ВЕРНУТЬСЯ

        Қасиетті «Құран-Кәрімнің» «Исра» сүресінде былай делінген
екен: «Ысырапқорлар шын мәнінде, шайтан ( шайтанның) жақындары». Расында да
бізде су үнемі туралы айтып көріңізші, жұрт сізге қалай қарар екен?! Ең
жұмсағы: «Құдайдың қара суын аяп тұрмысың?» деп, иығын бір қиқаң еткізер еді.
Әлі де біздің санамыз судың тым қат тіршілік көзі екенін қатаң ескеру сатысына
жетпеген сыңайлы. Оның үстіне күнде пайдаланып жүрген тұщы судың бір
текшеметріне бар болғаны 16,4 теңге төлегесін, үнем туралы әңгіме қозғау тым
ерте сияқты. Орыс көршіміздің ысырабы бізден артық болмаса,   тіпті де кем емес. Мәселен, «орташа» орыс
күніне кемінде 220, ал мәскеулік тұрғын 400 литр су жұмсайды. Мұны
естісе, кез келген жапон не неміс, 
ағылшын таңданғанынан жағасын ұстары 
сөзсіз. Жебірейді айтпағанның өзінде. Олардың осыдан отыз-қырық жыл
бұрын егінді, бау-бақшаны тамшылатып суару әдісін ойлап табуы сірә, еріккеннің
ермегі бола қоймас. 

    Себебі Батыста да, АҚШ-та да және әлемнің өзге
де елдерінде пайдаланылатын судың, соның ішінде таза судың құны өте қымбат.
Жоғарыда айтқан жебірейлер мен немістерің суды қайта-қайта сүзіп, кері
пайдалануға баяғыда-ақ көшкен екен. Сөйтіп, мейлінше қолда барды қатаң
үнемдейді. Ал бізде басқаны айтпағанның өзінде, арақ-шарап өндірісінде (спирт
тек сыртқа ағзаға қолдануға жақсы шығар) күн сайын ондаған текше метр тұщы
судың рәсуә болатынына не дер едіңіз?! Жоғарыдағы болат қорытуға жұмсалатын
ылғалға қынжылсаң да, қынжылмасаң да, қажеттілік деп қарайсың ғой. Ал адамзатқа
қайғы-қасіреттен басқа  ештеңе әкелмейтін
спиртті ішімдіктер ше?!... 

Демек, бұдан тап қазір пайдалануға жұмсалатын судың бағасын
дереу және күрт өсіру керек деген ұғым тумайды. Мәселе-санадағы сілкіністе.
Әркім де өз еркімен суды барынша тиімді де үнемді пайдалануға ұмтылуы қажет. Ас
бөлмеде суды ағызып қойып, ботташық аршумен бірге өсек соғудың заманы баяғыда
өткен. Тағы да қасиетті Құран-Кәрімнің «Исра» сүресінен алынған мынадай
ұлағатты сөздер есіңе түседі: «Қолыңды мүлдем жұмып та алма (тассараңдықты
айтады), жайып та жіберме (ысырапқорлық), онда көзге түртілесің немесе өкінішке
қаласың». Ықылым заманнан бері ысырапқа қаны қас ислам дінінің осы
қағидаларымен атам қазақтың «Судың да сұрауы бар» атты даналық сөзі қалайша
өзара үйлесім тауып тұр десеңізші?! Қазіргі экономикалық дағдарыстың да
ысырапқорлықты «сүйе қоймайтыны» өз-өзінен түсінікті....