ВЕРНУТЬСЯ

      Біздіңше, костюм киіп, галстук тағып шіренбейтін, үстіне
қарапайым вьетнам шаруасының салпыншағын іліп алып жүре беретін оны сірә,
американдықтар да, қуыршақ  мемлекет-
Оңтүстік Вьетнамның әскерилері де жыға тани қоймаған шығар. Қарапайым, сынық
мінезді, сәл ғана күлімсіреп тұратын қарияның бет-бейнесінен қаһарман халықтың
лайықты көсемі осы адам  екенін аңғару
оңай ма ?!

Осының өзінен көрініп тұрғанындай , Хо Ши Миннің кабинетшіл
емес, үнемі ел ортасында жүретін, халықтың жәйін құр мәліметтер арқылы емес,
көзімен көріп, құлағымен естіген, жан-тәнімен сезінген басшы болғандығы
аңғарылады. Оның өмірлік арманы өзі о дүниелік болғаннан кейін жүзеге асты. Өзі
көрмей кетсе де, елі көрді, халқы көрді, әлем көрді.  1973 жылы Париж қаласында АҚШ  Вьетнамнан жеңілгендігін қинала-қинала
мойындап,  бейбітшілік жөніндегі бітімге
қол қоюға мәжбүр болды. Американ әскерлері кеткесін, Оңтүстік Вьетнамның
қуыршақ өкіметінің ғұмыры ұзаққа барған жоқ. 1975 жылдың 30 сәуірі күні орыстың
су жаңа "Т-74"
танктері Сайгондағы (бүгінгі Хо Ши Мин қаласы) американ елшілігінің қақпасын
бұзып- жарып кірді. Американ елшісі елшіліктің төбесінде елінің тікұшағына
отырып, теңізге қарай қашуға мәжбүр болды. Ал теңізде АҚШ-тың соғыс кемелері
елінен қашқан сатқындарды тиеп жатқан-ды. Олардың біреуінің де жағаға қарай оқ
атуға батылы бармады. Отанын толық азат еткен, қуаныштары қойындарына сыймаған
ер халықтан қорыққан еді...