ВЕРНУТЬСЯ

   Ибраһим пайғамбардан басталған

Үлгі болып кейінгіге тасталған,

"Еркек тоқты құрбандық" деп мақалдап

Көріктіні, данышпанды, жасты алған.

Сол құрбандық, Тәңір, Саған керек пе?..

Жан түршігер ой жүгіртсек дерекке...

Сұраса ғой құрбандардан жазықсыз...

Олар ойы тірілерден бөлек пе...

...Тегістедік құрбан етіп дөңесті,

Жарлы байға, сорлы ханға теңесті...

"Қызыл дауыл" жалмағанда жаһанды

Тірі қалған жоқ-ау пенде, жөн есті.

...Қасиеті кейбір дара тұлғаның -

Отқа өзін жақтырыпты бір ғалым!..

Ағалардың бағыныпты ырқына,

Құрбан еткен жастық шағын Нұрғаным...

... Шындық сөзге адам көп жыл шөл өтті,

О да құрбан болып кеткен себепті.

Бола ма деп жаман үлгі ұрпаққа

Шалған бір кез Еңлікті, Кебекті...

...Босқа ма деп құрбандықты сескенем...

Қалмады ма қызғанарлық ештеңем?..

...Бір заманда біздер тойып жүрер деп,

Әке-шешем тоя тамақ ішпеген...

...Өмір сүрді құрбандарды қырған тек,

Ауызға ұрды, менше ғана жырлаң деп...

Ұлы болып туғандардың әрқашан

Жазығы не кетерліктей құрбан боп?..