ВЕРНУТЬСЯ

         Мектеп және мұғалім жәйі маған мейлінше жақын. Анам-бұрынғы
мұғалім, өзім де сонау 70 жылдары және өткен ғасырдың аяғында мектепте еңбек
еттім. Орыс көршіміз айтқандай, «Бәрінің де мәні салыстырғанда анықталады».
Кеше мен бүгінді...

Көнекөздердің айтуынша, қазақ қоғамындағы мұғалімнің беделі
И.В.Сталин билік құрған 30-50 жылдары биік болған көрінеді. Оған
себеп-мектептегі тәрбие, әсіресе саяси тәрбиеге «халықтар көсемінің» ерекше
көңіл бөлгендігі, мұғалім және дәрігердің мемлекеттің аялы қамқорлығында болып,
тұрақты түрде жалақы алуы және кейбір жеңілдіктерді иеленуі. Себебі ақша
дегенді жылдап көрмейтін ұжымшар мүшелері былай тұрсын, сол жылдары кейбір қала
тұрғындарының да шекесі майдан «шылқыған» жоқ. Тек өткен ғасырдың 60-жылдарынан
соң, топас та тасыр Н.Хрущевтің елді ала тайдай бүлдірген «жаңашыл»
бастамаларынан кейін, мұғалімдердің беделі біртіндеп түсе бастады. Қоғамда
адамды адамның шынайы сыйлау сезімі жойылғасын, өзгеше не сұрайсың?!

Біресе онжылдық, біресе онбіржылдық боп түрленіп, оқушыны
екінші жылға қалдыру жойылып, рухани баулу емес, үлгірім «пайызы» алдыңғы
кезекке шыққасын-ақ, мектептің білімдік те, тәрбиелік те тұғырнамасының жібі
босап шыға келді. Мектепке нағыз ұстаздар емес, тек уақыт өткізуші, мұғалімдік
жұмысты келешектегі жоғары мансапқа барар жолдағы «алғашқы баспалдақ» деп
есептейтіндер келіп, сол өткен ғасырдың 70-80 жылдары педагогтар қатарын
толтырып жатты. Жан-тәнімен кәсібіне берілген, баланы әкесіндей түсініп,
анасындай сүйетін ұстаздар азайған үстіне азая берді. Бұл - ұстаз беделіне кері
әсерін тигізді және тигізбеуі де мүмкін емес...