ВЕРНУТЬСЯ

    Шөптерге мөлдір шық тұнып,

Сүмбіле сырын ұқты
жұрт...

Шашылған сәтте ақ моншақ,

Өрмелеп шыңға шықты бұлт!

Жатпады ол Жерден хал сұрап,

Қаһарға мінді қамшыны ап!..

Сілтеген кезде...

Өзінің -

Көз жасы кетті тамшылап...

Айналды арты жаңбырға,

Ойласаң, бір гәп бар мұнда!

Көңілді қалдыр, қалдырма,

Өкпелеу бекер тағдырға!..

Айналды жаңбыр несерге,

Жаумаса бұлт - көшер ме?!

Жер-Ана жонын төсер ме? -

Жауыздық тілеп - осы елге!

Айналды нөсер - тасқынға,

Тасқынға Жерді бастырма?!

Жан бітіп еді тас-құмға,

Жер үйлер қалды астында!..

Сел жүріп, естен тандырды,

Босқан жұрт таңға қаңғырды.

Ендеше: "Жаусын!"...

"Жаусын!" - деп,

Тілейміз неге жаңбырды!?

Оғаш па жаңбыр тілеген?

Ыстыққа күйіп, жүдеген, -

Адамдар...

Жауын астында...

Риздық барын біле ме?!

Білмесе, көрсін жол шығып,

(Өсіп тұр жолда - он шыбық!)

Толассыз жаңбыр - береке!..

Тоқтамай жауса - молшылық!

Егін де шығар жайқалып,

Әйтседе, бірақ байқа, жұрт!

Табиғат кейде бергенін, -

Алады кері қайтарып!..

Болғанша оған - өкпелі,

Тәңірге табын Көктегі.

Өмірде бәрі - өлшеулі,

Есесіз нәрсе жоқ, тегі?!