ВЕРНУТЬСЯ

          ...Болат Наурызғалиев. Осы аяулы жанның аты мен тегін аузыма
алғанда, сонау өте алыста қалған 1971 жылдың қаңтар айы есіме оралады. Қаһарлы
қаңтардың аязды күндерінің бірінде оны алғаш рет көріп, жақын танысқан едім.
Жәнібек аудандық «Октябрь туы» газетінің редакциясында. Орта бойлы, қара торы,
тығыншықтай, ұзын бакенбарды (сол кездегі жігіттердің шаш қою сәні) бар, қой
көзінен жайсаңдықтың лебі есіп тұратын Бөкеңді (Болат ағаны) бір көргеннен
ұнатпау мүмкін емес. Елгезек, адамға жылы ұшырап, кез келгенмен шүйіркелесуге
дайын тұратын азамат еді ғой...

Сол жылы аудан орталығындағы Т. Жароков атындағы орта
мектептің 9 сыныбында оқып жүрмін. Жаңа ғана мақаланы жазып бастап, қалам
ұстартып жүрген жәйім бар. Білгенімнен білмейтінім көп. Білмегенімді
үйретушілер - Шәйдолла Өтемісов, Уәлиолла Ға ббасов және Болат аға (Бүгінде
бәрі де марқұм. Авт). Олар үйреткенде, жер-жебіріңе жетіп  ұрыспайды, тындырғаныңның бәрін іске алғысыз
етпейді. Тек жазған дүниеңнің жақсы тұстарын көрсете отырып, олқы жерін
түсіндіріп, өзіңе бағыт береді. Бөкең әсіресе тапсырма беруге шебер. Баратын
жеріңді, кіммен жолығатыныңды, нені сұрайтыныңды бүге-шүгесіне дейін түсіндіріп
жіберетін. Баламыз ғой, орындау үшін дереу шауып кетеміз. Тапсырманы толық
орындап келсең, балаша қуанады. Кейде сол кабинетіне отырғызып, жаздыртып та
алады. Түрлі себептермен тапсырманы орындай алмасам, абыржымайды: «Жә, Серік,
ештеңе етпес, ренжіме. Тағы бірде сәті түсер,-дейді». Сонда алып ұшқан көңілім
орнына түсіп, қалпыма келемін. Өз басым әйтеуір, Болат ағаның тұлан тұтып, ашу
шақырған кезін көргенім жоқ. Ет пен сүйектен жаралған адам ғой, ашу-ызасы болар
да. Бірақ мен үшін ол тұла бойы сабырлылық пен төзімділікке толы жан сияқты
көрінетін ...

Бірде сол жылдың сәуір айында, аяулы ағамен емен-жарқын
әңгімелесіп отырып, соғыс ардагері, сол кезде көзі тірі, дәрігер нағашымнан
естіген хикая жөнінде айтқанмын. Бөкең соны іліп әкетіп: - « - Ей, мынауың
әңгіме боларлық дүние ғой! Дереу жазып, маған әкеліп таста! Газеттің Жеңіс
күнгі санына орай жариялануы қажет,- деді. Айтқанын көп ұзамай орындадым.
Жазғанымды оқи отырып :- Жақсы болғанын қарашы... Төртінші бетке қатып кетті.
Материал да жетпей тұрған...- (Сол заманда теретін материалдың жетпеуі аудандық
газеттердің тұрақты «ауруы»). Сөйтіп, шағын алғашқы әңгімем (Бөкеңнің қаламының
ұшы тиген) 1971 жылдың 9 мамыры күні жарық көрді. Мен де қуандым, Болат ағаның
да көңілі көншіген сияқты...

1972 жылы Орда Жәнібектен бөлініп, өз алдына аудан болып,
отау тікті. Хамит Сүлейменов, Уәлиолла Ғаббасов, Болат Наурызғалиев, Тұрақбай
Шәкенов бәрі-бәрі қопарыла көшіп, жаңа ауданға кетті. Жаңадан шығатын «Орда
жұлдызы» газетінің негізін қалады. Көрші ауданға кетсе де, Жәнібекте жүргенде,
Бөкеңмен үнемі кездесіп тұрдым. Арадағы жылдар ішінде мен есейсем де, ол баяғы
ақжарқын, әзілқой, қарапайым қалпынан айнымаған екен. Кездескен сайын, жайдары
әңгімелесіп, шұрқырасып қаламыз...

Болат Наурызғалиев- қаламы қарымды, әділ де тартымды жазатын,
өзіндік стилі бар әріптес еді. Оның «В Сайхине жить можно» атты өткір туындысы
әлі ел жадынан кеткен жоқ. Тіпті мысқыл мақалға айналып кетті десем де,
орынды...

Сірә, сол әділдігі мен турашылдығынан болар, абзал аға билік
басындағы біреулерге ұнамаған сыңайлы. Сондықтан көп жыл бойғы аудандық
газеттің редакторының орынбасары лауазымынан әрі қарай «жылжи» алмады. Біле
білсек, ол жақсы редактор да бола алатын. Өйткені мақаланы аяусыз күземейтін,
өте шебер түзейтін-ді. Әріптесіне жазықсыз қиянат жасаудан  да аулақ болған жан...

Өмірден тым ерте кеткен (алпысқа не толғанын, не толмағанын
білмеймін) Болат аға бұл жалғаннан күрсіне-күрсіне аттанған секілді көрінеді
маған. Өйткені ол дарынды ақын да болатын. Өлеңдері де тартымды. Ал егер
қателеспесем, туындылары бірде -бір жинақ болып, басылып шықпаған сыңайлы.
Қателессем, өз алдына...

Шыны керек, қай заманда да арамзалар мен алаяқтарға,
азғындарға өмір сүру өте жеңіл. Олар өмірдің қалтарыс жақтарын жете біледі,
жағдайға жедел бейімделгіш, құм түлкісі бола тұрып, дереу қыр түлкісіне айналып
шыға келеді. Ал Болат Наурызғалиев секілді күштінің алдында құрдай жорғалауды
білмейтін, ақкөңіл де адал, мінезінің бүкпесі жоқ  жандарға, ой, өмір сүру қандай қиын!...

Міне, солай Болат аға да зейнет жасына жетпей, бейнетінің миуасын
көрмей-ақ, өмірден өте шықты. Ғұмыры қамшының сабындай қысқа болды. Жан
баласына тіс жарып, үндеместен, жылап-шағынбастан облыс орталығына көшіп келіп,
ешкімге елеусіз-ақ, о дүниеге аттанды...

Сөз соңында айтарым, Болат Наурызғалиевтің бауыры да, туысы
да емеспін. Алайда сонау жылдары ағалық қамқорлығы мен шынайы тілектестігіне
куә болып, маған зор шарапаты тигесін, 
мүлдем үнсіз қалуды жөн көрмедім...