ВЕРНУТЬСЯ

 «...Мысығым да қартайды...»

Сонау қайта оралмас, аса қымбатты балалық шағымызда Күнипа
атты көрші әжеміз болған. Қарапайым да қайырымды әжей есімізде терең
сақталыпты. Әсіресе оны қарт мысығы.

Қанша барсаң да, мысығы кейуананың жанында отыратын.
Қартайғандығы соншалық, қимылы жәй, қозғалуға халі келмейтін. Бет-аузы мыж-мыж,
көзі былшықтанып, жасаурап отыратын момақан жануарды көргенде, күліп алатынымыз
да рас. Сонда марқұм Күнипа әжей:-Күліңдер, күліңдер! Күні ертең өз бастарыңа
келеді. Қайтейік, өзім де жетпістен астым,  мысығым да қартайды. Тышқан түгілі, ылжырап
піскен жас етке де тісі өтпейді. Қайсымыздың бұрын өлетінімізді бір Алланың өзі
біледі ғой...-дейтін жымиып...

Күндердің бір күнінде мысығы үйдің босағасында жатып, өліп
қалыпты. Содан әжеміз күрсіне жүріп, ауласындағы жиені Жұмабек (бүгінде ол да
марқұм) қазған шағын шұңқырға мысығын көмген еді. Неге екені белгісіз, сонда
көзінен бір-екі тамшы жас та сорғалап түсіп, омырауында тұрды. Жан-жануарға да
аяушылықпен қараған, қайран қазақтың сол кездегі қасиетіне жетер не бар?!

Бұдан шығар түйін: адам да, жан-жануар да тек жас шағында
ғана сүйкімді де тартымды болады екен ғой...