ВЕРНУТЬСЯ

          Әкесі дереу сол қымбат бағалы заттардың құнын төлеп,
балалары үшін мұражай басшыларынан кешірім өтінген...

Жамал еліне, жарға, досқа адал адам болған. Мәселен, билік
басында тұрғанда, оны АҚШ-тың барлау қызметі 
2 миллион доллар   ( сол жылдары
қыруар ақша!) пара беріп, сатып алуға әрекет жасаған. Насыр тек парадан бас
тартып қана қойған жоқ, сонымен қатар шетелдіктердің бұл зымиян, астыртын
қылығы жөнінде елдегі ұлттық ақпарат құралдарын шұғыл хабардар етті.
Журналистер дереу оны жария етіп, алаяқтардың арамза ісін жалғанның жарығына
шығарды. Сонан соң, оны ешкім де сатып алуға ұмтылған жоқ. Президент өмірден
өткеннен кейін мемлекеттік комиссияның анықтағаны - марқұмның жеке есепшотында
бар болғаны... 610 Мысыр фунты ақшасы болған екен...

1967 жылғы алты күндік араб-жебірей соғысы кезінде сатқын
генералдардың кесірінен Мысыр әскері ауыр жеңіліске ұшырап, Синай түбегін жауға
қалдырып, Ніл өзеніне бекінген-ді. Осыған жаны қатты күйзелген Насыр кенеттен
биліктен кетуге бел байлады. Себеп? Жеңіліске өзін де кінәлі санаған. Алайда
Мысыр халқы оған келіспей, жүздеген мың адам ел астанасы-әл-Каһираның (Каир)
көшелеріне шығып,« - Біз сенімен біргеміз, Жамал! Сен кетпеуің керек!» деп,
ұрандатыпты. Мысыр халқы Жамалға билік емес, намыс қымбат екенін түсініп, оған
сенім артты. Ол ақыры билікте қалды...

Президент өзінің туған күнін елде ресми түрде атап өтуге
қатаң тыйым салған. Тек өз үйінде ғана балаларының туған күнін атап өтуді
жанындай жақсы көрсе керек. Жеке өмірі немесе отбасы жөніндегі қандай да болсын
мәліметтер беруге үзілді-кесілді қарсы шыққан. Насыр Президент бола тұра, кең
сарайға сұқтанбай, әскери академияда оқытушы кезінде алған шағын вилласында
өмір сүріпті.

Бірде сол виллаға күрделі жөндеу жүргізілсе керек. Оның
отбасы уақытша бұрынғы Мысыр патшаларының сарайы - Куббаға көшірілген екен.
Тарихи мұражайға айналдырылған сарайдан Насырдың отбасы жөндеу аяқталғанша
көшуге асығыпты. Неге? Үйіндегі үш ұл, бір қызы хан сарайында тұрса да, қалайша
іштен тынып, қимылсыз отырсын?!  Алысып-
жұлысып, асыр салып жүргенде, бір-екі қымбат бағалы, көне ыдысты сындырып алса
керек.