ВЕРНУТЬСЯ

«Қоныс таңдама,

Көрші таңда».

Xалық нақылы.

 

   Бір көзінің ағы бар, бұйра шашты, қара торы жігітті ауылдың
үлкен-кішісі Кірісжан деп атаушы еді. Білетіндердің айтуына қарағанда, ол
біздің елге кешегі Ұлы Отан соғысы жылдарында келгенге ұқсайды. Он үш жастағы
молдаван баласы кейін ауыл адамдарына бауыр басып, қалып қойыпты.

Кірісжан (шын есімі Христиан) бізбен көрші тұрды. Ұзақ уақыт
үйленбей жүрген жалғызбасты жігіт екі-үш колхозға кино қоятын, бесаспап маман
еді. Сүт тартатын, іс тігетін, машиналар бұзылып қалса, радио сөйлемесе, ел
Кірісжанды іздейді. Кірісжанда сылтау айту жоқ. Бір бөлмелі үйі кішігірім
шеберхана сияқты. Қашан барсаң да бірдеңені шұқылап отырғаны. Және ақы алмайды.

Түтіні түзу ұшып, берекелі тірлік кешкен ауыл бір күні аяқ
астынан дүрлігіп қалысты. Әсіресе үлкендер жағы бір-біріне жиі барғыштап,
күбір-сыбыр көбейді. Ойын балалары біз үшін сыры жұмбақ бір әңгіме басталды.

- Әже,- дедім қыңқылдап.- Не болып қалды?

- Кірісжан үйленгелі жатыр. Ел-жұрты алыста дегенмен,
өзіміздің ұл емес пе? Тойын жасап, Отау үйге енші бермесек, сүйегімізге таңба
ғой...

Міне, қызық! Кірісжан үйленді. Келіншегі - көрші ауылдағы
Метрейдің қызы екен. Біреулер мал, енді біреулер кілем, жаңа көрпе-жастық
апарып жатыр. Тойдан соң ауыл адамдары асар жасап, үй салып берді.

Үш-төрт жылдан соң Молдавиядан Кірісжанның туыстары іздеп
келді. Ауыл тағы дүрлікті. «Туыстары көшіріп әкетпекші екен»,- деген сыбыстан
үрпиісіп қалғанбыз. Әжем үндемейді, «уһілей» береді. Ертесіне Кірісжан ауыл
үлкендерін үйіне шақырды. «Кететін болғаны-ау»,- деген әкеме әжем жақтырмай
қарап. Ал енді уақыт өтсейші!.. Біз (достарымды айтамын) Кірісжанның үйінің
сыртын торуылдап жүрміз. Түс ауа ата-әжелеріміз далаға шықты-ау, әйтеуір.
Ауладағы бөрененің үстінен топырлай түсіп, енелерін іздеген қозылардай жамырай
жүгірдік.

- Көше ме?

- Көшетін болды ма?

- Тек!- деді әжем әжімді жүзі нұрланып.- Қайдағыны
айтпаңдар! Ер-азамат елінен бөлініп, қайда барады?

Кірісжан елде қалды. Содан бері отыз жыл өтті. Біз бала
болған кездегі ата-әжелеріміз қазір жоқ. Ұрпақ, өсті, ел жаңарды. Ауылға бара
қалсам, алдымен Керекеңе (Кірісжан ағаға) сәлем беремін.

-  Ой,   заман-ай,- дейді  ол  
кісі   күрсініп.- Бір   кезде менен бақытты  бала жоқ еді бұл ауылда.  Жәмила, 
Айтбала,  Рақиза,  Әніш 
шешелерім  мен  Тұрарбек, 
Төлеухан, Ерғали  әкелерім  әлі 
күнге  дейін түсіме  кіріп, 
ұйқымнан жылап оянамын.  «Көрші
хақысы - құдай хақысы»  дейді ғой  қазағым. 
Сол  ып-рас.  Міне, 
біз  де  алпыстан 
астық. Балқия  (Валя  шешей) 
екеумізге  не  жетпейді дейсің,  бәрі бар. 
Балалар болса, ержетті.  Бірақ...  қайран әке-шешелерім!

Керекең  
кемсеңдеп,   дірілдеген   саусақтарымен   қалта орамалын іздей бастайды...