ВЕРНУТЬСЯ

    Стефан Цвейг

 

   Мол ырзықты дән секілді пішінде,

   Кей жүректер ұйықтап жатар тап-тар қабық ішінде,

   өз уақыты келгенше,

   қара жерде өнгенше.

 

   Гельдерлин мектепті бітірісімен, өмірге жаудың жеріне кіріп
келе жатқандай сезіммен, алғашқы сәттен бастап-ақ өзін қандай күрес күтіп
тұрғанын сезіне қадам басады. Салдырлаған пошта күймесімен келе жатып - бұл
айтарлықтай символдық көрініс - ол «Тағдырға» деген гимн жазады, ол «барлық
батырлардың, темірдей қажеттіліктердің аналарына» арналған еді. Тіршілікке
қадам басатын кездің өзінде-ақ, алдын ала сезініп, ол өлімге бара жатқандай
күйде еді. 

Шыныда да оған жақсы жағдай орайласа кетті. Викария
қызметіне жас үміткер ретіндегі ол анасының тілегін орындаудан,яғни, пастор
болудан бір жола бас тартқанда басқа біреу емес, Шиллердің өзі Шарлотте фон
Кальбаның үй оқытушысы болып қызмет істеуіне ұсыныс жасады. Жиырма төрт жастағы
арманшыл ол сол кездегі Германияның отыз провинциясының ішінен поэтикалық
энтузиазмды, жүректің  сезімталдығын тап
осы Шарлотталардай құрметтейтін бір де бір үйді таппас еді, бір кездері
Жан-Поляның сүйіктісі болған оның сентиментальды адамдарды жақсы түсінбеуі
мүмкін де емес еді.

Майор оны жылы шыраймен қарсы алады, жас бала оны жақсы
көрді, таңғы уақыттар толығымен поэтикаға ғана арналды, екеуі бірге жаяу немесе
атпен қыдырыстап жүретін кездері мұның көптен бері алыстап кеткен табиғатпен тағы
да жақын болуына мүмкіндік берді, ал Веймарға және Иенге баратын кезде Шарлотта
мұны өзімен бірге алып жүріп, өзі жақсы көретін адамдарымен таныстырады: бұл
Шиллермен және Гетемен жақын танысады. Адам танитын кісіге Гельдерлиннің жақсы
адам екендігі бірден көрініп тұратын. Оның алғашқы хаттары ерекше әсерге толы
еді, тіпті ерекше көңілді деуге болатындай: ол анасына «көңілінің ешқандай
алаңы жоқтығынан, толыса бастағандығын» жазады, өз достарының «мейірбандылығын»
мақтайды, олар жаңа ғана басталған «»Гиперионның алғашқы бөліктерін Шиллерге
беріп, сол арқылы мұның өз оқырмандарына баратын жолын ашты. Осыған қарап
тұрсақ, Гельдерлин әлемнен өз орынын тапқан сияқты болып кетеді.

Бірақ көп ұзамай оның ойында демондық бір сезім пайда бола
бастайды, «мазасыздықтың сұмдық рух», тау басынан құлаған сарқырама сияқты бір
күш мұны іштен көтергендей болады. Оның жазған хаттарында сұрқай ноталар көрініс
тауып, біреуге «тәуелді болғандығына» деген өкінішінің соңынан, оның бұл жерден
тезірек кетіп қалғысы келеді. Гельдерлин қандай да бір қызметте отырып, белгілі
бір ортада жүргісі келмейді; поэтикалық өмірден басқа өмір оған мүмкін емес
сияқты. Осындай ең алғашқы дағдарыста ол өзінің көңіліне кіріп алған демондық
күштің мұның әлеммен байланысын үзіп әкететіндігін әлі білмейтін еді; әзірге ол
өзінің тезірек кетіп қалуының себебін сыртқы бір жағдайларына қатыстырып айтып
жүрді: ал бұл баланың қасарысып қалатын мінезі және оның өзі жеңе алмайтын
құпия кемшілігі еді. Осының өзінен-ақ Гельдерлиннің өмір сүруге қабілетінің жоқ
екендігі көрініп тұр: тіпті тоғыз жастағы баланың өзінің бұған қарағанда
ерік-жігері әлдеқайда мықты болар еді. Ақыры ол бұл жұмысынан бас тартады.
Шарлотта фон Кальб оның кетуінің ең басты себебін ұғынып, оның анасын жұбатып,
шынайы жағдайды айтып хат жазады: «Оның рухы ұсақ-түйек жұмыстың деңгейіне
дейін төмендей алмайды ... немесе, анығырақ айтқанда, оның жандүниесі мұндай жағдайда
жүруді жек көреді» деп жазыпты.

Осылайша Гельдерлин өмірдегі өз орынын табуға мүмкін болған
жағдайлардың қай-қайсысын да алғашқы сәтінде-ақ тас-талқан етеді: сондықтан да
оның өмірбаянын жазып жүргендердің Гельдерлинді қоғамның төмендеткендігі, тіпті
намысына тиетіндей бейнет шектіргендіктері туралы жазғандары, Вальтерсгаузенде
де, Франкфуртта да, Швейцарияда да оны құл есебінде ұстады деп жазып,
сентиментальды көзқарас тудырып жүргендердің барлығының да пікірі түбегейлі
қате. Шын мәнісінде барлық жерде де, бәрі де оған жанашырлық танытып,
көмектесуге тырысты. Бірақ оның жандүниесінің терісі тым жұқа еді, ол
сезімталдығы аса күшті еді, «оның жан-жүрегі ұсақ-түйек нәрселердің өзіне де
күйреп қалатын». Бір кездері Стендаль өзінің екінші бейнесі Анри Брюлар туралы:
«Басқаларға сәл ғана әсер ететін нәрселер, мені қан-қақсатып кетеді» деп жазған
еді, сол сияқты бұл жағдай Гельдерлинге де, болмысы осындай адамның барлығына
да дәл осылай әсер етеді. Кәдімгі тіршіліктегі шынайы жағдайлардың барлығын ол
жаулық ниеттегі қара күш ретінде қабылдады, әлемді қатыгездік деп, қандай да
бір тәуелділікті құлдық деп түсінді. Ол тек ақындық шабыты келген кезде ғана
өзін бақытты сезінді, шабытты жағдайдан шыққанан кейін өзін өте жайсыз сезініп,
қара жердің бетіндегі ауа оны бұру салып қылғындырып жатқандай жағдайға
келтірді.

«Мен ең бір тәтті шақтарымда ең мейірбанды іспен айналысып
жатқан кезімде неліктен сәби секілді мұңсыз да шат көңілде боламын?» дейді ол
әркіммен кездескен сайын өзінің тіршілікпен қабыса алмайтындығын сезініп, бұл
жағдайға үрейлен қарап. Ол өзінің өмір сүруге қабілетсіздігінің дауасы жоқ
екендігі әлі білмейді де, ішкі жандүниесіндегі демонды, жан-жүрегінің адам
таңқаларлық қажеттіліктері мен негізгі міндеттерін көлегейлеп тұрғанның бәрін
ол жәй бір кездейсоқтық деп жүр, ол әлі де болса «еркіндік» те, «поэзия» да
мұны осы тіршілікпен қабыстырып, жұрттың бәрі сияқты еркін қадам басып
кететіндігіне сеніп жүрді. Сондықтан да ол тәуелсіз болып өмір сүруге құлшына
кіріседі: өзінің енді бастап жатқан шығармашылығында ол зор сеніммен және бар
күшімен еркіндікке қарай жанталса ұмтылады. Ол рухындағы азат өмір үшін осы
тіршіліктегінің бәрінен ризашылықпен қол үзеді.

Қыс ішінде ол отындық ағашты үнемдеу үшін суық бөлмеде
көрпеге оранып үнемі төсектен тұрмастан жатады, күніне бір-ақ рет тамақ ішіп,
тіпті сыра мен шараптан да бас тартады. Иенде жүргенде ол тек қана Фихтенің
лекциясына барады, анда-санда оған Шиллер аз-маз уақытын бөледі, басқа уақыттың
барлығында ол өзінің жұтаң бір бұрышында (тіпті оны баспана деп атаудың өзі
қиын) жападан жаңғыз отырады. Бірақ оның жандүниесі Гиперионмен бірге Грецияны
тамашалап жүреді, жандүниесі мына тіршілікті қабылдай алмай, қақ бөлініп
жүргендігі болмаса, ол өзін осы күйінде де бақытты сезінер еді.