ВЕРНУТЬСЯ

     Стефан Цвейг

 

   Сүйген құлын жіберіп аз уақытқа,

   жер бетіне Құдайлар тірек берді.

   Олар - таза, 

   ұқсап тұр ақ жақұтқа,

   Қуантып енді өлетін жүректерді.

 

 

            Гельдерлиннің
үйі Неккара өзенінің жағасындағы патриархалдық монастыр орналасқан Лауфен деген
жерде, бұл Шиллердің отанынан бірнеше сағаттық қана жер. Швабиидің жұп-жұмсақ
та жанға жайлы ауылдық әлемі 
Германиядағы ең көркем аймақ, оны Германияның Италиясы десе болады:
Альпы таулары бұл жерді ап-ауыр зор денесімен басып тұрғандай әсер бермейді,
сонда да оның тым жақындығы сезіліп тұрады, өзендер күміс жылғаларымен
сылдырлап, жүзімдіктерді суарып, халыққа нәр бере, олардың қатал алемандық
бабаларының жүрегін жұмсарта, көңілдене әндетіп ағып жатады. Бай, бірақ асқан
молшылық деуге келе қоймайтын бұл жердің табиғаты жұмсақ: қол өнері мен жер
өңдеу өнері бір-бірімен астасып, бір шаңырақтың астында дамиды десе болғандай.
Табиғат қай жерде адамдарға жайлы болса, сол жерде идиллиялық поэзия өмірге
келеді, тіпті қандай да бір күңгірттікке қамалаған ақын болса да, өзі жоғалтып
алған табиғат көрінісін сағына еске алады:

 

Отанның періштелері!

Алдарыңда ұлы көрініс жайнап тұр,

Ол - жалғыз ғой, оған тізе бүгіңдер.

Достарыңа жақын келіп, қуаныштан қайнап бір,

Шаттықта да сендер бірге жүріңдер!

Алғысымды мен де айтам сендерге,

Мені бар деп біліңдер!

 

            Ол осы
Швабюді жырға қосқанда, өз аспанын мәңгіліктің аспанындай көріп жырлағанда оның
мұңды кейпі өте нәзік, элегиялық жұмсақтыққа ие болады, оны еске алған кезде
ақынның экстатикалық сезімінің толқындары бір келкі ырғаққа түсіп, баппен өз
арнасына қайтып оралады. Өз Элладасына шексіз берілген ол үміттеріне алданып,
өз отанын тастап, сағынышты естеліктерінен өз балалық шағының көркем әлемінің
кескінін салады, ол кескін салтанатты гимнде мәңгілікке сақталып қалды:

 

Мейірбанды мына жер!

Жүзімдіксіз белесі жоқ, құлпырады сан гүлі,

Күзде жауар жемістердің «жаңбыры»,

От таулардан қолын бұлғап көкше шың,

суға малар ыстықтаған өкшесін.

Жасыл мүк пен шыбықтарды дестелеп,

Орап алар басына оны кестелеп.

Зор денелі атасының иығындағы баладай,

Замоктар мен құжыралар

бөктерге өрлеп барады-ай!

 

Ол өмір бойы өз жандүниесінің аспанына ұмтылғандай, өзінің
осы отанына жетуді армандады: Гельдерлиннің балалық шағы оның бақытты да, ең
жарқын да сәулелі кезеңдері.

Жанға жайлы табиғаттың ортасында оны мейірбанды әйелдер
тәрбиелеп өсірді: оның әкесі жоқ, ешкімі де жоқ, оны мәңгілік жаумен, яғни,
өмірмен күресуді кім үйретті, кім оны қаттылықты, қаталдыққа үйретті, сезімінің
бұлшық еттерін кім шынықтырды? Мысалы, Гетені жастайынан қатал тәртіптілік
жауапкершілікке тәрбиелеп, алдын ала белгіленіп қойылған өмір сүру формасы
әдет-ғұрпын қалыптастырды. Оны әжесі мен анасы ғана адалдыққа тәрбиеледі, ал
оның арманшыл ақыл-ойы кез келген жастық шақты шексіздікке алып ұшатын музыка
әлеміне әуестенді. Бірақ бұл идиллия тез бітіп қалды. Сезімтал бала он төрт
жасында Денкендорфтағы монастырлық мектепке оқуға барады, сосын Маульбронск
монастырына, ал он сегіз жасында Тюбинген жабық институтында оқып, 1792 жылы
одан кетіп қалады; еркіндікті сүйетін бұл бозбала он шақты жыл бойы монастырлық
кельенің іш пыстырарлық төрт қабырғасының ортасында отырады.

Ойынның жетегінде, кең далада арманшыл көңілмен еркін жүрген
кездері мен анасының мейірімді алақаны монахтың қап-қара киіміне, монастырдың
ішкі тәртібіне, сағатқа бөлінген механикалық жұмысқа ауыстырылады. Гельдерлин
үшін мектептегі, монастырдағы жылдары, Клейстің кадет корпусында оқып жүрген
жылдарындай болды: еңсесін езген сезім сезімталдыққа, әсерленгіштігінің аса
күштілігі ішкі мазасыздығын асқындырып, шынайы өмірге деген жек көрінішін
оятады. Оның ішкі әлемінде әлде не үзіліп кеткендей, сынып кеткендей болды.
Оншақты жыл өткен соң ол былай деп жазыпты: «Менің ішкі әлемімде балалықтың
белгілері әлі де бар, маған қазірдің өзінде де балауыздай жұмсақтығым ұнайды...
Өкінішке орай, монастырда жүргенімде менің осы жағыма аяушылықпен қараған ешкім
болмады».

Монастырдың ауыр есігі оның ту сыртынан жабылған кезде оның
өмірге деген сенімін ұстап тұрған ең мейірбанды, ең құпия ұмтылыстары мезгілсіз
үзіліп, күннің шуағына шықпай тұрып жартылай өшіп қалды. Оның әлі де болса мөп-мөлдір
бозбала денесін жеңіл ғана леппен шыр айналып жүрген меланхолия, әлемде өзін
жалғыз қалғандай сезіне бастауы жылдар өте келе өзінің тұманына әбден тұмшалап,
қараңғы қапасқа қарай сүйрелеп, ақыр аяғында оның көз алдынан қуаныш біткеннің
бәрін жоқ қылып жіберді.

Міне, дәл осы тұста, балалықтың кешқұрымында,
пісіп-жетілудің шешуші кезеңінде 
Гельдерлиннің жандүниесі ем қонбастай қақ жарылып, сыртқы әлем мен оның
өзіндік ішкі әлемін ажыратты да тастады. 
Ал бұл жара енді қайтып жазылмайтын еді: оның көкірегінде жат жерге
лақтырылған баланың мәңгілік жүрек жарасы сырқырады тұрды, ерте жоғалтқан
мейірбанды отанына деген мәңгілік сағынышы енді өкініш пен естелік кейпінде,
музыка мен армна-қиял кейпінде көлбеңдеді де жүрді. Ол өзін көзге көрінбейтін о
бастағы әлемнен қуылып тасталған қаңғыбастай, балалық шақтан, алғашқы
армандарынан қап-қатты қара жерге, жаулық көзқарастағы аумаққа қуылған
тастандыдай сезінді; өмірдің шындығымен, оның қатыгездігімен  алғаш рет тым ерте бетпе бет кездескенде оның
жаралы жанында ғаламға деген өшпенділік сезімі пайда болды.

Өмір Гелдерлинді ешнәрсеге де үйрете алмады, енді жолында
кездескендердің барлығы да - өтпелі қуаныш пен өкініш те, бақыт пен реніш те
оның көкірегінде шынайы өмірге деген мықтап орнығып қалған жек көрушілігін
жібіте алмады. «Ой, жас кезімнен-ақ әлем менің рухымды үркітумен келеді» деп
жазды ол бірде Нейферге, шынында да, ол өзін қоршаған әлеммен ешқашан да
араласа алмады. Ол енді психологияның «интровертивті тип» деп аталатын саласының
көрнекі үлгісіндей болды, бұл сыртқы ортаның барлық импульсіне тек қана
сенімсіздікпен қарайтын тип, демек санадағы бұрыннан қалыптасқан жағдайлар ғана
оның рухани кескінін қалыптастырады.

Тым жас бола тұра, ол өзінің бала кезіндегі жағдайларды
қиялдап, балалықтың аңызға бергісіз сәттерін ғана еске алып, Парнастың
бұрын-соңды болмаған әлемінде жүріп жатты. Оның өлеңдерінің тең жартысы сенгіш
те алаңсыз балалық пен шынайы өмірдің жауласқан, алдамшы кескінінің арасындағы
ешқашан шешімін таппайтын қарама-қайшылықтар туралы, «уақыт ішінде өмір сүру»
мен рухани болмыстың арасындағы қарама-қарсылықтар туралы болды. Жиырма жасында
ол өзінің бір мұңды өлеңін «Бұрын және бүгін» деп және гимнін «Табиғатқа» деп
атайды, бұл өлеңдердің жолдарында оның ішкі толғанысының әуені естіліп тұрады:

 

Естен кетпес сенде жүрген асыл шақ,

Мен ойнап ем, гүл-далаңда асыр сап.

Сендік жүрек менің әрбір үнімде,

лүп-лүп еткен жүрегімде, тілімде.

 

Сағыныш пен сезім билеп алғанда,

Мен алдыңа өзің болып барғанда,

Күллі ғалам сүйсінгендей болған-ды,

Сол сылтаумен көзіме жас толған-ды.

 

Ал жүрегім күн сияқты ұшқанда,

Дауысымды көкірегіне құшқанда.

Сансыз жұлдыз балап мені бауырына,

Шақырды олар көк төсіне-ауылына.

 

Сенің рухың қуанышпен сыңғырлап,

Көк құрақпен жүгіргенде бұлдырлап.

Жүрегімде толқын тұрды жарқыл сап,

Мен басымнан өткерген ол - алтын шақ.

 

Бірақ балалық шақтың бұл гимніне кейінгі жазғаны көңілсіз,
мұңды әуендегі, өмірді жек көру сезімі негізгі тақырыпқа айналған, мүлдем басқа
сазбен жауап қатады:

 

                        Мені
өсіріп, өндіргеннің бәрі өлі,

                        Өлі
мына жастық шақтың әлемі.

                        Бір
кездері аспан сыйған бұл кеуде,

Бұл күндері шөбі орылған кәрі еді.

Көктем келсін әнін салып тағы да,

Ән сап, білсін не керегін жаныма.

Таң атқанмен, әттең, өмір кетті енді,

Жүрек те енді тани алмас көктемді.

Шын махаббат азап шегер байлана,

Ал біздегі көлеңке ғой жәй ғана.

Жандүние алтын түстер көрмеді,

Демек, мына табиғаттың өлгені.

Отаныма барар жолдың шалғайын,

Сезгем де жоқ, білгем де жоқ әрдайым.

Жүрек, енді оны өмірден, таппайсың,

Арманыңды азсынушы ең, тоқтайсың,

 

Бұл жолдарда оның барлық шығармашылығында сансыз қайталанып
отыратын өмірге деген романтикалық көзқарасы толыққанды түрде көрініс тапқан;
оның көз жанары тек қана өткен шаққа қарап тұрады, «мені қоршап тұрған басқыншы
әлемнің әрбір ұсақ-түйегіне дейін анық көріп қалмасын деп менің балалық шағымды
тұмшалай құшақтап тұрған сыйқырлы бұлт сияқтанған мейірімді ұлылыққа қарай
беремін» дейді ол. Ол енді сыртқы әлемнен үздіксіз келіп жатқан жанды жейтін
әсер ағымының бәрінен өзін ала қашады, оның жандүниесі тек өткен шаққа ғана
ұмтылады, оның еркін әлемі ешқашан да өмірге бағышталмады, оның шектеріне ғана
қарады. Ол өз дәуірімен ұшыраспады, ұшырасқысы да келмеді, тіпті онымен күресте
де оған жоламауға тырысты. Енді ол өзінің бар күшін соның бәріне үнсіз шыдауға
жұмсап, өзін тап-таза күйінде сақтауға тырысты.

Оның жандүниесінің заты ешнәрсемен араласпайды және
жалғаспайды да, ол судағы және оттағы сынап сияқты еді. Сондықтан да оны
ешкімнен жеңілмейтін жалғыздық қоршап тұрды.

Шындығына келгенде, Гелдерлиннің ішкі дамуы, ол мектепті
тастап шыққанда, сонымен бірге аяқталған еді. Рас, оның жандүниесінің тынымсыз
қозғалыстарының жиілігі арта түсті, бірақ оның шынайы, сезімдік тәжірибесі  жаңа әсерлермен байыған жоқ. Оның ешнәрсені
үйренгісі келген жоқ, өзіне дұшпан болып көрінген күнделікті тіршіліктің ішінен
өзіне ештеңені де алғысы келмеді; тазалықтың өте сергек инстинкті оның өмірдің
біркелкі емес матриясымен араласуына қатаң тыйым салды. Сол арқылы ол әлемдік
заңды аттап кетті,  енді оның тағдыры
антикалық рухта, ерлікке пара-пар тәкәппарлықта, қасиетті менмендікте болды.
Өйткені араласу дегеніміз - өмірдің заңы, ол - адамның мәңгілік шыр айналған
тіршіліктен шығып қалуын болдырмайтын заң: ал кім де кім бұл ыстық ағымға
бойлаудан бас тартса, ол адам дарияның жағасында шөлден өледі; кім де кім оған
қатыспаса, ол адам мәңгілікке қуғында жүреді, қасіретті жалғыздықты бастан
кешіреді.

Гельдерлиннің бұл ұмтылысы Эмпедоклдың ұмтылысы сияқты,
өмірге емес, тек өнерге ғана қызмет етті, адамдарға емес, құдайларға ғана
қызмет етті, бұл орындалмайтын, тым асыра сілтенген ұмтылыс (қайталап айтамын:
бұл өте жоғары мағынасында, трансцендентальдық мағынасында). Өйткені тап-таза
болу, ештеңемен араласпау тек құдайларға ғана бұйырған; ал өмір өзін жек
көргендерден қалай да өш алу үшін ең ауыр құралдарды дайындай бастайды: ол
мұндайларға ырыс бермейді, ал өзіне қызмет етуден бас тартқандар адамның
намысын таптайтындай, ең бір жан төзгісіз құлдыққа түседі. Сондықтан да
Гелдерлин бәрінен де айрылды; себебі оның рухы көруден бас тартқандықтан, өмір
оған тәуелді болып қалды. Гельдерлиннің көркемдігі - оның қасіретті кінәсі де
болып табылады: олар жоғары әлемнің бар екендігіне сене отырып, төменгі әлемге,
күлге айналар әлемге қарсы шықты, ал ол әлемнен бұл тек поэзияның қанатында
ғана кетіп қала алар еді. Ештеңені білгісі келмеген сәттерде ғана ол  өзінің негізгі міндетін, яғни, өз өмірінің
кешкілігін, ерлік өлімін таниды, ол өз тағдырын тек аз уақытқа ғана өзі қолына
алды: таң атып келе жатқанда және күн батып бара жатқанда ғана, жағадан ұзап
шыққан да және апатқа ұшырағанда ғана, бірақ бұл жастық шақтың керемет
көрінісі, яғни: шексіздіктің дауылды толқындарымен көбіктеніп жатқан табанды
рухтың құз-жартасы, дауылда адасып жүрген аппақ желкен, отты найзағайлардың
ішінде бұлтқа қарай ұшып бара жатқан тағдыр  ерлікке толы көрініс.