ВЕРНУТЬСЯ

         Біз соғыстың өту барысын түгел баяндаудан аулақпыз. Тек осы
алғашқы бүкіләлемдік қырғынның кейбір тұстарына тоқталғанды жөн көрдік. Соғысқа
барлық тараптардан 73 млн. адам қатысты. Соның тікелей майданда болып,
қиян-кескі шайқастарға қатысқаны-4 млн.сарбаз мен 5 млн. еріктілер. Санаулы
айлардан соң, соғыс біртіндеп, позициялық сипат алды. Ол не? Яғни, жаулар
қорғаныс шебін сан алуан оқ ату нүктелері, зеңбіректер, оқшашар ұяларымен
жабдықтап, бірнеше қатар тікенек сыммен бөгеп тастады. Оны шабуылдағандар
оқшашар мен зеңбіректердің қосыла жаудырған қорғасын құйынының  астында қалып (кейін оған әуеден ұшақтар
қосылды), алға қарай бір қадам да жылжи алған жоқ. Адам шығыны бір сәтте
жүздеген мыңға жетті. Нәтижесінде шабуылға шығушылардың құрбандық саны
қорғанғандардан екі-үш есе көп болды. Алдыңғы соғыстарда қарағанда, мұнда
шабуылдардан гөрі бір орында жатып атысу ұзаққа, тіпті айлар емес, жылдарға
созылды. Тек Антанта жағында соғысқа кіріскен Италия (1916) мен Румынияға
(1917) қарсы ұрыс қимылдары жедел қарқынмен өтті. Румынияны дұшпандар жедел
басып алса, Италия талқандалудың аз-ақ алдында қалды.