ВЕРНУТЬСЯ

           Күні бүгінге дейін қыр соңымыздан қалмай, санада сақталып
қалған сарқыншақтың бірі - «Балам орысша оқымаса, адам болмай қалады». Түкке
тұрмайтын сандырақ! Қаншама жер -жердегі мысық тілек, орыс тілді жекелеген
қазақтар аяқтан шалып отырса да, жыл өткен сайын қазақ тілінің қоғамдағы маңызы
мен мәні артып келеді және бұл үрдісті ешкім де тоқтата алмақ емес.
Өйткені  бұрынғы түсініктерден мүлдем
ада, жаңа ұрпақ өмір жолына түсіп отыр. Олардың қарасы көбейген үстіне көбеюде.
Қазір қазақ тілі компьютерге де еніп келеді. Осының бәрі оның болашағын жоққа
шығарушыларға қарсы тиер рухани тоқпақ. Екіншіден, ұлт мектебінде оқитын
балалар білім сапасынан өзге оқу орнындағы замандастарын баяғыда -ақ басып
озды. Оған кезекті бір дәлеліміз- Теректі ауданы, Подстепное ауылында
орналасқан лингвистикалық гимназия түлектерінің жылма жыл ҰБТ қорытындысы
бойынша үлгілі нәтижелер танытуы. Мұндай жылы лебізді облыс орталығындағы Сәкен
Сейфоллин  атындағы  №11 облыстық 
дарынды балаларға арналған 
мектеп-интернат, Батыс Қазақстан 
облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернат,
тағы басқа оқу ұжымдарының атына арнаған жөн. Ол «аз» десеңіз, мынадай бір
мәлімет. Облыстық білім  беру басқармасы
бастығының орынбасары Нұрлан Сабыровтың айтуынша, былтыр Ақжайық ауданы,
Ақжайық ауылындағы Абай           атындағы
мектеп-гимназияның 20 түлегі түгелімен жоғары оқу орындарына түсуге мүмкіндік
беретін мемлекеттік грантты жеңіп алып, «айды аспаннан бір-ақ» шығарыпты.
Тамаша жетістік емес пе ! «Өзге мектептегі білім сапасы жоғары» деп
өзеурейтіндер не дер екен, енді?!...

Мынаның басын ашып айтуымыз керек, өзге тілде оқыған
қандастарымызды шетінен өз ұлтына қарсы жандар деп, кері тебуден аулақпыз.
Заманның ықпалы және ата-анасының еркімен өзге тілді мектепті бітірген олардың
ішінде де ұлтына қырын қарамайтын, мүмкіндігінше қазақи діл, салт-санаға жақын
жүруге ұмтылатындар жеткілікті. Өкініштісі сол, тек аталғандардың ішінде:
«Өзіміз орысша оқыдық, баламызды қазақшаға берсек, оларға қалай көмектесеміз,
тіл табысамыз?» дейтіндер де аз емес. Оған да айтар қарсы уәжіміз бар. Жерлесіміз,
осындағы бір лауазымды тұлға сонау 1989 жылы өзінің қызын ұлт мектебіне оқуға
берді. Өзінің де, жұбайының да өзге мектепте оқып, білім алғанына қарамастан.
Қазір қызы Астанада тұрады,  ана тілін
де, көрші елдің қарым-қатынас құралын да емін-еркін меңгерген. Тек ағылшын
тілін жете үйренуі ғана қалып тұр. Сонда нағыз «үш тұғырлы» адам болып
шықпақ....

Осы жердегі баса көрсеткіміз келгені- ұлт мектебінде оқыған
қазақ баласы негізінен туған тілін меңгерумен қоса, салт-дәстүрімізге де бейім,
өмірге де икемді болып өседі. Қазіргі күрделі заманда ондай үйлесімділіктің
маңызы айрықша...

«Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні», егеменді ел болдық,
есімізді жинар шақ туды.Өзінің тәуелсіз елінде тұрып, өзге тілді мектепте  ұл-қызын оқыту- қазақтың адами ар-абыройына
сын, ұлттық болмысына енді мүлдем 
үйлеспейтін қылық. Қаншама «демократия» немесе «Әркімнің өз құқы бар»
десек те...Өз балаңды өзге мектепте оқыту - құлдық сананың бойды билеуі және
ұлтыңның келешегіне опасыздық жасаумен тепе-тең. Ащы болса да, ақиқаты сол...