ВЕРНУТЬСЯ

     Лирикалық жанрдың да өзара түрлері бар. Бұл түрлер көрсетпек болған өмір
құбылыстарын қалай суреттеуі, ақынның көңіл күйі қалай берілуіне байланысты.
Бұл жанрға тән ақынның дүниетанушылығы, көзқарасы мен өзінің ішкі сезімін,
күйініш-сүйінішін дайым ұштастыра жырлау десек, айырмасы, жоғарғы айтылғандар
тәрізді, қалай жырлауында ғана. Кейде шаттық, қуаныш, асқақты білдірсе, кейде
мұң, зарды, кейде көңілдің бейжай қоңыр күйін сездіруі мүмкін. Міне, осы
сипаттарына қарап, лирикалық жанр әлденеше түрлерге бөлінеді. Олардың барлығына
түгел тоқталу бұл кітаптың міндетінен тыс болғандықтан, біз тек кейбіреулеріне
ғана тоқталамыз.

XVIII ғасырда дворян әдебиетіндегі лирикалық шығарманың негізгі бір түрі ода болады. Бір таптық топтың ең
керекті санаған адамы не нәрсесі туралы ақынның өте қуанышты, өте көтеріңкі
тілмен жазған лирикалық өлеңдерді ода
деп атайды (мысалы, әскердің жеңуі, сарайда болған мейрам т.б.). Россияда ода
жазушылар Ломоносов, Державин т.б. болды. Қазақ хандарының дәуірлеп тұрған
кезінде ханның қасындағы ақындардан ода шығарушылар көп болған. Жәңгірдің хан
боп тұрған кезінде ханның сарай ақыны болған Байтоқ ақынның одаға жататын
бірнеше өлеңдері бар.

Әртүрлі маңызды
тақырыптарға жазылған қуанышты өлеңдер олардан кейін де болған және күні
бүгінге шейін бар. Бірақ бүгінгі оданың тақырыбы, мазмұны бұрынғы одалардан
мүлде бөлек.

XVIII ғасырдың аяқ кезі, ХІХ ғасырдың бас кезінде орыстың дворян
әдебиетіндегі оданы элегия шетке қаға бастады. Элегия деп өзінің жай өмірімен
байланысты, басында болған күйініш-сүйініштерді (сүйіспендік, табиғат күйін
т.б.) суреттеген шығармаларды айтады. Элегияда көңілдің қайғысын суреттеу өте
жиі ұшырайды. Сондықтан элегия қайғылы өлең деген түсінік туды. Элегияның
өрбіген дәуірі феодалдық-крепостнойлық құрылысты капиталдық жаңа қатынас
әлсіретіп, феодал құрылысы құлауға айналған дәуірде болды. Соның салдарынан
жеке бақыттылық, жеке рақатты аңсаған қайғылы ой, жеке өмірді көксеген тілек
элегияда терең із қалдырды.

Қазақ әдебиет
тарихын алсақ, элегияның күшейген кезін ХІХ ғасыр деп айтуға болады. Қазақ
хандығы жойылып, отарлау саясаты күшейіп, қазақтың ескі феодалдық өміріне
өзгеріс ене бастаған кезде кейбір қазақ ақындарында элегияға берілушілік көп
болды. Мысалы, Шәңгерей ақынның көп өлеңдері де элегияға жатады.

Сатиралық эпос сықылды,
сатирамен жазылған лирикалық шығармалар да болады. Сатира дворян әдебиетінде де
болды. Бірақ олардың сатирасы крепостнойлық қоғамның негізіне қарсы жұмсалған
жоқ, сол қоғамның кейбір жеке кемшіліктеріне ғана қарсы жұмсалды.

 Мысалы, 
Россияда XVIIІ ғасырдың жиырмасыншы жылдарындағы жаңа туып келе жатқан
буржуазия әдебиетінде дворяндар үкіметінің жүгенсіздік кесепаттарын
мысқылдағанын көреміз.

Бірақ сатиралық
лириканың төтенше дәуірлеген кезі тап күресінің күшейіп, нағыз шиеленіскен
дәуірде болды. Мысалы, ХІХ ғасырдың 60 жылдарындағы революцияшыл разночинецтер
кертартпа помещик және ымырашыл буржуазия ақындарымен қарсы күрестерінде
сатираны көп қолданды. Сатиралық көп өлеңдер жазды («Искра» ақындары және
Добролюбов, Некрасов т.б.).

Некрасовтың
«Ұмытылған деревня» тағы осы сияқты көп өлеңдері сатираға жатады. Бұл
өлеңдерінде Некрасов феодалдық-крепостнойлық құрылыстың кейбір кемшілігін түзеу
үшін күрес ашып қана қоймай, сол құрылыстың негізіне қарсы шығады.
Революцияшыл-демократтық идеал үшін күреседі.

ХІХ ғасырдағы қазақ
ақындарының ішінде сатиралық лириканы көп жазған адам Абай болды. Ол елдегі
болыс, билерді шенеп-мінеп, сынға алып, мысқылдап жазған «Дүтбайға», «Болыс
болдым, мінекей» деген өлеңдері сатиралық лирикаға жатады.

Қалың бұқараның революциялық қозғалысының кезінде өте өскен, көбейген
лириканың бір түрі әнмен айтылатын революциялық өлеңдер болды. Ән өлеңі деп
әнге салып айтуға арналып шығарылған өлеңді айтады. Ән өлеңі ауыздан-ауызға
көшіп жүреді. Еңбек уағында болсын, демалыс уағында болсын, демонстрация
кезінде болсын, коллектив болып ән салатыны мәлім. Әнмен айтылатын өлеңдер,
лириканың қай түрінен болса да, көпшілікке жақын тұрады. Ән жұртшылыққа кең
тарайды. Революциялық әндер арқылы қалың бұқара жұртшылығы зорлық-зомбылыққа,
қанаушылыққа қарсылығын, еңбек пен күреске әзірлігін, қиыншылықты жеңетініне
сенімін білдірді. Жұртшылыққа белгілі көп әндердің авторы (ХІХ ғасырдың алдыңғы
жарымындағы) француздың революцияшыл ақыны Беренже болды. Пролетариаттың
революциялық күресі де өзінің әнін туғызды. Даңқты «Интернационал» әні жер жүзі
пролетариатының гимні болды. Сол сықылды көп жайылған әндердің бірі
«Коминтерн», «Заводтар, тұрыңдар», басқа да революциялық әндердің ішінен көп
тараған әндер деп «Біз ұсталар», «Жас қайрат», міне, осыларды айтуға болады.

Лирикалық шығармалар кейде тақырыбы, мазмұнына қарай да бөлінеді:
саяси-азаматтық лирика (тақырыбы да, мазмұны да әлеуметтік мәні зор ірі
мәселелерді сөз етеді); сүйіспендік, махаббат лирикасы (негізі әңгіме
сүйіспендік, махаббат туралы, кейде қуанышты, кейде қайғылы болуы мүмкін);
философиялық лирика (ақын лирикалық өлеңін философиялық терең мазмұнға құрады.
Мұндай лирикалар орыстың думы дейтін, қазақтың толғау деп аталатын кейбір
өлеңдеріне жақын келеді). Осылардың ішінде ерекше тұратыны - табиғат лирикасы.
Жаз, күз, қыс, теңіз, тау, орман, тоғай тәрізді әр алуан табиғат құбылыстарын
жырлауға арналған лирикалық өлеңдер. Әрине, лирикалық өлеңдердің мазмұны да,
түрі де, оларда байқалатын көңіл күйлері де ақынның өмірге көзқарасымен
байланысты.