ВЕРНУТЬСЯ

         Негізі жас әзірбайжан бірден эстрада әншісі болуға ұмтылған
жоқ. Арнаулы оқу орнын бітірді, сонау Италиядағы опера әншілерінің алтын бесігі
саналатын Милан қаласындағы «Ла Скала» театрында кәсіптік біліктілігін
шыңдаудан өтті. Муслимнің баритон, бүгінде көп адам «барқыт дауыс» деп атайтын
әншілік қыры оны операдан басқа кәсіпке қолайлы еместей көрсеткен. Жасыратыны жоқ,
қалың көпшілік сол өткен ғасырдың 50-60 жылдарында эстраданы өнерден гөрі,
«жеңіл-желпі» саздың түрі ретінде қабылдаған еді.

Бәріне де «кінәлі»- ұлы мәртебелі Кездейсоқтық. Әлі ешкімге
таныла қоймаған, жаратылысынан тұйық, адамға онша үйірсек емес келешек опера
әншісін сол алпысыншы жылдары халықтың ыстық ықыласына бөленген «Көгілдір
шырағданға» қоймай шақырды. Ата лған хабарлардың бірінде «Бульварларды кезіп
жүрген күн-сәуле» атты ойнақы да құлаққа жылы естілетін әнді тамаша шырқап
берген ашаңдау келген әдемі әзірбайжан жігіті көрермендердің көзайымына айналды
да кетті. Жұрттың бәрі Магомаевтың әндерін қоймай сұрап, радио мен теледидар
тыңдарман хаттарының астында қалды. Енді қандай ма болсын  концерт Магомаевсыз өтпейтін болды. Сөйтіп,
жас әнші  аталған жылдардағы Иосиф
Кобзон, Эдуард Хиль, Вадим Мулерман, Владимир Макаров, Майя Кристалинская, Аида
Ведищева сынды эстрада жұлдыздарының қатарын толықтырды. Теледидары болмаған
Жәнібекте бозбала шағымызда радиоқабылдағыштан оның сүйкімді де өзгеден айрықша
даусына қуана құлақ түріп, баяу ырғақпен шырқаған «Көгілдір тайга», «Ай
серенадасы» және тағы басқа әндерін көтеріңкі көңіл-күймен тыңдайтын едік...

КСРО халық әртісі, талай халықаралық және бүкілодақтық  байқаулардың жүлдегері Муслим Магомаев
шығармашылығында тек орыс, итальян  және
өзге тілдерде ән салумен шектелген емес. Әнді шырқап қана қоймай, оны өзі де
шығаратын ол «Менің Әзірбайж аным» және «О, теңіз, теңіз» әуендерін туған еліне
және бала кезінде жағасында өскен Каспийге арнаған. Осы әндерді туған тілінде
әуелете талай рет шырқады да. Сонымен қатар, М. Магомаев өзбектің «Ялла»
дауысты-аспапты ансамбліне, татар Ренат Ибрагимов пен бі здің Роза Рымбаеваның
өнеріне де оң көзбен қарап, өзінің түбі түркі жұртынан екенін естен шығармаса
керек. Рас, ұзынқұлақтан естігеніміз, 
қандасы Полат Бюль-бюль оғлыны 
«жанына жақын тартпаған» деседі...