ВЕРНУТЬСЯ

         Бауырды бауырға қару кезеуге мәжбүр еткен одақтастар Ресейде
1918-1920 жылдары ғана болып, біртіндеп «тастап кетті». Иә, осы сөздің тура
мағынасында. Алғашқыда ақтарға барынша көмектескен, Антанта артынша орыстардан
жерініп шықты. Себеп-ақтар «біртұтас, бөлінбейтін Ресей үшін!» деген ұран
көтерді. Монархияны қалпына келтіру жөніндегі бұрынғы патша генералдарының
жоспары Батыс демократиясының көңілінен шыққан жоқ. Оларға бөлшектелген,
өздерінің «ашса-алақанында, жұмса-жұдырығында жүретін» Ресей керек еді...

Одақтастар тайып тұрғасын, «Ағылшыннан шекпен киген,
француздан оқа ілген, жапондардан темекі алып, Омбыны билеп жүрген» Колчакты
еліне кетіп бара жатқан чехтар қызылдарға ұстап берді .Ол атылды, Деникин мен
Юденич шетелге кетті. Қалған сан түрлі атамандар мен генералдар ажалын
тапты.Қанды қырғын тек 1922 жылы қазанда Владивостокты қызылдардың алуымен
тәмамдалды.

«Молодая гвардия» басылымының пайымдауынша, Ресейдегі
билікті толық алған большевиктердің арасындағы «батысшылдардың» (Л.Троцкий, Я.
Свердлов, В.Д.Бонч-Бруевич, Бухарин, т.б.) тұғырының әлсіреп, алдыңғы кезекке
«отаншылдардың» (И. Сталин, М. Фрунзе, К. Ворошилов, М. Буденный ,т.б.) шығуы
да Антантаның оңай олжадан үміттерін үзуіне себепші болған сыңайлы...