ВЕРНУТЬСЯ

          Бұдан 74 жыл бұрын, жаз ортасында, сонау испан елінің
қоғамдық-саяси ахуалы күрделі болып, халық буырқанып жатты. Елден Бурбондар
әулетінің мәлігін (королын) бірлесе қуып жіберген коммунистер, социалистер,
анархистер мен кәсіподақтың «серкелері» өзара тізе қосып, билік басына келді. Олар
құрама үкімет жасақтап, елде саяси-экономикалық өзгерістер енгізуге құлшына
кірісті. Өздерінің саяси жеңістеріне мастанған «жаңашылдар» келешек қауіптің
қай жағынан келерін білмеді, біле де алмайтын еді... 

...1936 жыл,18 шілде. Шыжыған ыстықтан әркім өзінше жан
сақтаған ел тұрғындары сол күні таңмен белгісіз бір радиостансалар  әуе толқынында қоймай қайталаған «Бүкіл
Испанияның аспаны шайдай ашық» деген дауыстарды түсіне алған жоқ, назар да
аудармады. Ал бұл шартты белгі болатын. Арада санаулы минуттар өткен соң, елде
азамат соғысы басталды. Екі-үш күннен кейін мемлекеттің заңды үкіметіне қарсы
қару көтергендер «серкесінің» есімін бүкіл әлем қайталап шықты. Ол - генерал
Франциско Баамонде Франко, елдің құрғақтағы қарулы күштерінің бас қолбасшысы
болатын...

Осы тарихи тұлғаның өмірбаянынан қысқаша түсінік. Франко
1892 жылы 4 желтоқсанда Испанияда дүниеге келіпті. Орта таптың өкілі. Жасынан
әскери білімге ден қойса керек. Елінің жаяу әскер академиясын бітірген. Испанияның
Солтүстік Африкадағы бүкіл отаршыл соғыстарына қатысып, әскери машықтан өтіп,
мол тәжірибе жинақтаған. Яғни басынан бақайшағына дейін әскери адам.

Әдетте әскерилердің саясатқа белсене араласуы әлем тарихы
үшін тосын құбылыс емес. Бұрын да , қазір де көптеген саяси тұлғалардың бұрынғы
әскерилер екенін айтсақ та, өте орынды. Мәселен, Жамал Әбділ Насыр, Кемал
Ататүрік, Сухарто, Шарль де Голль, Уинстон Черчилль және басқалары. Талай
соғыстардан өтіп, оқ пен отты көрген, кәнігі  генералды саясатқа не айдап келді ?!

Әрине, ел тағдыры үшін мейлінше алаңдаушылық. Өйткені
коммунистер мен социалистер, анархистер елдің саяси, тарихи, экономикалық,
әлеуметтік жағдайымен есептеспей, бірден бәрін қиратуға кірісті. Әсіресе,
коммунистердің белсенділігі ерекше болды. Олар елінде Кеңес Одағының үлгісімен
социализм құруға бар күшін салды. Сөз жоқ, ол бұрынғы Кеңес Одағы тарапынан
қызу қолдау тапты. Яғни сол жылдары «Еуропаны коммунизм елесі кезіп жүрсе» (К.
Маркстың сөзі), Испанияда үшінші (КСРО мен 
Моңғолиядан кейін) социалистік мемлекеттің пайда болу мүмкіндігі туды. Мұндай
жағдай испандықтардың  бәріне бірдей
ұнаған жоқ. Ірі жер иелері, зауыт-фабрикалардың қожайындары, орта таптың едәуір
бөлігі, әскерилер, католик шіркеуінің өкілдері коммунизм елесінен қатты үрейленіп,
күш біріктірді. Елдің рухани өмірінде ғасырлар бойы үстемдік еткен католик
шіркеуінің тұғырымен есептеспеу, одан да сорақысы-діндәрларды қоғамдық өмірден
аластатуға тырысу жаңа биліктің елеулі қателігі болатын. Құдайсыз
коммунистерден сескенген католик діндәрлары әскерилерге үндеу тастады. Ал әскерилер
үшін діндәрлардың сөзі бір Құдайдың талабындай болып естілді...

... Сонымен азамат соғысы басталды. Франконы қарулы күштер
түгел және елдің жартысы қолдаса, әскери-теңіз флоты республикашылар (яғни оның
қарсыластарының) жағына шықты. Генералға өзі құрған «Испан фалангасынан» басқа,
кенеттен Гитлер мен Муссолини көмекке келді. Неміс нацизмі мен итальян
фашизмінің де, Франконың да ортақ жаулары - коммунистер, социалистер,
демократтар, анархистер еді. Көп ұзамай-ақ, испан жеріне 200 мың итальян
сарбазы, 40 мың адамнан жасақталған немістің «Кондор» құрамасы аяқ басты.
Одақтастар тегін келмей, өздерімен бірге қару-жарағы, оқ-дәрісін жеткізді.
Бақайшағына дейін қаруланған, соғысқа үйретілген немістер мен итальяндарға
республиканың әлсіз, бытыраңқы қарулы күштері төтеп бере алған жоқ. Испания
нацистер мен фашистер үшін тек майдан алаңы ғана емес, жаңа қару-жарақты,
әскери техниканы сынау айлағына да айналды.  Мәселен, 1937 жылы көктемде осы елдің Герника
қаласын неміс ұшақтары өршелене бомбалап, санаулы сағаттар ішінде тып-типыл
жасады. Ондаған мың жазықсыз жандар, соның ішінде қарттар, қатындар мен балалар
бір сәтте опат болып, мезгілсіз көз жұмды. Герниканың әуесінде емін-еркін
қалықтаған су жаңа «Юнкерстер» мен «Мессершмидттер» кейін ағылшынның Ковентри
мен Лондон, поляктың Варшава мен Люблин және орыстың талай қалаларының
тас-талқанын шығарды...

Коммунизмге деген ессіз өшпенділік көздерін көлегейлеген
АҚШ, Англия, Францияның билеушілері Франконы қолдап, республикалық үкіметті
құлатуға бар көмегін аямады. Олардың осындай топастық ақкөздігі Гитлер мен
Муссолиниді ерекше күшейтіп, кейін өздеріне қарсы қару сермеуіне кеңінен жол
ашып қойды.

Аса қуатты одақтастар тапқан Ф. Франконың жауларына қарсы
соғысқа 100 мың марокколық арабтарды тартуы- таңданарлық жағдаят. Себебі
жан-тәнімен католик болған оның мұсылман арабтарды ұната қоймағаны анық. Тіпті
арабтарға қарсы талай отаршылдық соғыстарға қатысқан қатал генералдың мойнына
қаншама бейкүнә қаны төгілген мұсылман әйелдері, қарттар мен балалардың өлімін
жүктегені бізге белгісіз. Сонда да болса, ол... қалайша мұсылман арабтардың
тілін тауып, оларды да мақсатына шебер пайдалана білген?!

Демек, генералды саясатқа , соның ішінде азамат соғысына
итермелеген күш - ұлтшылдық немесе ұлтжандылық. Иә, иә, ол кеңестік үлгідегі
социализмнің Испанияда орнығуының еліне, ұлтына қаншалықты зардапты боларынан
өлердей қорықты. Қашанда «Бір ұлт, бір ел, бір дін!» деген қағидатынан таймаған
ол үшін коммунистер, социалистер және басқалары тек саяси жаулар ғана емес,
құдайсыздар болып та есептелген. 
Құдайшыл, католик іліміне шексіз сенген Франко үшін бұл ешқашан
кешірілмес күнә...

1939 жылдың ақпан айында Халық бірлігі үкіметі құлады.
Елдегі билік толығымен генерал Франконың қолына көшті. Азамат соғысы 300 мыңға
жуық адамның өмірін қиып, ел экономикасын тығырыққа тіреді. Бірақ соған
қарамастан , испан ұлты оған мәңгілікке 
қарыздар. Неге?  Жауабын беріп
көрелік...

...Тарихтан белгілі, Еуропада 1939 жылы 1 қыркүйекте екінші
дүниежүзілік соғыс бұрқ ете түсті. Күш-қуаты кемеліне жеткен нацистік Германия
мен фашистік Италия көне құрылық елдерінің бірінен соң бірін жаулап алып,
табанына басты. Дүлей соғыс өртіне тек Испания, Португалия, Швеция мен
Швейцария шарпылған жоқ. Немістің фюрері А. Гитлер мен итальян дучесі Б.
Муссолини  аталған бейтарап елдерге көз
алартты ма?! Әлбетте. Тіпті нацистердің Испания мен Португалияны бір мезгілде
жаулап алуға арналған «Фердинанд және Изабелла» атты соғыс жоспарын жасағанын да
білеміз. Егер Испания сол жылдары социалистік республика бола қалса, онда
немістер 1940 жылы Францияны басып алғаннан кейін , оңтүстікке лап қойып,
Пиреней түбегін көктей жарып өтер ме еді, кім білген?! Одақтастарының осы зұлым
ниетін алдын ала сезген Франко Гитлермен қайта-қайта кездесіп, оны жер-көкке
сыйғызбай мақтап, қалайда еліне көз сұғын қадатпауға тырысып бақты. Асты-үстіне
түсіп елпілдеген, сый-сыбағасын аямаған (бергенді кім жек көрген?!) Франкоға
көңілі көншіген фюрер Пиреней түбегіне атойлап басып кіру жөніндегі алғашқы
райынан қайтыпты. Оның үстіне неміс генералдары де кез келген уақытта, егер
әскерлері аталған екі елді жаулап алса, кемінде 25 дивизияның осында жіпсіз
байланып қалатындығын айтып, қақылдаудан бір тынбаған. Өр мінезді, қызу қанды
испандардың басқыншыларға қаншалықты қарсыласатындығын көз алдына елестете
білген неміс генералдары , әрине, кейін өздері еш негізсіз «балшық аяқты алып»
деп санаған КСРО-дан өлердей соққы жерін сезген де жоқ....                

  Арада санаулы жылдар
өткен соң, Франко кеңес-неміс майданына «Көгілдір дивизия» атты әскери
құрамасын қинала-қинала (Гитлер үзілді-кесілді талап қойған соң!) жіберсе де,
елінің бейтараптылық жариялағанын қоймай айтып, орыстарға қарсы ашық соғыстан
қалайда жалтарып қалды. Рас, ағылшын отаршылдары 18 ғасырда басып алған
Гибралтар қаласы әрі портын тартып алмақ болып, «Тұманды Альбионға» біраз
қоқан-лоққы жасағаны бар. Бірақ Гитлер мен Муссолинидің қалпағы қисая
бастағасын, ол ниетінен де бас тартса керек. Қалай десек те, Испанияны екінші
дүниежүзілік соғыстың апатынан құтқарды. Тіпті немістер және итальяндармен
одақтаса жүріп, әккі генерал АҚШ пен Англияның да бабын тапты. Таразының басын
тең ұстаған билеуші мүмкіндігінше бәрімен тату бола жүріп, елінің саяси және
экономикалық мүдделерін қызғыштай қорғап, Отанын сары майдай сақтады. Қызықты
жағдаят: әлемде соғыс қайнап жатқанда, неміс және итальян сүңгуір қайықтары
бейтарап, тып-тыныш испан және португал порттарына келіп, су, азық-түлік,
жанармай, қосалқы бөлшек алған, теңізшілері жағада демалса керек. Осында олар
өздерінің ағылшын, американ қарсыластарын (теңізшілер) да жиі ұшырастырыпты.
Бір-біріне жұдырығын түйіп, кіжінгені болмаса, көп жағаласа алмаған сияқты.
Өйткені испан полициясы да айға қарап тұрмаған ғой.  Ал елдің қазынасына сол жылдары миллиондаған
марка, лира, фунт стерлинг, долларлар үздіксіз құйылып жатты...

Сонымен бірге каудильо («көсем», билік басына келген
соң,  оған берілген ресми атақ) одақтас
бола түрып, неміс нацистерінің елдегі жебірейлер мен сығандарды жаппай
қырып-жою үшін Германияға жөнелту немесе артынан қалмай, қудалау жөніндегі
талабын сөзбұйдаға салып, орындаған жоқ. Керісінше, бейтарап Испания Еуропаның
нацистер басып алған өзге елдерінен қашқандар паналайтын орынға айналды. Тіпті
каудильоның тікелей бұйрығымен немістер басып алған Франция мен тәуелсіз
Испанияны бөліп тұрған Пиреней тауларының арасынан еуропалық жебірейлер,сығандар
қашып шығатын арнайы дәліз де ашылып қойса керек. Әрине, Франконы сығандар мен
жебірейлерді «жақсы көргендіктен» қудаламады деу күпірлік болар. Саясатта
қандай ма болсын «сүйіспеншіліктің»  кездесуі
мүмкін емес. Демек, мұнда да ертеңін болжай білген сұңғыла саясаткердің салқын
есебі жатыр...

... Оған дәлеліміз -соғыстан кейін Кеңес Одағы мен өзге де
жекелеген елдердің қарсылығына қарамастан, Испания БҰҰ-ның құрамына мүшелікке
алынды. Осының өзіне де сол аталған мемлекеттің,  оның басшысының айлалы саясатының пайдасының
тигені ешқандай күмән туғызбайды. Әсіресе генералды және Испанияны қорғауда
әлемге танымал саяси қайраткер Уинстон Черчилль алдына жан салмапты. Оның себептерінің
кейбірі күні бүгінге дейін жұмбақ. Өйткені екеуі де сырларын өздерімен бірге
мәңгілікке алып кетті...

Ол 1939 жылдан 1975 жылға дейін  елін армансыз билеп-төстеді. Өмірінің соңғы
кезеңінде жан-тәнімен католик Франко өзінің бір Құдай алдындағы күнәларын іштей
мойындап, тәубесіне келген сияқты. Біріншіден, каудильо өткен ғасырдың
60-жылдары сонау азамат соғысының кесірінен елден еріксіз кеткен, бұрынғы саяси
қарсыластары мен оның ұрпақтарының туған жеріне кері оралуына рұқсат етті.
Екіншіден, азамат соғысы кезінде майданның екі жағында да қаза тапқандардың бір
шоғыр сүйектерін ортақ молаға жерлетіп, басына ескерткіш қойдырып, құлпытасқа
«Бұл енді қайталанбауы тиіс!» деген сөздер жаздыртқан. Үшіншіден, сөз, баспасөз
бостандығына рұқсат беріп, түрлі саяси партиялардың іс-әрекетіне кедергі
келтірмесе керек...

Оның ұлтының алдындағы ең басты еңбегі - еліне бұдан бұрын
Испанияны ғасырлар бойы билеген Бурбондар әулетінің мұрагері Хуан Карлос
Біріншіні Англиядан таптыртып алып, кері қайтаруы. Жазалау үшін емес, ұлықтау
үшін. 1967 жылдың өзінде-ақ, елін «заңдық шеңбердегі мәліктік» (конституциялық
монархия)  деп жариялаған Франко Хуан
Карлосты осындағы әскери жоғары оқу орнында білім алғызып, мәртебелі шен
бергізіпті. Содан соң, тақ мұрагеріне Испанияны бөлінбейтін, біртұтас ел
ретінде сақтап,  ұлтының ешқашан екіге
жарылуына жол бермеуін өсиет еткен. Міне, осындай оның тереңнен ойластырылған
саяси көрегендігінің нәтижесінде бүгінгі Испания қоғамдық жағдайы тұрақты, экономикасы
қарыштап дамыған Еуропаның беделді елінің біріне айналып отыр. Мәлік Хуан
Карлос Бірінші осы елдегі саяси және қоғамдық, рухани тұрақтылықтың жоғары
деңгейдегі кепілдігі іспеттес.

Әрине, қазір елде «Испан фалангасы» бар және өмірде жоқ
Франконың өзге де жақтаушылары жетерлік. Олар әлі күнге дейін белсенді әрекет
жасап, бұрынғы дәуірді аңсап әлек. Алайда ол келмеске кеткен, кері оралмайды. Сондықтан
испандардың басым көпшілігі қазір 1939-1975 жылдардағы кезеңге енді тек ел
тарихының құрамдас бөлігі ретінде қарайды. Генералиссимус, каудильо Ф. Франконы
елдің тұтастығын сақтап қалған, ұлтына еңбегі сіңген саяси қайраткер деп
есептейді екен. Сөз жоқ, оның саяси билігі кезіндегі келеңсіз жәйттерді де
бүркемелеуден аулақ. Қалай десек те, тарих таразысының басында оның еліне
жасаған жақсылығы пенде ретіндегі кінәлары мен күнәларынан басым жатыр...

Шыны керек, кеңестік дәуірде бәрімізге генерал Франконың
аяусыз қараланып, мүлдем жексұрын жан ретінде түсіндіріліп келгені  мәлім. Дұрысында, ол-қазаққа зияны да,
пайдасы да жоқ, болуы да мүмкін емес, беймәлім саяси тұлға. Мақсатымыз- оны
оқырмандарымызға тек әлі де белгісіз тарихи тұлға ретінде таныстыру ғана.
Онысыз да күні бүгінге дейін солтүстіктегі көршіміз кімді «сүйсе», соны
«сүйетін», кімді жек көрсе , соған өшпенділікпен қарайтын, жалпылдақтық,
жалтақтық әдеттен арыла алмай жүр емеспіз бе?! ...