ВЕРНУТЬСЯ

          Жан-тәнімен мұсылман сүннит болған Салахиддин ешқашан өзге
дін иелеріне де немесе исламның басқа бағытындағы мүміндерге де өшікпеген.
Майдан даласындағы қарсыластары-католиктермен күресте жан алысып, жан беріссе
де,  жерлестері-христиан дінінің
православ бағытындағы армяндар, арабтар, айсорлар, яһуди-жебірейлерге мейлінше
төзімділік және құрмет сезімімен қараған көрінеді. Қиян-кескі шайқастарда қолға
түскен өзге діндегі тұтқындарға ізгілік көрсетіп қана қоймай,
бағыныштыларынан  да соны талап етсе
керек.

Мысыр сұлтаны ішкі саясатында жер иеліктерін үлессіз қалған
шаруаларға бөліп беріп, талай мешіттер мен медреселер салдыртқан. Халықтан
жиналатын алым-салықты едәуір азайтты. Сөйтіп, осы сұлтанның билігі кезінде
(кейін Бейбарыс бабамыздың тұсында) Мысыр халқы емін-еркін тыныс алса керек.
Өмірінің басым көпшілігі қанды жорықтармен өтсе де, адамдықтан бір танбаған
тамаша билеуші Салахаддин Юсуф ибн Аюб 1193 жылы жанын Аллаһқа тапсырады. Оның
қайтыс болғаны туралы естігенде, тіпті 
қас дұшпандары-шармақ тағынғандар да : «Лайықты қарсыласымыз дүниеден
озды» деп, сап түзеп, бас киімдерін алған екен...

Малайзияның бұрынғы Үкіметбасы, бүгінгі ислам әлемінің
танымал қайраткері Махатхир Мохаммад АҚШ пен Батыстың Ирак пен Ауғанстандағы
басқыншылығын «жаңа шармақ тағынғандардың жорығы» деп бағалайтынын айтты.
Сонымен бірге, Израильдың да ислам әлеміне қарсы қоқан-лоққысын: «Мұсылман
елдерінің әлеуметтік-экономикалық дамуына қарсы жасалып отырған қастандық» деп есептейді.

Ағылшын жазушысы Вальтер Скоттың «Арыстан жүректі (дәлірек
айтсақ, жауыздығы үшін «Қорқау жүректі» деп атауға да лайық, Авт.) Ричард»
романында Салахаддин жағымды кейіпкер ретінде суреттелген. Автор оны жазушылық
қиялына сай, сұлтанмен майдан даласында кездестіріп те қояды. Іс жүзінде Мысыр
сұлтаны мен ағылшын мәлігі Ричард бетпе-бет ұшыраспағанға ұқсайды.