ВЕРНУТЬСЯ

      Көркем әдебиеттің
негізгі түйіні, түпкі қазығы - шындық, өмір шындығы. Бірақ жазушылар өмірдің
бір жағын ғана таңдап алып, оны өзінің творчестволық елегінен өткізіп,
қалыптасқан көркем жүйеге салу үшін әркімнің әртүрлі әдісті қолдануы және
шындықты әртүрлі суреттеуі мүмкін.

Жазушылардың өмір
құбылысының керекті жағын таңдап алып, оны өз елегінен өткізіп, өз көзқарасы
тұрғысынан суреттеу қажеттілігінен барып, әртүрлі творчестволық метод (әдіс,
тәсіл) туады. Өзінің өмірден аңғарғандарын өзінше талқылау жазушылардың әртүрлі
творчестволық методтарын (әдіс, жол) туғызады.

Бұл методтармен  толық танысу әдебиет тарихын тексергенде ғана
мүмкін нәрсе. Біз сол методтардың тек негізгі белгілерін ғана көрсетіп
өтпекпіз.

XVII - XVIII ғасырларда Европа әдебиетінде классицизм бағыты туды. Бұл
бағыттың классицизм деп аталатын себебі: Европа әдебиеті ерте замандағы Грек
және Римнің классик әдебиеттерін өздеріне үлгі етіп ұстады.

Ертедегі Грек, Рим
әдебиеттерінің әсері тек сол кезде ғана болып қойған жоқ, онан кейін де болды.
Мысалы: орыс поэзиясында ертедегі Грек, Римнің классик өлең құрылыс түріне
еліктеушілікті, олардың өлеңдеріндегі образ қолданыстарын алып пайдалануды біз
Пушкиннен де, Феттен де және соңғы кездегі символистерден де кездестіреміз.

Осы кезде,  XVII - XVIII ғасырда, ертедегі Грек және Рим
үлгілеріне сүйеніп жазатын жаңаша бір бағыт туды. Бұлар өзгеше творчестволық
бағытты ұсынды. (бірақ ертедегі Рим, Грек әдебиетін олардың көпшілігі өзінше
талқылады және көп мәселені теріс түсінді).

Бұл бағытты
жасаушылар дворянство және дворянствоға жақын сауда буржуазиясының жоғарғы
топтары болды.

Бұл методқа
(классицизмге) тән ережелерге көркем шығармалардың бағынуы шарт еді. Көркем
творчество сарай маңындағы жоғарғы қауымның ұнатуына, солардың қалауларына
бейім болуы керек болды.

Тақырып таңдап алу
және шығармаға қатысушыларын іріктеу мәселелері классицизм тәртібіне бағынып
отырады. Әдебиетте суреттелетін адамдар үстем таптан алынды. Төменгі таптардан
шығармаға адам кіргізуге тек комедияларда ғана рұқсат етілді. Тақырыпты және
шығармаға қатынасушы геройларды осылай таңдап алудың салдарынан ол кездегі
әдебиеттің үстем түрлері трагедия,
комедия, батырлықты суреттеген поэмалар; поэзияның лирикалық түрлерінен ода
сияқтылар ғана (бұлар туралы кейінірек айтамыз) болды. Көркемдігі жағынан құнды
трагедия жазушы Францияда Корнель, Расин, Англияда Шекспир, ал комедияның
авторы Мольер болды.

Россияда бірнеше
трагедияны Сумароков жазды, бірақ ол Европаның 
трагедия жазушыларына еліктегені ғана болмаса, көркемдік жағынан ештеңе
қоса алған жоқ. XVIII ғасырдағы орыс әдебиетінде батырлықты суреттеген
поэмалардың ең белгілісі Херасковтың «Россияда» деген поэмасы еді, бірақ бұ да
көркемдік жағынан нашар поэма болып шықты.

Классицизм
бағытындағы шығармалардың өзінше өзгешеліктері тек тақырып, қатысушыларды
таңдап алуда ғана емес, сонымен қатар қатынасушы адамдарды суреттеулерінде де
өзгешеліктер болды. Қатысушылардың мінезі бір жақты суреттелді. Қатысушылардың
қайсысы болсын, оларда психологиялық бір қасиет (батылдық, қайырымдылық,
серттен таймаушылық т.б.) үстем болып алынды. Бұлар шындық өмірдегі адамдардан
гөрі, әртүрлі киім кигізіп, қиялдың жасап шығарған адамдарына жақын.
Қатысушылардың мінез-құлықтары өмір шындығынан алшақ жатты. Олар өз
бастарындағы күйініш-сүйініштер жөнінде көп ойланып, ұзын-ұзын монологтер
сөйлейтін болды.

Классицизм бағытында
жазылған шығармаларды жалпы алғанда сол шығармаларда өмірді шын сол болған
күйінде суреттемей, не король, не корольдің жанындағылардың (үстемдік
етушілердің) көзқарасынша, олардың ұнатуынша, солардың қалауынша суреттеді.

Классицизмге тән
негізгі ерекшелік - көркем шығарманың құрылысын бір тәртіпке бағындыру. Мысалы,
драмалық шығармаларды «үш бірлікті» сақтай отырып жазу керек. Бұл «үш бірлікті»
сақтамаса, жоғарғы ережеден шетке шыққан болып саналады. «Үш бірлік» дегеніміз:
уақыт бірлігі (оқиға бір тәулік - 24 сағат - ішінде ғана болуы керек), орын
бірлігі (оқиға тек бір орында болуы керек), оқиға бірлігі (бұнда оқиғаны бірінен-бірі
туып, бұтақсыз, бір ізбен дамып отыратын бір ғана сюжеттік шиеленіс болуы
керек).

Бұлардың барлығы
шығармаға ерекше сымбат беру және оны түсінікті ету үшін керек деп саналды.

Үш бірлікті кейде
реалист жазушылар да қолданды. Мысалы: орыс әдебиетінде реалистік жазушыларынан
үш бірлікті сақтап жазған Грибоедов («Ақылдан қайғы»). Қазақ әдебиетінде үш
бірлікпен жазылған пьеса жоқ.

Классицизм туралы
сөз қозғағанда, шығарманың тілі қандай болу керек, соған тоқталық.

Трагедияға қатысушы
патша және басқа геройлардың сөздері өктем менмендікті көрсететін ірі сөздер
болып келеді. Ода мен эпостық поэмалар да өте көтеріңкі, әсірелеген тілмен
жазылды. Езілуші таптың күнделікті сөйлеп жүрген тілдері тек комедияға
қолдануға ғана болды. Әдеби шығармалар, тіпті драмалық шығармалар да, дағдылы
түрде өлеңмен жазылды.

Жалпы алғанда,
классицизмнің өмір шындығынан алшақ жатқан жақтары көп, әрине, классицизм
жазушылары да суреттелген нәрселерін өмір шындығынан алғаны сөзсіз. Әйтсе де
сол өмір шындығын олар өз електерінен өткізіп және өз табының көзқарасынан
көрсетті. Қандай өмір шындығын суреттесе де, патша, корольдің, солардың
маңындағылардың ұйғаруына сәйкестеніліп, солардың тілегіне бағындырылды.  

               

XVIII ғасырдың аяғы мен XIX ғасырдың бас кезінде феодалдық крепостнойлық
қоғам іріп, ыдырап, буржуазия қанат жая бастаған дәуірде, орыс және Батыс
Европа әдебиетінде қанатын кең жая бастаған әдеби метод романтизм болды.

            Қоғам өміріндегі экономикалық
өзгерістер идеологиялық мәселелер де әр алуан өзгеріс, әртүрлі көзқарастарды
туғызды. Айналасында болып жатқан өзгерістерге, өмір құбылыстарына қалай қарау
мәселесі, әсіресе көркемөнер, әдебиетте анығырақ.

            Ақын, жазушылардың бір алуаны ескі
феодалдық заманды аңсап, өткен күндерді мадақтап жырлауға, жаңа экономикалық дамулардың
негізінде туа бастаған құбыжық етіп көрсетуге тырысты.

Екінші тобы жаңалықтың жаршысы болып, жақсылықты келешектен күтті. Бірақ
бұлардың барлығына тән нәрсе - төңірегіндегі шындық болмысқа разы болмаушылық,
төңірегіне өздерінің жеке идеяларын қарсы қоюшылық, бұл дүниені тастап, басқа
бір дүниені аңсаушылық. Бұл романтизм күні өткен феодал табының идеологтеріне
де, жаңа капиталистік жолға түскен дворянстволарға да және буржуазия
идеологтеріне де, әсіресе ұсақ буржуазия идеологтеріне де тән нәрсе болды.

Феодал табының өкілдері өз үстемдіктерінің құлауына разы болмады, сондықтан
өткен өмірді аңсады, мистика, қиял дүниесіне жүгірді. Буржуазия сол кезде
қожалықтарын әлі бекітіп болған жоқ еді. Сондықтан олар өмірдің барлық
тарауындағы өздерінің тілегендерін асыра көрсетіп, нықтанқырап, өз мақсаттарын
ұсынды.

Дамып, өсіп келе жатқан капитализмнен қысымшылық көре бастаған ұсақ
буржуазия, бір жағынан, өткен күнді аңсап, өткен күнді асыра дәріптесе, екінші
жағынан, қандай болары белгісіз алдағы күндерін де қиял етті. Бұл сықылды идея
және көңіл күйлері ол кездегі қоғам құрылысындағы зор қайшылықтар және белгілі
бір қоғамдық құрылыстың әлі толық үстемдік ете алмауымен байланысты еді.

Жоғарғы айтылғандардың жиынтығы әдебиетте романтизмнің дәуірлеп өсуіне әкеп
соқты.

Романтизм классицизммен, оның түр мен мазмұнға белгілі бір мөлшер
қоюшылығымен және жазу жөніндегі тәртіптерімен күресе отырып қалыптасты.
Романтизм кім қай тақырыпты таңдайды, оны қалай суреттеп береді, бұл жағынан
суретшінің ерікті болуын талап етті.

Шындық өмірден алыстап, болған нәрседен гөрі болуы керек деп аңсаған
нәрсесін суреттеуші романтик жазушылардың шығармаларында дағдыдан тыс тарихи не
географиялық жағдайларды немесе өзгеше бір жаратылыс не әлеуметтік орталарды
алатындары өте жиі кездеседі.

Олардың бұл сықылды ерекшеліктері адамның мінездерін суреттеулерінде де
мығым болып отырады. Романтикалық шығармалардың қаһармандары көбіне бір жақты
және өте асыра дәріптелініп суреттелді. Бұлар не болмаған күшті, не болмаған
әдемі немесе мүлде бұзылған, шектен шыққан, бұзақы, әйтеуір өзінің
жаратылысында не іс-әрекеттерінде көңіл аударарлық бір қасиеті болады.
Романтиктердің назарын аударған нәрсе де жайшылықтағы қалыптан үздік шыққан,
дағдыдан тыс ерекшеліктер. Олар сол ерекшеліктерді не жақсы жағынан, не жаман
жағынан көрсетті. Бірақ қалай көрсетсе де, дағдыдағы қалыптан өзгеше етіп
суреттеді.

Сонымен қатар жазушының жеке өз сүюіне әр қаһарманның бір жақты және
романтикалық мінездерін суреттеу үшін керекті (портрет, ым, кейіп, қимыл т.б.)
ұсақ жағдайлар да соған дәлме-дәл келтіріліп таңдалып алынған, оларда дағдыдан
тыс және өте асырып көрсетілді. Пушкиннің «Кавказ тұтқыны» романтикалық поэмаға
жатады, бұл романтика методымен суреттелген шығарма, сол сықылды және бір
мысал, Лермонтовтың «Демоны» да осы бағыттағы шығарма. Шындық болмысты
романтикамен суреттеудің қандай өзгешелігі барлығын аңғару үшін осы «Демонды»
сол автордың «Біздің заманымыздың қаһарманы» деген шығармасымен салыстырып
көрейік.

Психология жағынан Демон мен Печориннің бір-біріне үлкен ұқсастығы бар.
Бірақ Демонда сол психологиялық характер көтеріңкі күшті сезіммен, бір жақты
етіп және өте асыра дәріптеп суреттелген. Демонның образы фантазиямен ұштасып
жатады және оның өзін, былайынша айтқанда, болмайтын жағдайға әкеп, төтенше
халде етіп көрсетілген. Ал «Біздің заманымыздың қаһарманын» алсақ, ол шығармада
Печорин шындық түрде суреттелген. Романтикалық шығармалардың ішінде асқан
көркем, суретті поэма, романдар да көп кездеседі. Лермонтовтың «Демоны»,
Пушкиннің «Кавказ тұтқыны» тамаша көркем поэмалар боп саналады.

Жоғарғы біз келтірген мысалдар романтизмнің барлық түрлерін түгел қамти
алмайды. Әйткенмен бұл мысалдар романтикалық методқа тән негізгі ерекшеліктер
жөнінде кейбір түсініктер беруге жарай алады.

Бұл мәселені ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетіне жанастыра сөз етсек, романтизм
методына тән ерекшеліктерді де, оның прогрестік, регрестік түрлерін де
кездестіреміз.

Біз жоғарыда романтизм методына тән ерекшеліктің бірі өзі өмір сүрген
кезіндегі әлеуметтік құрылысқа не оның даму жолдарына ақын, жазушылардың риза
болмай, өзінше наразылық білдіруі, басқа бір өмір іздеуі, өзінің ой-қиялын
шығармаларында көрсетуі де соның нәтижесі дедік.

Осы тұрғыдан қарағанда, бұған ХІХ 
ғасырдың бірінші жартысындағы Махамбетті, оның айналасын, ХІХ ғасырдың
екінші жартысындағы Абай және оның жолын қуушылардың шығармаларын мысалға
келтіруге болады.

Махамбет өлеңдерінде романтизмнің элементтерін біз мол кездестіреміз. Ақын
өз кезіндегі хандық-феодалдық құрылысқа жай, әлсіз түрде ғана наразылық
білдіріп қойған жоқ, соны өзгерту үшін көпшілікті қарулы күреске шақырды. Оның
өлеңдеріндегі романтикалық сарынның негізінің өзі халық көтерілісінің рухынан
туған болатын. Халық көтерілісі де, оның жыршысы Махамбет те жеңіліске ұшырады.
Бірақ ақын күштің халықта екендігіне көзі жетіп, оның келешегіне нық сеністік
білдірді. Махамбеттің «Ұл туса», «Бағаналы терек жарылса», «Ұлы арман» дейтін
өлеңдері осыны көрсетеді.

Абай - қазақ әдебиетіндегі үлкен реалист. Қай жағынан алсақ та, Абай
реализмі өзіне шейінгі және совет дәуіріне шейінгі және совет дәуіріне шейінгі
реалистік көзқарастағы қазақ ақын, жазушыларының қайсысынан болсын шоқтығы
биік. Басқа елдердің ұлы реалист жазушыларына қойылатын шартты революцияға
шейінгі қазақ әдебиеті өкілдерінен Абайға ғана қоюға болады. Абай творчествосы
оны көтереді де.

Бірақ Абайдың өмір тануы, оны суреттеу әдісі негізінде реализм бола тұрса
да, оның шығармаларында романтизмнің элементтерін де кездестіреміз.

Абай өз кезіндегі ел билеу ісіне де, ескі феодалдық көзқарастан туған әр
алуан сұрқия мінез-құлық, іс-әрекетке де, пәлеқорлық, жауыздықтарға да наразы
болып қана қойған жоқ, барынша қарсы шықты. Ол реалист ақындар сапында
шындықтың бетін ашып, болмыстың картинасын терең көрсете білумен қатар, қоғам
даму жолдарының барысын дұрыс түсініп, халықтың болашағы өткен заманда емес,
келешегінде екендігін ұғынды, көпшілікті алға жетектеді. Қазақ елінің мәдениеті
алдыңғы елдердің қатарына қосылуы ерінбей еңбек етіп, мәдениет, оқу-өнерге
ұмтылып, ескіліктен түгел арылғанда ғана мүмкін екендігіне жұртшылықты сендірді.
Сөйтіп, Махамбет, Абай, олардың үндестері реалистік методпен прогрестік
романтизм методының негізгі элементтерін ұштастыра білді.

ХІХ ғасырдың екінші жартысында Абай, Алтынсаринмен тұстас, ескі феодалдық
көзқарасты қорғаған ақындарды: Шортанбай, Әубәкір, Мұрат т.б. алсақ, олар да
өздері өмір сүрген кезінде де, әлеумет өмірінің әр алуан жақтарына риза
болмады. Сондықтан «Заман азды, ел тоздының» гөй-гөйіне басты. Олардың
айналасына риза болмауы, наразылық білдіруі былай тұрсын, келешектен де үміт үзді.
Халықты алға емес, кейінге жетектеуге тырысты. Бар жақсылық өткен өмірде, баяғы
хандық-феодалдық заманда, келешекте қызығарлық та, көңіл аударарлық та еш нәрсе
жоқ деп, өткен күндерге бой ұрды. Кейбіреулері бұл дүниеден мүлде безіп,
діншілдік-мистикаға берілді. Әдебиетіміздің бұл ағымы кертартпа - регрессивтік
- романтизмнің түріне жатады.

  ХІХ ғасыр қазақ әдебиетіндегі
прогрестік және регрестік романтизм методын сөз еткенде, өмірге көзқарас жалпы
дүниетанушылық тұрғысынан тоқталдық. Ол ақындардың шығармалары көбіне лирикалық
толғау, сюжетсіз ұзақ өлеңдер болып келетін. Бірақ орыс не Европа
әдебиетіндегідей сюжетке құрылған поэмалар бізде  ХІХ ғасырдың ең соңғы кездерінде ғана туа
бастады. Егер қазақ әдебиетінің өз материалы негізінде романтизм стилінде
жазылған поэма, оның құрылысы, адам мінездерінің қалай жасалу жолдары жағынан
келгенде, Абай балалары Ақылбай мен Мағауияның «Қисса Жүсіп», «Медғат-Қасым»
поэмаларын ұсынуға болады. ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті тарихында шын мәніндегі
сюжетке құрылған романтикалық поэмалар деп осы екі поэманы айтуға болады.

Романтизм методына тән ерекшелік тек айналасына риза болмаушылық қана емес.
Оның басқа да толып жатқан ерекшеліктері бар.

Бірінші, романтикалық шығармаларда оқиға дағдыдан тыс мекен, өмірде кездесе
бермейтін жағдайда болады. Екінші, қаһармандары болған адамнан гөрі, болуы
керек не өте бір сирек кездесетін және қолынан жақсылық та, жамандық та
келерлік, сөзіне ісі сай, қатардағы жай адамдардан дараланып, ерекше көзге
түсерлік болып келеді. Үшінші, романтикалық қаһармандарға тән мінез - мейлінше
бірбет, қайсарлық; нені болсын олар жеріне жеткізе істейді. Ең ақыры, бұзылса,
мықтап бұзылып, түзелсе, бұрынғы әдетін мүлде қайталамай, мықтап түзеледі.
Жақсы көрсе құлай, беріле жақсы көреді де, жек көрсе, енді көрмес, қайырылмас
шекке шейін барады. Төртінші, қаһармандардың не портреттерін, не мінездерін
қарсыма-қарсы қоюшылық; сұлулық пен сиықсыздық, ерлік пен қорқақтық,
мейірімділік пен қаталдық тағы басқа осылар тәрізді екі шектегі мінез, көрік,
іс-әрекеттерді шендестіріп суреттейді.

Романтикалық поэмалардың қазақ әдебиетіндегі үлгілерінен, мысал үшін,
Мағауияның «Медғат-Қасым» поэмасындағы Қасым образына тоқталалық.

Қасым - өжет, қайратты, бірбеткей, қайсар, мейлінше, кекшіл; істерінің
қайсысы болсын ірі, жай адамның іс-амалдарынан онікі бөлек, ерекше. Медғат
Қасымды түтіктің (насос) астына қойып, судың қатты соққан екпінімен жазалап
жатқанда, еш дыбысын шығармай шыдайды. Жауына ол мейлінше қатал.

Мұрат пен Медғатты өлімге бұйырған жерінде жүрегі бір бүлк етпейді. Оның
көз алдына бұдан үш жыл бұрын өзіне Медғаттың қолданған ауыр жазасы елестейді.
Сол қаталдығын қолға түскен Ғазизаға да жасамақшы болады. Бұл жерде біз оның
мінездерінің бір жағын көрсек, Қасымды да, Ғазизаны да тәрбиелеп өсірген
мейірімді ананың сөзінен кейін Ғазизаның кінәсын ол кешіреді. Бұл жерде біз
Қасым мінезінің екінші жағын көреміз. Аңшылар қамап алып, мас жолдастарын
өлтіріп, өзін ұстамақ болғанда, ең алдымен ол Ғазизаны жау қолына қалдырмауды
ойлайды. Ғазизаны алдына мінгізіп, арқасын жау оғына тосады. Кейін бұларды
қамаушылар Ғазизаның сүйген жігіті Сәлім бастаған аңшылар екенін біліп,
тоқтайды да, осыдан аз-ақ бұрын өлімге бұйырмақ болған Ғазизаны туған
қарындасындай қадірлеп, өзіндегі барын бөліп береді.

Поэмада тек мінездің ерекшелігі ғана емес, көңіл қойып оқыған адамға
жоғарғы айтылған романтизмге тән ерекшеліктердің басқаларын да табуға болады.

Романтизмнің тағы бір түрі - революцияшыл романтизм.   Революцияшыл романтизм методын совет
әдебиетінде бірінші рет қолданған жазушы М.Горький деуге болады. Оның алғашқы
кездегі шығармалары Россиядағы жұмысшы табының революциялық күресімен үндес те,
ұштас та. М.Горькийдің аты мәлім «Дауылпаз туралы жыры», «Сұңқар туралы жыры»
тағы басқа әңгімелері осы романтизм методымен жазылған шығармалар тобына
жатады. Данко, Сұңқар, Дауылпаздардың көзсіз ерліктерін суреттеу арқылы ол
революциялық жолмен өмірді өзгертіп, қайта құрамыз деушілердің ерліктерін жыр
етті. Ұлы революцияның таяу қалғанына көзі жеткен, оның күшіне нық сенген
М.Горький өзінің «Дауылпаз туралы жырын»: «Соқ, дауыл, қаттырақ соқ!» - деген
жігерлі ұранмен бітірді.

Біздің совет әдебиетінің методы - социалистік реализм. Бірақ революцияшыл
романтизм методы біздің әдебиетімізге де жат емес. Оның элементі бар, болуы
керек те. Ол үшін жалғыз-ақ шарт, біздің әдебиетіміздегі романтизм социалистік
реализммен нық байланысты, бүгінгі өмір шындығына берік сүйенген романтизм
болуы керек.

Реализм - искусство мен
көркем әдебиеттің негізгі методының бірі. Реализмнің негізі - өмір шындығы.
Жазушы ақындардың бір алуаны шындықты көрсетуді негізгі нысанасы етеді де,
өздеріндегі бар мүмкіншілікті пайдаланып, шығармаларында өмірді толық, кең
түрде суреттеуге күш салады. Өмір, өмірдегі күрес, тартыс, іс-амал,
қарым-қатыстар шығармада айнаға түскен сәуледей әрі толық, әрі жанды болса
деген тілек қояды. Бұл идея, әдіс бір ақын не бір жазушы емес, әлденеше жазушы,
ақындарға тән. Осыдан келіп, олардың пікірлестік, әдістестігі, шындық өмір
құбылысын әдебиетте творчестволық жолмен іске асыру мәселесі туады. Міне, осындай
методпен жазуды әдебиетте, искусствода реализм
әдісі деп атайды.

Реализмнің элементі ауыз әдебиетінде де, классицизм, романтизм методымен
жазылған шығармаларда да кездеседі. Романтизм методымен жазылған шығармалардың
кейбіреуінде реализм элементтері мидай араласып, жігін ашу қиынға да түсетін
жайттар кездеседі. Әйтсе де айыруға, негізінде қай методқа жататындығын білуге
болады.

Реализмнің дамыған, толысқан кезі - ХІХ ғасыр. Қай елдің әдебиеті болсын
реализм методының ХІХ ғасырда дамуы кездейсоқ емес, қоғам өмірінің даму
жолдарымен нық байланысты.

Европада Бальзак, Флобер, Диккенс, орыста Пушкин, Тургенев, Л.Н.Толстой,
Гоголь, Гончаров тәрізді бүкіл дүниежүзі әдебиетіне үлгі болған ұлы реалистер,
қазақ әдебиетіндегі Абай - бәрі де ХІХ ғасырдың төлдері.

Реализмнің өзіне тән ерекшеліктері жөнінде классикалық тамаша анықтама
берген Ф.Энгельс:

«Реализм өмір шындығын дәл көре біліп, оның егжей-тегжейіне шейін дұрыс
суреттейді, суреттеп отырған ортасына сай, адам мінездерінің қалыптасуының
заңдылығына оқушылардың көңілін аударып және сендіреді. Типтік мінездер типтік
жағдайға тән етіліп беріледі»1, - деген болатын.

Гончаров өзінің «Обломов» атты романында бас қаһарманы Илья Ильич
Обломовтың өмірін сонау бала күннен бастап жазады, оның қалай тәрбиеленіп,
қалай өскендігін, қалай күн өткізетінін, ең ақыры оған Захардың ұйықты қалай
кигізгендігіне шейін қалдырмай суреттейді.

Сондай ұсақ жайттардың өзін суреттеу арқылы Обломовтағы кер жалқаулық
мінездің себебін, заңдылығын ашады. Үш жүздеген захарлардың еңбегін ақысыз
пайдаланушылық, өмір бойы иіліп көрмеушіліктің нәтижесінде осы сықылды адам
түңілерлік жалқаулыққа әкеп тіреді, айтулы обломовшылдықты туғызды. Сөйтіп, ол
типтік мінезді, типтік жағдайға тән етіп шығарды.

Қазақ әдебиетінің тарихында біз Абайды ең үлкен реалист  ақын деп танимыз. Бұдан Абайға шейін бізде
реализм болмады деген ұғым тумасқа керек. Болды. Махамбет, Алтынсарин сықылды
талантты ақын, жазушылар да өз кезіндегі өмір шындығын шебер көрсете де білді.
Бірақ Абай өмірге реалистік көзқарасты олардан гөрі де тереңдете түсті. Өмірдің
әр алуан жағына көз тігіп, типтік мінезді, типтік жағдайға дәл, сайма-сай етіп
іскерлікпен суреттей білді. Ол басқалар аңғармастай, кейбір ұсақ жайттарды да
көре білді. Суреттеген өмір құбылысы, адамдардың іс-әрекеті, психологиялық
жағдайларды көрсетуі, тіпті жеке сөз

__________________

1К.Маркс, Ф.Энгельс «Об
искусстве», том І, Москва, 1957, стр. 11

образдары - бәрі де
өмір шындығына дәл, соның бір жанды бөлшегі тәрізденді.

Мысал үшін Абайдың «Күз», «Қараша, желтоқсан мен сол бір екі ай», «Жаз»,
«Қыс» тәрізді табиғат лирикаларын алалық. Бұл өлеңдердегі сөз болып отырған
күз, қыс т.б. құбылыстардың өмірдің өзінде қандай болса, ақынның суреттеуінде
дәл солай болып шығуының өзі шындықты көрсетудің тамаша үлгісі десек, сол өмірдің
кейбір көзге ілінбестей жақтарын, бөлшектерін көре біліп, оның егжей-тегжейіне
шейін қалдырмай жете суреттеу арқылы оған оқырмандарының көңілін аудару және
сол шындықтың ішкі астарында әлеуметтік теңсіздік мәселесі жатқандығын
аңғартуында.

«Жаз» өлеңінде жайлауға шыққан бай ауылды суреттей келіп:

Жалшы алдаған жас бала,

Жағалайды шешесін,

«Ет әпер!» - деп қыңқылдап, -

десе, «Қараша,
желтоқсан мен сол бір екі ай» деген өлеңінде:

Қар жауса да тоңбайды бай баласы,

Үй жылы, киіз тұтқан айналасы.

Бай ұлына жалшы ұлы жалынышты

Ағып жүріп ойнатар көздің жасы, -

дейді.

Бұл өлеңдер 1886-1888 жылдар жазылған. Ол кездегі қазақтың
бай-феодалдарының еңбекші халықты қанауы, езуші мен езілушілердің арасындағы
тап теңсіздігі мәлім нәрсе. Бірақ Абай сол теңсіздікті үлкен адамдардың емес,
балалардың арасындағы теңсіздік арқылы көрсетеді. Әлеумет өміріндегі жалпы
теңсіздіктермен салыстырғанда, бай баласы мен кедей баласының араларындағы
теңсіздік оның бір көрінісі, бір бөлшегі ғана және сол суреттеп отырған
жағдайына  ол - тән шындық. Абайдың үлкен
реалистігі де, сол бөлшек арқылы әлеуметтік мәні зор үлкен мәселеге
жұртшылықтың көңілін аударуында, сол шындықтың негізі, яғни теңсіздіктің
түп-тамыры қайда жатқандығын оқушылары дұрыс ұғынуына көмектесуінде. Баладан
баланың айырмасы жоқ. Бірін қожа, екіншісін оған бағынышты етіп тұрған жайт -
байлық пен кедейлік. Экономикалық жағдай. Ақын әлеумет өміріндегі үлкен
мәселенің бөлшегін шебер суреттеу арқылы бүтінін айқын түсінуімізге
көмектеседі.

Реализм методымен жазылған көркем шығармалардың тарихи, әлеуметтік үлкен
мәні де, реалистік әдебиетті, оны туғызушыларды марксизм классиктерінің өте
жоғарғы бағалауының себебі де реалистік шығармалардың шындықты дәл
көрсетулерінің арқасында әлеуметтік теңсіздік мәселелерінің беті ашылып қалатындығында.

Реалист ақын, жазушылар өздерінің шығармаларында адам мінездерінің
сыр-сипатын ашқанда ешбір негізсіз жай долбар, топшылауға сүйенбейді, сол
мінездердің тууына, қалыптасуына негіз болған тіршілік жағдайлар қайсы, олар
сол дәуір, сол кезеңдегі қоғамның даму жолдарындағы тарихи ерекшеліктер мен
қоғамдық құрылыстың өмірдегі шындығына дәл келе ме, жоқ па, міне, осы
мәселелерді бірінші орынға қояды.

Реалист жазушылардың басқалардан үлкен айырмасының бірі - сол әдеби
мінездердің негізі, түптеп келгенде, әлеуметтік өмір тіршілігінде жататындығын
көрсетуінде.

XIX
ғасырда реализмнің бір түрі сыншыл реализм болды. Сыншыл
реализмге тән нәрсе әлеумет өмірінің жаман жақтарын батыл түрде шенеу, сынау,
оларды өткір сатира, мысқыл кекесіндер арқылы көпшіліктің алдына тартып,
жұртшылықтың ондай мінез-құлық, іс-әрекеттерден аулақ болуын мақсат етті.

Сыншыл реализмнің негізгі идеялық мазмұны - патриотизм, езілуші халық
көпшілігінің ауыр халіне жаны ашушылық, соны жеңілдетуге өзінің көркем
шығармасы арқылы атсалушылық.

Орыс әдебиетінде сыншыл реализмнің басты өкілі - Гоголь. Гоголь өз
дәуіріндегі әлеумет өмірінің жаман жақтарын мейлінше қатты сынады.

Гоголь - халқының ұлылығына да, келешегінің үлкен екендігіне де берік
сенген және өз халқын терең сүйген патриот жазушы. Патриоттық оның идеалының
негізі болды.

Бірақ ол өмір сүрген дәуірдегі помещиктік-крепостнойлық қоғам өмірінде
жазушының идеалын іске асыруға бөгет боларлық жайттар көп еді. Қоғамның
ілгерілеуіне кесел келтіруші өзімшілдік, қорқаулық, дүниеқоңыздық, өтірік,
өсек, жылпостық, не алуан ездік, 
қысқасын айтқанда, өмір құбылысында кездесіп отырған неше түрлі жаман
мінез, іс-әрекеттерді ол көре де, жеріне жеткізе сынап, өлтіре сықақ етіп
көрсете де білді. Ондағы мақсаты: суреттеген жағымсыз мінез, іс-әрекеттерге
қарсы оқырмандарының өшпенділігін күшейту, күреске шығуын аңсаушылық еді. Оның
«Өлі жандары», «Ревизоры» - осы идеядан туған шығармалар.

XIX ғасыр әдебиетіндегі сыншыл реалистердің қатарына Абайды қосуға болады.
Абай типтік жағдайға тән типтік әдеби мінез жасап қана қойған жоқ және оларды
өткір сықақпен мысқылдап, күлкі етті. Абай шығармасындағы болыс, би, ел
билеушілердің образдарын алсақ, баққаны қулық пен сұмдық, өз құлқынын ғана
ойлайтын, мейлінше өзімшіл және өз басы, кісілігі еш нәрсеге арзымайтын, ісіне
де, сөзіне де кермек күлкің келерлік адамдар. Оның «Дүтбайға», «Болыс болдым,
мінекей», «Бойы бұлғаң» өлеңдерін алсақ, ел билеушілерді суреттеуінде қаншама
зіл, зәр жатқандығын көру қиын емес. Атақты «Сегіз аяқ» өлеңінде әлеумет
өмірінің әр алуан жақтарын мегзей, шеней суреттеулерінің өзінен-ақ ақынның
қаншама күйінішті басынан кешіргендігін аңғаруға болмай ма? Осылардың бәрі
халық мұңы, ел тілегін ойлаудан туған көңіл күйі мен қайнаған зығыр ақынның
патриоттық идеалынан туған жайттар болатын. Қазақ елін мәдениетті ел етуді
арман еткен ұлы ақынға жоғарғы аталған өлеңдерде суреттелетін қулық, сұмдық,
жалқаулық, алауыздық т.б. «Ала жылан, аш бақа күпілдіктердің» сан алуан
сұрқиялық істері бөгеттік жасады. Сондықтан Гоголь тәрізді, Абай да өткір сатира
арқылы оңбаған іс-әрекет, мінез-құлықтарға қарсы халықтың ой-сезімін оятып,
майданға шығаруға тырысты.

Ақын бұл мақсатын орындау жолында кейде жығып, кейде жығылып жүрсе де,
келешекке нық сенді. Өз өмірін де, өлеңдерінің көпшілігін де жастарды
тәрбиелеуге жұмсауының өзі сол келешекке берік сенуімен байланысты.           

Искусство мен әдебиеттің өмірге қатынас, байланысын белгілеуде, оның әр
алуан құбылысын дұрыс көрсетуде ең негізгі, ең биік сатыдағы әдеби метод - социалистік реализм. 

Социалистік реализмге тән кейбір ерекшеліктер марксизм классиктерінің ұлы
еңбектерінде ерте кезде-ақ айтылған. Пролетариат революциясы жеңіп, жұмысшы
табы өкімет тізгінін өз қолына алғанда, ол қандай әдебиеттік принциптерді
ұсынуы жайлы Ф.Энгельс әлденеше құнды пікірлер айтқаны бізге мәлім десек,
кемеңгеріміз В.И.Ленин өзінің «Партиялық ұйым және партиялық әдебиет» атты
мақаласында социалистік реализмнің негізгі принциптерін айқын көрсетеді.

В.И.Лениннің іліміне негізделген социалистік реализм методының анықтамалары
әр кезеңге, әр жағдайға байланысты толықтырылып, дамытылып отырылды. 1925,
1932, 1946 жылдардағы КПСС Орталық Комитетінің қаулы, қарарлары әдебиеттегі
лениндік принциптерді жаңа жағдайға сай дамыту, тәжірибе жүзінде іске асыру
болып саналады.

1932 жылғы КПСС Орталық Комитетінің қарарынан екі жыл кейін, 1934 жылы
Совет жазушылары одағының бірінші съезі болып өтті. Съезде Совет жазушылар
одағының уставын қабылдады. Онда социалистік реализм туралы былай деді:

«Совет көркем әдебиеті және сынының негізгі методы болған социалистік
реализм жазушылардан шындық болмысты өзінің революциялық даму жолдарына
байланыстыра дұрыс суреттеуді, тарихи ақиқат етіп суреттеуді талап етеді.
Сонымен қатар, көркемдеп суреттеудің дұрыстығы және тарихи ақиқаттығы, адам
баласының санасын өзгертуге атсалысу, еңбекшілерді социализм рухында
тәрбиелеумен байланысты болуы керек.

Социалистік көркем творчествоның әртүрлі форма, стиль, жанр таңдаудағы
творчестволық инициативасын жарыққа шығаруына мүмкіншілікті мейлінше қамтамасыз
етуі керек».

Социалистік реализм әдісінің тууына негіз болған тарихи-әлеуметтік жағдай -
Россияда пролетариаттың революциялық қозғалысы өрістеп, революцияның негізгі
күші - жұмысшылардың таптық санасы ояну, ұлы күреске белсене, саналы түрде
араласу дәуірі болды. Өйткені революцияшыл жұмысшы табы қожалық етушілермен
белдесерлік ұлы күшке айналуымен байланысты өзінің жыршыларын да тарих
сахнасына ала шықты.

Социалистік реализмнің негізін салушы А.М.Горький Ұлы Октябрь революциясына
шейін «Мещане», «Жаулар», «Ана» шығармаларын жазды. А.М.Горькийдің бұл
шығармалары орыс әдебиеті және дүниежүзіндегі әдебиеттің даму жолындағы жаңа
кезең болды. Тақырыбы да, идеясы да, қатысушылардың араларындағы тартыстар да
бұрынғы әдебиеттерде кездеспеген жаңалықтар еді.

Совет өкіметі орнағаннан кейін, Коммунистер партиясының ұлы басшылығымен
социалистік жаңа өмір құру ісі қолға алынды. Социалистік экономикамыздың
дамуына ілесе мәдениет, әдебиетіміз де жаңаша дамып, ілгерілей түсті. Әдебиет,
искусствомыздағы үлкен жаңалықтың бірі социалистік реализм методының дамып,
беки түсуі болды. Совет әдебиетінде социалистік реализм методы бекіп, дами
түсті. Саны жағынан бұл әдісті қолдаушылар көбейіп, сапа жағынан жақсарып,
тамырын тез жая бастады. Октябрь революциясының кезінде совет әдебиетіне
көптеген ірі жаңа күштер келіп қосылды. Маяковский, Д.Бедный, Фадеев,
Серафимович, Фурманов т.б.

А.М.Горькийдің ізін баса шыққан совет ақын, жазушылары өмір құбылысын
социалистік ой-сана тұрғысынан түсініп, жаңаша суреттеді. Совет әдебиеті
коммунистік қоғамның жалпы халықтың идеалын ұсынды. Әдемілік идеалының биік
шыңы халық мүддесін жырлау, социализм, коммунизм құру ісіне атсалысу деп ұқты.
Жұртшылыққа осы идеяны насихаттады.

Социалистік реализм методы қанатын тез жайып, бірден-ақ тамырын тереңге
жіберді. Ұлы Октябрь социалистік революциясының жеңіс жылдарынан бастап, СССР
халықтарының әдебиетінде социалистік реализм методын қолдаушы ақын,
жазушылардың тобы күн санап көбейе бастады. Халықтар әдебиетінің кейбір ірі
өкілдері жалпы совет әдебиетіне келіп қосылды. Олар әрбір республикалардағы
мазмұны социалистік, түрі ұлттық әдебиеттерде социалистік реализм методының
ұйтқысы болып саналды.

Әрбір әдеби методтардың өзіне тән ерекшеліктері болатындығын біз
классицизм, романтизм, реализммен байланысты айттық. Сол тәрізді социалистік
реализмнің де өзіне тән ерекшеліктері бар. Әрине, ол ерекшеліктердің бәрін
қамту бұл кітаптың міндеті емес. Сондықтан тек негізділеріне ғана тоқталамыз.

Социалистік реализм методының негізгі принципі - әдебиеттің партиялығы.
Біздің совет әдебиетінің негізін салушылар өзінің алғашқы адымынан бастап
буржуазия искусствосы, әдебиетіндегі таптан тыс, партиясыз әдебиетті
үндеушілікке қарсы, партиялық, таптық әдебиет принципін ұсынды. Бұл принцип
көсеміміз В.И.Лениннің «Партиялық ұйым және партиялық әдебиет» атты
мақаласындағы негізгі принциптердің бірі болатын.

Совет жазушылары бұл принципті өздерінің творчестволық ісіне басшылық етіп
алды да, оны тәжірибе жүзінде іске асырды. Совет әдебиетінің тарихын алсақ,
әдебиеттің партиялығы үшін күрес негізгі мәселенің бірі екендігін көреміз.
Совет жазушылары өздерінің творчествосында, теориялық мақалаларында жұмысшы мен
еңбекшілер табының жырын жырлап, таяғын соғушылар екендігін ашық айтып, бойдағы
бар асылын солар үшін жұмсады, жаңа өмір құрушылардың игілікті ерлік істері
нәтижелі болу үшін көркем шығармаларымен атсалысты. Егер бұл принципке қарсы
шығушылар болса, майдан ашып, күреске шықты, тұқырта соққы берді.

Максим Горький, Маяковский, Фадеев, Фурмановтардан бастап, бүкіл совет
ақын, жазушылары өздерінің көркем шығармалары арқылы Коммунистік партия мен
Совет үкіметінің социализм, коммунизм құру жолындағы әр алуан саяси-шаруашылық
шараларын еңбекші халыққа ұғындыру, оларды іс жүзіне асыруда партия мен
үкіметке көмекшілік жұмысын атқарды. Коммунизм құрушы еңбекші халықтың бүгінгі
өмірін, ерлік істерін өз шығармаларында ақиқат шындық түрде көрсетумен қатар,
ертеңгісіне, коммунизмге, сендіре білді.

Әдебиеттің партиялық принципі мен советтік патриотизм мәселесін жырлау нық
байланысты. Бірін екіншісінен бөліп алып қарауға болмайды. Еңбек майданында
болсын, соғыс майданында болсын не мәдениет майданында болсын, совет
адамдарының жасы да, кәрісі де біздің совет әдебиетінде өз Отанына шын
берілген, оны тереңнен сүйетін адамдар етіліп суреттелінеді. Бұл - социалистік
өмір шындығы. Кешегі Ұлы Отан соғысында пулемет ауызын өз денесімен жапқан,
самолетімен бірге жанып, жаудың аэродромын өртеген, беліне гранат байлап, танк
астына түсіп, жау танкілерін қиратқан совет адамдарының тарих көрмеген
ерліктері жер жүзіне мәлім. Олардың сол минутта ойын кернеп, бойын билеген
жалғыз-ақ сезім - Ұлы Отанына деген зор махаббат, терең сүюшілік. Бұл ерліктер
өмір шындығы десек, совет жазушылары шығармаларында осы шындықты өз тұрғысында,
яғни социалистік реализм методымен суреттеді. Өйткені совет адамдарының бұл
тәрізді саналы түрдегі ерліктері бүгінге шейінгі романтизм методымен жасалған,
қиял дүниесі араласатын образдардан әлдеқайда мойыны озық, олардың ешқайсысының
іс-амалы совет адамдарының патриоттық қимылдарының деңгейіне келе де алмайды.

Бірақ совет жазушыларының тарихи рөлі өмір шындығын нақтылы шындық қалпында
көрсетуінде ғана емес (әрине, оның мәні зор), сол тәрізді әлемді таңғалдырған
совет адамдарының ерліктерінің негізгі себебі - коммунистік тәрбиеге,
Коммунистік партия бастаған социализм, коммунизм қоғамының ұлы идеясына берік
сенушілік екендігін терең түсініп, дұрыс аша білуінде. Алдағы нысанаға еркін
көзі жетіп, халықтық ұлы идеяға берік сенген адам ғана үлкен ерлік жасамақ,
керек болса, халықтық идея үшін өз басын құрбан етуге бара алатындығын шебер
көрсете алуында.

Біз бұдан әдебиеттегі социалистік реализм методы жазушылардың ойлап шығара
салған нәрсесі емес, социалистік өмір шындығының өзі туғызған заңды әдебиеттік
құбылыс екендігін көреміз.

Социалистік реализм методына тән екінші бір басты мәселе - әдебиетте
халықты көрсету. Бұл принцип те совет жазушыларының дүниетануы, өмірге
көзқарасынан туды. Совет жазушылары табиғат және қоғам өзгерістеріне
марксистік-лениндік тұрғыдан қарайды. Өмірге материалистік-марксистік көзқарас
- совет жазушыларының творчестволық тірегі. Бұл көзқарас қоғам дамуында
халықтың тарихи рөлін, мәнін жазушылар өз шығармаларында толық және шындық
түрде ашып беруге мүмкіндік береді.

Адам баласы тағдырын шешерлік бүкіл дүниежүзіндегі ұлы істердің, ұлы
өзгерістердің, адам баласының өрлеу жолдарындағы ірі табыстардың қайсысын алсаң
да шешуші жағдай - еңбек, еңбек иесі халық екендігі даусыз. Фабрикада, заводта,
шахтыда, темір жолда істеушілер - жұмысшы, еңбекшілер. Егін егіп, мал асырап,
олардың өнімімен жұртты ішіндіріп, киіндіретін - еңбекші шаруалар, солардың
ерлік еңбектері. Демек, еңбекші халық, өмірге тұтқа болушылар, көркемөнер мен
әдебиетте ең негізгі мәселе болып орын алуға толық праволы. Бұл совет дәуіріне
шейінгі көркем әдебиетте орталық  мәселе
бола алмады. Бұл тақырыпқа жазылған бірен-саран шығармалардағы еңбек адамдары
болса, әлсіз, пассивтік шеңберде ғана суреттелді. Еңбек иелері - халық тарихты
жасаушы күш дәрежесіне көтеріле алған жоқ. Бұл тек социалистік реализм методын
қолданушы совет жазушыларының ғана қолынан келеді.

Өмірдің қандай саласында болсын құдіретті күш - халық, еңбек ерлері
екендігін терең түсініп, оны бірінші орынға қою - социалистік реализм методын
қолданушы совет әдебиетінің негізгі нысанасы.

Еңбекші халықтың күш біріктіріп, ұйымдасқан түрде қимыл көрсетулері тек
кеше мен бүгін ғана пайда болған жоқ. Оның көрнекті үлгілерін революцияның ұлы
күндерінде туған совет әдебиетінің көрнекі үлгілерінен де кездестіруге болады.
Мысал үшін Серафимовичтің «Темір тасқын» романын алалық.

Бұл роман азамат соғысының ұлы күндерінің бір эпизоды - Тамань армиясының
тарихи ерліктерін суреттеуге арналады. Жазушы романында әуелде ұйымдасушылығы
нашар көпшілік халықтың біртіндеп тәртіпке келіп, бірнеше мезгіл өткеннен кейін
оның жеңілмес, берік ұйымдасқан революциялық зор күшке айналғандығын және сол
халықтың күрес үстінде революцияшыл ой-санасының да біртіндеп өскендігін
көрсетеді.

Сөйтіп, жалпы еңбекші халықтың ерлік істерін және олардың социалистік
ой-санасының біртіндеп өсіп, жаңа өмірдің белсенді, саналы құрушысы, қожасы
екендігін негізгі мәселе етіп көрсету - социалистік реализмге ғана тән
ерекшелік.

Социалистік реализм методының өзіне тән үшінші ерекшелігі - жоғарғы
айтылған өмірдің даму жолында жалпы еңбекші халықтың құдіреттей зор күш
екендігін негізгі нысанасы етумен қатар, солардың өкілі әдебиетте еңбек
адамдарының ұнамды образдарын жасау. Бірімен-бірі тығыз байланысты бұл екі
мәселенің екеуі де совет әдебиетінің бүкіл дүниежүзі әдебиетінің алтын
қазынасына қосқан үлкен үлесі деуге болады.

Ұлы Октябрь революциясына дейінгі қай елдің болсын әдебиетіне көз салсақ,
феодалдық, капиталистік қоғамда өмір сүрген талай дана, талай ұлы суретші,
жазушы, ақындар болғандығын да, олардың өз кезі, өз дәуірі және келешек үшін де
тарихи мәні зор үлкен еңбектер қалдырғанын да біз жақсы білеміз. Бірақ бүкіл
адам баласы мәдениетінің кірпішін қаласқан зор талант, ұлы күштердің
шығармаларындағы бір олқылық - еңбек адамдарын бірінші орынға қойып, оны
өмірдің құлы емес, ұлы қожасы етіп көрсетудің болмағандығы. Әрине, оған жазушы,
ақындар айыпты емес, бұны біз олардың өмір сүрген кезімен, жағдайымен
байланысты деп ұғынуымыз қажет.

Дүниежүзі әдебиет тарихындағы осы олқылықты толтырушы да, бұл мәселе
жөнінде бүкіл жер жүзі әдебиетіне жаңаша бағыт сілтеп, басшылық роль атқарушы
да совет әдебиеті.

М.Горькийдің «Ана» романындағы Павел Власовтан бастап, қазіргі совет
әдебиетінің жақсы үлгілеріндегі - М.Шолоховтың «Көтерілген тыңындағы» Давыдов;
Н.Островскийдің «Құрыш қалай шынықты» романындағы Павел Корчагин; Б.Полевойдың
«Нағыз адам туралы» повесіндегі Мересьев, Воробьев; С.Мұқановтың «Сырдария»
романындағы Сырбай, Полевой, Айбарша; Ғ.Мұстафинның «Шығанақ», «Қарағанды»
романдарындағы Шығанақ, Мейрам т.б. осылар тәрізді жұмысшы, колхозшы, оқымысты,
офицер, солдат образдарын алсақ - бәрі де коммунистік үлкен идеалды сөзде емес,
істе орындайтын адамдар. Олардың еңбектегі ерлігі, майдандағы батырлығы, тап
күресіндегі табандылығы алға қойған мақсаттарының жоғарылығына да, оның бүгін
болмаса, ертең орындалатындығына да күдіксіз, берік сенетін саналы
іс-амалдардың нәтижелері.

Социалистік реализм методын қолданушы совет әдебиеті еңбек ерлерін көрсетуі
керектігін бірінші съезде-ақ Горький ең келелі мәселе етіп қойған болатын.

А.М.Горький өзінің совет жазушыларының бірінші съезінде жасаған баяндамасында:
«...Біз кітаптарымыздың негізгі қаһарманы етіп еңбекті, былайша айтқанда, еңбек
процесін ұйымдастыратын адамды, біздің елімізді техника күшімен мейлінше
құралдандырып отырған адамды, өз тұсынан еңбекті өте жеңіл әрі өнімді етіп
ұйымдастырушы, еңбекті искусствоның қатарына шейін көтеретін адамды таңдап
алуымыз керек...» - деді.

Горькийдің бұл пікірі дәл кезінде айтылған тамаша құнды, даналық пікір
болды. Содан бергі совет әдебиетіне көз салсақ, қай тілде жазылсын мейлі, еңбек
адамдары совет жазушыларының роман, әңгіме, поэмаларында негізгі қаһарманы
болды, әлі де бола бермек.

Бұл айтылғандардың барлығы ұнамды образдар туралы. Бірақ социалистік
реализм методының ұнамсыз адам образдарын жасауда болсын, мінез-құлық,
іс-әрекеттерде сезілетін кейбір ескі өмірдің сарқыншағын көрсетуде болсын, бұл
мәселелерде де совет әдебиетінің өзіне тән ерекшеліктері бар.

Ең алдымен бұл мәселеде де совет әдебиеті әдебиеттің партиялық принципін
берік сақтайды. Социалистік құрылысқа, совет өкіметіне қас капиталистік елдер
бар кезде, олар әртүрлі жол, әртүрлі сұрқиялық әдістермен бірге өздерінің
зиянкестік, жаулық әрекеттерін аямай істеуге тырысатындықтарын және оларын
қалай, кімдер арқылы жасайтындығын көрсетіп, шындықтың бетін ашады.
Дүниеқоңыздары жіңішке жол, байқатпас әккілік, зымияндық әдістермен
жантүршігерлік жауыздықтардан жиіркенбейтін жаулардың іс-әрекетін
оқырмандарының көз алдына өз қалпында елестетіп, оларды жауларынан
сақтандырады, қырағылығын күшейтуге көмектеседі. Шейниннің «Ескі танысы»,
И.Цацулиннің «Атом қамалы» атты роман, әңгімелеріндегі әр алуан тыңшы,
зиянкестердің типтері, олардың жаулық, қаскүнемдік, қаныпезерлік істері бұған
дәлел. Бұлар жөніндегі үкім біреу-ақ, ол - Горький айтқан: «Егер жау берілмесе,
оны құртар болар».

Совет әдебиетінде кездесетін ұнамсыз образдың екінші түрі - адам
санасындағы ескіліктің сарқыншақтары, яғни өзімшілдік, жалқаулық, дүниеқорлық,
ұрлық, бұзықтық, маскүнемдік т.б. осылар тәрізді коммунизм орнату жолына
көпшіліктің аяғына шырмау, ісіне бөгет жасайтын жағымсыз мінез-құлық. Бұлардың
бәрі ескі қоғамның санадағы қалдығы, әлі арылмай келе жатқан бір көрінісі деп
біледі де, олардан көпшілікті жеріндіру, сақтандыру үшін сол қалдықтарды өмірде
кездесетін өзінің шындық бейнесінде шеней көрсете отырып, ол қалдықтардан арыла
алмаушыларды қайта тәрбиелеп шығару мақсатын алға қояды, көркем сөздің
құдіретті күші арқылы олардың ой-сезіміне әсер етеді. Адамның өмір
жолдарындағы  қатесі мен қылмысын жарқын
түрде көз алдарына елестетіп, сол жолға түсудің түпкі себептерін ашып көрсетеді
және ол қателіктерді қалай жойып, қайткенде қоғамға пайдалы адам болудың
жолдарын меңзейді. Оның ең бастылары - 
адал еңбек, жегіше іштен жеп жатқан, өрісі тар, келешегі кесілген
өзімшілдікті жеңу, өмірге әлеуметтік пайдасы тұрғысынан жарау т.б. екендігін
көреміз. Бұл адамға адамгершілік көзқарастың ең биігі, бұл тек социалистік
реализм методымен жазылған әдебиетте ғана кездеседі. Макаренконың
«Педагогикалық поэмасы», Погодиннің «Ақ сүйектері», Шейниннің әңгімелерінде
кездесетін кешегі қылмыстылар, бүгінгі еңбек ерлерінің өмірі, тағы басқа да
толып жатқан қайта тәрбиеленушілердің өткен өмір жолдары мен бүгінгі істері
бұған дәлел.

Социалистік реализм методы қоғам өмірінде кездесетін жағымсыз
мінез-құлықтарды көпшіліктің тергеуіне салып түзеу ісіне юмор, сатираны да мейлінше
қолданады. Сатиралық, юморлық өлең, әңгіме, фельетон, сықақтар қазір
социалистік реализм методының негізгі бір элементі саналынып, әдебиетімізден
белгілі бір орын алып отыр.

Социалистік реализм негізгі методы саналатын совет әдебиеті әр тілде жасалған
ұлттық әдебиеттерді социалистік бір мазмұнның айналасына біріктіріп, мазмұны
социалистік, түрі ұлттық жаңа мәдениет, жаңа әдебиет жасап отыр. Өйткені СССР
әр алуан ұлттардан құралған берік бір мемлекет десек, олардың өмірге көзқарасы
да, тілек-мүддесі де, көздеген нысанасы да біреу-ақ,  ол - адам баласының сан ғасырлар бойы аңсаған
ең бақытты тұрмыс - коммунизм қоғамын - орнату, сол үшін күрес. Егер көркем
әдебиеттің өмір сәулесі екендігі белгілі қағида болса, басқаша болуы мүмкін де
емес.

Біз жоғарыда көп ұлттық совет әдебиеті - советтік Ұлы Отанын тереңнен
сүйетін патриоттық әдебиет дедік. Орыс, қазақ, украин, грузин, мейлі қай ұлттан
шыққан жазушы, ақын болса да, советтік Ұлы Отанын өз анам, өз отаным деп
жырлайды, ұлтына қарамастан совет адамының қайсысы болсын Ұлы Отаны үшін өмірге
де, өлімге де әзір. Сонымен қатар совет әдебиетіне, оның методы социалистік
реализмге және бір тән ерекшелік - еліміздегі ұлттар достығын жырлау. Қай
ұлттың жазушы, ақындары болса да, ұлттар достығына шығармаларынан кең орын
береді.

Мысалы, украин жазушысы А.Корнейчуктің «Майдан» атты пьесасында әр ұлттың
адамдары Ұлы Отан соғысы кезінде майданда кездеседі: украиндық жігіт Остапенко,
қазақ Шаяхметов, орыс жігіті Башлыков, грузин Гомелаури т.б. герман фашистеріне
қарсы күрес күндерінде олардың араларындағы туысқандық, достық шындық түрде
суреттеледі. Соғыс өртінің ішінде бәрінің де ой-сезімін бірдей билеген советтік
патриотизм оларды бауырластыра, достастыра түседі.

Дәл осы тәрізді, орыс, қазақ, өзбек т.б. әр ұлттан майданда түйіскен совет
жастарының туысқандық достығын, советтік патриотизмін шебер суреттеушілікті біз
қазақ жазушысы Ғ.Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» атты романынан да кездестіреміз.
Романдағы Қайырғали (Костя), Петя, Володя, Вася, Шеген, Самед т.б. араларындағы
көрсетілетін достық - жазушының өзі ойлап шығарған нәрсе емес, біздің совет
өмірінің нақтылы шындығының сәулесі.

Социалистік реализмнің бесінші ерекшелігі совет әдебиетінің мәдени мұраға
қарым-қатысынан туады. Совет әдебиеті - өзінің идеясы жағынан да, методы
жағынан да жаңа әдебиет. Бірақ совет әдебиеті өзіне шейінгі жасалған мәдени
мұраларды жоққа шығармайды. Ол мұралардағы демократтық идеяны қолдап,
адамгершілікті үндеген, өз заманының айқын айнасы болып, бүкіл адам баласын
алға жетелейтін халықтық ой-пікірді қамтитындарын «өз мұрам» деп қарайды.
Оларлың керегін керексізінен аршып алып, сын тұрғысынан пайдаланады.

Қай елдің, қай халықтың болсын әдебиет тарихында ұлы жазушы, үлкен
суретшілері бар.

Олар өз халқын прогреске үндеп, оның әдебиетін ілгері дамыту, әдеби тілін
жасау істерінде тарихи мәні зор еңбектер қалдырды. Мысалы, Пушкин, Толстой,
Тургенев, біздің жағдайымызда Абай, Алтынсарин, Махамбет т.б. шын мәніндегі
көркем әдебиет өкілдерін атауға болады. Міне, осылар тәрізді өткен ғасырлар
қалдырған классиктердің мұраларын әділ бағалап, олардың халықтық, прогрессивтік
идеяларын жұртшылыққа молынан таратып, ұлы классиктердің тіл шеберлігі,
творчестволық іскерліктерінен өздері үйрене отырып, совет әдебиетін тарих әлі
көрмеген биікке жеткізуді мақсат етеді. Ұлы идеялы мазмұн мен асқан шеберліктің
түйіскен тамаша үлгілері қазір бізде бар да, бола да бермек.                      

Социалистік реализм методын қолданушы совет әдебиеті - дүниежүзіндегі ең
идеялы әдебиет. Үлкен идея үлкен түрді туғызатындығы белгілі қағида десек,
біздің әдебиетіміздің түр шеберлігі сол терең мазмұнымен нық байланысты.

            Қазір социалистік реализм методы тек
совет әдебиетіне ғана тән әдеби құбылыс емес, бүкіл дүниежүзі әдебиетінің
алдыңғы саптағы, прогрестік идеяны үндеуші барлығына тән құбылыс болып отыр.

            Олардың социалистік реализм методын
қолданып, адам баласының көпшілігі еңбекші, жұмысшы халықтың тілек- мүддесін
белсене жырлау дәрежесіне көтерілуге жол ашқан да, басшылық еткен де совет
әдебиеті, оның М.Горький, В.Маяковский, М.Шолохов, А.Фадеев тәрізді көрнекті
өкілдері болды.

            «Капиталистік елдердегі
прогрессивтік жазушыларды социалистік реализм методы қызықтырмауы, өз
туындыларында оны қолданбай қалуы мүмкін емес еді», -  деп, Н.Тихонов жазушылардың екінші съезінде
өте дұрыс айтқан.

            Совет жазушыларының бірінші съезінде
француз жазушысы Луи Арагон: «Советтер Одағы ұсынып отырған социалистік реализм
ұраны тек СССР ұлттарының ғана масштабы емес, бүкіл дүниежүзілік масштабты
қамтиды, социалистік реализмді француздардың революцияшыл әдебиеті, француз ұлт
мәдениетінің жағдайына сәйкес іс жүзінде асырады», - деп уәде берген болатын.

            Жиырма жылдан кейін Л.Арагон
«Коммунистер» атты социалистік реализм методымен жазылған көлемді роман берді.
Тағы сол тәрізді әңгіме, романдарды біз басқа елдердің әдебиеттерінен де
кездестіреміз.

            Совет әдебиетінің дүниежүзілік
әдебиетке тигізген әсері тек идеялық жағынан емес, оның көркемдігі жағынан да
осыны айтуға болады. Түр мен мазмұн байланысының заңдылығы да осында.

            Совет әдебиетінің ірі өкілдері әр
алуан адам образдары әркез, әр жағдайға байланысты шетелдің күрескерлеріне
көрнекті үлгі, айтарлық өнеге болды. Ұлы жазушы М.Горькийдің «Ана» романындағы
Павел Власов пен ана образдарынан революциялық ой-сананың қалай өсіп, қалай
қалыптасатындығын көрді, ұлы идея, зор мақсат үшін күресушілер қолға алған
ісіне саналы түрде кірісіп, қандай қиыншылыққа болсын төзе білу, көздеген
мақсатқа жетпей тынбау керектігін ұғынды.                                                

Күні кешегі көз алдымызда социализмге көшкен Европа мен Азия елдерінің
ішкі, тысқы жаулармен азаттық жолындағы халық күрестерінде А.Фадеевтің «Жас
гвардиясының» қаһармандары, М.Алигердің «Зоясы», Н.Островскийдің «Құрыш қалай
шынықты» романындағы Павел Корчагин образы тағы басқалардың ғажап тәрбиелік
мәні болды.

Кореяда «Жас гвардияның» үлгісінде партизан отрядтары құрылып, Зояның атын
қаһарман ерліктің  символы еткен.

Сол тәрізді, совет әдебиетіндегі сан алуан ұнамды образдар, коммунизм құру
жолындағы күрес ерлерінің қаһармандық іс-амалдары, күнбе-күнгі жеңісі
дүниежүзіндегі жұмысшы, еңбекшілерді қуантумен қатар, олардың үстемдік
етушілерге қарсы күресіне және келешектегі социалистік өмір тартысы үшін
игілікті істеріне айтарлық үлгі-өнеге болып отыр.

Социалистік реализм методының өзіне тән ерекшеліктері мен негізгі мақсатын
қорыта, түйіп айтқанда не екендігін, оның негізін салушы ұлы Горький совет
жазушыларының бірінші съезінде былай деп баяндады: «Социалистік реализм,
болмысты - деяние, творчество дейді, социалистік реализмнің мақсаты - жаратылыс
күшін жеңу үшін адамның дені сау болуы, көп жасауы үшін,  ұлы бақыт жер жүзінде орнату үшін, жер жүзін
бір семьяға ұйымдасқан бүкіл адам баласының тамаша мекеніне айналдыру үшін
адамның жеке басының өте бағалы қасиеттерін, таланттарын үздіксіз ілгерілетіп
дамытып отыру»1.