күліп.
Үлгірген естіп
оның оқиғасын,
Алғашта шеше байғұс
көздің жасын
Көрсетіп қойып
еді, ірке қалды
Шалының қабағына
көз болғасын.
- Балам, сен, -
деген оған әке тұрып,
Балғадан
қалатұғын текке сынып,
Майысқақ шеге
болма, әлі талай
Жүресің
қиындыққа жеке шығып.
Қалыпсың әжептәуір
омсырайып,
Демейміз білмегенсіп
жөн сұрайық.
Табан жол
таптырмайды ә дегенде,
Жігіттің талай
рет басы байып.
Сан рет шағы
болар жүдейтұғын,
Алғайсың келдің
екен үйде тыным.
Сағындық біз де
сені, кете берме,
Болды деп билігі
енді бір бетіңнің!
Қашанда ол
әкесіне сүйсінетін,
Ұстайтын өзін де
еркін, кісіні еркін.
Басынан
шым-шытырық өмір кешіп,
Жаныңды
тапжылдырмай түсінетін.
Дәл қазір
жетпісіңнен отыр асып,
Көрмеген
тірлігінде қорқып, сасып.
Өзінен сан
тағылым мысал алып,
Шабытпен сөйлер
еді толқып, тасып.
Бүгін де болды
риза өз шалына,
Тағы да қайрат
беріп жас жанына,
Отыр ол
жүдеулігін білдірместен,
Бұрғызбай
әңгімені бас қамына.
АЗЭТЭМ - алып
завод - ұлы өмірдей,
Заманның өзіне ұқсас
түлегіндей,
Қараған
солтүстікке астананың
Сол жақта соғып
жатқан жүрегіндей.
Орындап жыл
жоспарын сертпен асқақ,
Жатыр ол жаңа
жылды ерте бастап.
Дәл бүгін келмек
оған Аяз ата
Қыраулы ақ сақалын
желпе тастап.
- Тамаша кеш
басталмақ, жүр көңіл қос! -
Деді оған бірге
оқыған инженер дос.
Шынында, айтса
айтқандай мол салтанат
Аязда
базарлықсыз келмеген бос.
Ақ толқын, қара
толқын - жігіт пен қыз,
Бұп залда ән
менен би туыпты егіз.
Жас дәурен
жарқылымен тулап ойнап
Жатқандай
сабасынан шығып теңіз.
Қызыл көз
телевизор аппараты,
Тойдың бір алас
ұрып шапқан аты.
Секілді
ерсіл-қарсыл ойнақтайды,
Көрсетпей
қыз-жігіттің көп қанаты.
Оркестр
сусылдатып липсиді ойнап,
Кеткендей жалтыр
еден үсті жайнап.
Толқиды қынай
белдер жас шыбықтай
Қараған көз байғұсты
жіпсіз байлап.
Асылып ақ
білектер әуе сызып,
Сүйріктей
шынашақтар және жүзіп.
Енді-енді тұңғиыққа
батқан жандай,
Осынау би қылығы
неткен қызық!
Шынында
той-рахат тұңғиығы,
Жаныңның шырқап
шығар бір биігі -
Қалқаның мұнарытқан
көз қиығы,
Көйлектің өте
шыққан жел-құйыны.
Бәрі де
қоздырғандай мың жүйеңді
Кетесің
кемедей-ақ жылжып енді!
Темірге бір қарындас
келе қалып,
"Антұрған"
ала сала, дөңгеленді.
Сөз сөйлеп, ән
шырқатып арагідік
Басқарып жүр
жүйткітіп қара жігіт.
Қалалық
комсомолдың хатшысы, - деп
Айтқан-ды досы
жөнін мана біліп.
Темірге бұл
сүйкімді бір жаңалық
Келгелі астанаға
бұл дем алып.
Көргені тәртіпті
бір көркем кештер,
Жөні бар
үйренерлік, үлгі аларлық.
Сөйткенше тағы
дулап, би де қызды,
Оркестр алды
шайқап күй-теңізді.
Көрді ол әлгі
хатшы құшағында
Ұршықтай
үйіріліп жүрген қызды.
Таныды, танымай
көз шыдасын ба?
Шамдардың жарығы
мол шұғыласында.
Ақ көйлек, қара
бұрым шырматылған,
Өзі де әсем
екен, расында!
Аршын төс, ашық
маңдай, сұңғақ тұлға,
Жүректі
жаралғандай тулатуға.
Әп-сәтте
қолтықтағы қызды үйіріп,
Қасына барып
қалды зулап бұл да.
Жөнелді қайта
толқып, би шалқалап,
Кеткендей зор
оркестр үйді арқалап.
Күңірентіп,
күмпілдетіп, сырғанатып,
Жайраңдап
шақырғандай күй қолқалап.
Алыстап кете
барды сұлу әлгі,
Анық сол
екендігін біліп алды,
Енді ол көзі
тінтіп көптің ішін,
Аралап
шыққанынша ұзын залды,
Шегініп би
баяулап бітіп қалды.
Адам көп, бәрі
мидай араласқан,
"Кетем-ау
енді бүгін таба алмастан", -
Деп оқшау шыға
беріп, естіді ол
Арт жақтан қыз
даусын амандасқан!
Қалды ол
қуанғанын жасыра алмай,
-Қыс мынау,
Алматының жазы қандай!
Деп салды мақтау
айтып, сәл күмілжіп
Әлі де толқығаны
басыла алмай.
-Жақсы ма! Ұнады
ма? Қашаннансыз?
Қыз-дағы сөйлей
алмай еш алаңсыз.
Қалпы бар
қобалжыған, әйтсе-дағы:
-Ал, аға, би
билейсіз, ән саласыз! -
Деп оған еркелеп
кеп табысқандай,
Кең тыныс,
кербез аяқ алысқандай!
Астынан ұзын
кірпік көз қадалса,
Шырқырап өз
кеудеңнен жан ұшқандай.
Ойы жоқ қыздың мұны
арбағандай,
Бір мейман, дос
көңілін арнағандай.
Жетектеп
көрсеткендей көп қызықты,
Сәлемін бимен
ғана жолдағандай.
-Келіңіз үйге! -
деді кеш соңында, -
Күндерді бір
кездегі еске алуға! -
Қысылып қалды
Темір бұл сөзіне,
Жарар деп, ретін
таппай бас салуға.
Онысын түсінген
қыз басқаша ойлап,
-Оқа жоқ, менің
әкем кісі сыйлап.
Көрген жан,
жатсынбайды, қысылмаңыз!
Күтеміз, сіз
келесіз! - деді жайлап.
Үлгірді қыз
үйімен танысып-ақ,
Әкесі жан екен
бір жаны шуақ.
Игеріп алып
кетті әңгімемен
Ондағы
достарының жайын сұрап.
Бір байқап,
болды риза Темір оған,
Әйтсе де қыз
жағына көңілі алаң.
Ал қызда алаң да
жоқ, елең де жоқ
Күтіп жүр дос
келді деп бүгін маған.
Манадан
байқағаны көз жіберіп
Ол қыздың не
істесе де өзінде ерік.
Жігіттей ұстайды
екен үй -іші де,
Үнемі ақылдасып,
сөзді беріп.
Жалғыз-ақ
тартады көз жиған төсек,
Тұңғиық тұнып
жатқан жиһанға есеп.
Жалын боп қазір
лаулап кететіндей,
Ойнақтап түссе
барып отты кесек.
Бір сәтке оңаша
қап жолығысты,
-Анада қалғансыз
ба болып істі?
Естіп ем Гүлжан
жазған хаттан оны,
Ауырлап жүріпсіз
ғой соны күшті.
-Көп екен
білмесіміз, шала екенбіз,
Жұрт айтса
айтқандай-ақ бала екенбіз.
Дүниеге енді
туған секілдімін,
Болды ғой тұңғыш
мектеп бұл өткен күз!
-Дүниені тану
үшін құлау керек,
Дейсіз бе?
Ғылым екен мынау
бөлек!
-Құлау шарт
болмас, бәлкім, адам өзін
Қайтсе де қиындықта
сынау керек.
Жақсы ғой
инженерді аяғандық,
Пайдасыз қажеті
не жай адалдық?
Құр сырттай
атағы бар инженерден
Осы күн жүре
алмайсың аяқ алып.
Әйтеуір кіру
керек бір ВУЗ-ға деп,
Бітірғен он
жылдықты ұл-қыз әлек.
Артынан кетер
тастап, нашар оқып,
Адасқан, - қолын
сілтеп, - бір біз бе деп.
-Бар мұның дұрысы
да, бұрысы да!
Дәлдеп айт бірін
сына, мыңын сына.
Көбісі
нансоғарлар - деген пікір
Жабылған жала
болар құрбысына!
Күлді қыз, қолын
жалғыз сермеп қалып,
Толықсып жеңіл
көйлек көлбең қағып.
Қақпадан қыз
мейманын тұрды ұзатып:
-Болсын, - деп
"инженердің кеші жарық!
Келді ол қыздың
бірде бөлмесіне,
Кетерде аз тіл
қатып сөйлесуге.
О, ғажап, ағаш
жонып біреу отыр,
Бір ұшын сүйеп
қойып кеудесіне.
Басына
береткасын киіп алған,
Үстіне тұрса-дағы
кіріп адам.
Елейтін, еститін
де еш түрі жоқ,
Болмастан көп
дыбыстың біріне алаң.
"Қыз мұнда
болмай шықты" деген көңіл,
Ұшымен аяғының
басып жеңіл.
Ізінше қайта
қайтпақ болған шақта,
Есікте таң боп тұрып
қалды Темір.
-Кіріңіз! - деді
қыз тез жиналды да,
Бір жұмбақ
ашылғандай қиналды ма.
Қызарған алақанын
кезек сипап,
Шебердей
бейтаныс жан тұрды алдында.
Баяғы ажары жоқ
сұлу, сылаң,
Дәл қазір
айнымайды жұмысшыдан.
Тек қана әсем
кеуде дірілдейді
Тым тығыз алған
демі-тынысынан.
Аздан соң
серпілді қыз жұмсақ күліп:
-Адамды қол
жетпеске жұмсапты үміт,
Осынша бір
әуреге түсеміз бе
Түбінде түк
өнбесін тұрсақ біліп.
Талаптың кім
ұсынды жолын маған,
(Айтам деп сізге
ұмытам онымды әмән).
Кезінде көп
кітапты көркемдеген
Тәп-тәуір
суретші еді менің мамам.
Көз жұмды, ана
жылы алып ажал,
Кісі еді ер
көңілді, жаны базар.
Қазақта бұл
өнерде әйел көп пе,
Қаламнан қабілетім
жоқ оны жазар.
Мүсінін ойсам деп
ем бұл ағаштан,
Қаныма өнер
болса араласқан.
Алдымен ана сүті
емес пе сол
Сіңірген өз
бойыма бала жастан?
"Басында
романтика толып тұрған,
Ерекше қызым
болды жолықтырған!" -
Деген ой Темірге
сәт келе қалып,
Қысылды қыз
көзінен аңдып тұрған.
-Я, бұл, тым
қадірлі, жақсы талап! -
Деді ол, қалса-дағы
тосырқап-ақ!
Қыз оны
сезді-дағы, үндемеді,
Құрбыға бұл
мінезін тосын санап.
Аударды әңгімені
өзге жаққа,
Жігіттің мына
қалпын сезген шақта.
-Соңғы рет
тәжірибеге барам биыл,
Көктемде көңілді
екен сіздер жақта!
-Деді қыз
күлімсіреп әдей бұған.
(Неткен ол
күлген кезде әдемі жан!)
-Мен сізді шын
тосамын! - деді Темір,
-Алғашқы адамым
сіз уәде қылған...
Өзі де қалай
айтты, білмейді анық,
Кезінде шыр
көбелек дүние айналып,
Мынау қыз сол
дүние ортасында
Алыстап, қолын бұлғап,
билей барып.
Тағы да баяғыдай
жоғалғандай,
Не деді, қыз не
айтты, ол аңғармай.
Ілгері бір ұмтылып,
қалды тұрып
Оқты көз
кеудесіне қадалғандай.
Жалғыз-ақ
"Сау болыңыз!" дегенді ұқты,
Қақпадан аяқ
басып, әрең шықты.
Бір қалың үй
ішінде өрт қалғандай,
Ол жалын неден
туып, неден шықты!
Тағы да не
бүлдіріп алды басым? -
Дедім бе тым
асығыс, жар боласың? -
Денесін тез мұздатып,
сала берді
Сол сұрақ,
көшедегі қар борасын.
Кім білді,
нендей ашу қысты қызды,
Бұл жігіт қандай
асыл түсті бұзды...
Белгісіз... бір
толқын қар кетті жуып
Жап-жаңа қақпа
алдына түскен ізді.
Оралу
...Соңғы айлар
халі шахтының
Жақсы да болмай
тұр аса.
Мақтай да қоймас
тап бүгін
Қалай деп жоспар
сұраса.
Инспекция
көбейіп,
Қаралып жұмыс
тазасы.
Дейтін құр көмір
берейік -
Қашты қарт
бастық мазасы.
Қартайып келген
шағы ма,
Ұрсу да, сабау
молайды.
Түспейді төмен
тағы да,
Өткізіп үсте әр
айды.
"Осы ағаң
винті босаған!" -
Деген де қазір
трестен,
Күңкілдер шыға
бастаған,
Қасқайып талай
күрескен,
Көмір үшін жан
салып,
Еңбегі тәуір бар
адам,
Жүреді дейсің
қаншалық?
Пенсияға да
қараған.
Десіп те қойып,
бұл күнге
Әкелген сүйреп
жайы бар.
Талайды көрген
шіркінге
Жұмыс қой ол да
пайымдар!
(Кезеңі келіп
сол шақта,
(Дегендей осы оң
жолы)
Қамданып бір күн
бар шахты,
Шығарып салмақ
болды оны.
Жиналды жан
жолдастар, көз көргендер,
Талай жыл аузына
сөз бергендер.
Бастықтар - ең
белгілі инженерлер,
Пікірі
өзгермеген, өзгергендер.
Алдымен сөз
сөйледі Ас Иваныч:
- Өмірдің ұзақ
жолын асып алыс.
Шахтерлық асыл
атты алып өттің,
Ол сүйген
қасиетің жасыңнан іс.
Шахтының,
шахтердің да бар тарихын
Білетін,
шежіресің ел танитын.
Кешегі ауыр
жылда еңбек еттің
Тыйылып
ойын-күлкі, тарқап ұйқың.
Бір шахтер, бір
инженер осындай-ақ
Сіңірсін елге
еңбегін таусылмай-ақ.
Қашан да әр
істің тұңғыштары
Қалған жоқ
кандай істе басын аяп.
 
Мақтан сен, мақтанайын
мына мен де,
Адал боп
отаныма, туған елге.
Ең соңғы
отымызды сөндірместен
Арнадық, аттадық
та тыңнан өрге!
Дәл қазір шахты
жаңа, талап биік,
Бір кезде
рекордпен қалап құйып.
Шығарған шахты
еді бұл, өз балаңдай
Көрген соң кете
алмайсың қарап, қиып.
Ғылым мен
техника жаңалығын
Шахтыға күнде
әкелмек заман бүгін.
Ой жаңа, кадр
жаңа, мақсат жаңа
Тілейді әр жұмысшы
мамандығын.
Күрделі болған
сайын іс қиындап,
Үлгіріп жүру
керек тез қимылдап.
Жас жетіп,
оралымға келмей қалсаң,
Ол сенің кінәң
емес - сөзіме бақ!
Ал, кәне, жолың
болсын, тынық жақсы,
Сөйлесең бірін тәтті,
бірін ащы.
Кешірер
жолдастарың, інілерің,
Танитын кісілер
ғой ықыласты!"
- Түгі жоқ
кешіретін! - деді Қарға,
Тезірек жақындатып
дәмін алға.
Бір сәтке тағы
басын көтеріп ап,
Жүгіртіп өтті
көзін ұзын залға.
Басталып
самарқаулау жиын басы,
Кейісінің
көмейінде түйілді асы.
Төменде Темір де
отыр шақырылған,
Бәрінен кіші еді
мұның жасы.
Төр жақта сұңғақ
бойлы жаңа бастық,
Көп болса қырықтардан
сәл-ақ асып
Тұрған ол көкшіл
көзін сабырменен
Бір тастап отыр
көпке, момақансып.
Сөз алды бас
инженер біраздасын,
Көтерді
Қарға-дағы қайта басын.
Ойнады жүзінде
оның суық мысқыл,
Дегендей ең
соңғы рет не айта аласың?
-Еңбегін білер
көбі мына топтың
Андрей Николаевичі
Ростовтың!
"Шахтының
арыстаны" деп атаған
Көп жылдар
бағасы да рас көптің.
Апдық біз мол
тағылым, өнеге, үлгі,
Әкедей тәрбиесін
бере білді.
Әкедей ұрысты
да, көбімізді
Көтеріп
желкемізден шегеге ілді.
Біз соған
алғашқыда өкпеледік,
Сөйледік
сынағыштап, көпке келіп.
"Есіктен
кіре салып төр менікі"
Дейтіндей біз де
ісініп кеткен едік.
Кеңітті
терімізді тыныстатып,
"Ағаның
қашандағы бір ісі артық".
Дегізді, ұстаз
болды, өз қолымен
Алды ол
көбімізді дұрыстатып.
Кейбіреу айтып
жүрді өсектен деп,
Оразов Ростовпен
қас екен, - деп.
Ерген де
қарияның кезі болды,
Соларды
қапылыста дос екен, - деп!
Қарғаға тастап
қойды бір назарын,
-Кім білсін
кімге орды кім қазарын! -
Десіп те,
қатты-қатты барысқансыз
Несі бар
жасыратын - бұл да мәлім.
Ал бірақ қысас
емес ол істеген,
Ұсақ жәйт аға,
іні келіспеген.
Азырақ
жарықшақты еңбектегі
Бірге алған
абырой өзі тегістеген.
Жоқ біздің
арамызда еш қайшылық,
Ұран қып соны
қолға ұстай шығып.
Осы күн салт тұтатын
біреулер бар -
Ондайды өмір өзі
тастар сылып!
Бөлмейміз әке-бала
арасын біз,
Біз көктем,
жемісі мол ол асыл күз.
Ең үлкен еңбек -
атты әке болса,
Бәріміз соның
ғана баласымыз.
Кетпеңіз
ойыңызға кірбің алып,
Тап-таза адал
көңіл мұным анық.
Ал сіздің беріп
кеткен - ұлы аманат
Қақпада тұрған
сонау жұлдыз жанып!
Қол соқты кенет
бұл топ түрегеліп,
Кеткендей осы сөзге
тілегі еріп.
Қайран шал! -
деді Оразов, өзі барып
Қарттың мол құшағына
кіре беріп.
Арада тағы біраз
адам сөйлеп,
Кең залды көңіл
шіркін кетті кернеп.
Табылып айтқың
келсе не ғажап сөз,
Айтпасаң ішіңде
азып қала бермек.
- Көп айтпан, -
деді Ростов, - бәрің маған
Ыстық сөз айттың
арнап жалындаған.
Жігіттер,
"жер астының жұлдыздары" -
Сендерді кетпей
жатып сағынды ағаң!
Бәріңе мың
рақмет, шахтыға да,
Кәрілік - жақсы
болсаң - шаттық о да.
Өз басым ылғи тәуір
болмағанмен
Сендерден көңіл
риза таптым баға.
Жарар сол! Көп
айтайын несіне мен,
Кей-кейде шығып
кетсем төсіңе мен.
Кешір сен, халық
атты менің данам,
Азады адам артық
несібеден!
Деді ол, қатты
толқып тұрғанында,
Іштегі берік
сезім тулады ма,
Кірпігі бір-екі
рет айқасып қап,
Азырақ көз
шарасы суланды да!
Қайтадан қарт
қабағы тас түйіліп,
Толтырып алды
қолға тосты үйіріп,
Қаққанда көз
ілеспей, көкірегіне
Кеткендей болды
стақан жас құйылып.
Өткен жол тағы
сайрап түсті есіне,
Белінен өмір
таңған жүк шешуге
Әлі де асықпаған
қалпыменен
Қарады ол
сапарының нүктесіне.
Жұлдыз туралы ой
Осынау тағы
келді жомарт көктем,
Күн ерке күміс
қолын бұлғап көктен.
Қырлардың
маңдайынан сипап өтті,
Жүгіртіп жұмсақ
самал бір жақ шеттен.
Хош иіс сәби еді
дала қандай,
Дүние жаңа көшіп
орнағандай.
Жалғанда бұдан өзге
жаз басталып,
Ешқашан көктем,
сірә, болмағандай.
Бәрі де тұңғыш
таза күйінде тұр,
Әлемнің тек әмірші
Күні кепіл.
Өмірде сансыз
рет жаз масайрап,
Сан көктем
өткеніне күлімдеп бір.
Үш көктем бірге
кештік Темірменен,
Деген жас енді
ғана өмірге енем,
Сол өмір
ортасында тұр ол қазір.
Шегінген күндері
бар, шегінбеген.
Артында жолы
жатыр аз да болса,
Сол жолға көңіл
тоқтап, көз қадалса.
Айнадай көреді
ол өз кескінін,
Көп ісі кетпесе
де мәз боп онша.
Риза ол өмірінің
басына бұл,
Теңіздей тасына
біл, басыла біл -
Өзің бол,
тасысаң да, басылсаң да -
Қимылға
қашан-дағы басып әділ! -
Дегендей өткен
күндер беріп сабақ,
Бойына тек
жастықты көрік санап,
Кеудемен жеңем
деген мінезіне
Алғандай қазір
өзі теріс қарап.
Көрді оны
Ростовтың өз басынан,
Баяғы
қарқын-қайрат тез басылған.
Тұрмыстың
арбасынан босаған ат
Секілді, аз
күнінде көп жасыған.
Қайтсін-ай,
өскен ұя өзі үйреніп.
Шырғалап
шықпайды ол жиі келіп.
Жүргендей жалғыз
көзбен әлі-дағы
Маңайда кемшіліктің
бәрін көріп.
Әттең, ол төрге
шықпай, әрі бармай,
Айналған ескі жұртын
кәрі нардай.
Биліктің өзі ұстаған
делбесіне
Қарайды тек
алыстан көзін алмай.
Жас бастық, жаңа
бастық азулы арын,
Қолдағы
білдіргендей әмір барын.
Біртіндеп,
тілерсектеп, тістеп қуып
Жатыр ол мұның
ескі кадрларын.
Сылтаудың неше
алуан түрін тапқан,
"Жас
жеткен, саулық біткен, қырын тартқан"
Кейсісін
маңдайынан сипап сөйтіп,
Кейсісін құтылмақ
боп жоғарылатқан.
Алдымен ұшып
солай Қарға кетті,
Өзімен әкеткендей
бар әлекті.
Көпшілік қалды
сілтеп қолын оған,
Қалыспай
қиналған жоқ ол да көпті.
Салынған үй-жайы
бар екі қабат,
Жан-жағы жеміс
толы бау менен бақ.
Бөксесі сұлу
"Волга" жарқырайды,
Қайыңдар
жапырағы күнмен ойнап.
Шұқылап, еңбек
сүйгіш бір адамсып,
Әр шөбін
қорасының жүреді аршып.
Сеп-семіз сар бәйбіше
тұр базарда,
Өзіндей
жан-жағында семіз қапшық.
Қақпада, ең
биікте жұлдыз жанып,
Тұр әлі
жан-жағына жымың қағып.
Дәл биыл он жыл
оған толады-ау! - деп,
Ростов ойланады
бүгін де анық.
Қарайды ол сол жұлдызды
күнде келіп,
Секілді бақ жұлдызы
көңілі сеніп.
Қарт адам қара
іздегіш әдеті сол,
Көбіне іздейтіні
өмір-серік.
Сол жұлдыз бір
күн жоқ боп қалатындай,
Көрмесе, оны
әсте тағат қылмай,
Үйренді ол, мына
аяулы шахтысының
Сол жұлдыз көкте
тұрған қанатындай.
Темір де
жолығысып сол арадан
Таңертең
сәлемдесіп соғады оған.
Секілді ол жұлдыздың
қарт күзетшісі,
Бір кезде өзі
иесі болған әмән.
Дегені: "Жұлдыздары
жер астының",
Есінде - енді
соның растығын.
Көргендей -
күнде жүріп достарымен,
Ол жұлдыз
осыларға мирас бүгін.
Қосылып жер
астының жұлдыздары,
Туған ел
абыройлы ұл-қыздары,
Осынау биіктегі
алып жұлдыз
Ішінде
жарқырайды күндіз бәрі.
Шыңырау тас жүрегі,
тас жанының
Түбінде еңбек
еткен жас-кәрінің.
Бір сонда
тағдыры мен еңбегі бар,
Адал жан, аппақ
көңіл достарының.
Сүйді ол, бәрін
соның өзім, - деді,
Басқандай тек
солармен өзі ілгері.
Олардың
шыншылдығы, ерліктері,
Олардың
кісілігі, төзімдері.
Бір мұның қымбат
қимас асылындай,
Білем деп мақтан
етер жан сырындай.
Солардан сіңіп
жатқан қайрат бұған
Таусылмас мәңгі-бақи
тау суындай.
Олар да ойлар
осы жұлдыз қамын,
Елемей жер
суынып, күн жанғанын,
Құлдилап тұңғиыққа
түсіп жүріп,
Таба алса маңдай
тердің бір маржанын.
Тағады сонау
биік  жұлдызға әкеп,
Жатқандай асыл
борыш - парыз өтеп.
Жұлдызды шахты
жайлы жырлар жазып,
Ақыны өз ішінде
аңыз етпек.
Анау қарт жұлдыз
жайлы ой ойлаған,
Мынау жас соны
бағып қарайлаған,
Еңбектің жұлдыздары
үлкен-кіші
Заманды
жақындатар арайлаған.
Сол үшін
болашақты күтеді адам,
Сол үшін
болашаққа қарайды адам!
Қол бұлғау
(Эпилог орнына)
Аэропорт. Ығы-жығы
мұның басы,
Сәске түс.
Күннің қалың шұғыласы.
Аспанға апаратын
алтын жолдай,
Дегендей:
"Зымырашы, зымырашы!"
...Секілді қалың
адам - құс базары,
Өндіріс
шеберлері, ұсталары.
Астана жиылысына
шақырылған,
Көңілді осынау
бір тұста бәрі.
Алыстан анау
шоғыр бәрі таныс,
Ортада Оразов
пен Ас Иваныч.
Дәл қазір
Алматыға жүргелі тұр,
Аспанның көк
жолымен асып алыс.
Ростов иілмеген
нар денесі,
Секілді
сахараның сар белесі.
Қарайды қолын
сүйеп маңдайына
Аспанның
білетіндей бар кемесін.
Қолында гүлдері
бар жарқылдаған,
Көмейден
күлкілері сарқылмаған.
Бер жақта Темір,
Болат, Гүлжандар тұр,
Гуілдеп
басылмайды шалқып алаң.
Ажары-ай жас
көктемнің, жаз айының!
Адамның сәби
көңіл, таза күнін,
Сәнімен,
салтанатын салады еске,
Тыңдатып
табиғаттың ғажап үнін.
Саңқылдап радио
міне қазір:
"Астана
самолеті деген әзір!" -
Хабарды
айтысымен құйылды жұрт,
Басылып жаңағы
ду, өлең-әзіл.
Қол бұлғау,
үнсіз ғана қол бұлғаулар,
Оң сапар, адал
тілек жолды жалғар,
Осынау қол
бұлғауда адамның бір
Аяулы қасиетіне
толы мән бар.
Сияр ма оны
тізсең жыр жолына,
Сол саусақ ұшындағы
нұр молына.
Тек қана қара да
тұр, қара да тұр.
Сыйғызған
жомарттықты бір қолына!
Алыстан Ас
Иваныч, Оразовтар,
Мұндағы достары
да қол созып бар.
Жалғасты алтын
жіптей жақсы көңіл,
Ар жақта жасыл
таулар, кең жазықтар.
Олар да бұлғағандай
қолын барлық,
Аспанға алып
кеме бір-ақ қарғып.
Шықты да, бұлт
үстіне кете барды,
Жердегі
жылдамдығы жұртты таң ғып.
Темірлер әлі сол
бір тұр орнында,
Тербеліп майда
желмен гүл қолында,
Оқушым, аз сабыр
ет, бұлар күткен
Тағы бір жолаушы
бар көк жолында.
Келеді ол жас
қуаныш, шаттық артып,
Жақсы үміт,
күткен арман көп құмартып.
Күніндей
сәскеліктің от махаббат,
Талай жан
қызуында өтті балқып!
Бір сәуле шыға
салып астанадан
Күнменен
жарысқандай аспан оған.
Әдейі қошеметтеп
жол ашқандай,
Бір сені күтіп тұр,
- деп дос манадан.
Сол сәуле зулап
келіп бір іркілмей
Темірдің
жүрегіне кіретіндей.
Аралап өне
бойын, қан тамырын
Өзімен бірге
жасап жүретіндей.
Дәл қазір аспан
мен жер арасында
Тұрғандай, жаны
жолда, өзі осында,
"Келсінші,
- дейді Темір, - келсін жарым
Көктің де,
көңілдің де тазасында!".
Мінекей, алып
кеме қонды келіп,
Шегінді ұсақтары
жолды беріп,
Жақындап келе
жатыр төсі аңқиып,
Соңында шырқ
айналған құйын еріп.
Баяулап
пропеллер тынды бұл сәт,
Баспалдақ асылды
оған тұмсығын сап.
Биікте ашылды
есік, сол бір есік
Ондаған көзді
үйіріп тұрды бір шақ.
Ішінен шықты
халық үздік-үздік,
Алдыңғы
адамдарды көзбен сүзіп.
Көрінбей өз
жолаушың көпке дейін
Сол сәтте
қобалжудың өзі қызық.
Ал, әне, шықты
бақыт, майдай гүлің,
Ақ көйлек, бұлаң
қағып қайран бұрым!
Тұрғандай құс
төресі жағаға кеп,
Сағынып қайта
тауып сайран күнін.
Бөпежан, бал
бөпесі махаббаттың,
Жырымда қаншама
рет аталды атың!
Жарқ етіп
шыққаныңда, сәл ұмтылып,
Сабырын әрең
ғана сақтады ақын.
...Қол бұлғау,
тағы-тағы қол бұлғаулар,
Басына бақыт құсын
қондырғандар.
Қол бұлғап
қошеметтеп тұр өздерін,
Оралған
кешікпестен жолынан дәл.
Келеді ол көктен
түсіп баспалдақтап
Кеудесін жібек
желге тосқан аппақ
Келеді ол алдағы
асыл күндеріне
Қайтадан ұшу
үшін қос қанаттап.
Оқушым, осы
арада тұрып алып,
Біз-дағы
баршасына қол бұлғалық!
Бар сапар, бар
жақсылық, бар еңбектің
Тоғыссын
той-думанға жолы барып.
Қаңтар, 1963 ж.
.