ВЕРНУТЬСЯ

  Бұл кісі маған ара ағайын. Осыдан он шақты жыл бұрын қоңсы
отырғанымыз бар, ол кез ағамызға көмекші шопан едім. Содан бері де қанша уақыт
зулап өтті, ал Тілеумұраттың мен білерге дейінгі кешкен тірлігінің хикаясы өз
алдына. Туған топырақтан жырақтап жүрген соң, қолым қалт еткенде елдегілерді
еске түсіріп, бүгіндері Тілекеңді ақ сақалды, қобыраған үлкен шал болған шығар
деп ойлап қоятынмын. Бұрынғының сүйегі берік адамы ғой, сол баяғы қалпынан
кішкене ғана айныған, иегінде бір тал қылы жоқ (көсе екенін ұмытқанмын, сірә),
бойы сырықтай жігіт сымбатынан айрылмаған ағамыз қаладағы пәтерімізге
әлдекімдердің сілтеуімен келіп тұр. Ауыл-аймақтың аманшылығын сұрап,
тұрмыс-тіршіліктері жайлы көп жаңалық еститін болдым-ау деп қуанып қалдым. Ол
кісі баяғысынша сырбазданып жай сөйлейді, жұмсақ сөйлейді, жетпістің желкесіне
мінгеніне талай жылдың жүзі өтсе де өзіме таныс дағды-қимылы. Екеуміз
жағдайласып, оны-мұны түртінектей сөз етісіп біраз отырдық. Тартынып сөйлесе де
ауыз ашқан сайын бисмилласын қалдырмайды.

-
Құдайға шүкір... Құдайға шүкір...

Әңгімені
одан әрі қарай желілеп кетуге құлықсыздығы да бәз-баяғы, өзгерісі - тіліне ең
алдымен құдай аты түседі. Дегенмен, ауыл аралас, қой қоралас көрші отырған
кездері ағамыздың әңгімесін суыртпақтап айтқызғанмын.

Жазғытұры
қырқымға қой айдай шыққанбыз, сол көктемде ыстық ерте түсіп кетті де жабағы
жүндерінен арылмаған саулықтар жүрген сайын ұйлығып ісіміз өнбеді, ақыры
баратын жерімізге жете алмай далада қондық. Кешкі салқын мен түнді пайдаланып
желдірте айдауға өзіміз де қалжырағанбыз, оның үстіне қызыл іңір түсісімен
шыбын-шіркей көбейіп, күн жеп келе жатқан бізді әбден діңкелетті. Сосын, қарсы
соққан құмшауыт қабақтың баурайына қисая-қисая кеткен едік. Дорбамызда бар
айран-шалабымызды ішіп, нанымызды талғажау 
ете жатып әрнеге ой қашады. Көзіміз ұйқыға кеткенше түрлі тірлікті сөз
еттік. Ертеден бері қолы қимылдаса "ақұдай шүкірін" аузынан
тастамайтын ағамыздың соғыс жылдары айтулы қашқын болғаны есіме түсіп, ол
жөнінде сұрамақшы болып біраз оқталдым. Қайбыртыпотырғаным, бұл кісі адаммен ащыласып көп сөйлеспейді, тағы да
әңгіменің қашақ өміріне қарай ойысса тілдесуден қаласың дейтін жұрт. Осылай
әрі-сәрі күй кешіп жатқанымда көкейіме кептелген жастық қызығушылығымды
байқатуыма өзі түрткі болды.

-
Осы сені мейрамнан соң әскерге барады дей ма?..

Қуанып
кеттім, жақында ауданда болып шақыру қағазымды қолыма алғанымды, қазір
колхозбен есебімді айырысып, буынып-түйініп жүргенімді, ретін салса қой қырқымы
бірыңғайланғасын ағайын-туманы аралап шықпақ ниетім бар екеніне дейін
білдірдім.

-
Ә-ә, оң болсын, - деді ағамыз. - Ел аман, жұрт тынышта қатарыңмен ойнап-күліп,
үкіметтің сілтеген жағына барып қайтқанға не жетсін.

Не
дегенде әңгіме желісінен айрылып қалмас үшін осы төңіректі сауалдарымды
үшкірлей беремін.

-
Қайдам, күніңе асатындай беретін мамандығы жоқ, оқытып біліміңді көтерсе
кәнекей әйтеуір, екі жылды сарп етіп барып қайту ғой...

-
Е-е, бала, көппен көрген ұлы той де де жүре бер... Қалған шаруаңды сосын-ақ
үлгеріп аласың. Заманың жарасып тұрғанда әрі-сәрі әңгіме айтып қайтесің...

-
Иә, иә, жәй айтқаным ғой, - деймін. - Біздің бүгінгі тірлігіміздің сіздің
уақытпен салыстыруға бола ма?..

-
Не айтатыны бар, аштық, сосын соғыс, қалған өміріміз қара қойдың ізінде
салпақтаумен өтті ғой.

-
Аға, кеуіліңізге келмесін бір әңгіме айтайын. Осы сізді соғыстан қашты деп ел
айтады ғой, рас па? - деп тәуекелге бел будым да іштей арбасып жата бергенше
ұштығынан бір шығайын деп көкейімдегі сауалды қойып қалдым.

Ағамыз
күліп жіберді. Күлгенде дыбысын қатты шығармай, лекітіп отырып ұзынсонар
бүлкілге басты.

-
Бағанадан бері осылай деп төтелейтініңді топшылап отырғам, ақыры шыдамың
жетпеді білем. - Бет аузын орамалымен жайпай сүртіп шыққасын байыппен маған
қарады. - Дегенмен сен таза көңілді бала екенсің, жұрт қулығын асырып
сөйлетемін десе, сен төбеден ұрғандай қылып дыңқ еткіздің... Халықтың қараңғы
кезі ғой, олар да соғысқа үкіметтің сұрынан айбынғасын амалдың жоқтығынан
барған шығар.

-
Ау, кітаптарда өз еркімен арыз жазып сұранып кетті де, майданда ерлікпен қаза
тапты деп жатады ғой...

-
Шынымен бала екенсің ғой... Ол бір кіріп-шығарыңда арыз жазып жүретін қызмет
дейсің бе?.. Ол кез халықта "Өз еркіммен соғысқа жіберіңіз" деп
жазатын сауат бар ма, кәдімгі "айда шап" қой...

-
Сонда біз білетіннің бәрі өтірік қой?

-
Қарағым, осы әңгімені қояйық та, жатып деміңді ал...

Сол
жолы ағамыздың қылқылдап қыр ізінен қалмай қызықты деген бір оқиғасын айтып
беруін өтініп жаттым да жабыстым. Маған бұл кісі ренжіп ашу шақырды ма, жай
ғана қашқалақтап бас сауғалап көрді де, одан ештеңе өнбесіне көз жеткесін,
саған әңгіменің қандай түрі керек еді дегендей сыңай байқатты.

-
Қашақтардың арасында қатыгездік кездесетін шығар, - деймін.

Тілеумұрат
"қайсыбірін айта берейін" дегендей сөзін неден бастарын білмей
дағдарып біраз отырды. Үндемей қалуға менің көңілімді қимай басын шайқай-шайқай
береді.

-
Қыстаудан көшпес бұрын біздің үйге астында жирен аты бар түбіті шыққан сабалақ
теріден түлкі тымақ киген, алпамсадай шалдың қонаққа келгені есіңде бар ма?

Мен
ұмыта қоймағанымды сездіріп дыбыс бердім.

-
Білсең сол Мәуенің Ишаны деген адам. Соғыс жылдары біз сол кісінің қол астында
болып, ізімізге түскен қуғыншыларға шалдырмай жүрдік. Ишанның мынадай бір
айтқан әңгімесі бар-ды...

Мен
қашақ аузынан естігелі отырған хикаяны түгелдей зердеме тоқып алу үшін жатқан
жерімнен аунап түсіп, басымның астына салған ердің көпшігін баурыма ала
етбеттеп жаттым.

...Талай
жыл қашақ болып ел тонаған, бұл өңірдің қойшы-қолаңдарын аш қасқырдай
бөріктірген Ишанның да көкірегінде қалған бір өкініші бар екен. Қанша рет
қатыгездікпен бетпе-бет ұшырасқанда қолы қалт етпейтін тіні қатты жан сол күнгі
оқиғадан соң түн ортасында "ойпырмай" деп төсегінен үш оянған дейді.
Жаны қинала бергесін ішін жегідей жеген оқиғаны қалған қашақтарға айтып, ұзақ
күрсініп, таң алдында ғана көзі ілініпті.

Соғыс
жылы екен. Ишан көбіне ел тонауға өзі шықпайды, бірақ жемтігін алатын жерді
шамалап өзгелерге жөн сілтеп отырады. Салт бас, сабау қамшылы жүргендіктен тал
түсте ауыл-ауылды төңіректеп келуден қымсынбайды. Далада жайылып жатқан малдың
өрісін бағдарлайды, ұрымтал ой-шұқырды қарастырады. Осындай жортуылы кезінде
суыт бара жатқан жас жігітке көзі түседі Ишанның.

Жігіттің
үстінде әскери киім болғанмен, астындағы ақ жабулап тастаған атына, жетегіндегі
қоршаулы түйесіне қарап бұны қашақ қуып жүрген ГПУ-дің адамы екен деп ойлау
мүмкін емес-ті. Жиегімен жіңішке соқпақ ирелеңдеп өтетін жиде-қамыстың арасында
осының бәрін көз алдынан өткеріп қашақ ұзақ тұрды. Жақындап қалғанда аңғарды, жігіт
жиырмалардан аса қоймаған уыздай жас. Бәрінен де үстінен су төгілмес айдау
жорғаның аяқ алысы бөлек екен, ізіндегі атан кезегесін кейін тартпағанда шапқан атты ілестірмейтін сыңайы бар.
Алғашында шиті мылтығын жігіттің жүрек тұсына қарай кезеп тұрған Ишанның ойы
сан-саққа жүгірді: қаныпезер қарақшы дегенмен бұл да адамның баласы ғой,
жап-жас жігітті тасада тұрып сұлата салуға жүрегі дауаламады. Тым-тырыс қала
берейін десе көздің жауын алатын боз жорға қол созымда тайпала тартып барады.
Осылай аңтарылып тұрып жігітті оқ жетер жерден жіберіп алды. Өзімен-өзі қалған
соң да уысынан сусып кеткен олжасын қимай, сәл жерден ынжықтық жасағанына
қынжылды. Ақыры, жүрегін жанып өткен зұлым намыстан соң тастай түйініп, қамысты
жағалаумен бір бүйірлей шауып жолаушы қауіп алмастай қашықтықтағы терең қобының ішімен қапталдасып еріп отырды.

Сырдың
бойы қай уақытта да бопсалаң, тұяққа тиетін татыры жоқ та, ептеген ақ шаңдағы
бар. Ол араның ой-шұңқыры талай жортқан қашаққа бесенеден белгілі, қол басында
көрінген биік белестің астында шеңгел араласа өскен нар қамыс тағы бар. Бұл
сыдырта шауып сол қалыңның ішіне орайласып алып жол тосты. Ештеңеден қауіп
алмаған жігіт әскери гимнастерканың омырауын ашып тастап, жорға үстінде өлең
айтып көңілді келеді екен. Оның ашық та әуезді даусына Ишан еріксіз құлақ
түрді, өйткені, өмірі  қуғын-сүргінмен
өткен қашақтардың ән естімегені қашан. Солдаттың сазында туған жеріне деген
сағыныш, ғашық жүректің зары бар. Ертеден әнге елтіп қапталымен шапқан аттың
дүбірін де естімегендей. Бұл жан жүйесін босатып бара жатқан сиқырлы дауысқа
байланып-маталып біраз мүдірді. "Шіркінге дауысты бере салған екен"
деп тамсанумен тұрғанда әнші жігіттің тағы да қара үзіп бара жатқанын білді.
Құлағында самал желдей ескен әуен, көзінің алдында былқылдай басқан боз жорға,
ақыры егесе келген Ишанды қарақшының қатыгездігі жеңді. Айдау жорғаның үстіне
мінсе, мұның да кеудесі кеңейіп, төңірегімен қалықтап ән ұшатындай. Қалай
қылғанда да жорғаны қолға түсірмекке бекінді. Алаңсыз кетіп бара жатқан
жігіттің ту сыртын айналып көздеп көрді, қолы қалтырайтын емес. Одан әрі
кідіруге кеш қалатындай түрі бар, тартып жіберген шүріппені.

Сол
сәт боз жорғаның құрбандығына жығылған жігітке қарауға жүзі шыдамай назарын
төмен салған. Ән жіптей созылып барып үзіліп қалды. Жігіт апыр-топыр атынан
аунап түскендей... Өмірінде адам қанын мойнына жүктеуі бірінші рет емес еді, Ишан
көкейін кескен боз жорғаға қарай қол созды. Ат осқырынса да қашпады, бірақ тұла
бойы қалш-қалш етіп қасқыр көргендей құлағын қайшылап тұр, сағағынан ала бере
тыныштала қалды. "Әуп" деп қарақшы ерге қонғанда жүрісті жануар
жыландай жылыстап ала жөнелетіндей... Бұл ұзынынан құлап жатқан жігітке де,
бұйдасын үзе тапырақтай қашқан түйеге де бұрылмастан тартып кетпек еді.

-
Тоқта, - деді беймәлім дауыс.

Ишан
селк ете қалды. Өйткені, үн әлдеқалай елсізде қалған моланың ішінен шыққандай
суық екен. Құлаған жігіттің жаны кеудесінде қалғанмен келеге келмесін сезген
еді, зер салып көрген әлгі оққа ұшқан солдат қос қолын тірей кеудесін жерден
көтерген екен, екі көзі шоқтай жайнап, мұны ішіп-жеп барады.

-
Аға, мені сіз аттыңыз ғой...

Ишан
үндемеді.

-
Соғыста жауған оқтан аман жүргеніме бұл қалай деп таң қалушы едім, мені туған
жерімнің топырағы тартып тұр екен ғой. Енді қайтейін. - Жігіттің одан әрі
сөйлеуге дәрмені жетпей қолы бүгіліп кетті. Топырақтың үстіне ұзынынан сұлап
дөңбекшіді. - Не істедің, аға. Керегі ат болса берер едім ғой... Келіншек
әкелуге бара жатқам...

Қоршаулы
түйенің кім үшін екенін Ишан сол арада білді, жігіттің он екіде бір гүлі
ашылмаған бойдақ, демалысқа келіп бұрыннан атастырып қойған қалыңдығын
әке-шешесінің қолына түсірмек болған, бірақ тағдырдың жазуы басқаша түсті.
Сірәсі, ат та өзінікі емес, әбзелдеріне қарағанда колхоздың басқармасы болса да
ауылдың бетке тұтарларынан сұрап алған.

-
Міне, қарағым, саған қатыгездік керек болса, - Тілеумұрат орнынан тұрып, өріп
кетуге оқталып жатқан отардың арғы басын айналып кеткен. Бірғауым жүрген соң
құм үстіне қисайып, желбегей шапанын үстіне жамыла бергенде оның күрсініп
қалғанына дейін аңғарып жатырмын.

-
Ойпырмай, жауыз адам екен ғой, - деймін осыдан үш-төрт ай бұрын Тілекеңнің отбасында
болып, кәделі малын жеп аттанған адамды көз алдыма елестетіп. - Сол кісінің
сұрқы әлі де қорқынышты.

-
Жауыз ғой дейсің бе?.. Оның рас еді. - Мұнан кейін ағамыз бүркеулі бетін ашпады
да, қайталап тіл де қатпады. Сол болмысымен-ақ ай астында көмулі жатқан көмбе
сияқты болып қомақты көрінді. Әлі де осы адамның қыртыс-қалтарысындағы құпия
сырды білгім келеді, бірақ көмбенің аузы ол кезде құлыптаулы болатын.

Көптен
көкейімде жүрген Тілекең мінәйі себептермен отымның басына өзі келді. Ағайын
мен ауылдасты таңдап ала алмайсың, кім-кімге де қолымнан келер құрметімді
көрсету менің борышым. Шай-тамағымызды іштік, маған қарасты шаруасын бір мезгіл
уақытымды жұмсап бітіріп бердім. Жүрер аяққа асқайырған соң біздің шаңырақта
өткен өлі әруақтарға арнап құран оқыды. Олардың рухына деген ниеті түзу болса
жарар да, қол жайып бәтемізді жасадық.Кәделеп келмесе де шаруасымен жүрген
біреу ғой деп тосырқамай қарсы алып, сый-сияпат білдіргеніміз үшін алғысын айтып
жатыр. Бірақ поезға таң алдында мінбесе, сол мезетінде жүріп кететіндей сыңайы
жоқ екен, сонымен төсек салдырып, екеуміз бәз-баяғы қалпымызша төргі бөлмеге
қатар орналастық.

-
Бұрын-соңды поезға мініп-түсіп жүр ме едіңіз? - деймін Тілеумұраттың ертеңгі
тірлігін де ойлап.

-
Е-е, талай жортқан поезымыз емес пе?..

Бұл
шал бұрын-соңды әңгімені шашау шығармай сөйлейтін еді, енді сонау бір жылдары
қашақ болғанын жасырып жатқан жоқ. Уақыт бәрін де өз қолымен емдейді деген
сарас әңгіме, сонда да пысықтай түспекпін.

-
Қалайша? - Қашақтардың поезда да жүргенін естіп-біле тұрып әдейі сұрақ
қойғаныма қысылып қалдым. Бірақ ағамыз менің кешелі-бүгін көрсеткен құрметіме
ықыласты ма, сөзді өзі қозғады.

-
Сен баяғыда қашақтар жайлы әңгіме сұрап ізімнен қалмаушы  едің-ау...

-
Оныңыз рас-ты...

-
Осы поезға мінген күні бір оқиға ойыма түсті. Елден оқшау тірлік кешсең адам
баласының көрмейтін бәлесі жоқ екен. Ұйқың келіп жатқан жоқ па?..

-
Жоқ. Қайта  әңгімеңізге құлағым сусап
жатыр...

-
Құлағың сусаса тыңдай ғой...

...Қашақтың
сүйенгені - сақтығы мен батылдығы. Із кесіп, қашақ ұстаймыз деген ГПУ-дің
адамдары өріп жүргенде басқан қадамың санаулы болу керек. Сондықтан, тамақ
іздеп жортуылға шықсақ шұбырмай, жалғыз-жарымдап кезекпен кетеміз. Жаз айлары
жылы мезгілде даланы торуылдасақ, қысқа қарай теміржолға жақындап қоныс
тебеміз. Сол, ұмытпасам, соғыс бітеді деген жылы-ау деймін, Сапаш станциясынан
оншақты шақырым жердегі "Қопалы" деген тартылған ескі көлдің
табанынан жертөле қазып, қыс бойы сол араны мекен еттік. Жері жайсыз, айналасы
батпақ, миы шыққан "Қопалыға" қашақ тығылады деп ешкім ойламайды. Біз
үшін де ыңғайлы орын, поездан қолға түскенді жеткізу оңай.

Бір
күні жертөлені жағалай жайлаған қашақтарға азық тауып қайту кезегі маған келді.
Шамамыз келгенше адамға айбат шегіп, өз бетімізше ешкімге ұрынбаймыз, өйткені
кісіге қолың тиген сайын қылмысымыздың ауырлай түсетіні белгілі. Әлі құдайдан
үмітіміз бар. Көзіне түсіп қалсақ, прәуәдниктерге де көп қарсылық жасамай,
дұрысы вагоннан ың-жыңсыз түсіп кеткен.

Қысылып-қымтырыла
жүріп, бір бекеттің тұсында жолаушылар поезына табаным ілікті. Түннің іші еді.
Ол кезде вагондардың өзінде білте шам секілді қаракөлеңке бірдеңе жанып
тұратын. Айналама көзім үйренгенше тасалап біраз отырайын, соғыстың уақыты ғой,
қалжырамаған жан бар ма, прәуәдниктер есігін ашық тастап, көбіне ұйықтап
қалады. Бажайлап көзімді салғам, жұрттың бәрі де ұйқы құшағында, тек бір көпенің
ішінде көзін ілмей  әлденемен аңдысып
әйел отыр. Қасында тіні берік ақ жіппен шандып буған қағаз қапшығы бар.
Анда-санда қолымен басып көріп қояды. Кімнің қандай зат арқалап бара жатқанын
адамдардың қас-қабағына қарап сонадайдан жаздырмай білетін қашақтардың
сезімталдығы болады. Мен әйелдің әлденеден қауіп етіп, көз ілмей отырғанынан
оның азық арқалап бара жатқанын топшылағандаймын. Оңтайын күтіп, көзден тасалау
жерден зерделеп қараймын. Әйел қозғалмайды. Менің мақсатым - поездың разъезд
қарасына  тоқтағанын пайдаланып қапты
жұлып ала қашу. Айтқандай, белгілі бір бекетіне жете бере вагон дөңгелектері
шықырлай бастады да, әлгі әйел менің аңдығанымды сезіп қалғандай қапшығын
баурына тартып алды. Поезд тоқтады. Прәуәдник жатқан кепесінен шыққан жоқ. Енді
кешіксем қайтадан жүріп кеткелі тұрмыз, сондықтан тәуекелге бел будым да, қапты
әйелдің қолынан жұлып алып, есікке қарай жанталаса ұмтылдым.

Одан
кейінгісін білмеймін, әйелдің зар еңіреп ізімнен жүгіргені есімде, бірақ поезд
қозғалып кеткесін түсуге батылы жетпеген, әрине. Қапты иығыма өңгерген күйі қалың
қамыстың арасына қойып кеттім. Бұл арадан түн баласына із кесу қиын. Өзімізге
қамыстың сындырылған басы, шошқа кетектер арқылы жасалған белгілер бар, соларды
қуалап, өкпем өшкенше жүгіріп келемін. Осылайша дарияға таядым. Сол маңайда
өткен-кеткен сайын демімізді алатын биік жартастың ықтасыны бар еді, айдың
жарығымен қолға түскен олжамызды да бір қарап алатын орнымыз еді. Өйткені азық
деп алып шыққанымыз өзге бірдеңе болып шықса, қолымыздағы затты сол орынға
тастай саламыз да жортуылға қайта аттанамыз. Қаптың салмағы да бар, сыртынан
ұстағанда былқылдақ, ет шығар деген дүдамалдау оймен аузын шештім. Ішіне
қолымды ендете салып, оралған шүберекті жайменен жаза бергем, аза бойым қаза
болды. Менің қолыма бұрын-соңды кездеспеген құбыжық ілінгендей. Кейінірек
шегініп тұрып, жүрегімді тоқтаттым да, білегіме дейін сұғып жіберіп тағы
байқастадым. Кішкентай баланың басын ұстағандаймын. Шынымен солай болып шықты.
Оны білісімен жерлеудің қамына кірістім. Сол төңіректе қашақтар үшін қажет
болар деген күрек-кетпендер бар еді, шақылдатып жүріп жартастың түбінен қол
басындай жер ойдым-ау. Баланы ораулы күйінде соған көміп, бишараның бейкүнә
жаны үшін құран оқыдым.

-
Баланы қапқа салғаны несі?

-
Өлген адамды поезға алдырмайтын көрінеді ғой заңында, затқа ұқсатып орап алғаны
да сондықтан шығар... Жолда баласын өлтіріп алып, еліне жете алмай тарығып келе
жатқан әйел-ау деймін.

-
Мұндай қияметтер ойыңызға оралған кезде қиын шығар, аға?..

-
Е-е, қарағым-ай, - Шал шамалы үнсіз қалды. - Заманың жақсы болуын тіле. Егер
дүние кіндігінен ауа айналып, олай-бұлай күн туып кетсе, мына түп-түзу жүрген
адамдардың бірі - қой, бірі - қасқыр, екіншілері - жылан болып жөніне кетеді.
Айнымай қалатын адамның адамы ғана, бірақ ол да өте сирек.

Кейінірек
ағамыз осы әңгімесін маған неге айтты екен деген ой басыма жиі келеді. Өзінің
адамға деген титімдей жамандығының болмағанын, тек, тағдырдан бұған бұйырған
жолдың өзі осындай бұрылыс-қиылыстан тұрғанын, әйтпесе жан баласына жазығы жоқ
біреу екендігін айтып ақталғысы келген шығар. Бірақ, уақытқа қазылық жасайтын
мен емес қой.

Соғыстан
кейін қашақтар шетінен ұсталып, Сталиннің бұйрығымен кешірім алған Тілеумұрат
колхоздың жұмысына алаңсыз кірісіп кетті. Еңбегі абыройлы болып, сол өңірде
алдына жан салған жоқ, бірақ бейнетіне сай ордень түгілі мақтау грамотасы да
бұйырмады. Себебі, соғыс кезінде қашақ болған. Бүкіл өмірінде өткен адал еңбегі
сол жылдарының өтеуі болған шығар... Осы айтқанын дұрыс еді деп кесіп те айта
алмаймын. Бұл өмірде біздер білмейтін, ақылымыз жетпейтін қалтарыс-құлтарыстар
әлі көп қой, соның қай жағында жүргенімізді қайдам?..

Ертеңіне
ағамызды жолға аттандырып салдым.