ВЕРНУТЬСЯ

   «Менің    папам күшті»
- деді

менің ұлым.

«Жоқ    менің     папам!» - деп

қарсылық   
білдірді    көршінің

баласы.

  І

  Ғазиз балам, әңгімемнен шошынба, 

Ұға білсең үлкен сыр бар осында,

Бір-біріне ұқсамайтын төрт адам,

Сол бір жазда тұрдық дала қосында.

Ескірген бір оқиға еді елдегі,

Түсінерсің кейінірек сен мені.

Жылдар бойы ешбір жанға үндемей,

Енді қазір, саған айтқым келгені.

Хикаясын әкең туған даланың,

Саған айтам былдырлаған, қарағым.

Он жылдан соң...

осы қазір, өлеңмен

Сол баяғы қара қосқа барамын.

Барсам жетіп Саркемер мен Ойкемер,

Ақ шилерден ағараңдап жейделер,

«Келдің бе?»- деп қарсы алдымнан шығады,

Бала күннен маған таныс бейнелер.

Жас толқыған жанарыма кез келген,

Бір таңдану байқаймын ба көздерден.

Жақын келіп іркіледі барлығы...

Әлде, мен бе, танымастай өзгерген.

Аң-таң болып үнсіз тұрар үшеуі,

Қонаң байғұс сәл қорқақтау кісі еді.

Мұрат аға, Жалғаубайлар былай қап,

Менің көзім сол адамға түседі.

Сақалға ұқсас он қылшық бар иекте,

Күмілжиді... сәлем күткен ниет пе?

«Ассалау,..»-деп менен бұрын айтқызды

Тумысынан біткен мінез сүйекке.

Бет-жүзінде қысылу бар бейкүнә,

Ескі ғадет елп еткізбей қойды ма...

«Ассалау,..» - деп тұрған шалдың

Шыдамай:

«Ағатайлап» кіріп кеттім қойнына!

II

Босып кетіп шудаларын созған бұлт,

Шақырайып Күн тұрады көз қарып.

Шөптің басын күйік шалған далада

Сағыныштан біз сарғая жаздадық.

Шөп өлшейтін Оразғали келмеді,

Он күн өтті уәдесін бергелі.

Көк трактор айдайтұғын Мұраттың

Қорқақ Қонаң болып алды ермегі.

Атан жілік азаматтың айбыны -

Бала көздің қызықтайтын байлығы.

Қаупім біреу: Қонақбайдың жүрегі,

Ойда жоқта жарылады қай күні?..

Екі қырдың астында бар ескі көң,

Ескі көңде шайтан көп деп естігем

Іңір түссе, ескі көңнен шығады

Бала даусы үздік-создық өксіген.

Ескі көңде - перілердің мекені,

Шөп шабады Мұрат, Жалғау екеуі.

Қара қосқа қайтар кезде Дәу жігіт,

Жалғаубайды байлап, тастап кетеді.

Осы ойын ба, төзе алмайтын жан тегі?!

Әке, бала - бір тентектің тәлкегі.

«Мені жібер, - деп жылайды Қонақбай,-

Жалғаубайым жал-құйрықсыз жалқы еді».

Жалынады бір үмітті лекерлеп,

«Сенің әкең - менің досым Шекербек.

Қалжыңыңнан айналайын, жіберші,

Қу жалғыздың жүрегі ұшып кетер», - деп.

«Ет жүрегі бара жатыр елжіреп,

Қара мұны, тым балажан өзі»,- деп.

Қара қоста Мұрат қарқ-қарқ күледі:

«Кәне, шалым, қуырдақ дайында тезірек!

Көп айналма, осы маңда отын көп,

Қуырдақ жемей жалғызыңа кету жоқ.

Екі-үш сағат уақытқа шыдайды,

Оқасы жоқ, біз де өскенбіз жетім боп!»

...Дала жым-жырт.

Жалғау ұйықтап қалған ба?

Мұнан ауыр азап бар ма жалғанда.

Қонақбай шал Ай астында ұшады,

Ескі көңге,

түн ортасы ауғанда.

Үзілгенде темір төзім тұсауы

Қонақбайдың желді қармап құшағы,

Құдіретін біз білмейтін қаңбақ шал

Ай астында ағараңдап ұшады!

III

Әке, бала шыдады, мен шыдайын!

Соңғы кезде Мұрат, тіпті, мүләйім.

Жалықтырған тәрізді ме бұл ойын,

Байқап жүрмін іші пысқан сыңайын.

Ол сұмдыққа куә болар шақ келді,

Мен отырғам парақтап жыр дәптерді.

Көзі қанға толған бұқа тәрізді,

Көк трактор Жалғаубайға тап берді!

Тақыр жердің дір-дір еткен құмына,

қарап қалдым...

Қалжыңы ма, шыны ма?

Шынжыр табан тісін қайрап келеді,

Қонақбайдың бадырақ көз ұлына!

Он бес қадам... он бір қадам...

Он қадам...

Өй, қайтеді, ойы қара оңбаған!

...Бұлтсыз күнде бір найзағай ойнады,

Бір оқиға болды ешқашан болмаған!

Бұл тағдырдың мазағын қой, мазағын

Көтеріп ап қара қостан қазанын

шыққан Қонаң...

көріп қалып ұмтылды,

Жалғаубайдың - жалғыз ұлдың ажалын!

Үш адамбыз... Аспан мен Жер...- Бес куә,

Бұл ерлікті естіген жоқ Москва,

Көлеңкеден қорқатұғын Қонақбай,

Қойып кетті шынжыр табан астына!

Құла түздің көкірегін тым-тырыс,

Жұлқып өтті он екі бала бұлқыныс.

Саркемер мен Ойкемерде болды бұл,

Сейсмологтар тіркемеген сілкініс!

Бұл сілкініс - туған жердің пұшпағын

Шайқаған жоқ,

үркіткен жоқ құстарын.

Қара қостың ішіндегі радио

Айтып жатты космонавтар ұшқанын!

Эфирдегі үн селк еткізіп әркімді,

Бір көрініс бояу шашты әр түрлі.

Трактордан түсті Мұрат құп-қу боп,

Етек-жеңін қағып-сілкіп шал тұрды!..

Жасырмаймын көргенімнің расын,

Дәлелдеуге тырыспаймын кінәсын.

Алпамсадай атан жілік азамат,

Көзімізше ағыл-тегіл жыласын.

Білмей жүрген бір сезім бе - тапқаны

Сеп болмады Қонаң шалдың тоқтамы.

Кырық бесте қаза тапқан әкесін,

Мұрат ағам Ойкемерде жоқтады!..