ВЕРНУТЬСЯ

     Тау Көкше, келіп жеттім саған тағы,
Ежелден ер бесігі, хандар тағы.
Аман ба ақ
шағала, көкала үйрек,
Аман ба орманыңда
аңдар тағы.
Аман ба Оқжетпес пен Абылай алаң,
Жұмбақтас көлге
түсіп, ой ойлаған.
Аман ба хан Кененің қара үңгірі,
Ақ семсер сол арадан жауға ойнаған?
Аман ба көз қуаныш - көл Бурабай,
Аман ба қалың
қайың, ну қарағай,
Аман ба Жеке
батыр жатқан оқшау,
Ұйқысы әлі күнге
бір тарамай?!
Бәрі де аман болса,- мен де аманмын,
 Жыршысы жағы тынбас кең далаңның,
Тау Көкше тау
тасыңа жетпес сенің
Жинаса бар
маржанын жер-жиһанның!
Не берем, сағыныштан басқа саған,
Өзіңді жазда
аңсаған, қыста аңсаған.
Мен дағы бір желіңмін
бұлт айдаған,
Мен дағы
толқыныңмын тас қашаған.
Бірақ мен сен
секілді мәңгі емеспін,
Тіршілік
сағымындай жанды елеспін,
Бір күні тағдыр
қолы қағып түссе,
Олжамды сенен
көрген аз демеспін.
Шаншылған ер қазақтың көк семсері,
Секілді көрсем
ылғи көктен сені.
Тұра бер көз
алдымда көлбең қағып
Көкесі жер
біткеннің Көкшем-сері!