ВЕРНУТЬСЯ

      Жан Гүлнарым,
Жалғыз қызы інімнің.
Жұма ма
еді,
Қай күн еді бүгін күн?
Сейткерейді тағы да еске алайын
Тұра тұршы,
Асықпашы, құлыным!
Сен кетерсің
Ақ ботадай ноқта үзіп,
Бәлкім,
сенің
Алдыңда тұр
көп қызық.
Мен қалармын,
Жыл мүжіген бір жартас -
Ескі күнді көз
алдымнан өткізіп.
Мен сол күнге
Кәрі көзбен бір қарап,
Шыға алмаймын
Жас дәуреннен
шырғалап.
Қартайдым ба,
Кірпігімді күйдіріп
Бір жетім жас бара жатыр сырғанап.
Мынау кетіп бара жаткан сендей боп.
Бұл
дүниеден бүтін өткен пенде
жоқ.
Қимастықтың соғып өткен желі ғой,
Әрине, оған жасымайын мен де көп.
Ақын болып,
Көргенім жоқ кемсеңдеп,
Ғұмырымды
азайтсам да кем-кемдеп,
Жай әшейін көңіліме келер мұң:
- Әкең байғұс
текке асыққан екен,- деп.
Адал едің елге өзіңдей сенетін,
Еңбек десе,
Жаныңды да беретін,
Сол еңбегің шықсын сенің алдыңнан,
Періштеңдей
Қиналғанда келетін.
Сол еңбекпен
Қайда жүрсең еркін өс!
Еркіндіксіз босағаң
да беркімес.
Барын жұртқа
Үлестірген
Сейткерей,
Бүгін құр қол
Қалса дағы
өкінбес.
Сол қасиетті
Қайда жүрсең тастама,
Бақытыңды
Өз қолыңмен жасқама.
Қайда жүрсең,
Жолдас болсын жақсылық,
Жарылқаса,
Гүл бітеді тасқа да.
Ал, балапан,
Алаңдама тарт алға!
Асын ішсін
Алаңдамай
атаң да.
Қасиетті бол,
 Әулетіңдей адал бол!
Осы берер
Жасауым да, батам да!