ВЕРНУТЬСЯ

   Бірінші дәптер
   1. МАЙДАННАН СӘЛЕМ
Хат жолдадым Қалқашқа.
Қалқашым қалды Балқашта.
Тілекші болып
күтеді ол,
Батыстан көзін
алмастан.
Мен жүремін майдан шебінде,
Тарастың туған елінде.
Құлақта Кобзарь
талабы:
«Ұландар жауды
қуындар!
Өздерің кейін шегінбе!...»
Дұшпанға тосып арқасын,
Шегіну ауыр, арға сын.
Жеңіспен бізді
күтіңдер,
Екі ана, ерке
Қалқашым.
Ажалмен тұңғыш
айқасқам.
Түбінде күрең
жартастың.
Сол сәтім еске
түскенде,
Қаңғыртқан халқын
қарны аштық,
Өтеді көздің
алдынан
Қаралы жылы
Балқаштың!
 
2. ҚАРАЛЫ БАЛҚАШ
Балқашым менің,
Мыс алыбы
мақтаным,
Арымдай қымбат
Айдының, мысты тастарың!         
Мен өзімнің алғашқы еңбек жолымды
Сенің тұңғыш тууыңнан бастадым.          
Келдің сен аса ауыр жылдар өмірге.
Баю керек болды мысқа, темірге.   
Ал қазақ сор қара шыбын тәрізді
Қырылды аштан:
Қалды көрсіз
көмілмей!
Мен ол кезде жасөспірім балаңмын.
Толыспаған шағы да еді санамның.
Шындықты айтсақ:
Сен сол жылдар мыс алып
Аштан өлген
қазақтардың сүйегіне қаландың!
Октябрьдің қорғап өлген «Ақ таңын»,
Әкеден де ақыл толмай жас қалдым.
Кіші Октябрь
аранына жұтылмай,
Мүмкін Отан
қорғау үшін
Өлмей аман сақталдым!
Қазір міне солдатпын мен
Жаны пида ел үшін.
От кешемін ортақ Отан жері үшін!
Саясаттың
тіліменен айтқанда
Қорғап жүрмін
Октябрьдің жемісін!
Ал, Октябрь қазақ сорға ауыр тиген патшадан.
Екінші жыл
Ел босқындап, басталғалы «Ақтабан»!
Сүйектерді қайта
тердік күлдіктен,
Өткен жылдар
шағылмастан тасталған!
Жіліктерді қайта жарып қайнаттық.
Неге сені
көндірмейді қарны аштық,
Аш өзекті үзілдірмей - Қаңсыған.
Сүйектердің
нәріменен майлаттық!
Өртке кеткір
«Кіші Октябрь»,
Мейірімсіз қу
заман! Жатында өшіп,
Болса едің ғой тумаған!
Амалсыздан азық
еттік жібітіп,
Тулақтарды талай
жылдар қураған.
Кейде шешем сырласатын
Рухыменен әкемнің.
«Беу, Әуел-әке-ай,
Арманшылым,
әсерлім,
Октябрьді қорғап
оққа ұшқанда,
Қазағыңа қандай
бақыт әпердің?
Отарынан азат етер патшаның,
Мынау болса
армандаған «Ақ таңың.»
Алғысы емес,
қарғысын жүктеп өтіпсің,
Дала жұрты -
сорлы қазақ қасқаның!
Шешем кенет селк ететін,
Көз алдында пайда болып бір елес.
Құлағында ызалы
үн:
«Бұның неткен
келемеш?
Рухыма тіл
тигізбе жарқыным
Мен қорғаған
Октябрім бұл емес!»
Анам ауыр күрсінетін.
«Кешіре гөр,
кешіре гөр, жұбайым.
Бұның неткен
зұлмат заман құдайым?
Ұлтанды ел босты
Атамекеннен,
Ұлт аспаны
азынаған уайым!
Ұлт аспаны қара
түнек - құрымдай.
Қалса игі қазақ түгел
қырылмай.
Бай өлкенің аштан
өліп жатыр тұрғын қожасы.
Өз дәулеті өзгеге
бар, Тек өзіне бұйырмай!»
...Асхана маңы қалың босқын қазағың.
Келімсектің қорлап күлер мазағы.
«Нан, үзім нан...»
Терезеден телміреді қол созып.
Тәңірі тек бізге
ғана арнаған ба
Ашаршылық азабын?
Жан төзбестік
босқын қазақ өмірі,
Көз жасы боп
төгіл қазақ көңілім!
Келімсек тоқ.
Ермек керек,
қызықтап,
Босқындарға өздері
жеген балықтың
Төгеді әкеп
қалдық шеңге, шөгірін.
Аштық патша жұтқан намыс, санасын,
Арлануға жеткізер ме шамасын.
Бірін-бірі шаштан
алып, шаңқылдап,
Тастандыға жатады итше таласып!
«Ха-ха-ха... Республика иесі.
Қожасы байлық құтының.
Киргиз, киргиз...
Қарсақ арғы тұқымың.
Бұралыңқы қарыныңа, қарсағым,
Балдай болды-ау менің шеңге құсығым...
Келімсекте жоқтай сезім кісілік,
Жоқ шығар-ау
аянышты түсінік.
«Жорка, мынау тағыларды тағы да,
Аппаратқа алшы дереу түсіріп!»
Бұдан әрі төзе алмадым: Жоркасын
Жұдырықпен жалғыз ұрып ұшырып:
Зытып бердім,
Із-түзімді
байқатпай,
Абақтыдан құдай сақтап құтылдым!
 
КЕШКІ МЕКТЕП.
Дядя Ваня ұстазым.
Патшаның да, «кіші Октябрь» дұшпаны.
Жатқа үйреткен қалың орыс мұңшысы:
Некрасовтан
«Темір жолдың»
Аянышты тұстарын!
Меніңде қазір ашына тулап қаным,
Қайталаймын
«Темір жол» шумақтарын:
«Білесің бе,
Ваня, сен жол бойында
Қанша орыстың сүйегі
қурап қалды?»
Николай жолы таптап өтсе бес
мыңын ғана,
Ормандай қалың орыстың.
«Кіші октябрь»
қазақ сордың таптап ата қонысын.
Аштық патша
жалмауызы
Мал өсірген
жұртыңның
Қатарын сөгіп,
қаусата жалмап өтіпті.
Некрасов қандасының бес мыңы үшін.
Болса ащы
зарлаған, Қайда біздің ақындардың,
Зұлмат күшке
қарғыстары арнаған?
Қайдасыңдар ақын
аға, құрдастарым?
Бар сендермен күрсіне сырласпағым.
Әшкерлеп замана
зұлматтарын,
Неге батыл,
апыр-ау, жазбайсыздар,
Жан дауыспен
жазғырар жыр-дастанын.
Асқар аға, жол
болсын қайдағы бір
Берлиндегі
аштармен мұңдасқаның?
Жақан ата, жөн
еді төртінші рет,
Әлгі қартпен
қайтадан сырласқаның!
...«Уа, сүйінші,
Астанадан Филипп
көсем келіпті.
Жарылқауға
босқындарды шұғыл бұйрық беріпті!»
Біз осыны күттік
шексіз сеніммен,
Енді қазақ құтылмақшы
елімнен...
...ИТРлік
асханаға Филипп келіп кіргенде
Мен де сонда
шақырумен
Пеш түзетіп
жүргенмін.
Босқындар жоқ, жойылғандай жоқшылық.
Көсеміміз келген
бойда орнатқандай тоқшылық!
Аштық деген
болғай еді «Бай-құлақтың есегі»
Майлы тағам келді
алдына мейірімді көсемнің...
Ал, кенеттен қаптап кеті,
Сөйлеп кетті
босқындар
«Жұрт босуда,
біздер ашпыз,
Сендер ғана
тоқсыңдар.
«Дай, үзім нан
...»
Жарылқай гөр,
жарқыным,
Көсем болсаң
қамын ойлар сорлы қазақ халкының?..
Менің-дағы келеді
аштан өлмегім...»
Жұдырықпен ойып
шөлмек көздерін
«Калашокке» созылды қанша алақан,
Әйнек кескен
саусақтардан тамшыланып қара қан.
Бура санды екі маржа сойылды,
Босқындарды қуды салып «ойынды».
«Қаңғырғандар
қайдан ғана қаптаған?»
«Сұраңыздар,-дедім,-оны
Ашаршылық
патшадан?»
Филипп көсем
түйіп маған қабағын,
Шөлмек көздің
нәлетімен қарады:
«Әй, сен не
дедің, сіңбірік мұрын ақылман?»
«Сұраңыз,- дедім,
- оны ұлы ақыннан...»
Жұдырығын түйді
Филипп,
Тамақтанып алған
соң,
Қонақ үйге сапарын
кері жалғасын.
Манағы таза
даңғыл жолы
Қазір нөпір
еліктер,
Жалтарып кейде
барады «көсем»
Адымдап кейде
еліктен.
Ере шыққам,
Ұстазым жолай
кезікті.
Күрсінді ауыр,
көрді-дағы өлікті:
«Жасаған-ай,
халық қашан құтылар қайғы зардан?
Аштық патша айдаса
етіп пәрмен.
«Білесің бе, Ваня
сен, жол бойында
Қанша өліктің
сүйегі қурап қалған?»
Филипп оған жалт
қарады:
«Бұл не өлең
айтқаның?..
Кешіріңіз,- деді
ұстазым,
Бұл мен емес,
Некрасовтың айтқаны!»
Еңгезердей арық
қазақ, жолды кесе бұрылып,
Таяна берді
дауыстай сөйлеп кіжініп:
«Атаңа нәлет Николай
Қазақты малдай қайырған,
Атаңа нәлет Калошок
Қазақты малдан айырған...»
Соны айтты да қол созым
Жерде
құлады кенет сүрініп,
Филипп көсем
зәресі ұшып,
Шегінді
дереу бұрылып.
Ұстазым
айтты
«Естідіңіз бе әлгі сөзді, көсемім?»
Филипп жүре қол сілтеді:
«Бай-құлақтың өсегі!»
Ертеңіне ұстазым
менің
Жау саналып
тұтылды.
Мен «тентек» те
жауапталып,
Зорға әзірше құтылдым.
Келер таңда
тұңғыш рет
Кездестім мен
Қалқашқа.
«Нан, үзім
нан...»
Құлақ тұнар
қайыршы зар жан-жақта.
Біз тас қашап,
Мыс алыпқа дайындадық табандық,
Тау аңғары
құрылысшы алаң алқапта.
Калашок жауыз
шындықты айтсаң жақтырмай,
Тірі жанға
қойыпты ауыз аштырмай,
Барады әне ИТР-ға
Өліктерден
адымдап,
Алаң-ғұлаң қойға
тиген қасқырдай.
Сезер ме өлік, мейлі, өртесін, таптасын,
Көсем-деппіз ашаршылық патшасын.
Құлағына ілер
емес мұң-зарды,
Аш қазақтар қайыр
сұрап, мейлі қанша қақсасын.
Қайыршы ана, қызалағын жетелеп,
Нан сұрады: «көсемім»,- деп, «көкем» -деп.
Аштық патша
Ана сорға жекірді
Айтты мүмкін: «Үнің
қашан өшер?»- деп.
Ол өлімнен шығар ләззат алатын.
Тәңірім оған
берген жүрек қарасын.
Өз қолымен атыпты
ол қан ішер
Николайдың алты жасар, аурушаң
баласын!
Міскін ана тәлтіректеп шегінген
Енді мейірім күтетіндей өзімнен.
Калошокке лақтырдым тас кесек,
Қойға шапқан аш
қасқыр боп көрінген.
Әттең, әттең, асып түсті атқаным.
Ажалсыз сұм шегіншектеп жалтарды.
Енді мынау
міскіндерді жұтқызбай,
Келді ажалдың
аранынан сақтағым!
Шала құрсақ болсам дағы өзім де
Жас денемді жүгіндірдім төзімге.
Қызалағын
жетелеген ананың,
Үнінде зар, жас
бар еді көзінде!
Таяу келіп құлады ана сүрініп,
Шыбын жаны
кетпесе еді үзіліп.
Құмырамнан су
тамыздым аузына,
Жан ұшыра жеттім
дағы жүгіріп.
Қара суды жұтты ана тамсана.
Жалғыз тілім нан
бар еді қалтамда
Суға езіп
міскіндерге жұтқызып,
Сорлы ананы
отырғызып арқама,
Жеттім үйге
азаптанып, кештетіп,
Шешем байғұс
шошыса да ес кетіп,
Қабылдады шала
жансар «қонақты»,
Қалайынша ары төзіп
«Кет!»-десін?!
Шешем көне
танысындай іш тартып,
Жарты үзімнен нан
жегізіп жұмсартып,
Сүйендірді сосын
киіз төсекке
Әзіріне әңгімені
қысқартып.
Басымызда болса-дағы панамыз,
Азық қоры дегендерден адамыз.
Ет салыққа алып
жалғыз сиырды,
Қорамызды қаңыратқан «әктип» ағамыз.
Жалғыз ешкі, мал дегенде сауындық.
Белсенділер байқамаған
неғылып,
Анам енді ақ
ешкінің аз сүтін
Аш жандардың таңдайына
тамызды.
Айдында өтпек
енді көбі түнімнің,
Қармағыма бірер шабақ ілінер.
Ал, Сұлтанбек,
«кіші Октябрь» жұтының
Мазағына қосымша
еңбек сіңіріп!
Өлмейді адам көріп болмай көрерін,
Сол жұт жылы
үзілер ед өзегім,
Ер бабалар ұрпақ
үшін қорғаған
Болмаса егер
ырысты Іле өзенім!
Күндіз жұмыс, түнде өзенге асығам.
Кейде таңды жар жиекте атырам.
Шаршасаң да төзіп
ауыр азапқа,
Қос босқынды
қатарға қос асырап!
Аз да болса таңда олжамен оралам,
Кейде тіпті
сүйрік те тартып қоғадан
Ұзақ таңға түн
ұйқысын төрт бөліп,
Қонақтарын
күзетеді өз анам.
Өлшеп қана сағат сайын дем беріп,
«Құдай қонақ үшін
ұлым қам желік...» Дейді анам:
«Бишаралар көр аузынан оралған,
Біртін, біртін
кетер мүмкін әлденіп.»
...Демалыс күн.
Бірде өзенге ау құрып,
Бабаларға мінәжат: алғыс жаудырып,
Жағадағы биік жарға сүйеніп,
Алмақ болдым әзірге ұйқы қандырып.
Күн байыған, ала кеуім іңірді,
Қалғып барам.
Кенет тұяқ дүбірі.
Маңырай ма, арсылдай ма,
Жат үндер...
Мүмкін әлде іңірде көшкен шұбалып,
Жын-шайтанның дарақы сыбыр-күбірі?
Түсім шығар деп түйгенмін ілікте.
Орғыды жардан
үрейлі бір аң, Киік пе?
Жүрегімді зу
еткізіп артынша,
Көкжал бөрі
қарғып түсті биіктен!
Зәрем ұшып бұға түстім жасқанып,
Ойлағаным тек жалғыз-ақ
бас қамы.
Тәңірі маған
бұйыртпаған болар ма,
Аш қасқырға жем
болудан басқаны?
Ал өзенде
Салдыр-гүлдір бұлқыныс,
Арлан қасқыр
батып, шығып,
Арсылдайды
жұлқынып.
Жан дауыспен, шыңғырады жас киік,
Өндіршегі үзілердей тұншығып.
Көкжал маған Калошок боп көрінді.
Талқандаған сайын
дала, шалқар көлді төрімді.
Халқым деген
қамқоршымды түгелімен тұтқындап,
Қазағыма алып
келген ашаршылық өлімді!
Аянышты үн, ащы
ыза үрейін жеңіп жүректің,
Батырсынып ала ұмтылдым күректі.
Белуарлай барып
тас төбеден қондырдым,
«Өлді-ақ» дегем
беріп тәңірі тілекті.
Жоқ өлмепті.
Қанды ауыз бойға жинап бар жынды,
Арс етті де, ауды
жыртып қарғыды.
Рас, бірер
малтыды да шын батты,
Дария бетін қызыл
жоса қан ғылып!
Әттеген-ай, бір жолата шын батты.
Неге сонша ұрдым екен тым қатты?
Асығыстық еткенім-ай, майталман.
Өлгенінен тірлігі
маған қымбатты!
Балалық-ай, кем
соққаны санамның,
Қайталап ізін
Шашубай ақын бабамның.
Терісін тірі
сыпырып, әттең, көкжалды,
Жетелеп өтсем еді
ғой Балқаш базарын!
Енді дереу жас киікке ұмтылдым.
Сауырын жұлып
кетіпті қасқыр тұмсығы,
Ауырсынып
шыңғырады бишара,
Жанарында
жалбарыну, үрей ұшқыны,
«Үрейленбе, мен бөрі
емен, жарқыным!»
Бақайларын ау көзінен
азаптана аршыдым.
Қасқыр жұлған
сауырына сорлының,
Ем болғай,- деп
жақтым Іле балшығын.
Жас киікті арашалап
ажалдан,
Түн жарымда үйге
оралдым
Шалғайдағы
аралдан.
Қалың жыныс
тоғайдан өтіп болғанша,
Маса менен сонаға да тоналғам!
Анам мені мақтанышпен қарсы алды.
Тазалады жуып, сүртіп арқамды.
«Ұлым, енді мынау
сорлы лакқа,
Жарар келді-ау
бере алсақ дарқандық?!»
... Бірден болжап айтқан екен өз шешем,
Жаралы лақ бола алмады өміршең.
Сорпасымен
қасиетті дала саңлағы,
Қос босқынның
тіршілігін жалғады!
... Шешем шексіз мейірімді жанды тамаша.
Міскіндерді аялады балаша.
«Қандай бақыт
болар еді, жасаған,
Бұл
сорлардың ажалына бола білсек араша!»
Зая кетіп апта бойы баққаның
Өкіндіріп жүрер
ме ұйқы қас қағым?..
Анам енді
қонақтарын жуынуға үйретіп,
Тарады ептеп киіз
боп кеткен шаштарын.
Міскін жанын мейірімділер ғана түсінбек!
Мейірімділіктен адам қанша кішірмек?!
Шешем құдай
қонағының өрім-өрім киімін,
Түнде жуып
кигізеді жыртықтарын бүтіндеп!
...Босқыншылық күн кешуде халық әлі.
Мұқтаждықта күллі қазақ аспаны.
Іскер шешем
қиындыдан құрақтап,
Үкідей ғып
киіндірді Қалқаны.
Шаштарын да сүзіп тарап келісті,
Қос бұрым ғып
шашбаулата өріпті.
«Енді аштан
өлмеуің қақ, Қалқашым,
Бүлдіршіндей қыз екенсің көрікті!»
Неткен бақыт, шешемнің «құдай қонағы»
Көр аузынан
өмірге қайта оралды!
Енді өздері күн
көрерлік әл жиса да бәрібір,
Шешем қайта қаңғыртпады
оларды!
Қазір менде екі ана, сүйкімді ерке Қалқашым
Арманымыз бірге өріліп
жалғасты.
Екі ана іскер
шеберханада,
Мектепке өзім
апардым ертіп Қалқашты!
 
    Екінші дәптер
    I. ШЕГІНІС,
НАМЫС, ҚОРҒАНЫС
Хат алдым бүгін Қалқаштан.
Қалқашым жазған Балқаштан.
Қараймын - депті
батысқа,
Баяғы күрең
жартастан.
Қасиетті жартас - Қағыбам,
Мен-дағы сені сағынам.
Көруге жазғай
Қалқашты
Қияңнан сенің
тағы да.
Хатынан сезем сергектік.
«...Ағатай, біз де ержеттік.
Оқимыз кешкі
мектепте,
Ал, күндіз қызу
еңбекте.
Ренжіп, Аға, арланба,
Құрдасым -
Гүлнар, Айжан да,
Талқандау  үшін дұшпанды
Оқ құямыз
майданға!
Жетерлік мыс пен қорғасын,
Жеңісті тәңірі
қолдасын.
Майдангер Ерлер
тек алға,
Шегініс деген
болмасын!.»
Шегіністі ауыр күнә ғып,
Алладан медет сұранып.
Аналар маған
жолдапты
Арабша жазып
дұғалық!
«Болмасын ешбір шегініс!»
Қаһарлы
ел, сенде сенім күш
Ал, бізше?
Изюмге келіп бекіндік,
Харьковтен кері шегініп.
Шегіндік, кері шегіндік.
«Жеңістен үміт
үзіліп...»
Біл дейді бізді
кемпір, шал,
Украинша сөге
кіжініп.
Қорлық-ай, қорлық
бұл неткен?!
Күртікке сүңги дірдектеп.
Арқаңды жауға
тосқанша,
Ажалмен артық тілдескен!..
Кірер ең болса жер жігі.
Түңілердей сенен ел бүгін.
Бір жола зая
кеткендей,
Екі жыл бойы
ерлігің!
Аңдысын аңдып
аулақтан,
Окопта жатып
жауды атқан,
Апталар, айлар,
жылдардың,
Кірпік те ілмей
түн қатқан.
Қатерлі екі
жылыңның
Бір сәтіне
тұрмастай,
Ажалмен ашық
арбасқан!
Ажалмен ашық
беттескен,
Сәттерім естен
кетпестен,
Тұрады көздің
алдында,
Оқ астында өрт
кешкен!
...Жұлдызсыз, айсыз түнгі аспан.
Селдеткен жаңбыр тынбастан.
Сел астында талай
бір
Кездерім қайда
түн қатқан?
Жау сырты.
Құпия асығыс.
Бұқпалай жүрміз
жасынып,
Фриц тұр жолды
күзеткен,
Жағаға жүзін
жасырып.
«Жаураған шығар бишара...»
«Жаның-ақ ашып тұрса да,
Өлтіру керек мылқауды,
Келтірмей бірден
мұршаға!»
Командир солай бұйырған.
Грицко қатал, қиын жан.
Бүркітше бүріп
мылқауды,
Үлгердім аузын
тығындап.
Тұншығып
өлген секілді.
Тоқтамаға сондай
бекініп,
Мылтығын алып
бұрылдым.
Ал, командир
маған жекіріп,
Мылқаудың үнін
өшірді.
Бітпеді шайқас осымен,
Орнатып мина...
Көпірден-шегіне
бердік.
Паровоз таяна
түскен өкіріп.
Бірер-ақ минут өткенде
Болды да поезд от дене,
Өзенге өрт боп
сүңгіді,
Көпірді түгел
бөксере...
Сапарың сәтсіз қашқанда,
Прожекторлар маздап аспанда.
Автоматтар ұлып
әр тұстан,
Бұқпалап зыттық жасқана.
Жау қаптаған анталап,
Тәңірінің өзі
сақтап-ақ,
Жаралы қалпым
ІІІала өлік,
Грицконы шықтым арқалап.
... Еділдің бойын өрт шалған,
Жеңістен өзге жоқты арман.
Шабдар сұм көздің
алдында,
Көкірегіме найза
оқталған.
Суықты жүзі ажалдан,
Әзірейіл боп мүмкін жаралған?
Көк шөлмек көзі
кеудеме
Найзадан бетер
қадалған.
Тәтті ғой, тәтті жан деген,
Қалтырап кетті бар денем.
Ұлтым үшін
қорланып,
Безінсе керек ар
менен!
Қорланып менен ар қашқан
Жанарым
жасып арбасқан,
Шегіне бердім артыммен,
Найзадан көзді алмастан.
«Түстің бе үрей торына?
Жан пида Отан жолына!
Ұмытып берген
антыңды,
Туып па ең қазақ
сорына?
Ажалды неге атпайсың,
Автомат тұрып қолыңда?»
Үзерде үміт жалғаннан,
Мен үшін сонша арланған,
Әкем бе, Райымбек
баба ма?
Атойлап жеткен Тарланда?!
Жалт бердім, оқыс бұрылып,
Найзагер кенет сүрінді.
Көк желкеден
қондырдым,
Жауыздың жаны
үзілді.
... Қан құйлы айқас басталған,
Юнкестер ұлып аспаннан.
Байланысшы топта едім мен,
Беркеев Дошат басқарған.
Қамалын жаудың бөксеріп
Батальон ішке кетті еніп.
Сым тартып жүрмін
КПаға
Күн батқан кезде
- кешкеріп.
Артынша жиі үзілді,
Жалғаумен болдым жүгіріп.
Бүре түсті
әлдекім,
Өмірден қалдым
түңіліп.
Аузымды жапты тығындап,
Тұншығып барам қырылдап.
Қозғалтар емес
зіл батпан,
Шошынған едім
шынында-ақ!
«Тұтқын
боп жауға барамын...
Тартқанша жанның азабын...»
Естідім кенет қаһарлы
- дауысын Дошат ағаның.
...Айлакер жаудың күшігі
Тұтқын боп өзі тұтылды.
Рақмет Дошат
ағаға.
Жан азаптан құтылдым.
Ажалмен талай
жүздестім,
Қайсы бірін
тізбекпін.
Жарадар талай болсам да,
Келемін әзір
қатарда,
Өмірден күдер
үзбестен!
 
    Үшінші дәптер
    I. БАТАЛЬОН
КОМАНДИРІ
Батальон
қорғанысын тың күштерге табыстап,
«Демалысқа» шықты
біраз оқ астынан «алыстап».
Бұл әрине, жайбарақат жату емес,
Көңіл күйін
қызықтап,
Жауынгерлік
мамандықты жетілдіру пысықтап!
Ара-тұра өнерге
де беріледі еркіндік,
Ән мен күйге
бойымыз балқып,
Қасаң тартқан
көңіліміз қалады бір серпіліп!
Комбатымыз менен кіші,
Балғын қазақ жиырма
ғана жастағы.
Жаны дарқан, мінезге бай, ақ жарқын
Көңілінің
көлеңкесіз жайма шуақ аспаны!
Мейірімі мөлдір саф ауалы сая бақ,
Бар солдатқа әке
болып, жүреді әр кез аялап.
Әр солдаттың
қабағынан аңғарады жан әлемін, тынысын.
Хат арқылы жүреді
ол жауынгердің үй ішін де білісіп.
Қыран көзді,
жазық маңдай, бет пішінге келісті.
Тәңірі оған
арғымақтай сұңғақ бойлы, сұлулықты беріпті.
Амалға алғыр,
парасатты, ақыл-ойға тереңді,
Өзгеше ерен қабілетті,
сегіз қырлы өнерлі.
Қос ішекті
домбырадан күй төгеді саусақтары салалы,
Кейде «Гәкку»,
кейде «Аққұмға» мың құбылтып,
Шырқап-шырқап алады.
Ол дәрігерлік
мамандықтан жетерліктей хабарлы,
Планшетте жүреді әр кез дәрі-дәрмек, жарағы,
Жеңіл-желпі
жарақатты асқындырмай қолма-қол
Өзі өңдеп, өзі
емдеп жазады.
Туыпты ол аңғарында Тау өзені Таластың.
Тұңғышы
боп, мал өсірген қарапайым
қазақтың
Ратай деп ат
қойыпты ұлдарына ата-ана,
Тағдыр-тағдыр
мейірімсіз, кейде қатал да!
Сұлтанбектен жас
қалыпты бұл да менің өзімдей,
Балалықтың бал
ләззәтін сәби жаны сезінбей.
Онға толмай
ұшырапты ашаршылық жұтына,
Амал қанша аштық
патша аранынан құтылар?
Жүдеп-жадар
тұстарында ашаршылық қасіретін арқалап.
Кездесіпті
Москвалық, мейірімді бір нар қазақ.
Жас жетімді
интернатқа енгізіп,
Анасына асханадан
жеңіл жұмыс бергізіп,
Құтқарыпты
аранынан ашаршылық патшаның.
Сол ағаның
жәннәттә болғай сүттей таза пәк жаны!
Интернатты
бітірген соң,
Балғын қазақ
талантты,
Институтта
хирургтік мамандығын қалапты.
Бірақ оған
дәрігерлікті бұйыртпапты,
Тағдыр атты
тәңірі,
Өз еркінсіз бұғанаға
жүктеп өкініш-жәбірін,
Шинель киіп институтты
қалдырыпты қимастан,
Достарымен қош
айтысып силасты.
Көзге жас ап, «Тосам!»-
депті бірге оқыған Қамар қыз,
Қандай ауыр,
күтілмеген ажырасу амалсыз!
Қырық бірдің жазы
Ару Львов.
Күн батысы қатерлі қара түтінді.
Балғын қазақ жат
қалада командирлік мамандықты бітірді.
Оқ нөсері кезекті
таң,
Атты алапат
жалындап.
Дұшпан басым,
бірақ, бірақ шегінуді ар санап,
Жас кеудесін оққа
тосты.
Ұлы Отанды
денесімен қалқалап.
Украина қырын
жалын шарпып,
Жатты дүние қан
сасып,
Содан бері келеді
бұл мейірімсіз жаумен арбасып!
Өңіріндегі
қызғылт, сарғылт қатар тізген таспаның,
Әрқайсынан оқыр
едік,
Батырлықтың,
батылдықтың дастанын!
... Батальон уақытша оқ астынан шыққалы,
Комбатымыз болып
алды,
Күллі әскери
мамандықтың ұстазы.
Тактикалық қызу
сабақ басталды таң ағарып атқаннан,
Үзілместен
жалғасады ол әр күн сайын ақшамға.
Бөлімшелер бірі
«жау» боп, бір «біз» боп,
Жатысады айла
асырып «атысып».
Алғыр комбат
бәріне де нұсқау беріп,
Үлгерді бәріне де
қатысып.
Жақсы ататын
солдаттардан ашып мерген мектебін,
Өзі үйретіп
шеберлікке, жүрді өзі тексеріп:
«Жақсы игердің
нысананы...»
Мақтап жүрді
ұстазым.
Емтиханда жүрек
қабым жарылардай,
Шошындыра
қысқаны!
Төбесіне алма
қойып,
Нысанаға тік -
деді!
Мен бейбақты
қорқыныштың
Құдыреті бой
жаздырмай бүктеді.
«Жолдас комбат,
кешіріңіз, кешіріңіз жасқанам...»
Ол күрсінді: «Мен
қалайша танып болмай, мақтағам?»
Содан кейін әлгі
алманы өз төбеме көшірді.
Көз ғана емес, қолы-дағы мерген екен,
Пистолетпен көздеместен
жалғыз атып ұшырды!
Біртін-біртін мен
бейбақта дағдылана бастадым,
Бірақ комбат
төбесінен алма атуға батпадым.
 
2. МЕРГЕННІҢ ТҰҢҒЫШ
ТӘУЛІГІ
... Кейінде қалды,
Бекінісіміз де тосқауыл.
Жаңбырлы да, желкемді түн,
Құтырына соқ, дауыл!
Екі мерген саперлермен бірігіп,
Жауға таяу жал теректі тасадан,
Шалғай-шалғай ұялар қаздық
Жау оғынан өзің сақта жасаған!
Дұшпан жақтан ракеталар жиі-жиі атылып,
Қараңғы аспан шаңырағына ақ
Фонарь боп
асылып,
Қалады да,
Қызыл-жасыл оқ тепшиді түнекті.
Оқ жыландай ысқырығы
шошындырып жүректі.
Демімізді ішке
тартып, еппен ғана қарманып,
Ұяларды терең
үңгіп, араларын жалғадық.
Таң келеді ақ
алмасты семсермен,
Түн денесін
қансырата қақ жарып!
Алғашқы таң,- екі
аяқты аң атуға арналған.
Мүмкін өзің аттанарсың жалғаннан!
Көкірегіңді қағып
күбірлейді - үрей атты генерал:
«Әзірейіл» таяу,
қол созым жер сені алар!»
Рас-ау, рас,
батальон қалды тіпті-тіпті алыс.
Қатер төнсе
үлгерер ме олар бізді құтқарып.
Жасырын көп бүре
түссе желкеден,
Күш, амалға басым
түссе ол сенен..?
Саперлермен
қоштасқанбыз құлан иек кезінде
Елегізіп отырмыз
екеу беймаза ауыр сезімде.
Екеуміз де орыс
емес, кеп-кешегі бұратана ұлтпыз.
Комбатша айтсақ:
Түннен туған бір
кездегі түркі тілдес туыспыз
Батум Кирилл
солтүстіктің тоғайынан қымбат аңдар аулаған,
Дөңгелек жүз,
қиық көзді, нағыз қазақ аумаған.
Ол кірешін,
тілден, діннен өз еркінсіз құтылып,
Ұлысы да бара
жатыр қатаң ғасыр аранына жұтылып.
Біліп айтса
отыз-ақ мың қалыпты.
Ұсақ ұлтты
жалмаушы кім, күнәкәр кім - жазықты?
Өз халқым да екі-ақ
жылда тең жарымын жоғалтты.
Күнәкәрім «кіші
Октябрь»
Мал өсірген
қазақтың
Бар дәулетін
тігер тұяқ қалдырмай, түгелімен талатты!
Біз де мүмкін
тілден, діннен біртін, біртін «құтылып»,
Құрырмыз ба Айдаһар
ғасыр аранына жұтылып?
Кирилл баяу
әндетеді,
Аялардай жаныңды.
Таныс ырғақ,
таныс әуен,
Ана әлдиі
кәдімгі.
Сөздері де
ұқпасам да ұқсас қазақ сөзіне
Кирилл енді нағыз
қазақ боп көрінді көзіме!
Жасаған-ай,
туысқандық сақталыпты-ау әуенде.
Рахмет достым,
сені-дағы ортақ әнмен аялаған әжеңе!
Өкініш-ай, бірақ достым
бір кездегі ортақ тілді ұқпайды.
Орысшаға тәржімә
етсем, күлімсіреп құптайды.
Кетіппіз-ау мұң
бөлісе ұмытып,
Бұдан бетер бар
екенін тыс қайғы.
Күндегі әдет екі
жақта ала-кеуім шақта оқпен арбасқан.
Қазір тыныш,
жайма шуақ таңғы аспан.
Күн іргеден көтерілді,
Ерекше бір мейіріммен нұрланып,
Жапырақта жаңбыр
тамшылары
Бейне гауһар мөлт-мөлт
ойнап, тұр жанып.
Түнгі дауыл,
түнгі жаңбыр,
Қасіретті қуып,
қанды жуып кеткен бе?
Ләйімде солай
болғай,
Салауат делік өкінішті
өткенге.
Жау қорғаны жатыр
бей-жай,
Жаулық мінез
танытпай,
Жауығудан шығар
мүмкін,
Шаршаған да,
жалыққан.
Иә, тәңірі,
адамзатқа мейірімділік, бер ынсап.
Мынау ғажап
сұлулықта қан төгу де қылмыс-ақ!
Блиндаждан көтерілді
Балғын ару, жас
жігіт.
Жүздерінде қуаныш
сезім,
Жақсы үміт.
Қуанатын шығар,
түннен өлмей есен шыққанға,
Лағынат айтып
қанды тырнақ соғыс атты мыстанға.
Әсем таңға қарап
тұрды, соғыс жемі бишаралар
Ләзәттана қараңдар.
Бұл қырғында
әрбір тәулік тіршілігің
Бүкіл тұтас өміріңе
бара-бар!         
Құшақтасып күлісті олар,
Уа, әулие махаббат, обалсынам, атар ем.
Сендер үшін
Гитлерді,
Оқ шығармай дар
ағашқа асар ем!
«Эх, поганни фриц...» Кирилл достым
Украинша балағаттай,
Тістеніп, ащы
ызаға булықты да,
Ойламаған
асығыстық істеді.
Екі жасты жаулық
мінез танытпастан,
Күліп тұрған
жайдары
Жалғыз оқпен
қыршынынан қиды да
Өзімізді нысанаға
байлады!
Керек еді ылғал
кеуіп үлгергенше,
Сабыр етіп, сақтанған.
Оқтың күшті
қызуымен,
Салқын жаңбыр
тамшылары
Ақ бұлт болып көтерілді
аспанға.
«Құдай ұрды, дереу
қозғал!»
Екеуміз де екі
жаққа жалтардық.
Тәңірі сақтап,
минометтың тепкісінен
Талқандалмай шақ
қалдық!
«Ақ бұлт» орнын
талқан етіп,
Миномет оғы
тиылды.
Тағы біраз мезгілден
соң,
Фрицтер екі
өлікке жиылды.
Мен де
біраз сақтық етіп,
Асықпастан төңіректі барладым.
Нысанаға
қарапайым солдат емес,
Көк жалдылар таңдадым.
Неміс бейқам,
мүмкін бізді жайраттық деп ұққанды.
Қарауылға еркін таңдап, жаһанамға аттандырдым
Екі офицер дұшпанды!
Қалғандары ғайып болды,
Бытырай қашып жан-жаққа,
Жау тараптан тағы да ұзақ оқ атылды,
Нысанасыз алжасқан,
Кирилл үнсіз, қайда кеткен?
Өшкен бе әлде кім білген,
Жасаған-ай тірі екен,
Саперлер келіп қазып алды үңгірден.
Осылайша кетті ауыр, қатерлі де
Мергендік қадам басталып,
Бұдан кейін өкіндірер,
Асығыстық, албырттыққа баспадық!
 
3. КӨК ДӘПТЕРДЕГІ ЖАЗБАЛАР
Жасаған-ай,
Өлтіру де болады екен мақтаныш.
Тілім соған оралады жасқанып!
Менің мынау көк
дәптерім бетіне
Сұмдық есеп көк
сиямен хатталып,
Келе жатыр екінші
жыл,
Бірден бастап
еселеп,
Көбеюде,
Сұрайсыз ғой, неше?-
деп.
Ашық көкпен
жазылыпты: Жүз тоқсан!
Бірде екі, бірде
үштен есе көп!
Бір жүз тоқсан!
Қарағым да келмейді.
Кейде өзімді
«қанішер!» - жерлеймін
Бұл не
есеп,
Атып алған аңның ба?
Айтшы маған, айтшы маған мергенім.
Нысанаға ілген
«аңым» бұл менің.
Касқыр емес.
Адам!
Адам атып
жүргенім.
Жүктегенім сауап
па, әлде күнә ма?
Айтшы әділет, қайсы
екенін білмедім!
Кейде ашынған аналардың қоршауында оянам.
Күнәкәр боп, жүз
тоқсанның бар бақытын тонаған.
«Құлыным-ай,
мейірімсіз бе ең?» - дейтіндей
Мұңайыңқы
мүсіркей қарап өз анам!
Бір жүз тоқсан қаралы ана жылаулар,
Мен де көзге жас
алайын жылаңдар,
Қорланарлық
адамға ортақ сұмдыққа,
Адамзатқа тәңірден
мейірбандық сұраңдар!
Уа, адамзат, Адам ата ұлдары,
Бұл не сұмдық, бір-біріңді қырғаның?!
Кешір Гете, бір
қандасың қанішер боп туды да,
Бүкіл әлем болып
кетті, - қанды қырғын қырманы!
Маған қазір қарапайым
солдат кезім жеңілірек тәрізді.
Атойлаған жауды
атасың, тыңдайсың да әмірді.
Шегінеді қан жоса боп,
Қалсын мейлі сұлап талай өліктер,
Сен бе өлтірген,
Әлде өзге
ме, біліп көр.
Ал, мергенде жауаптылық өзгеше,
«Өлтір жауды, сені ол бірақ білмесін!
Дәл түбінен жасырынып жау қорғанын торисың,
Қылаң еткен елестердің бәрін жауға жорисың.
Мейлі, саған сол сағатта етпесе де қастандық,
Ат та дереу өлтіріп жер жастандыр!
Мергендігім қашан, қалай басталды?
Әр тәулігі үрейлі ауыр бір-бір дастан-ды!.»
 
    Төртінші дәптер
    ГОСПИТАЛЬ АЙЛАРЫ
... Госпитальдан айлар бойы дәм татып,
Оқ омырған
жілігімді жалғатып,
Жан төзбестік
тарттым да ауыр азапты.
Кейде кірпік
ілдірместен таң атты.
Мүсіркейді кәрі дәрігер,
Өз жанын да
жәбірлеп,
Ұйықтатады
сезімімді
Дүркін-дүркін
дәрілеп.
Оянамын меңзең
басым қаңғырып,
Құлағымда бір
тынбастан жаңғырық!
Оң аяғым гипс
сауыт ішінде.
Арулармен билеп жүрем түсімде.
Ал, оянсам шошынамын, Ой, аллай,
Аяқ емес, бозғылт күпсер томардай!
Күрсінем де, дүрсілдетіп ұрамын,
«Жер бастырар күні бар ма құдайдың?»
Ал, Құсайын қос сирақсыз,
Елге оралмақ жақында.
«Жаяу емес» ат орнына
«Арба» байлап тақымға!
Маған-дағы  хирургтер
Талай кеңес бергенді:
«Есен-аман сирақсыз-ақ,
Қайтқаның жөн елге енді.
Кесу жеңіл, сенімдірек емдеуден...»
Десе-дағы тыңдамағам,
Кеңесіне көнбегем.
«Гангренге кетсе айналып сүйегің,
Мүмкін, дескен,- әлде неше кестірумен,
Азап тартып жүдеуің...»
Соншалықты қорқытса да,
Шешімімнен шегінбедім,
саспадым,
Дұрыс бопты,
шүкір міне
Қос балдақпен
адымдай да бастадым.
Ертең мамыр
мерекесі,
Менің-дағы мерей
күнім саналмақ,
Өңіріме тағы да
бір Қызыл жұлдыз қадалмақ.
Ертең мен де алғаш рет тосыннан,
Балдақтылар шеруіне қосылам.
Бір, екі, үш,
бір, екі, үш.
Дағдыланып
келемін,
Шүкір алла, құламаспын,
Құламауға сенемін!
Орталықтан киношылар келіпті.
Қобди артқан қос
офицер,
Киімдері келісті.
Көрдім-дағы
қошқар тұмсық,
Жирен мұрттың
пішінін,
Балқашымның
қаралы жылын
Қаперіме
түсірдім.
Құлағымда бір тынбастан күңіренген аза-зар,
«Нан, бір үзім нан, қайырымды адамдар.»
Жанарымда қаралы Балқаш,
Қасіретті жылы жұртымның,
Аштық патша аранында
Азап шеккен ұлтымның.
Сонда мынау шиқан бетті оңбаған,
Босқындарды жабайы -деп,
Тағылар-
деп қорлаған
Намысым лаулап,
Қос жанарым
шоқтанып,
Балдағымды
оқталуға шақ қалдым!
Госпитальдың
кинозалы,
Мерекелік
салтанат,
Жазылуға бет
алғандар,
Қуаныштарын
арқалап,
Келген түгел,
Жүздерінде шексіз сенім өмірге,
Бұрынғыдан
батылырақ
Тік қарайтын
тәрізді олар өлімге!
Енді бір сәт,
Жаңғырығып кетті кенет кинозал,
Сахнаға көтерілді
Сымбатты сұңғақ
генерал.
Жаңа ғана буырыл
шалған
Қара шаштың
самайын,
Құрметтей де,
сүйсіне де,
Көз алмастан
қарадым.
Толқын шашы бейне
Айдынның құндызы,
Көң кеудеде жарқырайды,
Ерліктің алтын
жұлдызы,
Жанында
полковник,
Менің Ваня ұстазым,
Қос балдақпен
қарғып барып,
Келген еді
құшпағым...
Генерал бірден
көрді-дағы
Тақымдарға арба
таққан
Әлденеше
солдатты,
Сахнадан төмен
түсіп,
Әр қайсымен
сәлемдесті қолдасып.
Содан кейін сөз
бастады,
Енді қайтып көтерілмей
биікке,
Міне осы
кішілікпен,
Кетті ол шырқау
биіктеп!
Құттықтап боп,
Жарадардың
бәр-бәрін
Ұстазыма оқытты
да
Мерекелік
жарлығын,
Қос сирақсыз,
күиік бетті танкистке,
Аударды да
назарын, Жан шошырлық «дидарына»,
Жас үйіре
тұманданып жанары,
Өз жанын да
сезінгендей
Жазылмастық
жаралы,
Айыпты жандай
көкірегінен ауыр,
Үнсіз ғана
күрсініп,
Аянышты ата
мейіріммен
Ұзақ, ұзақ
қарады.
Ал, содан соң
тізерлеп кеп,
Маңдайынан сүйді
де,
Қос орденді өңіріне
танкистің
Өз қолымен алтын
жұлдыз қадады!
Алақандар соғылды
ұзақ,
Қошеметтен
жаңғырықты кинозал.
Қандай күйде
болды екен жұлдызды танкист?
Қараңдаршы
құрбылары, ағалар.
Өрт шарпыған бет
пішіні аңғартпайды еш белгі.
Кірпігі жоқ қос жанарда,
Мақтаныш бар, нала бар!
Ал, батырлық
дәптерінің бетіне:
Қараңдаршы,
қараңдаршы, жараңдар,
Көрмеге ғана
қоярлықтай бозбала боп көрікті,
Қарайды күліп,
қазіргі міскін жарадар!
Мүмкін, мүмкін
айтып та тұрған шығар ол:
«Рахмет сізге
мейірімді генерал.
Бірақ алтын
жұлдызың, қайран, дариға-ай,
Жоғалтқандарыма менің бола алмас өмір
Бара-бар!
Амалым қайсы,
Отаным үшін жанды да пида санағам,
Боламын-дағы қасіретке де
Мойымайтын
қара нар!»
Бірер минут дыбыссыз, үнсіз
Тұнжырап тұрды кинозал.
Айығып зорға
аянышты
Сезімнен енді генерал,
Аралай жүріп
арбалылар қатарын,
Әрқайсына орден
тақты, оқыттырып атағын
Кезекте енді қос
балдақты «қырандар»
«Кәне, кәне,
адымдаңдар, Өздеріңді сынаңдар.
Бәрекелді,
бәрекелді, Батылырақ, батылырақ бас әлі...»
Енді бір сәт
мені-дағы атады:
«Қайда әлгі
Әуелбеков, Мыс Балқаштың мергені,»
Осы көктем өз
қолымнан Снайпер мылтық бергенмін.»
Қос балдақпен
орғып барып,
Сәл шайқала
тоқтадым,
Қолтығымнан сүйеп
қалды дядя Ваня ұстазым.
Генерал маған
күлімсіреп, мейірлене қарады.
Он қолымды қатты
қысып,
Өңіріме қызыл
жұлдыз қадады.
Ал, шиқан бет,
қошқар тұмсық оңбаған,
Аштық, жылы сорлы
босқын
Қазағымды
қорлаған
Құттықтамақ мені
қазір
Сондағы пасық
аузымен,
Құдіретім келсе
құлатар ем,
Жексұрынның төбесіне
тауды мен,
Арын қорғап аз ұлтымның
ардақты,
Көкірегіне тіреп
тұрдым балдақты!
Генералға түсіндірдім,
Қаһарымның
себебін.
Ол күрсініп есіне
алды
Аштық жылы мазақ
болған өз елін.
«Менің халқым - Украиндар
да ол жылдары ашыққан...
Сен аштарды мазақ
еткен пасықжан,
Ей, күнәкәр, қара
бетті жазықты,
Рухтарынан қазір
кешірім сұра,
Аштан өлген
халықтың!»
Шиқан бетті тізе
бүкті,
Арылмақ боп
күнәдан...
Құлағымда аштар
зары:
«Үзім нан!»-деп,
«Түйір нан!» - деп жылаған.
Уа, бауырластар
Совет халқы,
Қан құйлы тұста
бүгінгі,
Қасиетіңді тану
үшін
Қасіретіңе
генерал боп та,
Жауынгер
боп та үңілдік!
Жиналыс бітті,
Әр кеудеде алуан түрлі толғаныс.
Майдан беті күн батысқа
біржолата кетті ауып,
Бірақ айқас бітер емес берменде,
Жеңіс туы тігілгенше Берлинде!
Қош, госпиталь,
көріп қайтсам:
Қос анамды,
Қалқашымды, үй-жайды,
«Қанды көйлек»
достарымды
Қалдыруға
қимаймын.
Жеңіс, жеңіс -
биік мақсат, ұлы арман!
Ұлы арманға
кімдер жетпек,
Бүгінгі солдат
ұланнан?!
Ер азамат -
тоқтысы ғой туған елдің
Құрбандыққа арнаған.
Туған жұртты өз
кеудеммен,
Қорғамауға
арланам!
Жеңіс үшін шыбын жанды атасам да пидаға,
Уа, жасаған,
сонау танкист тағдырын маған сыйлама!