ВЕРНУТЬСЯ

     Стефан Цвейг     Мен не болғанмын? Не нәрсемін мен?     Мен бұған жауап таппаспын. Өзінің адам таңғаларлық шеберлікпен кескінделген автопортретінде Стендальдың өзінен басқа оқытушысы болған жоқ. «Адамды тану үшін өзіңді өзің зерттесең, жетіп жатыр; ал адамдарды білгің келсе, олармен қарым-қатынас орнату керек» дейді ол және әрі қарай өзінің адамдарды тек кітап арқылы ғана білетіндігін, ал адамдар жайлы барлық айтқандары оның тек өзіне өзі бақылау жасау арқылы ғана байқағандары.Стендаль психологиясы оның өзінен басталып жатады және міндетті түрде оның өзіне қайтып оралады. Бірақ индивидтің айналасындағы осы жол адам жандүниесінің барлық кеңістігін қамтиды.Өзін өзі бақылаудың ең алғашқы мектебінен Стендаль бала кезінде өткен. Жанындай жақсы көрген шешесі ерте қайтыс болған ол өзіне жандүниесі жағынан жат адамдардың барлығын жау санай бастайды. Сондықтан да ол өзінің жандүниесін жасырып ұстап, ешкімге байқатпауға тырысып, үнемі басқа адам болып көрініп жүріп, «құлдардың өнерін», яғни, өтірік айтуға ерте әуес болады.Табиғат қателесіп кетіп, оны провинциалдық мынау ортада дүниеге әкеліпті, енді бұл қоғамның бұрышына тығылып, мынау өзі туған орта болып табылатын осы провинциалдық дөрекі ханжалардан үнсіз жасырынып, өкпелі де наразы ол өзінің бар уақытын әкесінің, әпкесінің және барлық өзін азапқа салушылар мен қорқытып-үркітушілердің қылықтарын сырттай бақылаумен өткізеді, соларға деген іштегі кегі бұның ызасын өткірлейді, жалпы кез келген жалғыздық адамды өзіне өзін сақ етеді және басқаларды да сырттай аңдыттырып қояды. Сондықтан болар, ол бала кезінде-ақ ерекше бір ызамен әр нәрсені аңдып, өзінің қызыққыштығының арқасында көп нәрсені байқап, қысқасы, бейнет шеккендердің барлық қорғаныс тәсілдерін меңгеріп, тәуелді адам ретінде «құлдың өнерін» үйреніп, әр адамның бойындағы әлсіздігін табуға дағдыланды; осылайша ол зайырлы әрі іскерлік танымды меңгергенге дейін өзін өзі қорғау қажеттілігі туындауының арқасында және өзінің басқаларға түсініксіздігінің қысымымен психологиялық танымды игеріп алды.Оның осындай қауіпті психологиялық бастауыш білімінің екінші баспалдағы, шындығында да, өмір бойына жалғасады: оның жоғары мектебі махаббат, әйелдер болды. Оның махаббат мәселесінің нағыз басты кейіпкері, нағыз жүректі жаулап алушы немесе жеңімпаз бола алмағандығы және Дон-Жуанның да ең нашары болғандығы бұрыннан белгілі, бұл мұңды деректі Стендальдың өзі де  жоққа шығармайды. Мериме Стендальдың ғашық емес кездерін көрмегендігін айтады, өкінішке орай, ылғи да бақытсыз ғашық болыпты. «Мен махаббатта ылғи да бақытсыз едім» деп жазады оның өзі; «Наполеон армиясының офицерлерінің ішінде жүретін әйелдері ең азы осы болғандығын» да  мойындауға тура келеді.Оның кең иықты әкесі мен өңтүстіктің ыстық қаны бойында тасқындаған шешесі оған мұраға қайнап тұрған сезімталдықты, «отты темпераментті»  қалдырыпты: содан да болар әйелдерді көрген кезде оның көздері шоқтай жайнап кетеді. Бірақ оның мұндай қызуқандылығы бойды ұрып тұрғанымен, ол әйелге қолы жете қояр ма екен; оның қойын дәптерінде өзінің бір полктас жолдасы берген әйелдерді өзіңе қалай ғашық етуге болатындығы жөнінде жазылған рецепт мұқият сақтаулы жүреді, мұнда «әуелі әйелді өзіңе көндіріп ал» деген ақыл-кеңес жазылған, бірақ осындай барлық донжуандық тәсілдерге қарамастан Стендаль өмір бойы махаббаттағы айтарлықтай қайғылы образдағы рыцарь болып өтті.  Ұрыс даласынан алыста, үйде үстел басында отырған осы кәдімгі фантазер-құштарлық иесі махаббат стратегиясында өзіндік өзгешелікке ие («Ол әйелден алыста жүргенде ол өжет және қандай жағдайда да осындай өжеттік танытуға өзіне өзі ант береді»); күнделігінде ол өзінің бүгінгі падишасын қай күні, қай сағатта ұстайтынын дәл көрсетіп жазыпты («Екі күн ішінде мен оны айналдырып алатын боламын»), бірақ қалай ол әйелдің қасына жақындайды, бітті, Казанова болғысы келіп тұрған бұл сол бойда гимназистке айналып шыға келеді; әйелдің алдында жеңілуге дайын тұратын еркектің ең алғашқы шабуылы өзі үшін қашан да өте қолайсыз да сәтсіз болып аяқталады. Ең бір керексіз жерде оның орашолақтығы басым түсіп, ең әдемі ұмтылысын (тіпті қара күшін де) басып тастайды; оның мейірбандылығы ең белсенді сәтіне кірісетін кезде, ол ұялшақ әрі ақымақ бола қалады, ал жұмсақ мінез танытатын тұста, нағыз шабуылдың алдында бұл қатыгез де сентиментальды бірдеңеге айналып жүре береді; қысқасы, зінің есеп-қисапшылдығының қырсығынан, өзінің қолапайсыздығының қырсығынан ол ең бір тиімді сәттерді уысынан шығарып алады.Оның сезімінің шектен шығып кететін нәзіктігі ақыры ебедейсіз етеді; санасындағы ұялшақтығының әсерінен ол өте сентиментальды және ақымақ болып көрінуден қорқып, бұл романтик өзінің нәзікжандылығын гусарлық плащтың дөрекілігінің және әскерилерге тән турашылдықтың астына жасырып тастайды. Оның әйелдердің алдында жолы болмайтындығының басты себебі, құпия ұстап жүрген, бірақ ақыр аяғында достары біліп қойған сәтсіздігі де осында.Стендаль өмір бойы жеңіл махаббатқа қол жеткізуге ұмтылғанындай ештеңеге өршелене ұмтылмаған шығар («Махаббат мен үшін қашан да ең маңызды, дұрысын айтқанда, менің жаңғыз ғана жұмысым болды»), ол ешбір философқа да, ешбір ақынға да, тіпті Наполеонға да өзінің ағасы Ганьонға немесе немере ағасы Марсиал Дарюге құрмет көрсеткеніндей құрмет көрсеткен жоқ, өйткені бұл екеуі әйелдерді шыр көбелек айналдыра алатын, бірақ сол үшін айтарлықтай психологиялық тәсілдер де қолданып жатпайды, бәлкім, олардың жолының болғыштығы сондай тәсілді қолданбайтындығында шығар, Стендаль бірте-бірте мынаны түсінді: сезім-махаббатыңды қаншалықты үйіп-төккеніңменен, әйел мәселесінде  айтарлықтай жолың бола бермейді; «бильярд партиясында жеңіске жетуге қанша күш жұмсасаң, әйелді өзіңе қаратуға сондай ғана күш жұмсағаның жеткілікті болады» деген ойға тоқталады. Оның ойынша, бұл жерде де  жандүниені тым әсерленгіш ету, сезімнің асып-төгілуі дәл осы сәтке қажетті қысымды төмендетіп жіберетіндігі мәселенің ішкі жағы болып табылады: «Мен өте сезімталмын, сондықтан да ловеластың таланты менде жоқ» дейді ол; өмірде айтарлықтай жағымды табысқа жетуіне өзінің жандүниесінің тым жұқалығы кедергі келтіретіндігін мойындайды, оның ішінде әйелдерді еліктіру мәселесіне көп кедергі болады екен, ал ол жазушы, суреткер, дипломат Стендаль болғаннан гөрі, әйелдер мәселесінде жеңімпаз Стендаль болғанды қалар еді.Өзінің дон-жуандық мәселесіне қабілетсіз екендігі оның жанын жегідей жейтін. Қандай да бір мәселе болмасын, ол тап осы мәселег бас қатырғандай бас қтарып көрген емес, ол осы сұрақққа қайта-қайта орала береді. Осындай жүйкені шаршататын, туғаннан өзіне деген сенімділігі жоқ оның өз «менін», оның ішінде өзінің эротикасын соншама анатомияландыруының басты себебі - сезіміммен қабылдаудың құпия шым-шытырығына терең еніп кетуінде еді. Табиғаттың мұны махаббатта жолы болмайтындай етіп қалай жақсы даярлап қойғандығын өзі де айтады, бұл мәселеде оның жеңістері тым аз (олардың саны бар болғаны алтау әлде жетеу ғана, оның ішінде бұған дейін басқалар жаулап алған қамалдар да немесе өздері тізе бүккен қамалдар да бар); егер де ол махаббатта басқалар сияқты жеңімпаз болған болса, әйелдердің жандүниесін, олардың аса нәзік те аса жұқа эманациясын соншама зерттемес еді; Стендаль әйелдерден өз жандүниесіне тәжірибе жасауды үйренді; махаббат мәселесіндегі осы жағдайының нәтижесінде ол адам жандүниесін бақылаушылардың ішіндегі ең білгірі болып шықты.Өзін өзі бақылаудың осындай жүйелі жүргізілуінің барысында ол өзін өзі кескіндеп көруге тым ерте бет бұрды, бұған тағы да бір ерекше жағдай ықпал етті: өзін өзі бастан-аяқ тануға ұмтылған бұл адам кейде өзін өзі мүлдем ұмытып кететіні де қызық. Стендальдың есте сақтау қабілеті, шамасы, өте нашар немесе өте еркін әрі күй таңдайтын қабілет; әйтеуір, қайткен күнде де ол өзінің есте сақтау қабілетіне сенім арта бермеген, сондықтан да қолынан қарандашын тастамай жүруге мәжбүр болды. Стендаль кез келген қағазға кез келген нәрсені түртіп алудан жалықпайтын адам, кітаптың жиегінде де, бөлек қағаздарда да, хаттарда да, күнделіктерінің беттерінде де толған түртіп алған жазулар. Бірнәрсені ұмытып қалудан, өз өмірінің үздіксіз тізбегінде әлденені жоғалтып алудан қорыққан ол (өнердің осы түрімен ол жоспарлы түрде және табандылықпен айналысты) өз сезімінің кез келген қозғалысын, кез келген оқиғаны сол бойда жаза қояды.Графиния Кюриальге жаны жылап тұрып жазған жан тебірентер махаббат хатының жоғарғы жағына ол кеңсе қызметкерінің тастай берік іскерлігімен екеуінің арасындағы байланыстың қай күні басталғанын  және қай күні аяқталғанын көрсетіп қойыпты, сондай-ақ Анджела Пьетрагруаны дәл қай күні, қай сағатта біржола бағындырғанын ұқыптап жазып қалдырған; тура осындай дәлдікпен ол өзінің жеке басының құпиялары мен жұмсаған франктарының да қайда жұмсалғанын, түскі асқа, кітап сатып алуға, кір жуғызуға қанша төлегеніне дейін тастай етіп жазған. Бәрі туралы күн сайын, сәт сайын жаза берген; бұларға қарап отырсаң, ол қолына қалам алған кезде ғана ойлай бастайтын сияқты болып көрінеді.Осындай жүйке шаршатар графоманияның арқасында алпыс па, жетпіс пе томдық еңбекте түрлі жанрлармен - беллетристика, эпистолярлық, тіпті анекдот түрінде де кескінделген бір ғана кейіпкерді, яғни, оның өзін көреміз (күні бүгінге дейін бұл еңбектердің тең жартысынан астамы әлі жарыққа шаққын жоқ). Бұл даңққұмарлық та, өзін өзі жалаңаштап тастағысы келген қажеттілік те емес, бұл өзінің есінде сақталғандардың арасынан енді қайталанбайтын Стендаль деп аталатын субстанцияның алда-жалда бір тамшысы үзіліп түсіп қалуынан қауіптенген эгоистік үрей ғана еді, ол өзінің өмірбаянан толық күйінде бізге жеткізіп берді.Өзінің есте сақтау қабілетінің осындай ерекшелігін және басқа да қасиеттерін Стендаль көріпкелдің көргіштігімен талдап шықты. Ең бірінші ол өзінің есте сақтау қабілетінің эгоистік сипаты барын анықтады, басқаша айтқанда, Стендальға қатысты емес нәрсенің бәрін ол тез ұмытады (оның Стендальда басқаша болуы мүмкін де емес қой). «Мені қызықтырмайтын нәрсенің бәрін есте сақтай алмайтын жағдайға жеттім» деп жазыпты ол.  Оған тікелей қатысы жоқ нәрселер, оның жанын өткір алмастай тіліп өтпейтін жағдайлар, жүрегін терең немесе жәй ғана тебірентіп өтпейтін жағдайлардың барлығы Стендальдың санасынан із-түзсіз жоғалып кететін. Оның сезімін қозғамайтын нәрсенің бәрі, мыаслы: цифрлар, белгілі ай, күндер, кейбір жағдайлар, қандай да бер мекен-жайлар оның есінде сақталып, аз-мұз болса да кідірстемейді; ең бір мағңызды тарихи оқиғалардың өзін ол бір жола ұмытып кетеді, тіпті қай күні қай әйелмен, қай досымен  кездескенін де (тіпті Байронмен, Россинимен де) есінде сақтай алмайды; ол бірнәрсені есіне түсіргенде бәрін шатастырып алады, оларды саналы да, санадан тыс та ойларымен араластырып, былықтырады; солай бола тұрса да өзінің осындай кемшілігін мойындап көрген адам емес, «Мен бәрін дұп-дұрыс айтып отырмын да демеймін, ал егер мәселе менің сезімдеріме қатысты болса, онда әңгіме басқаша» деп ашықтан ашық мойындайтыны тағы бар. Бірақ оның сезіміне тиіп кетсе, онда Стендаль  деректік жағдайларды жайып салуға дайын. Өзінің бір шығармасында ол қандай да бір затты сол күйінде кескіндемейтіндігін, тек содан алған өзінің әсерін ғана айтатындығын жазыпты, оның бір дәлелі Стендаль үшін кез келген оқиға тек оқиға болғандығы үшін ғана оқиға емес, оның жандүниесін қаншалықты тебіренте алғандығына байланысты ғана ол шын мәнісіндегі оқиғаға айнала алады; есесіне, мұндай жағдайларда бұл біржақты есте сақтау қабілеті адам айтқысыз шапшаңдықпен және дәлдікпен жұмыс істейді. Өзінің Наполеонмен сөйлескен-сөйлеспегендігін анық есіне түсіре алмайтын Стендаль, Үлкен Сен-Бернар арқылы шын мәнісінде өткен-өтпегендігін де анық айта алмайды, тек он шақты жыл өткенннен кейін ғана сол оқиғаның гравюрадағы кескінін көргенде барып, Стендаль сол кезде өзі таныс болған әйелдің бір сәттік қылығын, дауыс ырғағын, қозғалысын кристаллдай мөлдірлікпен есіне түсіре алады, әрине, ол өзінің жүрегін тебіренте алған болса ғана.  Оның есте сақтау қабілетінің сыйымдылығы сол оқиғаның маңыздылығына мүлдем қатысы жоқ, сол оқиға оята алған сезімге ғана байланысты. Оның өміріндегі сезім үнсіз қалған ондаған жылдар белгісіздіктің қалың тұманымен тұмшаланып жатыр.Тағы бір таңданарлық жағдай: сезім тым әсерленіп сөйлеп кеткен кезде Стендаль есте сақтау қабілетінен тағы да айырылп қалады. Оның өмірінің ең бір белсенді тұстарына келгенде (Альпі арқылы асу, Парижге саяхат, махаббаттағы алғашқы түні) ол «Мен бұл туралы ештеңені де есіме түсіре алмадым, өйткені ол маған қатты әсер еткен еді» деп мойындайды.  Сезімнің тым асып-тасып кеткені әсерді атомдарға бөлшектеп, гранатаның қопарылысындай жағдайға жеткізеді. Ол өзі шын мәнісінде дұрыстап сезіне алмаған нәрсесін кескіндеп жеткізе алмайды, дәл сол сияқты қатты әсерленген жағдайларды да өз деңгейінде кескіндеп, жеткізіп бере алмайды; оның қызыға қарауы - алдына қарай бағытталған жанар, ал оның есте сақтауы - артына қарай бағытталған жанар, ол өмірінің тек интимдік сәттерін ғана көре алады.Осылайша, Стендаль тек жан-жүрегі өзін тебіренткен сезімдермен нәрленгенде ғана қандай да бір жағдайды есіне айқын түсіре алады, бірақ дауылды шақтарды, нағыз құштарлықтың шапши көтерілген шақтарын бәрібір есін түсіре алмайды. Стендальдың есте сақтау қабілетін (тіпті көркемдік қуаты да) мұндай сезімдерден тыс жатқан кезде кіршіксіз мөлдір деп айтуға келмейді. «Мен тек адамдады кескіндеуге қажетті нәрселерді ғана есте сақтаймын» дейді ол, оның есінде тек жандүниесіне еніп, одан қолдау тапқандары ғана сақталады. Сондықтан да бұл тәуекелшіл эгоцентрик өзінің өмірбаянының да куәгері бола алмайды: ол, шынын айтқанда, өзін өткен шақпен елестете алмайды да, ол өткен шақта өзін тек сезіне алады. Жандүниесінің айналма жолдарымен, сәулелендіру арқылы ғана оқиғалардың жүріп өткен жолдарын еске түсіреді, оған есте сақтаудың қандай да бір әдістері көмектесе алмайды, ол есіне түсірудің орнына бірнәрселерді ойлап таба бастайды, яғни, сезімге сүйене отырып «өз өмірін ойдан шығарады». Осы тұрғыдан алғанда, оның өмірбаянында  романдарының оқиғалары бар, ал романдарында өмірбаянының оқиғалары жүреді, сондықтан да Стендальдың шғармалары романтикалық шындық болып табылады.Стендаль тек кейбір жағдайларды, кейбір деректерді ғана өте дәлдікпен есіне түсіре алады; сондықтанда одан өз өмірінің Гетенің «Поэзия және шындық» деп аталатын еңбегіндегідей қандай да бір аяқталған кескіндемесін талап ете алмайсың. Өзінің өмірбаянын сомдағанда да Стендаль үзік-үзік ойлардың шебері, импрессионист ретінде көрінеді: негізі оған, о бастан-ақ, өз шығармаларын бір күн ішінде жазып тастайтын күнделік формасында, жалт ете қалған ойларды қыстырылған бір жапырақ қағазға жаза салатын әдіс бұйырған.Шынында да ол өзінің портретін әртүрлі, кездейсоқ жазыла салған жазбалардан, «Journal»  бетінде берілген шағын мақалалардан бастайды, өзіне ғана арнап ондаған жылдар бойы жазып келген күнделігінде ол «мұндай күнделік тек оны жазып отырған адам үшін ғана жүргізіледі» деп жазыпты да. Бірақ, Стендаль екіге жарылмай жүре ала ма, айналып өтпей, жағдайды күрделендірмей жүре алар ма? Міне, бұл күнделік те екі «менге» арналып жазылған; яғни, 1801 жылы жазған адамға және өзінің өмірін түсіндіріп беруге тырысатын болашақ Стендальға арналған («Бұл күнделік, егер де 1821 жылға дейін тірі болатын болса, Анриге арналады. Және мен оған дәл бүгінгі Анриді мазақтап күлуге қуана-қуана жағдай туғызамын»). Өзін өзі табуға, өзін өзі түсіндіруге, өзін өзі тануға деген ұмтылысы өзіне ие бермей кеткен шақтарда ол «адамдарды танып, оларды да толғандыру өнерін жетілдіре түсіп», он тоғыз жастағы жігіт өз болашағына, бұдан гөрі ақылдырақ «меніне», «басқаларға онша сене қоймайтын Анриге», сергегірек және салқынқандылау Стендальға бақылау қояды, ол болашақ  Стендальға, өз сөзімен айтқанда, «өмірінің тарихын жасауға көмектесетін осы жазбаларды» тапсырғысы келеді, кейін жасамыс тартқан шағында  өзінің автопортретін жасау үшін шарқ ұрып әр жерден материалдар іздейтінін бүгінгі жап-жас бала алдын ала біліп отырған сияқты.Бұл жерде Стендальдың ұлылығының аса құпия бір ұшқыны көрініс табады: өзінің кім болып шығатынын әлі білу мүмкін емес шақта, алдын ала қандай да бір мақсатқа ұмтылмай-ақ Стендаль болашақта өзімен өзі болудың амалына пайғамбардай дайындала бастаған, ол ең дұрыс жолдан, яғни, жандүние өмірінің жекелеген сәттерін белгілеуден, ең құнды, ең табиғи әсерлерді белгілеуден бастайды. Ол өз ережелерін қатаң ұстанып, қолына түскеннің бәрін де мықтап ұстап, барлық ұсақ-түйектерді, кейін өмір тәжірибесінің құм сағатында оның өмірінің барысына өлшем болатын  түйіршіктерді белгілеумен болады. Бірақ алдымен оның бәрін тезірек жазу керек, сол бір азғантай ғана әсерлердің бәрін әлі ыстық кезінде, өзің ұстап алған кішкене құстың кішкене жүрегі сияқты алақаныңда тынымсыз бүлкілдеп тұрған шақта жаза беру керек! Олардың бәрін қармап, ұстап қалу керек, есімде сақтаймын деп сеніп қалуға әсте болмайды, жүгіріп, заулап бара жатып жолындағының бәрін өзінің екпінімен жуып-шайып кететін осынау тасқынға сенуге болмайды. Сезімнің бала ойыншықтарындай ұсақ-түйектерінің бәрін жәй далбасаның кең сандығына қалай болса, солай, алаңсыз сала беру керек: кім біледі, кейін есейген шақта өзіңнің тыныштық тапқан жүрегіңнің қарапайым ғана сувенирлеріне құмарлана қарағың келетін шығар!Ұлы инстинкт жас жігітті өзінің осындай бір сәттік сезімдерінің кескіндерін жинақтап, сақтап жүруіне итермелейді; тоқтасқан жігіт ағасы, тәжірибелі психолог, суреткер-шебер ризашылықпен және істі білетіндігімен солардың негізінде өзінің жастық шағының керемет кескінін, өзінің өмір жолын сомдайды, сомдап, оны романтикалық көзқарастағы қартаң тартып келе жатқан осынау жазушыға арнайды  және арнай отырып оны «Анри Брюлар» деп атады.Өйткені Стендаль өзінің романдарына тым кеш кіріскені сияқты, өзінің жастық шағын өмірбаяндық шығармасында рухани тұрғыдан қайта қалпына келтіруге де тым кеш кіріседі, өткен шақпен қоштасатын лирикалық сәттеріне де тым кеш кірісті.Римдегі Сан-Пьетро мен Монторио шіркеулерінің баспалдақтарында қартаң тартқан бір адам отыр, ол өзінің өткен өмірі жайлы терең ойға беріліп кеткен. Енді екі-үш айдан соң ол елуге келеді; жастақ шақ қайрылмастай болып өтті де кетті, онымен бірге қыз-келіншектер де, махаббат та кетті. Енді «Мен не болдым? Мен сонда кіммін?» деген сұрақты қоятын да уақыт жеткен сияқыт. Күштірек болу үшін, жаңа биіктерге қанат қағу үшін, жаңа бір оқиғалардың ортасынан табылу үшін  жүрек өзін өзі тынымсыз зерттеп жүретін шақтары да өтіп кетті, енді бір түйін жасайтын кез келді және алдыңа қарай, алдыңдағы белгісіздіктерге қарай көз талғанша қарай бермей,  өзіңе өзің бұрылып қарайтын шақ туды. Жаңа ғана бір елшілік ұйымдастырған кештен, іш пыстырарлық кештен оралған ол (іш пыстырарлық болатын себебі, енді әйелдерді өзіңе қарата алмайсың және мағынасыз әңгімелерден де шаршайсың) аяқ астынан мынадай шешімге келеді: «Өз өмірімді сипаттап жазуым керек!Ал оны қашан жасаймын, бәлкім, мен екі-үш жылдан кейін өзімнің қандай болғанымды түсінетін шығармын; көңілді болдым ба, меланхолик болдым ба, ақылды болдым ба, ақымақ бодым ба, батыл болдым ба, қорқақ болдым ба, ал ең бастысы бақытты болдым ба, әлде, бақытсыз болдым ба?»Міне, енді өз өмірінің шынайы мәнін іздеген қартаң тартқан Стендаль көкірегіне мұң тола артына бұрылып, жас бала болжаған  мәселені, яғни, өз өмірінің толық сипаттамасын жазып, өзін басынан аяғына дейін танып, өзінің өмірбаянын аяғына дейін кескіндеп шығуға шешім қабылдайды.  Айтуға жеңіл, бірақ орындап шығу аса қиын! Өйткені Стендаль «Анри Брюларда» (ол мұны басқалар қызығып біліп қоймасын деп шифрмен жазады) барыншы шындықты жазғысы келді; бірақ бар шындықты ашып жазудың, өзінің алдында өзі шындықты жайып салуыныңдаңққұмарлықтың сан жетпес қақпандарының арасынан аман өту қандай қиын екендігін де біледі, оның үстіне, есте сақтай алуың соншалықты мықты емес, соншалықты еркін болып тұрғанда бұл тіпті қиын. Өткен шақтың күңгірт шым-шытырығының ішінде адасып кетпеудің амалы қайсы,  жанып тұрған шырақты адасып жұрген кездейсоқ оттан қалай айыруға болады, шындықтың шапанын киіп алып жолыңды аңдып әрбір бұрылыста тұрған жалғандықтан қалай аман-есен өтіп кетуге болар екен?Алғаш рет Стендаль-психолог, бәлкім, көптің ішінен тек сол ғана, жалғандықтың, алдауыш әлемнің қақпанына түсіп қалмаудың амалын тапты, ол еске түсіру, шындыққа жанаспай тұрған тұстардан аулақ болу және жазу, қаламды ысырып тастамай, жазғаныңды қайталап оқымастан, айтқан ойыңды өшіріп, қайта жазбастан жазу («Мен өзімнің алдыма ештеңеден қысылып-қымтырылмай айту керек және ештеңені өшіріп тастамау керек деген ереже қойдым»). Бар болғаны ұят-сұят дегенді қою керек, санаңдағы сот пен цензура ес жиып, күш алып кетпей тұрғанда, таңдап-талғап жатпастан шынайы болғанның бәрінің жарыққа шығуына мүмкіндік беру қажет. Суреткердің өз жазғанын стильге салып, көркемдеп жатуына мүмкіндік бермеу маңызды. Кескіндеуші ретінде емес, фотограф ретінде жұмыс істеу керек, яғни, әрбір характерлік бұрылыстарда сезім буырқанысының бақылаушының алдында театрлық қалыпқа кіріп, еркелей бұрылуына жеткізбей, дәл сәтінде белгілеп үлгіру керек.Стендаль өзі туралы естелік жаза бастайды, қаламын тастамастан, бір деммен жазады және жазғанын ешқашан қайталап оқымаған, стиль жайлы да, тұтастық жайлы да, рельефтілік жайында да ойланбағаны соншалық, қасындағы адамға әлдеқандай бір хатты сүйкей салғандай етіп жазып, өзі бұл туралы «мен мұны жазып жатырмын және өтірік айтып отырған жоқ шығармын деп ойлаймын, ешқандай да көз алдаушылыққа да барып отырған жоқпын, шын ниетіммен, досыма хат жазғандай жазып отырмын» дейді.Оның бұл фразадағы әрбір сөзі - шындық: Стендаль өзінің автопортретін жазып отыр, «өзі айтқандай», «ешқандай көз алдушылыққа бармай», «шын ниетімен», «жәй хат жазып отырғандай» және «Жан-Жак Руссо сияқты көркемдік тәсілмен жазып, өтірік айтпас үшін» барынша қарапайым етіп жазып отыр. Ол өз мемуарларының шынайылығын сақтау үшін саналы түрде көркемдіктен айырып, психология үшін өнерді құрбан етіп жазды.Шын мәнісінде, таза көркемдік тұрғыдан қарағанда «Анри Брюлар» және оның жалғасы болып табылатын «Эготистің естеліктері»  қандай да бір жетістікке жетіп тұр деу қиын; екеуі де тым асығыс, жүйесіз, қалай болса, солай жазылған. Ойына түскен кез келген эпизодты ол асқан шапшаңдықпен жазып тастайды, оның дәл осы тұсқа сәйкес келіп тұрған-тұрмағанына қарамайды да. Оның қойын дәптерінде де жоғары тұруы тиісті нәрселер ұсақ-түйек бір нәрселермен қатар келіп, жалпыға бірдей айтыла беретін жайттар интимдік, оңаша айтылатын жәйттармен сапырылысып жатыр, кей жерлердегі көпсөзділік драматизмнің өткірленуіне кедергі келтіріп жатады. Бірақ осындай міндеттеушіліктің жоқтығы оның шындықты ашық айтуына мүмкіндік беріп, әрбір дерек психологиялық құжат ретінде көрініс тауып, анау-мынау томдардан да құнды болып шыққан.Шындықты ашық айтқаны соншалық, өз анасын қалай өліп-өшіп жақсы көрсе, өз әкесін жабайы аң көргендей соншалық жек көретіндігін де жасырмайды, басқалардың бейсанасының алыс түкпірлерінде көзге көрінуден қорқып, цензор селт етпей бағып тұрған кезде тығылып жататын сезімдер де мұнда ашық айталды; ал интимдік детальдар болса, моральдың жіті көзі саналы түрде сөндіріліп тасталған тұста, кез келген шекараны контрабандалық жолмен аттап кете береді, мұны басқаша айту мүмкін емес.Тек өзінің керемет психологиялық жүйесінің арқасында ғана Стендаль сезімдерінің «әдеміленіп» немесе «моральшыл» бола қалып, бетаузына ұялшақтықтың қызыл бояуын жағынуына мүмкіндік бермеді, бұл детальдарды ол жанды қытықтар қылықтары сол қалпында тұрған минуттарында ұстап алды: тыр жалаңаш, бірақ әлі қысылып-қымтырылып үлгірмей айқара ашық жатқан күнәлары мен тентектіктері аяқ астынан тап-таза ақ қағаздың бетінде пайда болып, ең алғаш рет адамның бетіне тура қарап тұрды (өйткені кейбір детальдарды олардың тығылып жатқан індерінен мына батыл Крысоловқа дейін ешкім суырып алған жоқ еді). Мынау бала жүректе адам таңданарлық, трагедиялық, тіпті соншама жабайы үрей, демондық ашу-ызаның қандай қуатты қопарылысы жатқан десеңші. Кішкентай Анридің - жаны жетімдіктің зәрімен уланған жетім баланың қатігез апайы Серафи өлгенде «тізерлеп отыра қалып, құдайға рахмет» айтып жатқан көрінісін ұмыту мүмкін бе («ол менің бақытсыз балалық шағымда маңдайыма тап болған екі тажалдың біреуі еді», екіншісі әкесі болатын)? Дәл сол тұста - жалпы Стендальдың сезімдері лабиринттің жүрісіндей шым-шытырық болып жатады - ол бір ескерту жасай кетеді, тіпті осы тажалдың өзі бір күні бір ғана секундқа оның тым ерте оянған эротикалық сезімін қоздырып жіберіпті. О бастағы сезімнің қандай терең ми батпағы десеңші! Және солардың жабайы шым-шытырығының ішінен жөн тауып жүріп отырудың өзі не деген шеберлік десеңші, тіпті дәл осылайша ашықтан ашық мойындау да ерлік емес пе?!Стендальға дейін адам жанының осыншама  көп қабатты болатындығын кім жаза алды екен, бір-біріне қарама-қайшы келіп жатқан ұмтылыстар оның нервтарының ұштарында бір-бірімен қалайша тым жақын келіп, түйісіп жатқанын айтсаңшы және әлі қанаттанбаған баланың жандүниесі өзінің тым жұқа қабаттарында арсыздық пен асқақтықты, дөрекілік пен нәзіктікті қалайша сыйғызып тұр екен; осындай кездейсоқ, өздері де байқамай ашқан жаңалықтары оның өмірбаянында талдау өнерінің бастауын салыпты.Стендаль - өзінің монолитті образын сомдаудан бас тартқан бірінші адам, Жан-Жак Руссоның өзі өзінің осындай образын қалыптастыруды қалаған еді ғой (өздерінің аңғал автопортреттерін жасаған Казановтарды айтпағанның өзінде; олар үшін өздерінің «мені» соншалықты жақын әрі көз жетерлік жерде болғандығы өз алдына, олар үшін бұл күллі өмірді қамтудың құралы да болған еді); Стендаль өзінің жандүниесінің ішкі қат-қабаттарының қаншалықты шатасып, бытысып, бір-біріне оратылып жатқанын анық түсінеді және археологтардың құмыраның сынықтарына, тастағы жазуларға қарап, көне де алып дәуірлердің сол қабаттарда қандай із қалдырғандықтарын анықтайтындығы сияқты, адам жанының шексіз аумақтарының болмашы ғана белгілеріне қарап, ол оның билеушілері мен арыстандарын, әскері мен шайқастарын таба білді. Өзіне өзі қазба жұмыстарын жүргізе отырып, өзінің ізбасарларына игерілмеген жаңа аумақтардың жолын да көрсетеді. Салдыр-салақ болса да өзінің автопортретін сомдау үшін өзін өзі тануға ұмтылған ұлы адамның мұндай әрекетінен гөрі, бұрынғы кездері біреудің өзіне өзі таңдана қарауының өзі шығармашылықтағы ерекшелік және, тіпті, табылған жаңалық болып есептелетін.Ал көркем шығарманың формасына, құрылымына, кейінгі ұрпаққа және әдебиетке деген, моральға және сынға деген осы салдыр-салақтық, осы немқұрайдылық және стендальдық әрекеттің ғажайып интимдігі мен өзін өзі жұбатқыштығы «Анри Брюларды» теңдесі жоқ психологиялық құжат деңгейіне көтерген. Дегенмен, Стендаль өз романдарында суреткер болғысы келді, бірақ бұл жер де ол кәдімгі адам ғана, өзіне өзі қызыға қарайтын индивид.Оның автопортретінде үзік-үзіктіктің адам сипаттап айтып жеткізе алмайтын көркемдігі бар және суырыпсалмалықтың әдейі жасалмаған шындығы бар; ақи-тақи айқындылықтың, аяқталғандықтың болмауы оның тұлғасының жанды кейпін жеткізіп тұр; Стендальды романдарына қарап та, өмірбаянына қарап та толыққанды тани алмайсың. Оның жұмбақ тұлғасының жауабын табуға, түсінуге, білуге және түсініп алып, қайтадан білуге ұмтыласың.Рухқа дем беруші бұл адам әрбір жаңа ұрпақты мұны танып-білу жолында өз күшін байқап көруге шақырады да тұрады. Күні бүгінге дейін оның күңгірт те салқынқанды, тынымысз жандүниесі тынымсыз нервтарымен, тынымсыз ақыл-ойымен барлық тіршілікті құштарлыққа шақырып тұр; өзін өзі сомдап болып, өзінің қызыққыштығын, өзінің жандүниешіл өнерін, өзінің қайталанбайтын тұлғасын шынайы бағалай білетін адам ретінде ол жаңа ұрпақты өзін өзі зерттеуі керектігіне және өзін өзі бақылап жүруі тиістігіне үйретіп кетті.