ВЕРНУТЬСЯ

         Өмірде немесе теледидардан өзімізбен түбі бір түркі немесе
діні ортақ әзірбайжан, өзбек, шешен ұлттарының ақсақалдарын көрсем , еріксіз
қызығатыным бар. Бір түрлі сол қауға немесе шоқша сақалды қариялардың өне
бойынан ізгілік пен биік парасаттың ұшқынын сезгендей боласың. Сөзі де орнықты,
қимылы да қалыпты, ісі де өнегелі, өздерін өзгеге еріксіз сыйлататын жандар...

Ал бізде ше?! Бірден айтайын, бүкіл қарияларға топырақ
шашудан аулақпын. Өзім жақсы танитын Орал қаласының тұрғындары: бұрынғы
журналист Мағжан Кенжеғалиев,  көп жыл
бойы іскер мал маманы болған (бүгінде марқұм) Қанат Мүсілов және тағы басқа
сақал қойып, шапан киіп, қазақы салтқа ден бергендер ағаларымызға ризалықтан
басқа айтарым жоқ. Әңгіме- қарттың жасына келсе де, қария атанғысы келмей,
өле-өлгенше «жігіт» болып «қалуға» тырысатындар туралы...

...Жақында автобусқа отырғанда, бейтаныс бір ақсақалға
еріксіз көзім түсті. Жасы жетпістерді жуықтап қалған әлгі ағамыз жағын ерсілі
-қарсылы қайзалап, ... сағыз шайнап отыр. Жаппай «күйсейтін»  бүгінгі жастарымызды көргенде, арқамыз
құрысатын біздің жаңағы қарияны көзіміз шалғанда, еріксіз тіліміз байланып
қалды. Жастарға ренжуіміз бекер-ақ екен, өзгеге өнеге көрсететін ақсақалымыздың
отырысы анау, сонда кімге өкпелейміз?! Таңданарлығы сол- бұл бір емес, талай
рет кездесіп жүрсе де, көңіліміз тіпті де үйрене алмайтын жәйт. Өз басым, сағыз
шайнап отырған не өзбектің , не шешеннің шалын көз алдыма елестете де алмас
едім...

Немесе жастарша қызылды-жасылды киініп, соларша сөйлеп,
ойын-тойларда ойқаң да қойқаң билейтін шал-кемпірлерге не дер едіңіз?!  Жайлы ырғақтағы вальсты билесе , бір
сәрі-ау.Сонан кейін олардың : «Бүгінгі жастар оңбаған. Біздерді сыйлай білмейді»
дегеніне   не жорық ?! Олар арамыздағы
өнегелі жандарды сыйлай алса, қалай ?! «Бетің қисық болса,  айнаға өкпелеме» дегеннің кері осы емес пе?!

Кейде  той-топырда
ғана емес, тіпті азалы қарада қауқылдаған қарттардың Аллаһтағала мен с.ғ.с.
Мұхаммад пайғамбарымыз,оның өсиеттері жөнінде немесе өзге де өмірлік мәні бар
салиқалы әңгімелер айтудың орнына, пендешілікке барып, ұсақ-түйек , күйкі
сөздердің көрігін «қыздыратынына», қарқылдап күлетініне еріксіз қынжыласың.
«Аға, мынау-қара жамылып отырған шаңырақ қой. Өсек-аяң, қаңқу әңгімелердің қажеті
қанша ?» десең, өзіңе бас салатындары да кездеседі. Сонда олар өздерінің
ақсақал екенін, ата сақалдары ауыздарына біткендіктен өзгеге, әсіресе
кейінгілерге үлгі-өнеге көрсетуге міндетті екенін түсінбей ме әлде мойындағысы
келмей ме , екен?!...

Тағы бір келеңсіз көрініс- зейнетке шықса да, жұмыстан
қалғысы келмей немесе еңбек демалысында жүрсе де, мекемелерді аралап, жұрттың
мазасын алатын, жалаң «көсемдікке» ұмтылатын мазасыз жандардың кездесетіндігі.
Еңбек демалысы не үшін беріледі? Әрине, демалыс үшін. Демек, кезінде жұмысбасты
болып қолың тимеді немесе құнт етпедің  
екен, зейнетке шыққасын, өзіңе де, өзгеге де тек пайдалы сүйікті ісіңмен
айналысу керек қой. Көптеген замандастарыңыз сияқты бес уақыт намазға жығылып,
Аллаһтың алдындағы    пенделік парызыңызды
атқарсаңыз да, артық па ?!

Бір жағынан оларды да түсінуге болады. Коммунистік кезеңнің
ұлтымыздың рухани жан-дүниесіне салған жарасының таяу арада біте қоймасы да
анық. Ал жаңағы мысалға алып отырғандарымыз - соның «күпісінен» шыққан жұмыр
басты пенделер. Бірақ қашанғы өткенді «ұра бермекпіз» ?! Онан бері де он тоғыз
жыл өтті. .Имандылыққа бет бұрғандар баяғыда-ақ өз таңдауын жасаған..

Сонымен біздің қоғам аузы дуалы, бір сөзімен бір рулы елді
ұйытқан, көш бастаған шалдарға ділгер. Өйткені заман түзеліп келеді. Заман
түзелсе, адам да түзелмек.Тек керегі-сөздің түзелуі, қалың елдің имандылыққа
ұюы. Ал соған ұйтқы болар кімдер? Әрине, ақсақалды қариялар, көпті көрген, өзі
де, сөзі де түзу аға ұрпақ....