ВЕРНУТЬСЯ

   Аққайың тұр - белі аздап құрысқан,

(Шошынғандай оқыс шыққан дыбыстан).

Күйінгеннен болды ма екен бұл түрі,

Біреулердің қырсығынан - жұғысқан?!

Аққайың тұр - бөксе жағы бүгілген,

(Ару сынды - тірлігінен түңілген).

Өкінішпен өксіп жылап тұр ма екен:

"Қорқады-ау, -деп, көрген адам
түрімнен".

Аққайың тұр - кеуде тұсы иілген,

Өңі - сынық, қас-қабағы түйілген.

Сырт пішіні салақ қызға ұқсайды,

Салғырт қарап, қалай-солай киінген.

Аққайың тұр - айдалада жалаңаш,

(Ару сынды ақшасы жоқ, тамағы аш).

Бұл да өмірдің болар, бәлкім өз заңы,

Ендеше оны айыптау да жарамас?!

Тағдыр заңы солай болса, сөкпеңдер,

Қайыңдар да бүр жарады - көктемде!

Сол үшін де ұқсатамын - қазақтың

Қыздарына - әрлі-берлі өткенде...

Сөз еттім мен келгеннен
соң ұтыры,

Қайың түрі неге мұнша - жұпыны?!

Ақын жазған "Ақбалтырлы қайыңдар"

Жүрмес пе еді ойнақ салып, құтырып!

Ойлап кейде осыларды - көз ілем,

Заман ғой бұл - алысқан өз-өзімен.

Көше кезіп жүрген
қазақ қыздарын

Нақ осынау қайың сынды сезінем!..