ВЕРНУТЬСЯ

     Стефан Цвейг

  

    Өз өміріңді тану - өзіңді тану деген сөз

 

    Русановқа, 1903

 

    Оның қатал көз қарасы күллі ғаламға қарай бағытталған, ол
өзіне де дәл сондай қаталдықпен қарап тұр. Толстойдың табиғаты бұлыңғырлықты
жек көреді, өзінің де, сыртқы әлемнің де шатысып-бытысып, күңгірт тартып
тұрғанын тіпті ұнатпайды: бұл әрбір ағаштың кескінінің әрбір сызығын немесе
қорқып тұрған иттің денесінің әр дірілін аса дәлдікпен салып үйренген  суреткерге тән қасиет, ол өзінің бұлыңғыр,
түсініксіз де бытысқан образымен де келісе алмайды. Сондықтан да танымдыққа
деген шаршамайтын да талмайтын стихиялы құштарлығы оның кішкентай кезінен-ақ
тек бір өзіне ғана бағытталған. Он тоғыз жастағы Толстой өзінің күнделігіне
«Мен өзімді бастан-аяқ танығым келеді» деп жазыпты және сол кезден бастап-ақ
өзінің жандүниесіне деген оның өткір, аңдампаз, күдіктене-сақтана қарайтын
әдеті сексен үш жасқа келгенге дейін сол қалпынан айнымаған. Толстой өзінің
сезімталдығының әрбір жүйке талшығын, ойының қаны тамшылаған әрбір түйірін өзін
өзі талдаудың хирургиялық пышағына аяусыз салады; аса күшті, өмір сүруге
қабілетті бұл алып адамның өзінің «мені» туралы ұғымы да сондай алып та айқын
болуы керек. Толстой сияқты шындықтың фанатиктері өз өмірбаяндарын жазуға аса
құштар болмаған.

Көркем шығарма жазу үшін кейде бір рет көре салудың өзі
жеткілікті болады, әлемді кескіндеу де оңай емес, дегенмен оған қарағанда  автопортретті жазу әлдеқайда күрделі, оны
жазу үшін бір көрумен ешқашан шектеле алмайсың. Ойдан шығарылған немесе
автордың сырттай бақылауы арқылы сомдалатын бөтен образды суреткер өз шығармасына
қосып, толыққанды етіп аяқтап шыға алады; образ туғаннан кейін оның кіндігі
кесіледі де, ол өзінің рухани өмірін сүре бастайды. Ол анасының жатырынан
шыққан бала сияқты еркіндікке аяқ басады; оны сомдап біткеннен кейін суреткер
де одан бір жола құтылып, босап шығады. Ал енді өз «менін» кескіндеуде мұндай
«құтылып кету» деген болмайды, өзін кескіндеп бітірдім-ау дегеннен кейін де
суреткер одан бір жола қол үзіп кете алмайды, өйткені үнемі өзгеріп тұратын
«меннің» әрбір өзгерісі өзіне сезіліп тұрады да, образының ақи-тақи аяқталуына
мүмкіндік бермейді. Сол себепті де ұлы автопортретшілер өздерінің кескіндерін
өмір бойы қайталап салумен болады. Олардың бәрі де - Дюрер, Рембрандт, Тициан -
айнаның алдына отырып алып, өздерінің жігіттік шақтарының ең алғашқы  кескіндерін сала бастайды, бірақ бастайды да
тастайды, өйткені оларды өзгеріп кете беретін элементтер қызықтыра түседі де,
бұрынғы салған портреттері уақыт ағымымен бірге кейінге ысырылып қалып отырады.
Дәл сол сияқты шындықтың ұлы кескіндеушісі Толстой да өзінің автопортретін
аяқтай алмады. Ол - Нехлюдов  образындағы
болсын, Пьер Безухов немесе Левин кескініндегі болсын - өз образын аяқталған
пішінге келтіріп бола бергенде, жазып бітірген шығармасындағы өзінің бет
әлпетін тани алмай қалады; енді жаңа қырынан танылған өз кескінін сол қалпында
ұстап қалу үшін оның қайтадан іске кірісуіне тура келеді.

Толстой-суреткер өзінің жанды көлеңкесін дәл тауып
суреттемек ниетпен шаршамастан аулап әлек болса, оның «мені» де өз
жандүниесінің мәңгі жаңа, бірақ орындалып бітпейтін міндеттерінің соңында
жүгіріп жүрді; еркіндіктің бұл алыбы өз «менін» қалай да дәл табуға өзін
міндетті санады. Сондықтан да алпыс жылға созылған бейнеті көп шығармашылығының
өн бойында Толстойдың өз образы қай кейіпкері болсын, әйтеуір, бір кейіпкердің
бойынан қылаң беріп қалып отырады, солай бола тұрса да, бұл аса күрделі адамды
барлық қырынан ашып көрсете алған кейіпкер де жоқ;  тек оның барлық романдары мен әңгімелері,
күнделіктері мен хаттары - бәрі жинақталып келіп ғаламдық маңызы бар осы еңбекті
- оның ұлы кескінін бере алады; бұл - біздің ғасырымызда адам қолымен жасалып,
жан-жақты, әр қырынан тиянақталған, ең зейінді автопортрет.

Өйткені жасампаздығы жоқ, тек адамның алаң көңілі мен өзі
байқап, бақылаған сәттерді ғана жеткізе алатын адам тіршілік етуші және бәрін
де сезінуші өзін өзінің көз алдынан бөлек алып, оның ту сыртынан қарап
тұра  алмайды да. Өзінің
эгоцентристігінен сезімі шырқау шекке жетіп отыратын адам, тіпті, экстазға
жеткен сәтте де өз «менін» сезініп отырады; оның әр нәрсені аңдап отырудан
танбайтын аңғарымпаздығы басқа нәрсеге құштарланып кеткен сәттерінде де кірпік
қақпайды. Қандай нәрсеге де міз бақпайтын берік Толстой не жазса да, қалай
жазса да өз «менінің» шабуылынан құтыла алмады, өз денесінен өзі бөлініп шығып,
өзін өзі ұмытуға қол жеткізе алмады, ол тіпті өзінің сүйікті стихиясына де бір
жола беріле алған жоқ.

«Мен табиғаттың мені қоршап тұрған сәтін ұнатамын («мені»
және «мен» деген сөздерге назар аудару керек), сосын, мен оның ортасында
тұрғанымда ол шексіздікке қарай созылып кете береді. Мен ыстық ауа мені жан
жағымнан қоршап тұрған сәтті де және сол ыстық ауа  шыр айналып, шексіздікке қарай кетіп бара
жататын сәтті де ұнатамын, отыра қалғанда тапталып қалған шөптердің шырынды
жапырақтары жап-жасыл сәуле шашқанын да ұнатамын». Ол әншейінде өзін шексіз қуанышқа
бөлейтін бел-белестердің де «мен» деген орталықтың, яғни, барлық
қимыл-қозғалыстардың қозғалмайтын орталығының белгілі бір шегінің радиустары
екендігін сезінеді; күллі рухани әлем тоқтай қалады да сол жерге шегеленіп
қалғандай әсер береді. Содан кейін оның дене мен жандүниеден тұратын
болмыс-бітімін айналып қозғала бастайды. Толстой ұсақ даңққұмарлықтан, яғни,
өркөкіректіктен, менмендіктен, өзін осы дүниенің кіндігіндей санайтын әдеттен
мүлдем аулақ адам, Толстой сияқты өзін өзі жақсы білетін адамның өзінің
моральдық мәніне соншалықты сенімсіздікпен қарайтыны болған да емес, бірақ оның
өзінің алып бітім-болмысына, қазір бар, қазір жоқ сезімдеріне байланып
қалғандығы соншалық, суреткер өзінен бір сәтке де ажырай алмады, өз «менін» бір
сәтке де естен шығара алмады. Ол әбден есі кетіп шаршағанша, үздіксіз және
амалсыздан, өз көңілі қаламай тұрса да, еріксізден еріксіз өзін өзі зерттеуге,
тың тыңдап, өзін өзіне түсіндіріп, күні-түні өз өміріне өзі «қарауылға» тұруға
мәжбүр.  Оның осындай есті кетіретін өмірбаяндық
дауылы бойдағы қан айналымы сияқты, жүректің дүрсілдеген соғысы сияқты,
маңдайға із тастап жатқан үздіксіз ойлардың жүрісі сияқты бір сәтке де толас
таппады: шығармашылық дегеніміз ол үшін өзін өзі соттау және өзін өзі талқыға
салу еді.

Сондықтан да Толстой өзін өзі кескіндеу үшін қандай-қандай
жолдарды шиырлап, жаттығу жасап көрмеді дейсің: деректік материалдарды сұрыптап
алып жәй ғана сөздермен баяндап та көрді, естелік те жазды, педагогикалық,
моральдық бақылау, адамгершілік тұрғыдан кінәлайтын немесе рухани жағынан
өкінішке толы дүниелер де жазды; осылайша оның өзін өзі кескіндеуі бір жағынан
өзін өзі тыныштандыру, тіпті өзін өзі өртеп те көруі еді, оның авторлық
өмірбаян жазуын эстетикалық және діни акті деп айтуға да болады, жоқ, тіпті олай
да емес, оның өзін өзі кескіндеуінің барлық формуласын, барлық мәнерін
жеке-жеке сипаттап шығу мүмкін емес. Бір нәрсені ғана сенімділікпен айтуға
болады: Толстой жаңа заман адамдарының ішіндегі ең көп суретке түсірілгендей
етіп сипатталған адам және мұны бізден артық білетін де ешкім жоқ.

Өз күнделіктері арқылы біз оның 18 жастағы кезін 80 жастағы
кезіндегісінен артық болмаса, кем білмейміз, біз оның бозбала шағын да, оның
отбасылық қайғы-қасіретін де білеміз, оның ең қарапайым және ең бір ақымақтық
қылықтарын қалай білетін болсақ, ең шынайы ой-толғамдарын да мұрағатты көріп
отырғандағыдай дәлдікпен білеміз; өйткені, «өмірі аузын ашпайтын» Достоевскийдей
емес, Толстой өз өмірін «ашық есік және ашық терезе» жағдайында өткізуді
қалаған адам. Оның осындай өзін өзі соншалық жалаңаштап ұстауының арқасында біз
оның әрбір қадамын біліп алдық, оның сексен жылдық ғұмырының әрбір сәтін, тіпті
соншалықты бір маңызды саналмайтын күндерінің де қалай өткенін білеміз, шексіз
көп фотосуреттері арқылы біз оның түр-түсін де өте жақсы танимыз - етік тігіп
отырғанын, мұжықтармен әңгімелесіп отырғанын, атқа мініп келе жатқанын, шөп
шауып жатқан кезін, жазу столында отырғандағысы, лаун-теннис ойнап жатқанын,
әйелімен, достарымен, немере қызымен отырғанын, ұйықтап жатқанын, тіпті өліп
жатқанын да білеміз. Міне, өзін өзі кескіндеудің және өзін өзі құжаттандырудың
дәл осындай, басқа ешкіммен салыстыруға болмайтын молдығына қоса, өзінің
айналасындағы адамдар туралы: әйелі мен қыздары, хатшылары мен журналистер,
кездейсоқ адамдар жөнінде жазған шексіз көп естеліктер, түрлі жазбалар
қалдырған, менің ойымша, Толстой туралы естеліктер жазуға пайдаланылған
қағаздардан Ясная Полянаның тағы да бір орманын тұрғызуға болар еді. Ешбір
жазушы дәл осындай болып ашық өмір сүрген жоқ; өзінің жандүниесін дәл Толстой
сияқты ашық ұстаған емес.  Ішкі және
сыртқы бақылаулар арқылы дәл осылайша жақсы 
құжаттандырылған Гетеден басқа ешбір тұлғаны білмейміз.

Өзін өзі бақылауға деген құштарлығы Толстойдың кішкене
кезінен, есі кіре бастаған кезден бастау алады. Ол оның әлі тілі де шықпаған
шалт қимылды қызыл-шақа бала-денесіне ұя салып, тек 83 жасқа келіп, өлім
алдында жатқан кезде ғана, айтайын деген ойын айтуға тілі икемге келмей, өліп
бара жатқан оның еріндерінен түсініксіз бір леп шығып, ауада дірілдеп тұрып
алған шақта ғана тоқталды. Бірақ осы үлкен аралықта - үнсіз басталған және
үнсіздікпен аяқталған аралықта - сөз айтылмаған және жазу жазылмаған кез жоқ.
Гимназияны енді аяқтаған 19 жасында ол күнделік сатып алыпты. «Менде ешқашан
күнделік болған емес, - деп ол дәптердің бірінші бетіне жазып қойыпты, -
өйткені мен оның қандай да бір пайдасы болады ау деп ойлаған емеспін. Ал енді,
мен өзімнің қабілетімді арттыруға кіріскен шақта, өзімді қалай жетілдіріп,
дамытқанымның барысы туралы жазып отыратын боламын. Күнделікте мен тәртіп
кестесін жазуым керек, сонымен бірге менің болашақ іс-қимылдарым да нақты
көрсетілуі тиіс». Әлі сақал-мұрты шықпаған бозбаланың бойына болашақтағы
әлемдік педагог - Толстой орнай бастады, ол сол кезден бастап-ақ өмірге
әркімнің өзін өзі үнемі бақылауда ұстап, саналы түрде жүріп-тұруын талап ететін
«маңызды іс» ретінде қарады. Ол коммерциялық тұрғыдан өзінің міндеттерінің
есебін жасады, оның орындалуының дебеті мен несиелерін анықтады. Өзінің жеке
тұлғасына ол «салынған капитал» ретінде қарап, он тоғыз жастағы Толстой оған
өзінің зор жауапкершілігін сезінді. Ол өзі туралы деректерді ең алғаш рет
инвентаризация жасайды да, өзінің «ерекше адам» екендігіне маңыз беріп, оның
«ерекше міндеттері» болатындығына сілтеме жасай отырып, әлі де болса жартылай
бала-Толстой өзінің бойындағы еріншектікті, 
ұшқалақтықты, шыдамсыздықты және болмысының нәзіктігін жеңу үшін өзін
қандай ерік-жігерге тәрбиелеп, өмірде қандай моральдық ерлік жасау керектігін
белгілейді.

Тым ерте жетілген психолог ретінде ол сиқырлы да саналы
инстинктінің күшімен өзінең ең қауіпті әдет-қылықтарын сезіп қояды: орысқа тән
өзін өзі асыра бағалайтын әдет, өз күшін босқа сарп ету, уақытты босқа өткізу,
өзіне өзі ие бола алмаушылық. Сол себепті ол алтын уақыттың бір түйіршігін де
босқа кетірмеу мақсатында өзінің күн сайынғы жетістігіне бақылау жасап отыратын
аппарат «орнатады»: сөйтіп, күнделік оның өзін өзі педагогикалық  тұрғыдан зерттеуге итермелеп отыру құралына
айналады және бұл - Толстойдың өз сөзімен айтқанда - «өз өмірін босқа өтуден
сақтап тұратын болады». Өзін өзі аямаған бала-жігіт әр күннің нәтижесін жазып
отырған: «сағат 12-ден 2-ге дейін Бегичевпен әңгімелестім, тым ашық әңгіме
болды, өркөкіректене, өзімді өзім алдай отырып әңгімелестім. 2-ден 4-ке дейін
гимнастика, бірақ шыдамдылығым да, табандылығым да әлі шамалы. 4-тен 6-ға дейін
түскі тамақ іштім және маңызы шамалы бірдеңелер сатып алуға бардым. Үйде ештеңе
жазғаным жоқ, еріндім. Волконскийге баруды әлі созып жүрмін. Барғанда да жай
ғана сөйледім, қорқақтық қой. Өзімді өте нашар ұстадым. Мұның бәрі: қорқақтық,
менмендік, ойланбағандық, әлсіздік, жалқаулық». Осылайша жап-жас жігіт өзін өзі
тамақтан алып, аяусыз қылғындырады және бұл жағдай алпыс жылға созылады;
Толстой он тоғыз жасында да, сексен екі жасында да өзін өзі қылғындырып
жіберуге дайын жүрді: жас кезінде де, кейінгі жасамыс кезінде де әбден
қалжыраған денесі оның спартандық тәртібіне бағынбай қойған шақта ол
күнделігіне өзі туралы «қорқақ, жалтақ, жалқау» деп ұрысып жазуын тоқтатқан
жоқ. Ең алғашқы сәттен бастап, ең соңғы күнге дейін ол тәртіптілік мәселесінде
өз борышына адал вахмистр ретінде өз өмірін пруссиялық қаталдықпен қас-қақпай
бақылап отырды, демалғысы келіп, жалқаулығы ұстай қалса, өзі өзінің жер
жеберіне жетіп,   қорқытып, жетістікке
жету жолының бейнетіне өзін өзі мылтықпен айдап әкелгендей қылды.

Есесіне, өз мерзімінен ерте піскен моралист ретінде Толстой
өзін өзі кескіндеуші ретінде де, суреткер ретінде де ерте қалыптаса бастады:
жиырма үш жасында - әлемдік әдебиетте бұрын-соңды мұндай болған емес  - өзінің үш бөлімнен тұратын өмірбаяндық
еңбегін жазуды бастайды. Айнадағы өзіне көз салуы - Толстойдың өзін өзі тануға
деген еңі алғашқы қадамы. Бозбала шағында, әлі ештеңенің мәнін ұғып болмаған
жиырма үш жасында балалық шағын сипаттайтын еңбек жазуды бастайды. Он екі
жасында өзінің әлі өмірдің қызық-шыжығының желі шарпымаған сәби-бет әлпетінің
суретін жәй бір жатқан қағазға салмақшы болған Дюрер сияқты, Кавказ қамалына
жіберілген артиллерист, әлі буыны қатаймаған поручик Толстой өзіне өзінің
«балалық, бозбалалық, жастық» шағы туралы әңгімелеп жазуды бастайды. Кім үшін
жазып жүргенін ол кезде ойланған да жоқ, ал әдебиет туралы, газетке шығу
туралы, атақ-даңқ туралы тіпті ойлаған емес. Оның өзін кескіндеу арқылы өзін
өзі тануға деген инстинктивті құштарлығы артқан үстіне арта түсті; осы бір
түсініксіз құштарлық белгілі бір мақсатты да көздемеген еді, тіпті, кейін өзі
талап еткеніндей бұл оның «моральдық талаптарды жүзеге асыруы» да емес еді.
Кавказда жүрген кішкентай ғана офицер бір жағы әуестенушіліктен, бір жағы іші
пысқандықтан қағазға өз отанының, өзінің балалық шағының суретін салды;
бірте-бірте Құтқару армиясының мүшелеріне тән кейбір белгілер оның өз бойында
да қалыптаса бастағанын байқамаған да еді, «өзінің жастық шағындағы иттіктері»
туралы айтқанда, өзінің мақсаттары мен «қайырымдылыққа» ұмтылуы туралы
айтқанда, ол мұның басқаларға пайдасы тисін дегендей ниеттен әлі алыс еді; ол
мұны өзінің бозбалалық шағындағы ештеңені білмейтін балалық мінездері мен
қылықтарын  қызықтап жазғаны еді; сөйтіп,
жиырма үш жастағы жас жігіт өз тіршілігінің кішкене ғана бөлшегін сипаттап
шықты, оның ең алғашқы әсерлеп жазғандары - әкесі, шешесі, туысқандары,
тәрбиешілері, адамдар, аңдар және табиғат; ал оның бұл жазғандары соншалықты
шынайы, ешнәрсені бүгіп қалмаған керемет жазбалар еді, мұндай кереметтер алдына
ешқандай мақсат қоймай жазғанда ғана туады.

Әрине, бұл жазбалар - саналы деңгейге жеткен, күллі жарық
әлемнің алдында өзінің өкінішін баяндайтын, суреткерлердің алдында суреткер
ретінде сөйлейтін, құдайдың алдында күнаһар ретінде және өзінің алдында өзін
өзі жеңген адам ретіндегі жазушы Лев Толстойдың терең талдауларының деңгейіне
жуықтай да алмайтын жазбалар еді, өйткені оны жазып отырған - түнімен ойын
столында отырғанды ұнатпайтын, алыста жүріп баяғыда қайтыс болған жақындарының
мейірімін, жылы сезімін, бауырмалдығын сағынған жап-жас жігіт еді. Алайда,
өмірбаяндық жазбалары оған аяқ астынан жазушы Лев Толстой деген мәртебе берген
кезде, ол «есею жылдарын» жазуды тоғара қояды; өйткені аты шыққан жазушы әлі
ешкімге белгісіз жас жігіт шағында жазғандарындағыдай ашық реңкті енді таба
алмай қалды, жалпы, пісіп-толысқан жазушының қай-қайсысы да автопортретті
жастық шағында жазғандағыдай мөп-мөлдір етіп жаза алған емес. Суреткер қанша
шығармасын жарыққа шығаруға мүмкіндік алғанымен, сол шығармасының әйтеуір бір
жағы жетімсіз болып тұрады, ол - өзімен өзінің ашық түрде әңгімелесе
алмайтындығы, өзін өзі тың-тыңдағандай тыңдай алмайтындығы, екшеп сөйлеушілік,
өзіндік аңғал шыншылдық басым тұрады.

Әдебиеттің талаптарымен әзірге бүліне қоймаған әрбір адамның
даңқы шыға бастаса, ұялшақтығы да арта түседі; бойдағы көлгірсушілік шындықты
бұрмалап жібермес үшін суреткердің өз болмысындағы табиғилығы мен интимдік
жағдайлары бетперденің арғы жағына жасырылады, ал жасырынуды білмейтіндер - әлі
атағы шықпаған, зайырлылықтың құмарпаздығымен әлі ауыра қоймағандар. Ал бұл
жағдай Толстойда жарты ғасыр бойына созылды, өзін өзі кескіндеудің толық
жүйесін жасау туралы ой жас жігітті мазалай бастағаннан бастап, суреткер болып
қалыптасқан кезде өзін кескіндеуді тағы да қолға алғанға  дейін жалғасқан. Жалпы қарағанда Толстойда
қандай цифр болса да, орыс даласы сияқты өте кең, ауқымды ғой. Бірақ, суреткер
дінге бет бұрғаннан кейінгі кезде бұл міндет қалай болып шықты дейсіз ғой? Ол
жалпыадамзаттық, моральдық-педагогикалық сипатта болды; басқалар мұның басынан
кешкен қателіктерінен сабақ алсын деп, жандүниесін қалай «жуып тазартқандығын»
көріп, өздері де тазарсын деп енді ол барлық ой-толғамдарын да, өз өмірін
кескіндеуін де  адамзатқа айтылған өсиет
ретінде жаза бастады.

Ол өзін өзі көріп-қадағалап отырудың өзі жасаған жаңа
бағдарламасы туралы айта келіп: «Жекелеген адамдардың өз өмірін барынша,
мүмкіндігі келгенінше шынайы сипаттауының үлкен маңызы бар және ол адамдарға
зор пайдасын тигізеді» деп көрсетті және сол кезде сексен жастағы қарт Толстой
бұл шешімін жүзеге асыруға дайындық жасай бастайды; бірақ, оны бастайды да,
тастайды; тастағанмен, «біздің заманның адамдары ерекше маңыз беріп жүрген, ондай
маңыздылыққа лайық болмаса да, менің «керемет» делінетін 12 томды толтырған
көркем мылжыңдарыма қарағанда, кейбір кемшіліктеріне қарамастан, осы
өмірбаянның адамдарға тигізер пайдасы көбірек болмақ» деп жазды.

Шындықты айқындап тұратын оның ауқым-аумағы жылдар өте келе,
өз өмірін тани келе әлдеқайда өсіп кетті,ол шындықтың көп қырлы тереңдігі мен
өзгермелі формасын ұғынды, жиырма үш жастағы жас жігітке өмір жолының айнадай
теп-тегіс жолымен шаңғымен сырғанап өтетіндей болып көрінетін кездер артта
қалып, енді шындықты саналы түрде іздеуші суреткер жауапкершілік сезімінің
алдында сүрініп жығылып қалатындай болып қорқасоқтап тоқтай қалады.  «Өмірбаяндық шығармалардың қай-қайсысында да
нағыз шынайылықтың болмайтындығы» мұны да алаңдатады, ол да өз өмірбаянының
шылғи өтірік болмаса да, кейбір кезеңдерін ұмытқан болып, жақсы жақтарын ғана
көрсетіп, жағымсыз тұстары айтылмай өте шығатын немесе жұмсартып айтылған
сипатта болғанын қалады. Мұнысын ол ашық мойындайды. «Өз өмірімде бастан кешкен
жағдайымның бір де бірін жасырып қалмай баяндап шығамын деп ойлаған едім, бірақ
мұндай өмірбаянның қандай сұмдық болып шығатынын ойлағанда, шошып кеттім».

Болашақ моралист Толстой өз өмір жолының «қауіпті» тұстарын
салмақтай бастаған сайын, өмірбаянның «жағымды әсер беретіндей» сипатта болып
шығуын қалап, алаңдаған сайын ол «Өзін өзі мадақтаудың Халибдасы мен ұялуды
білмейтін ашықтықтың Сцилласының» ортасында қалып, өз өмірбаянының ішінен
жандүниесін тап-таза күйінде алып шығатынына деген сенімі де азайғанын
байқайды, нағыз шындықты айтайын десе, «мейірімділік пен зұлымдықтың тұрғысынан
қарағанда» моральдық ұстанымдарға қайшы келетін тұстарды да бадырайта көрсетіп,
өзін өзі барынша «жалаңаштап», «өзі жасаған барлық ақымақтықтары мен
иттіктерін» де көрсетуі тиіс болды. Дегенмен де Толстой көп нәрсені ретін
келтіріп айта да білді. Және бір ескеретін нәрсе, біздің, яғни, оқырманның
«Толстой жөніндегі көп деректерді жоғалттық-ау» деп өкінуінің де қажеті
болмайды, өйткені сол кездердегі жазбаларда, мысалы, діни дағдарыс кезінде
жазылған «Тазаруда» өз кескінін салу - өзін өзі қамшымен сабаудың флагелланттық
ләззат алудың фанаттық түріне, тіпті сәнге айналып кеткен кез еді, сондықтан
да, сол жылдар жазбаларындағы өзін беталды кінәлау - өзіне өзі күш көрсетіп, өз
өмірін түкке алғысыз етудің бір түрі болып табылады.

Толстой өмірінің соңғы жылдарында өзін  кескіндеуді қойды, ол тек «өзі мойындауға
ыңғайсызданатын жағдайларды баяндап», басқалардың алдында өзін төмендетіп
жазуға көшті, оның «нашар адамдықтың» қылықтарын және небір күнәларды өзіне
жапсырып жазған ең соңғы автопортреті шындыққа соншалықты жанаса қоймайтын
сияқты. Оның үстіне, бізге оның дәл сол автопортетінің керегі де шамалы,
өйткені Толстойдың бүкіл өмірін қамти сипаттайтын өзі жазған өмірбаяны бар ғой,
мұндай толық өмірбаянды Гетеден басқа ешбір ақын жазып қалдырған жоқ, рас, Гете
сияқты, Толстойдың өмірбаяны жеке шығармасында емес, керісінше, бір-бірімен
байланысқан, үздіксіз формада - өзінің күллі шығармаларының өн бойында, хаттары
мен күнделіктерінде оның толық өмір жолы жатыр. Өз «менінің» мәңгі ықпалында
болған Рембрандтан бұл жағынан да кем түспейтін суреткер Толстой әр романында,
әр әңгімесінде өзін жаңа қырынан және мүлдем басқаша көрсетіп отырады; оның
ұзаққа созылған өмірінің сырттай қарағанда маңызды, іштей күрт бұрылысты
кезеңдерін, ақындардың салты бойынша, өзінің ап-айқын көрініп тұратын
«екіншісі» арқылы  бейнелемей кеткен кезі
болған емес. «Казактардағы» кішкентай ғана дворян, мәскеуліктердің
меланхолялығынан, жұмысы жоқ жалқаулықтарынан, тіпті табиғатынан қашып, өзін
өзі табуға ұмтылып жүрген поручик Оленин - артиллериялық поручик Толстойдың нақ
өзі, тіпті үстіне киген костюмінің бір сабақ жібіне дейін, бетіндегі әрбір
қыртысына дейін соның өзі; «Соғыс және бейбітшіліктегі» қияли әрі сарыуайымшыл
Пьер Безухов және оның «Анна Каренинадағы» кейінеректегі құдайды іздеуші-туысы
сияқты болған, есі кетіп, тіршіліктің мәнін іздеумен басы қатып жүретін помещик
Левин сыртқы сипатына дейін өмірінің жаңа бетбұрысы алдында тұрған Толстойдың
нағыз өзі болып табылады. Ряса киіп жүретін «Сергия әкейдің» де сол кезде даңқы
жайыла бастаған әрі дін жолындағы Толстой екендігіне, «Жындағы» - өз
сезімдеріне қарсы шығып жүрген адамның да қартайып келе жатқан Толстой
екендігіне, князь Нехлюдовтың да Толстой екендігіне ешкім дау айта алмас, оның
тіршілігінің терең сырлары жасырынған, өзінің арман-тілек-ниеттері мен этикалық
іс-әрекеттерін орындатқан осындай ғажайып образдары (оның барлық шығармаларының
өн бойында жатыр) - нағыз Толстойдың өзі және оның ар-намысының
шығармашылықтағы айнасы. Ал «Жарық қараңғыда да сәуле шашадыдағы» жұқа ғана
пердемен көлегейленген  Сарынцев образы
арқылы Толстойдың отбасында болған қайғы-қасіреттің әрбір оқиғасы ап-айқын
көрініп тұр, қазір тіпті сол рөлді ойнаған артист те Толстой бейнесінде
гримденеді. Толстой сияқты көп қырлы тұлға, шынында да, осындай сан түрлі
образда берілуі тиіс еді; солардың бәрін бір тақтаның бетіне жинақтап, сосын
оған замананың алыс қашықтығында тұрып қарағанда ғана оның өмір жолында
ақтаңдағы да жоқ, ешбір құпиясы да жоқ біртұтас тұлға екендігін көруге болады.
Сондықтан да Толстойдың көркем шығармаларын терең оймен және ерекше зейінмен
оқыған адам оның өмірбаянының да, құжаттамалық сипаттауларының да басы артық
зат екендігін байқар еді.  Өйткені
сырттай қараған кез келген адам өзін өзі бақылаумен өткен Толстойды өзінен
артық етіп филологиялық айқындықпен бәрібір көре алмайды. Ол бізді ең бір қатал
қақтығыстардың дәл ортасына алып барады, жасырын тұрған небір сезімдерді
жалаңаштап береді; Гетенің өлеңдері тәрізді, Толстойдың прозасы да біртұтас,
бүкіл ғұмырының өн бойын алып жатқан, бір көрінісі екінші көрініспен алмасып,
өзін өзі үздіксіз толықтырып тұрған әлем. Міне, осы үздіксіздік -  тек осы үздіксіздік қана - Толстойдың ғұмыр
бойына жалғасқан еңбегін - суреткер-прозашының бізге құрметпен сыйға тартқан
еңбегін - өзін өзі кескіндеудің ең жоғары деңгейіне жеткізген; оның
кереметтігін Казановтардың өздерін өздері бір-ақ рет кескіндеген еңбектерімен
де, Стендальдың үзік-үзік кескіндемесімен де салыстыруға келмейді. Толстой,
еріп жүрген көлеңкедей, өз образдарының соңынан қалмайды.  Бұл әдіс, яғни, шығармадағы өз тұлғасының
проекциясын жасау әдісі - әрбір суреткерге тән жағдай. Қашан да шабыт үстінде
жүретін ақын - бұл қашан да сан түрлі тағдырдың жүгін арқалап жүрген, әр
оқиғаға жүкті болып, әр оқиғамен тұқым шашып жүрген адам; ол өз бойында шырқап
тұрған керемет әсерді де, басынан кешірген дағдарыстарын да өзінің туындылары
арқылы жеткізеді. Сонымен бірге, көптеген суреткерлер, мысалы, Стендаль өзінің
Фабрициосында, Готфрид Келлер өзінің Жасыл Генрихында, Джойс өзінің Стивен
Дедалусында қоғамның алдында біртұтас тұрады және бір ғана бетпердеде болады,
ал Толстой ақылға сыймайтын өзгерістері арқылы әрбір он жыл сайын өзінің
кескінін жаңа формада жазып шығады, сондықтан да біз оны жаңғыз күйінде емес,
көп қырлылық тұрғысынан, бір жағынан, өзгермейтін қалыпта да көреміз, кішкентай
бала ретінде де, есейіп қалған ер бала ретінде де, алаңы жоқ поручик, бақытты
күйеу ретінде де, діни дағдарыс кезеңдерінің Савлосы мен Павлосы, күрескері
ретінде де, жартылай қасиетті күйінде де, ашық та тып-тыныш қалыпқа түскен қарт
ретінде де көреміз, яғни, қатып қалған бір түйір автофотографиядағы қалпында
емес, уақыт ағымындағы ширақ та тынымсыз қалпында, қашан да өзгеріп те,
өзгермей де тұратын кинематографиялық портретін көргендей көреміз.

Ойшылдың осы тек  кескіндемелік
тұрғыдағы ғана портретіне енді, бұл аса жіті адамның өзін өзі үнемі салмақты
оймен бақылап отырып, күн сайын, сағат сайын, қаза болар ақырғы күні жеткенше
жазып отырған теңдесі жоқ күнделіктерін, хаттарын қосыңыз;  жандүниенің осынау сан қырлы әлемінде бір де
бір бос жатқан, зерттелмеген жер жоқ, бір де бір terra incognita; күллі
әлеуметтік жағдайлар, жеке басының жағдайы, эпикалық та, уақытша ғана мүддесі
болатын әдебиеттік те, метафизикалық та мәселелер талқыланады; Гетенің
дәуірінен кейін біз осыншама зор ауқымды, рухани-моральдық қызметті толықтай
атқарып шыққан ақынды көрген емеспіз. Және Толстой, осындай ерекшеліктері бола
тұра, адамдықтан да асып кеткен адамдықты танытқан, қарапайым да байсалды, байыпты,
ешқандай жағдайда да адаспаған немесе қандай да бір патологиялық шалықтан аулақ
болған, барынша жетілген адамның бір ғана данасы, өзінің мәңгілік «менімен»
және әбден жетілген «бізімен» тыныс алып, тек соны ғана көріп-бақылап өмір
сүрген суреткерден, тағы да сол Гетедегідей, құжаттамалық тұрғыдан тексерілген
күллі адамзаттың тіршілігінің миниатюралық сипатын көреміз.

                                                                                                                     

1928 ж.