ВЕРНУТЬСЯ

         Түркиядағы Ақшәһар қаласы ресми түрде Қожанасырдың туған
қаласы деп есептеледі. Міне, сонда 2008 жылдың шілде айында Қожанасырға
арналған 49-ыншы халықаралық фестиваль болып өтті. «Езуіңізден күлкі кетпесін!»
деген айдармен оздырылған бұл бас қосуға әлемнің түкпір-түкпірінен сатириктер
мен юмористер, сайқымазақтар және пародия жанрының сәйгүліктері жиналған.
Таңдаулы қалжың сөз мен әртістік нөмірді ұсынған өнерпазға «Қожанасырдың алтын
жүлдесі» салтанатты түрде табыс етіледі. Ал сол қаладан жүз шақырым жердегі
Сиврихисар қаласына кіре берісте, үш жолдың торабында Қожанасырдың ескерткіші
орнатылған. Биыл Түркияның астанасы-Анкара қаласында ел аузындағы сүйкімді
тұлғаға биіктігі 3 метр
70 см
болатын ескерткіш орнатылып жатыр. Осының бәрі ЮНЕСКО-ның шешімімен
Қожанасырдың дүниеге келуіне 800 жыл толуына орай іске асырылып жатқан
шаралардың бірі ғана...

Айтпақшы, Қожекеңнің моласы да сол Ақшәһар қаласында.
Күлкілісі сонда, мәйіттің құлыптасында ол мұсылман жыл санауы бойынша «683 жылы
дүниеге келіп,...386 жылы қайтыс болыпты». Яғни, дүниеге келместен
бұрын...өмірден озған. Қабірінің бір жаққа қисайып тұрғаны өз алдына, онда
Қожанасырдың қай күні дүниеге келгені мен қайтыс болғаны туралы нақты дерек те
жоқ.. Тіпті кейбір ескерткіштерінде ол 
адал досы әрі «көлігі»-есекке теріс отырған күйінде бейнеленген. Сөйтсе,
есекке теріс отыру-Қожекеңе тән қылық болған сыңайлы...

Сондықтан шығар, түрік елінде циферблаты стрелкаға қарсы
жүретін сағаттар ең тартымды кәдесый ретінде саналады.Ол аз десеңіз, осы елде
басты кейіпкері Қожанасыр болған 1000 тарта әңгімелер жиналған кітаптар жыл
сайын мол таралыммен шықса да, ешқашан сөреде жатып қалмайды екен. Сірә, түрік
ағайындар: «Бізде Ататүрік пен Қожанасырдан басқа танымал қайраткер жоқ» деп,
бекер қалжыңдамайтын болса керек...