ВЕРНУТЬСЯ

   Анама қарыздармын! -

Алты рет анау жаққа барып келген,

Сондықтан алты бала жарық көрген.

Мен өзім бар анаға қарыздармын -

Болашақ азаматты танып төлден.

Жарыма қарыздармын! -

Өзіңе ұнамақ боп келбеттендім,

Ойламай өздеріңді ержетті кім...

Қарызбын әйел атты барлық жанға,

Арналды бар ерлігім, еркектігім.

Аулыма қарыздармын! -

Бір ұлын жігіт етті талап беріп,

Ұшардай сұңқар етті қанат керіп.

Мен көзір қарыздармын Байтағыма,

Төбемнен өзім шыққан қарап көріп.

Ұлыма қарыздармын! -

Сүйгіздің немеремнің балалығын,

Бұл сөзім танылмаған жаңа ғылым.

Атама қарыз екем, енді білдім,

Жас шақта ескермеппін, шалалығым.

Өліге қарыздармын! -

Оятқан абзал сезім, аяушылық,

Үнің де сол маңайда баяу шығып.

Аруақ, қарыздармын өздеріңе,

Табынар, тәу етуге жаяу шығып.

Бәріңе қарыздармын! -

Бәріңнен аздан, мысқыл, ала білдім,

Артыңда адал жүрсең қалады үлгің.

Жаратқан, жалғыз саған қарыздармын,

Өзің деп оңғарылды талабы ұлдың!..

26.02.1997 ж.