ВЕРНУТЬСЯ

      Ел қорғаған батырларға ғашық ек,

Жылдар жылжы, мейлі, тіпті ғасыр өт.

Енді ешкім қара қағаз алмасын,

Қара қағаз - қағаз емес, қасірет.

Әкем менің соғыс жылы ондарда,

Арман болып Қоқан арба, жөнді арба.

Күн шықпастан ұзап шығып ауылдан,

Қара жолға телміріпті жондарда.

Шілде қақтап, жауратқан жоқ бізді ақпан,

Қайран атам, бізді атар жау сізді атқан.

Қара қағаз алған күні жоқтаулар,

Әке, сенің жүрегіңді сыздатқан.

Жұбата алған бірін-бірі «калқам» деп,

Сағынсам мен елге, әкеме тартам кеп.

Қадіріңді білмей жүрміз біз әлі,

Бір-бір уыс өскен жандар талқан жеп.

Бақыт күтіп ертеңгі атар тандардан,

Абдолла боп, отқа өртенді «жанды» арман.

Фашистерден қорықпаған бұл ауыл,

Қорыққан тек хат таситын жандардан.

Жерде өскен соң көк бұлақты, көк таулы,

Көрген жоқпыз мылтықты біз оқтаулы.

Ата орнына келген сондай бір қағаз

Біздің үйдің сандығында сақтаулы...

Ақиықтар тербеген кеңістікті

Өзіңменен, Жер-ана, жеңіс күтті.

Найзағайлар ағады ашуланып,

Біреулерден көрсе егер кемістікті.

Аққу құсты жаратқан текті қылып,

Тағы бір таң жиектен жетті күліп.

Қарашы, әне, бауырым, қыран болып

Өлең ұшып барады көкті тіліп.

Ақ самалдар, аймала, желпі мені,

Күйім бүгін жаңаша шертіледі.

Ақиығы боп қалу туған жердің

Сертім еді, дариға-ай, сертім еді,

Ұласса екен осыған ел тілегі...

Жүрегім-ай қанша
жыл жоқты іздеген,

Өткелдер-ай арынды өткізбеген.

Сағыныштан ертеніп тұрсам-дағы,

Жолдар, жолдар өзіңе жеткізбеген.

Жеткізбеген жолдар ғой қыр асатын,

Кекжиекке, сағымға ұласатын.

Тағдыр мынау қабағы ашылмайтын,

Сыбағасын бермеген сұраса ақын...

Бұлбұл да емен, қалқам, мен қыран да емен,

Қалмай қойды мұндылау бір ән менен.

Қожа Ахмет Йассауи тәрізденіп,

Туған жердің төсінде тұрам деп ем.

Қасиетті мекеннің теректері,

Қарсы алмадың, неліктен, елеп мені.

Өлеңшілер көбейген бұл ғасырда,

Жыр жазбай-ақ жүруім керек пе еді?

Алмаспын деп уақыттан озбай тыным,

Өз мақамын көкірек қозғайтұғын.

Армандаймын кейінгі ғасырларда,

Мұнара боп тұрсам деп тозбайтұғын...

1978 ж