ВЕРНУТЬСЯ

         Екіншіден, Жамалдың басынан бақайшағына дейін араб болғанын
баса айтуымыз керек. Бұрын өздерін өздері тек «мысырлықтар», «ливандықтар»
немесе «шамдықтар» (Сирия) деп сезінетін халықтар Насырдың көп жылғы ұлттық
бірлікке шақыруынан соң, Атлант мұхитынан Парсы шығанағына дейінгі ұлан-ғайыр
кеңістікті алып жатқан Араб әлемінің ажырамас бөлігі деп есептей бастады.

Сол ұлтжандылығы ақиық азаматты араб елдерінің арасындағы
болмай қоймайтын (әлі де бар!) сан түрлі саяси жанжалдарды ушықтырмай, жедел де
оңтайлы шешуге үйретті. Ол Солтүстік және Оңтүстік Йемен, Марокко мен Алжир
арасындағы өзара даулы мәселелерді екі жаққа да тиімді, бейбіт түрде шешті.
Израиль басқыншылығының салдарынан елінен, ата қонысынан озбырлықпен қуылған
палестин араб халқының қасіретін ол жеке басының қайғысынан кем қабылдаған жоқ.
Насырдың және өзге де араб елдерінің қолдауымен, палестин арабтарының қарсыласу
қозғалысы «Фатх» құрылып, күні бүгінге дейін осы ХХ ғасырда қорлықты ең көп
көрген (қазір де жалғасуда!) халықтың тірегіне айналып отыр. Осыдан санаулы
жылдар бұрын көз жұмған, әлемге танымал саяси қайраткер Ясир Арафат Насырдың
жанға таяған достарының бірі еді...

Әрине, Арафаттан басқа Фидель Кастро, Иосиф Броз Тито,
Жавахарлал Неру, Че Гевара, Чжоу Энь- Лай сынды әлемнің әйгілі адамдарымен дос
болған Насыр қаншалықты өз ұлтын сүйсе де, өзге ұлтқа, дінге, нәсілге
өшпенділіктен аулақ болған адам. Тіпті сол үшін оған Кеңес Одағының
есерсоқ  басшысы Н. Хрущев Батыр атағын
да беріп тастапты...

Енді 60 жылдан астам уақытқа созылған араб- жебірей
текетіресіне келсек. Өздерінің түбі бір, тілі ұқсас бауырларын ( қасиетті
Құран-Кәрімде және өзге де киелі кітаптарда айтылғанындай, араб та, жебірей де
Ибраһим пайғамбардың қос қатынынан туған ұрпақ. Үлкені-араб, ол- Исмаил, Мысыр
перғауыны пайғамбарға сыйға тартқан күң - Ажардың құрсағында жаратылған. Ал
жебірей, Сара бәйбішеден туған Ысқақтан тараған) ата жауына айналдырғаны үшін
жаны күйінген Насыр Израильды «Жерорта теңізіне лақтырып тастау» ұранын
алғашқыда қолдағанымен, кейін ол райынан өз еркімен бас тартты. Израиль
мемлекетінің де өмір сүру құқығын мойындай отырып, майталман саясаткер
Тель-Авивтен БҰҰ-ның 1967 жылғы 22 қарашадағы №242  Қарарын орындауды үнемі талап етті. Сірә,
оның ымырасыз саяси ұстанымының да бұл жалғаннан ерте кетуіне септігі тиген
шығар...