ВЕРНУТЬСЯ

       Бүгінде экологиялық зиянды аймақтарда адамның жаны
түршігетін (ауа мен топырақтың, жер асты суларының ластануы, бауыр мен жүрек,
қан тамыры ауруларының көбеюі, өзін-өзі өлтірудің белең алуы,т.б.) жағдаяттар
мен деректер өте көп.

Мен 1964-2000 жылдары Батыс Қазақстан мен Атырау облыстары
үшін тажал аймағы болып табылатын Капустин Яр сынақ айлағының төңірегіндегі
Жәнібек ауданында өмір сүрдім. Студенттік жылдарды санамағанда, 32 жыл бойы сол
ауданда балалық, жастық, есею, зерделі шақтарым өтіпті. Ал 32 жыл дегенің аз
ғұмыр емес.

Тағдыр айдап, 1964 жылдың жазында Жәнібек стансасына көшіп
келген кезде, жер бедері де, тұрмыс жағдайы да, ауа райы да қалыпты еді. Әлі
есімде, аудан орталығындағы шағын базарда сенбі, жексенбі күндері кісі дегенің
жыртылып-айрылатын. Сатушыдан сатып алушы көп. Бүгінгідей алыпсатарлар емес,
бәрі де өз еңбегінің хиуазын ұсынушылар. Қызыл алма, күрең өрік, ала қарбыздан
бастап, айран-қатыққа дейін сатылғанын көзіміз көрді. Әйтеуір, сізге-өтірік,
маған-шын, бір топ қазақтың қара баласы иісі бұрқыраған сары әңгелекті 5 тиынға
(сом, теңге емес, тиынға!) сатып алып, қарқ болғанымызды күні бүгінге дейін
ұмыта алар емеспін.

Өткен ғасырдың 60-жылдары Жәнібекте күз бойы себелеген ақ
жауыннан көзіміз ашылмайтын. Ылғалдың молдығынан шығар, ауланы, үйдің төңірегін
қалың шөп басып, қыста бұрқыраған боран белге дейін қармен көміп тастап жүрді.
Шөп те мол, егін де бітік, ел еңсесі де көтеріңкі еді. Қазір мұндай мол жауын,
қалың қар көзден бұл-бұл ұшты. Жауынсыз күз, қарсыз қыс болған соң, жер оңа ма,
ел оңа ма? Бұған кімді кінәлар едік? Әрине, бірінші кезекте 1947 жылдан бері
қазақ жерін, соның ішінде Нарын өңірін нысанаға алған Капустин Яр сынақ
айлағын...

Сонымен бар пәле келесі онжылдықта басталды. 1972 жылы 1, 2,
3 мамыр күндері (мектеп бітірген жылым) және 1975 жылы 1-2 мамырда Жәнібек
селосында біз бұрын көрмеген, шаң-топырақты аспанға үйірген, сұмдық қара дауыл
ертеңнен кешке дейін соғып, елдің есін кетірген еді. Сонан кейін шаңды қара
дауыл Жәнібек өңірі үшін қалыпты көрініске айналды.

Апшыны қуырған аптап ыстық пен құрғақшылық жиі қайталана
бастады. 1972, 1975, 1977,1984 жылдары егін де, шөп те шықпай қалды. Сондықтан
сыңайлы, 70 жылдардан бастап, бұрын Жәнібекте тығыз қоныстанған орыстар мен
украиндардың басқа жерге үдере көшуі ерекше көзге түсті. Кезінде жақсы танысым
болған, бүгінде марқұм, байырғы жәнібектік А.Кожанов (ұлты орыс): « Көшпей
қайтсын?! Бұрын осындағы әр орыстың үйінде дерлік болған тұщы сулы құдықтар
кенеттен кермек тартып кетті. Оның үстіне жауын-шашын сиреп, жердің құнары
кеміді. Орыста «Балық-тереңге, адам-жақсы жерге үйір» деген сөз бар. Сондықтан
олар құнарлы жер, суы мол өңірді іздеп, Еділ бойына қоныс аударды. Ал мен
осында туып-өстім, жасым келді, қайда бармақпын?!» деген-ді.

Тағы да көңілімізге атышулы сынақ айлағының келеңсіз
әсерлері оралады. Нарын өңірінен бар болғаны 100-150 шақырымдай аумақта
орналасқан ажал орнынан атылған зымыран 
жарылыстарынан терезе шыныларының шытынап, анау-мынау заттардың биіктен
құлағанын көргеніміз бар. Үлкендер ондайда «Полигоннан атып жатыр!» дейтін еді
сыбырлап. Неге сыбырлайтынынан тағы да хабарсызбыз. Талай рет тайраңдаған көрші
елдің ұшақтарының үй төбелеріне тиер-тиместей биіктіктен гүрілдеп ұшып өткені
де есімізде қалыпты. Бұған жел қазақ 
даласына қарай ауған күндері міндетті түрде болатын жарылыстарды
қоссаңыз да, артық емес...

Осыдан 35-40 жыл бұрын біздің ауданда бүгінгідей адамдардың
өзін-өзі өлтіруі немесе кенеттен көз жұмуы сияқты қайғылы оқиғалар болмаған
сыңайлы. Болса да, некен-саяқ шығар...

Екі-ақ мысал. Сол 1972 жылы бірге мектеп бітірген жиырмадан
астам бозбаланың бүгінде жартысынан астамы өмірде жоқ. Ішінде өзіне-өзі қол
салғандар да бар. Кейбіреулері елуден асар-аспастан о дүниелік болып кетті.
Рас, бүгінде самайларын қырау шалған бұрынғы бойжеткендердің басым көпшілігі
әйелдік төзімділігінен бе әлде басқа себеп пе, кім білсін, өмір сүріп келеді.
Немесе Орда өңірінің түлегі, туған нағашым Марат Текебаев 1968 жылы 9
қыркүйекте 34 жасында жүрек талмасынан кенеттен көз жұмды. Неліктен? Сұрақтың
жауабы тағы да уланған табиғи ортаға, Капустин Яр сынақ айлағының зұлматына
келіп тіреледі...       

«Айта-айта «Алтайды», Жамал апай қартайды» деген, сан жылғы
қоғамдық пікірдің дүмпуімен және «Нарын» қозғалысының жетекшісі Кәкен Көбейсіновтың
тынымсыз іс-әрекетінің нәтижесінде Капустин Яр сынақ айлағынан зардап
шеккендерді әлеуметтік сауықтыру мақсатындағы облыстық бағдарлама соңғы жылдары
жүзеге асырылуда. Осы бағдарлама бойынша БөкейОрда, Жаңақала, Жәнібек,
Қазталовка аудандарындағы жекелеген әлеуметтік топтарға жәрдемақы төленуде.
Биыл Жаңақала ауылында сынақ айлағы зардаптарынан азап шеккендер үшін
ауданаралық сауықтыру ауруханасының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілмек.

Алайда әлі де шешімін таппаған түйткілдер аз емес. Соның ең бастысы-республикалық,
ведомствоаралық бағдарламаның қабылданбауы. Егер ол қабылдана қалған жағдайда,
облысымыздың БөкейОрда, Жаңақала, Жәнібек, Қазталовка аудандарының аумағын ғана
емес, көршілес Атыраудың бізбен шектес екі ауданын да қамтып кетуі тиіс. Өйткені
сынақ айлағы залалының тек біздің өңір аумағымен шектелмейтіні бесенеден
белгілі. Республикалық бағдарлама қабылдана қалса, онда сынақтан зардап шеккен
жерлестеріміз үшін әлеуметтік қамқорлықтың онан әрі жақсаратыны сөзсіз.
Бұл-бір. Екіншіден, сынақ айлағындағы немесе сол маңда бұрын тұрған, бүгінде
басқа жерде өмір сүргендердің зейнет жасын ерлер үшін 60-қа, әйелдер үшін 55-ке
түсіру жөніндегі ұсыныс та ресми билік тарапынан қолдау таппай келеді. Әсіресе,
біздің өңір бойынша ер-азаматтың орта жасының 56 (республикада 59,2) -дан
көтерілмей отырғанын ескерсек, көңіліміздегі қыжыл да негізсіз емес. Шындығына
келсек, 1989 жылы Елбасымыз мәңгілікке жапқан Семей полигоны тек ядролық сынақ
айлағы саналса, Капустин Ярда ядролық қарумен бірге, сансыз мың зымырандар
жарылған. Бәрін қоса есептегенде, жарылыстың саны мен уыттылығы жөнінен
Семейден бірнеше есеге асып отыр. Оның үстіне «Мына ұсқыныңа жыласаң оңарсың»
деген, Ресей енді сынақ айлағының қызметін жандандырғаны өз алдына, сынақ
қуатын еселемек ниетін жасырмайды. Демек, жазушы Энгельс Ғаббасов ағамыздың
«Капустин Ярды баяғыда-ақ жауып тастау керек еді» деген сөзінің де жаны
бар... 

P. S. Көнекөздер айтады: «Табиғаттың түзу уақытында бұзауды тұсаулап,
үйдің маңына жая беретін едік. Кейде оны қарау үшін шыққаныңда, шөптің
биіктігінен жануар көрінбейтін. Қайран, сол жасыл нудың бәрі қайда кетті?!».
Бүгінгі Жәнібектің көшесіндегі жерге жабыса, тырбиып өскен алаботаны көргенде,
естігеніміз еріксіз еске  түседі. Сонан
кейін, марксизм-ленинизмнің негізі қалаушылардың бірі Ф. Энгельстің: «Адам
табиғатты неғұрлым жеңген сайын табиғат әр «жеңілісі» үшін аяусыз кек алады»
деген даналық сөздерін  қалайша «бекер»
дейміз?!...