ВЕРНУТЬСЯ

    Қали мен Мейірхан орталықтағы мектепке жұбын жазбай бірге
келетұғын. Екеуінің де үй іші өзеннің арғы бетіндегі диірмен басында. Екінші
кластың мұғалимасы Сақыш апай бізге олардың достығын үлгі етіп, үнемі айтып
отырады.

Бала болған соң бір нәрсеге таласпай жүре ме?! Тіпті ренішті
қойып,   кейде  болмашыға 
шу  шығарып  төбелесіп қаламыз. Бір ғажабы, Қали мен
Мейірхан ерекше тату болатын. Тіпті білмейтін кісі екеуін егіз бе деп ойлайтын.
Қали қайратты да, Мейірхан әлжуаз еді. Сондықтан ба, Мейірханның сөмкесі
Қалидың қолында жүреді.

Қысқы демалыстан соң біздің класс түстен кейін оқитын
болған. Бір күні Мейірхан мен Қали сабаққа келмей қалды. Оқушылардың көпшілігі
тұмауратып жатқандықтан, класта он шақты бала ғана отырғанбыз. Мұғалима апай:

- Жылы киініп жүріңдер. Қар жемеңдер, суық тиеді,- деп
қайта-қайта ескертіп жатты.

Кешке жақын ауыл адамдарын аяғынан тік тұрғызған суық хабар
келіп жетті. Қали мен Мейірхан ұшты-күйлі жоғалып кетіпті! Ересектермен бірге
атқа мініп, өзен жағалап кеткен әкем ертесінде бір-ақ оралды. Суық сорған өңі
аппақ. Елеңдеп отырған үй-ішіндегілер әкеме шошына қарады.

- Таптым...- деп тісі-тісіне тимей сақылдаған әкем кенет
еңіреп қоя берді.- Құлындарым-ай, бір-бірін құшақтаған күйі...

Ауыл жанындағы әскери бөлімнің адамдары түнде келіп өзеннің
мұзын ойып, балық аулаған екен. Ертесінде үйреншікті жолмен келе жатқан Қали
мен Мейірхан таңғы мұнарда байқамай, соған түсіп кетіпті. Әкемнің айтуынша,
Қали алда келе жатқанға ұқсайды. Өйткені Мейірханның шолақ тоны мұздың үстінде
қалыпты. Сырт киімін шешкенге қарағанда, досын құтқармақ болған тәрізді...

Қайран, достық!