ВЕРНУТЬСЯ

        Туған ұлтын жан-тәнімен сүйген Рухолла Хомейни сол
жылдардағы халқының аянышты жағдайына немқұрайлы қарап, отыра алған жоқ. Оны
рухын былай қойғанның өзінде, адами ар-ожданы мазалап, тыныштық бермеді. Ал
Иран елі өткен ғасырдың орта шенінде қандай күйде еді?!...

Бүгінде «Иран Ислам Республикасы» деп аталатын мемлекет сол
жылдары монархиялық саяси құрылымда өмір сүрді. Иран шахы Мохаммад Реза Пехлеви
елді емін-еркін билеп-төстеп, ұлттық байлықты сүйікті достары-ағылшындар мен
американдықтардың иелігіне беріп қойды. Ен мұнай мен газдың үстінде отырған ел
«Ұста пышаққа жарымайдының» күйін кешті. Миллиондаған ирандықтар қарны тойып
тамақ ішкен жоқ. Жұмыссыздардың саны жылдан жылға өсе берді. Көше бойын кезген
қайыршылар мен панасыз балаларды тіпті шетелдік қонақтардан тасалап ұстау
мүмкін болмады. Ана және бала өлімінен де Иран әлемдегі алдыңғы орындарды
«иеленді». «Жығылғанға жұдырық», елге сыналап кіріп алған шетелдіктер де ойына
келгенін істеді. Өйткені шахтың «қонақжайлығын» пайдаланған АҚШ Кеңес Одағының
көршісі-Иран жерінде екі электронды тыңшылық стансасын орнатып, 40 мың американ
кеңесшісі өздерін емін-еркін сезініп бақты. Жергілікті адамдарды  көлігімен қағып кетсе де, ұсақ бұзақылық
жасаса да, келімсектерді үкімет орындары қамқорлық аясына алып, ешқашан
жазалаған емес.

Бәрінен бұрын, иран ұлтының руханияты мен діліне шабуыл
күшейді. Баспасөз, телерадио мен кітаптар тасқыны Аллаһқа емес, оның жұмырбасты
пендесі-адамға табынып, еш шектелмеген «бостандықты» уағыздады. Көне өркениетті
Шығыс елін маскүнемдік пен есірткіқұмарлық, жезөкшелік пен киеңкілік кеңінен
жайлады. Әсіресе  тасыр өзімшілдік пен
қатынға табынушылық ирандықтардың санасына зорлап таңылды. Қасиетті
Құран-Кәрім, шариғатқа қайшы және Иран шахының үнсіз қолдауымен АҚШ, Батыс
күштеп енгізген сорақылықтардың ұлттың кедей, орташа топтары тарапынан қарсылық
пен өшпенділік туғызуы өз-өзінен түсінікті...

1946 жылы Кум қаласынан келген, құрамында бес молла бар
шағын топ Иран шахымен кездесуге жиналған. Шах біреуін ғана қабылдауға
келісімін берді. Кезек Хомейниге беріліпті. Әміршінің қабылдау бөлмесіне
кіргенде, орнынан тұру керектігі ескертілсе де, шах ішке енгенде, аятолла отыра
берді. Мұнысымен елін сатқан билеушіге ішкі қарсылығын білдірсе керек. Алайда
Мохаммед Реза Пехлеви оның  батылдығын
елеусіз қалдырған.

Тағы бірде шахтың өзі шииттердің көсемі ұлы аятолла Боруджериге
кездесуге келеді. Оны ұлы аятолла орнынан тұрып, тағзым етіп, қарсы алса, жерде
отырған Хомейни қозғалмаған да. Қонақ кеткесін, жас Мусави ұстазына :
«Мүттайымның алдында неге  орныңыздан
тұрдыңыз?!» дейді. Ұстазы да дереу жауап қайтарған : «Мен сендерді өсіріп,
қанаттандырып жіберуім керек. Сонан кейін күреске шығасыңдар»...