ВЕРНУТЬСЯ

    Ел байлығын жемқорлар алып қашып,

Нарық басып, кемпір-шал тарыққасын,

Жұмыссыздық...

Құнсыздық... етек алды,

Санасында сәбидің қалыптасып.

Ел билігін алса да, тақсыр, Нарық,

Шетке қағып біз оны - жатсынбадық.

- Жөн-жосығын өзінің тапсын, халық!

Терезесін тірліктің қақсын барып! -

Үміттендік, Нарыққа билік беріп,

Не істесе де кимелеп, килікпедік.

Сауда дейтін сиқырға ілестік біз,

Бірақ одан сыбаға - сый күтпедік!

Ноқта салмай басына - ерік беріп,

Қаңғып қалдық соңынан еріп келіп!

Еркек біткен - қылмыспен құрықталды,

Әйел біткен - араққа жерік болып!..

Кеш түсініп қауіпті - олқы
жерін,

Бас көтерді ұйқыдан - қорқып елім:

"Бәрін құртып, жоюға" серт берді де,

Орындата алмады - сол тілегін...

Болса да сөз Нарық пен Нан туралы,

Баяғыдай шабыттан ән тумады...

Дорба асынып беталды қаңғып кетті,

Жолбарысжон жігіттер - нар тұлғалы!

Жұмыссыздық жайлады елдің ішін,

Бұл, шынында сын болды - Ерлік үшін!

Өмір сүру - азап па,

Мазақ па, әлде? -

Әркім өзі болжайды ендігісін!..

Дәріптедік нарықты - керемет деп,

(бара жатты еліміз неге беттеп?!)

Зейнетақы жетпейді нан-шайына...

Қалт-құлт етіп кемпір-шал

келеді ептеп...

Тарыққан жұрт тартысып, дауға
барды,

Қайыршылық - халықты жаулап алды!..

Қара базар тұсында - қоймен қатар

Қара көздер құны да саудаланды...

Бүлк етпестен қарайды бетке - жебір,

Жем болуда қазына текке небір...

(Бұл тотамадағы өлеңдер нарықтың алғашқы жылдарының әсерімен жазылыпты.)

Нарық емес, "тамұққа" жетелеген,

Тәңір атқыр, бұл өмір, -

Неткен өмір?!