ВЕРНУТЬСЯ

           «Аллаһтың атымен ант етемін ! Менің тіпті де күмәнім жоқ :
кімде-кім бізден кейін өмір сүріп, осы дәуір өткеннен кейін , оның ақиқатын
мүлдем бекерге шығарса, оны сандырақ санаса, әрине, шындық соның жағында
болмақ..» Зинеддин Ибн әл -Әсір. арабтың әлемге 

әйгілі  орта ғасырдағы
тарихшысы мен жылнамашысы. (1160-1233).

«Ақиқаттың жолы ауыр, ол қашанда кеш мойындалады». К.
Гельвеций.

 ...1977 жылы сол кездегі қазақ елінің астанасы - Алматы
қаласындағы баспалардың бірінде су жаңа кітап жарыққа шықты. Классиктердің
қалың томдарымен салыстырғанда, жұқалау кітаптың атауы адамды өзіне еріксіз
тартып тұрғандай : «Үлкен Түркістанның күйреуі». Ол қайдағы Түркістан және
неге  «күйрейді»? Авторы -Серік Шәкібаев.
Бұрын танымал емес адамның аты- жөні . «Түнде атылған оқ»  кітабының авторы, марқұм  Кемел Тоқаевтың( бүгінгі белгілі саясаткер
Қасымжомарт Тоқаевтың әкесі)  милиция
полковнигі болғанын  білмеген қалың
оқырман Серік Шәкібаевтың да атышулы «үш әріптің» қызметкері екенінен де
бейхабар  еді...

Міне, сол кітаптан қазақ оқырмандары бірінші рет Мұстафа
Шоқайдың есімін оқып, оның іс-әрекетімен танысты. «Танысты» деген жәй сөз ғана.
Автор басынан аяғына дейін оны қаралап, «Түркістан» легионын құрды», «Кеңес
өкіметі мен халқына опасыздық жасап, немістерге көмектесті», «өзге ұлтқа
өшпенділікпен қараушы»  деп, бар пәлені
үйіп-төге беріпті. Ол жылдары бізге, қала берді қалың көпшілікке тарихи жәйттің
ақиқатын білу қайда?!  Кеңестік цензура,
қасаң идеология мен қуатты «үш әріптің» айбарының  өзі неге тұрады ?!

Ал оның ақиқаты мынадай болса керек. Мұстафа Шоқай
«Түркістан» легионын құрған жоқ , құруы да мүмкін емес. Қолында баянды билігі,
қомақты қаржысы жоқ адамды бұлай айыптау - кісі күлерлік жәйт. «Түркістан»
легионын және өзге де ұлттық құрамаларды жасақтап, оларды Кеңес өкіметіне,
жалпы орыстарға қарсы пайдалану ниетінің авторлары- вермахттың (немістің
құрғақтағы қарулы күштері) бас қолбасшысы В. Кейтель , СС пен гестапоның   бастығы Г.Гиммлер, нацистік «нәсілшіл»
қағиданың бас уағызшысы А.Розенберг, тағы басқалары. Әдетте, бірін бірі
бақайдан қағатын, өзара бақталас вермахт, СС, СД қызметтерінің осылай
ой-ниеттерінің бір арнада тоғысуы да- таңғажайып нәрсе. Бірақ оларды
біріктіріп   тұрған мақсат біреу ғой -
қарақшылық соғыста неміс қанының неғұрлым аз төгіліп, бір елдің адамдарын
бір-біріне ит пен мысықтай өшіктіру, өзгенің қолымен от көсеу. Мына гәпті
қараңызшы: олардың осы ниетіне  № 1  нацист А. Гитлер көпке дейін қарсы болып,
келісімін  бермеген. Жаратылысынан
секемшіл де күдікшіл ол  кеңестік
әскери  тұтқындардың Германия үшін жанын
да, тәнін де салып, соғысарына мүлдем сенбепті. Тағы бір қызығы сол, оның
күмәні кейін соғыстың барысында шындыққа айналды...

Енді Мұстафа Шоқайдың қаншалықты «опасыз», «өзге ұлтты жек
көруші», «халық жауы» болғанына, дұрысы болмағанына нақтырақ тоқталайық. Бірден
айтарымыз, ол текті тұқымның тұяғы. Оның атасы -кезінде Сыр өңіріне атағы
шыққан Торғай датқа болса, әкесі Ер Шоқай бек те ел аузында жүрген азамат
саналған. 1890 жылы дүниеге келген Мұстафа отбасында өнегелі тәрбие алып,
даңқты жерлесі, орыс отаршылдары мен Қоқан және Хиуа басқыншыларына қарсы
ерлікпен күресіп, елін қорғаған Жанқожа би мен батыр, өзге де боздақтар туралы
тәлімді әңгімелерді естіп өседі. Өткен ғасырдың аяғында бостандығынан ажырап,
ту-талақай болған бүкіл қазақ жері секілді Сыр өңіріне де патша өкіметі қанды
шеңгелін салған-ды.

 Ерлік пен елдік
жөніндегі ғибрат әңгімелермен қатар, бала Мұстафа, жас Мұстафа солтүстіктен
келген отаршылдардың қазақтарға күнбе күн жасап отырған қиянаты мен
кемсітушілігін де  көзімен көріп,
құлағымен естіп есейеді.  Осының бәрі
жинақтала келе, оның бойында ұлтжандылық 
пен отаншылдық, түркішілдік сезімін қалыптастырғаны өз-өзінен түсінікті.

Аузымен құс тістеген, ауқатты жанұядан шыққан Мұстафа  көптеген қандастарымен салыстырғанда,
анағұрлым артық мүмкіндіктерін пайдаға асыра алды.Ауылда бастауыш білім алған
ол  әрі қарай оқуын жалғастырып, Ташкент
қаласындағы орыс гимназиясын үздік бітіріп шығады. Осында соңынан орыстың
белгілі саясатшысы болған А. Керенскиймен бірге оқыса керек. Кейін Ресей
империясының сол кездегі астанасы - Санкт-Петербург қаласындағы орыс
ғылым-білімінің танымал ұясының бірі -осындағы университетте де әлгі
Керенскиймен тағы кездесіпті.Таныстар бұл жоғары оқу орнының заң факультетін
ойдағыдай тәмамдап, үлкен өмірге бірге аттанған. Сол өмірде талай рет
жүздесулеріне тура келіпті...

Қазақ, орыс, неміс тілдерін (кейін оған түрік, француз
тілдері қосылды) жетік меңгерген, сөзге шешен, байыпты да қайсар қазақ
жігітінің көп ұзамай  ерекше көзге түскенін
айтқан жөн . Өйткені  терең білім алумен
қатар, сол кездегі саясатқа да белсене араласа бастаған-ды...

1912 жылы 22 жастағы қазақ азаматы бірінші Балқан соғысы
басталғанда, Болгария, Грекия, Румыния 
және Сербиямен жалғыз өзі жанталасқан Түркияны жақтап , кеңінен
үгіт-насихат жұмысын жүргізді. Бүкіл Ресейдің баспасөзі мен зиялы қауымы
өздерімен қандас, кейбіреуі діндес алдыңғы елдерді қолпаштап жатқанда , Мұстафа
Шоқай мен санаулы мұсылман азаматтардың Түркияны қолдауы орыстың құпия
полициясы тарапынан күдік пен қауіптену сезімін туғызды.Ол Мұстафаны құпия
бақылауға алды. Осынан кейін ұлтжанды азамат көзі жұмылғанша, саяси аңду мен
бақылаудан арылған жоқ....

Соған қарамастан ол Ресейдің Мемлекеттік Думасына депутат
болып сайланды. Әрине, мұндай мәртебеге сол жылдары жас қазақ жігіті былай
тұрсын, кез келген орыс ұлтының өкілі ие бола бермейтін. Бұл да жас
саясаткердің қаншалықты танымалдығы мен биік беделінің анық көрінісі. Думада
мұсылман фракциясы Саяси Бюросының 
Түркістан халықтарынан сайланған бірден бір өкілі  жас депутат туған елінің, иісі түркі жұртының
мүдделерін қажымай-талмай қорғап бақты. Алдау-арбау да, үркіту де, аңду да
сағын сындыра алмады. 1916 жылы қазақ және өзге түркі халықтарының ұлт-азаттық
көтерілісі бұрқ ете түскенде, Шоқай мен оның ниеттестері Дума мәжілістерінде
балапанына ара түскен торғайдай шырылдап, соңғы орыс патшасы мен үкіметтен
даладағы бейбіт халыққа қырғидай тиген жазалаушыларды алып кетуді талай рет
талап етті. Сол жылы Дума жанынан жазалаушылардың бейбіт қазақтарға жасаған
жауыздықтарының жәйін тексеретін арнайы комиссияның құрылуына мұрындық болып,
оның жұмысында белсенділік танытты. Сөйтіп, талай қазақтың басын сақтап қалды,
кәнігі қылмыскерлердің сазайын тартуына жетіспесе де, іс-әрекетін айыптап,
бүкіл Ресейге жария етуге оң ықпалын тигізді. Ұлтына «опасыз» болса, солай
істер ме, еді?!...

1917 жылы ақпанда орыстың соңғы патшасы Екінші Николай «қан
мен жыңға толы» (Лениннің теңеуі) тағынан төңкеріліп түсті. Уақытша үкімет
құрылды. Төрағасы- баяғы Мұстафамен гимназияда, университетте бірге оқыған
А.Керенский. Патшаның тағынан тайғанына шын жүрегімен қуанған М.Шоқай
Керенскийге Түркістан халықтарына толық тәуелсіздік беру жөніндегі жобасы мен
көңілінде жүрген саяси ұсыныстарын айтқан-ды. Анау тіптен шошып кетті. Өздерін
өздері «демократтармыз» деп есептеп жүрген сабаздарың қаналып-езілген, аяусыз
кемсітілген Түркістан халықтарына бостандық былай тұрсын, шектеулі автономияны
да қимайды екен. Бұрынғы үзеңгілес жолдасынан әбден түңілген М.Шоқай буырқанған
солтүстік астананы тастап, еліне асығыс аттанды. Арада талай жылдар өткен соң
да, эмиграциядағы Керенскиймен хабарласудан да тартынды...

Оның одан кейінгі ғұмыры саяси киношежіреге ұқсас. 1917-1918
жылдары «Қоқан автономиясын» құруға қатысты. «Алашорда» үкіметінің мүшелігіне
сайланды. 1918 жылы большевиктер Қоқан қаласына баса-көктеп кіргенде,
Гүржістанға(Грузия) кетті. «Қырсыққанда қымыран іриді» деген, 1920 жылы бұл
елге де Қызыл Армия лап қойды. Амалсыздан қонысын өзгерткен ол зайыбымен
Түркияға кетіп, соңынан Берлинге барып, ақыры Францияда, Парижде тұрақтады...

...Сонау өткен ғасырдың 20-30 жылдары саяси босқындардың
Отаны атанған Парижде кімді кездестірмеуге болады десеңізші ?! Орыстың ақ
гвардияшысы мен грузин меншевигі, хорват усташы мен неміс нацисі- бәрі-бәріне
де француз астанасынан орын табылған. Қалтасында көк тиыны жоқ, айналаға көзін
сүзе қараған жатжұрттықтардың ішінде жас жары Марияны қолтықтаған Мұстафа да
жүрген-ді...

Шет жерде алғашқы өмірлік қадамын жұбайы дайындаған
көкөністен жасалған салаттарды  сатудан
бастаған М. Шоқай біртіндеп жан сақтап, жаңа ортаға бауыр басып,  саяси іс-әрекетті қолына алды. Лондон мен
Берлин, Париж бен Стамбул, Варшава қалаларында шығатын газеттер мен журналдарға
Қазақ Елі мен Орталық Азиядағы түркі халықтарының кешегісі мен бүгінгісі туралы
жүйелі түрде мақалалар, тарихи және саяси шолулар жазып тұрды. Нәтижесінде
Еуропаның ең беделді газет-журналдарының тұрақты да танымал авторына айналды.
Солардан құйылған мол қаламақы және өзімен бірге шетелде жүрген түркі елдерінің
перзенттерінің қолғабысы, Түркияның көмегімен 
«Жаңа Түркістан» және «Жас Түркістан» газеттерін Берлин мен Стамбулда
шығара бастады. Сөйтіп, ол Кеңес өкіметінің жаңа отаршылдық  саясатын әшкерелеуге кеңінен мүмкіндік алды.
1928-1933 жылдардағы 2,5 млн қазақтың өмірін қиған аштықты әлемге және Батысқа
бірінші де жан-жақты хабарлаған Мұстафа Шоқай еді. 1937-1938 жылдардың нәубеті
де оның назарынан да, қаламынан да тыс қалған жоқ....

Сөз жоқ, елін сүйген ердің жанқиярлық қоғамдық қызметін
Кеңес өкіметінің де, НКВД-ының да «байқамауы» мүмкін емес. Оған қарсы талай
арандатушылықтар ұйымдастырылып, елдегі туысқандары, тамыр-таныстары ,
ниеттестері толық қуғынға ұшырап, ажал тауып жатты. Тек неге екені белгісіз,
аса қуатты НКВД оның өлімін «жоспарламаса» керек. Жазған мақалаларымен И.В.
Сталиннің жеке өзі жүйелі  түрде танысқанына
қарамастан...

...1940 жыл, маусым. Жаумен күші тепе-тең түсса де, масқара
болып жеңілген Франция. Бір оқ та шығармай, Парижді алған неміс сарбаздарының
етігінің гүрсілі дұшпанға бас иген қала көшелерінде ап-анық естіледі. Кенеттен
жұмыссыз, қаламақысыз қалған Шоқай отбасы ертеңгі күнінің не боларын ойлап
әуре...

Оларды ұзақ ойлантып та жатпады. Немістер қалпақ киген,
толықша келген, қара торы қазақты кенеттен тұтқынға алды. Талай күн бойы
тергеп-тексерді. Неміс тілін жетік білгендігінің арқасында ол өзінің «Ұлы
Германияға» ешқандай қауіп төндірмейтініне нацистердің көзін жеткізді. Басқасы
басқа, адамды тергеп-тексеруге мықты немістер азиялық саяси босқынға
«Большевиктер мен коммунизмге бізден бетер өш қайраткер екен» деп, баға беруге
мәжбүр болды. Әділ баға...

Еш кінәраты жоқ болған соң, қазақтың қайсар ұлын кері
қайтарды.Арада аз уақыт өткесін қайта шақырып алды. Өйткені Кеңес Одағымен
соғыс басталды. Алапат соғыстың алғашқы айларының өзі-ақ немістерге «жедел»
жеңістен үміттенуге болмайтынын айқындап берді. «Суға кеткен тал қармайды»
деген, нацистер енді орыстан да, қолға түскен өзге ұлт өкілдерінен де әскери
құрамалар жасақтап, Отанына қарсы пайдалану әрекеттеріне белсене кірісті...

...Кеңестік соғыс тұтқындары. Біздің ел тарихындағы әлі де
соңғы нүктесі қойылмаған ауыр да азалы беттердің бірінен саналады. Сонымен 1941
жылы қанқұйлы соғыстың  алғашқы кезеңінде
орыстар тарапынан немістерге 2,5 млн адам тұтқынға түскен. Ал әр нәрсені алдын
ала есептеп, соған мұқият дайындалатын басқыншылар келешек соғыста тек 900 мың
адам қолға түсетініне болжам жасап, 18 тұтқын лагерін әзірлеп қойған екен.
Жоғарыда көрсетілген соншама нөпір адамның санаулы айларда бодан болатынын олар
мүлдем күтпесе керек Тым көп әрі «сұрауы» да жоқ  бақытсыздарды басқа ұрып, қатігез дұшпан
қорғансыз сорлыларды аяусыз қырып-жоюға кірісті. Жан түршігерлік бір жәйт:
соғыстың өне бойына басқа боздақтарды есептемегенде, тек 1 млн.200 мың кеңестік
тұтқын өлім лагерлерінің крематорияларында өртелген...

Соның ішінде ұлтымызға 
қатысты дәйектер мынадай: соғыстың нақ алдында қазақтың саны 3 млн 250
мың болыпты. Майданға 500 мың қазақ азаматы аттанған. Соның 350 мыңы, яғни 70
пайызы кері оралмапты. Оның ішінде қаза тапқандар да, тұтқынға түскендер де
бар.Демек соғыста ұлтымыздың 12 пайызы шетінеді немесе қайтып оралмады. Ал
орыстарда бұл көрсеткіш 6, украиндарда 8 пайызды құрайтын көрінеді. Санаулы
жылдар бұрын, қолдан ұйымдастырылған аштықтың кесірінен 2,5 млн бауырынан
айрылған сорлы қазақ үшін бұл аз ба әлде көп пе, өзіңіз бағамдаңыз...

Әрине, Мұстафа Шоқайға аталған қорқынышты сандар онша мәлім
болмаса да, ол тұтқын лагерлерінде азап көріп, ажал тауып жатқан қандастарының
барлығын жақсы білді. Солардың жағдайын сәл болса да жеңілдету үшін, тіпті
тікенек сымды ажал орындарынан алып шығару мақсатында «Түркістан легионының»
жұмысына араласуға келісімін берді...

Себебі одан басқа тұтқындарға жанашыр ешкім болмады. Жұмыс
жағдайымен Берлинге  қоныс аударған М
.Шоқай енді ғұмырының қалған төрт айын Польша мен Украина, Германияның өзіндегі
соғыс тұтқындары лагерлерін аралап, иісі түркі бауырларымен жүздесуге жұмсады.
Кеңес өкіметінің кесірлі саясатының кесірінен тозақта қалған қазақ, қырғыз,
қарақалпақ, тағы басқа ұлттардың өкілдерін ол «Түркістан легионына» жазылып,
қолына қару  ұстап, еліне қарсы тұрғаннан
гөрі, мүмкіндікті пайдаланып, аман қалуға шақырды.- Сендер неміс пен орыстың
арасындағы кескілескен қырғынға еріксіз тартылып, «Екі түйе сүйкенсе, ортасында
шыбын өледінің» кебін киіп отырсыңдар. Бұдан шығудың бір жолы ғана бар -
өздерің қаласаңдар да, қаламасаңдар да неміске еңбек ету- -деген екен есіл ер,
-Біріншіден, өздері үшін жұмыс істегендерге олар тамақ, киім және жатар орын
береді. Жұмыс істегендерді бағалай біледі. Ең бастысы- қолға қару алып, қайта
соғысудан жалтарыңдар! Сендердің ұлттарыңа, отбасыларыңа , бауырларыңа өлі
емес, тірі болғандарың, елге оралғандарың қажет. Соны ұмытпағандарың жақсы...-

Мұстафаның қандастарын көбіне кері соғысуға емес, еңбек
етуге, қалайда тірі қалуға шақырғанын нацистер білмей қалған жоқ., одан барынша
хабардар еді. Оның жанында жүрген әріптесі, 
гестапоның жансызы, өзбек Уәли Каюмхан қожайындарын күнбе күн ақпараттан
кенде қалдырған жоқ.. Бірақ аяр жау білсе де, білмеген түр білдірді.
Нацистер  тек «зеңбірек  асына» ғана емес, ер-азаматтардың қуатты дене
еңбегіне де мұқтаж болатын. Өзгелерге қарағанда, азиялық тұтқындардың біртоға
жуас, айдағанға жүретін, жұмсағанға көнетіндерін білген соң, біртіндеп оларды
жүздеп, кейін мыңдап шахталар мен зауыттардағы, көпір салу, жол жөндеу сияқты
сан алуан жұмыстарға жеге бастады. Шоқайдың тілегені де, сұрағаны да, айтқаны
да сол еді. Сонымен қатар, легионға да ол қа ншалықты оң көрмесе де, сайдың
тасындай жігіттер ерікті де, еріксіз де тартылып, майданға және жазалаушы әскер
қатарына жөнелтілді. Рас, солардың басым көпшілігі тосын мүмкіндікті
пайдаланып, партизандар мен Кеңес әскерінің жағына шығып кетті...

Бүгінде зерттеушілер М. Шоқайдың  соғыс жылдары кемінде 60 мыңдай қазақ,
қырғыз, өзбек, татар және өзге түркі жұртының жігіттерін ажал мен азаптан
құтқарғанын айтады. Яғни осынша санды адамдарды немістер тұтқын лагерлерінен
босатып, қара жұмысқа салыпты. Өзгелері бұл көрсеткішті жүз мыңға дейін апарып
отыр. Өкініштісі сол, дәл дәйек жоқ. Әдетте есеп-қисапқа жүйрік немістер де
қанша азиялықтарды, әсіресе түркілерді жұмысқа пайдаланғанын санамапты.Чехтар
мен француздар, тағы басқаларының есебі бар, ал қандастардың дерегін білу
мүмкін емес...

Мейлі 60, мейлі 100 мың болсын, осының бәрі ұлтжанды
азаматтың тынымсыз еңбегінің жемісі ғой. Немістерің де оңай шағылатын «жаңғақ»
емес, оларды көндіру үшін қанша күш жұмсаған?! Тек бір адамның өмірінің өзі-
қайталанбас дүние. Сонда ол қанша жанның сауабына қалды...Олай болса, Шоқай
атамыз кімге көбірек көмектескен болып шықты ? Қандастарына ма әлде дұшпанға ма
?!

Адамсүйгіш, кең жүректі ағамыз бірде тұтқын лагерінде
нацистер  сыртқы түріне қарап, «жебірей»
деп таныған бір топ грузин жігіттерін атылудан алып қалыпты. Грузин тілінен
хабардар екенін пайдаланып, олардың жебірей емес екенін жендеттерге дәлелдеп
шықса керек. «Өзге ұлттарға өш адам» қазақтан басқа түркі азаматтарына немесе
діні бөлек, ділі бөтен грузиндерге қол ұшын бере ме ?! Немесе Мұстафа Шоқайдың
адал жарының орыс ұлтының өкілі Мария екенін айтсақ,, ақиқат өз-өзінен орнына
түседі. Нацистер оны да сұрапты : «Сіз, Ресейге, Кеңес өкіметіне қарсы өмір
бойы күресіп келесіз. Сөйте-тұра, орыс әйеліне үйленуіңіз қалай?». Оған да
Мұстафа мүдірмей жауап қатқан: « Мен үшін екі түрлі орыстар бар. Біріншісі-адал
ниетті,өзін өзгелерден жоғары қоймайтын орыстар. Менің жұбайым да сол топтан.
Екіншісі-ұлыдержавашыл шовинистер, оларға қарсымын.» Сондай-ақ, оның : «Сіздер,
немістер өздеріңізді «мәдениетті ұлтпыз» деп санайсыздар. Ал сіздердің басып
алынған жерлердегі бейбіт халық пен әскери тұтқындарға жасап отырғандарыңыз
ешқандай «мәдениеттіліктің» белгісіне жатпайды» деп ашық мәлімдегені де бар.
Бұдан да оның жалпы адамзатқа деген ілтипаты, адамсүйгіштігі айқын көрінеді.
Осындай көзсіз ерліктің өзі, оның өлімін тездеткен  жоқ па, екен ?!...

Ол 1941 жылы 27 желтоқсанда Берлин ауруханасында дүние салып,
сүйегі сол қаладағы түрік мешітінің ауласында жерленген.  Оның шұғыл өлімі жөнінде қос пікір бар.
Біріншісі - оның Польшадағы аса ірі Демблин тұтқындар лагерінде болғанда, сүзек
жұқтырып, содан о дүниелік болғанына саяды. Соңғысына сілтеме жасасақ, оны У.
Каюмхан у беріп өлтірсе керек. Оған дәлел: Мұстафа Шоқай тамақ пен дәріні өзі
сенетін Уәлидің қолынан ішеді екен. Қасындағы жолдасының қатыны неміс әрі
гестапоның жансызы болуы да мүмкін. Әйтеуір, есіл ер улы дәріні ішкеннен кейін
екі сағаттан соң, мәңгілікке көз жұмған. Қазір көптеген тарихшылар мен
зерттеушілер жәйттің осы нұсқасына ден қойып отырған сыңайлы...

Өмірі үнемі саяси күрес және қуғын-сүргінмен өткен Сыр
өңірінің түлегі қайтыс болмастан сәл бұрын Париждегі жұбайымен хабарласыпты.
Сөйлесіп тұрып, ол түсінде үйіндегі дүние -мүлкінің қирап, шашылып жатқанын
көргенін айтады. Жан жары да ол Парижден кеткеннен бері үйінің терезесіне
белгісіз құстың келіп-кетіп, кейін оның көрінбегендігін айтып, өз ойымен
бөліскен екен. Сол түсті көргеннен кейін, сірә, Мұстафа Шоқай өзіне ажалдың
таялғанын сезген секілді. Бірақ ешкімге сыр бермепті. Артынан көрген түсі
айнымай келіп, соңғы демі біткенше ұлтына қызмет етіп, туған жерін аңсаған ер
осылай бақилыққа кете барды...

Арада 15 жыл өткен тап сол Францияда оның адал жары Мария
көз жұмды. Ақиреттік боларынан сәл бұрын ол Мұстафа Шоқайдың бүкіл рухани
қазынасы-хаттары мен құжаттарын, кітаптарын, мақалалары мен жарық көрмеген
еңбектерін жұбайының достары мен жолдастарына өз қолымен табыс етіпті...