ВЕРНУТЬСЯ

 
   Стефан Цвейг

 

    Мен танымға және оны бастан кешіруге  

 
  құштар болдым. Бірақ менің бұл құштарлығым 

 
  ешқашан да толық
қанағаттандырылмады. 

 
   

    Бір күні бір
қоғамдық ортада Стендальға бір буржуа келіп, жұмсақ та жағымды үнмен оның
қандай қызмет атқаратындығын сұрайды. Сол сәтте   тентек
мінезді оның бетіне жүгіріп шыққан мысқыл күлкіден өңі бұзылып кетіп, кішкене
көздері ашудан жылтырай қалып, қалжың араласқан ызалы байсалдылықпен «Мен адам
жүрегінің бақылаушысымын» деп жауап қатыпты. Бұл, әрине, шымшыма сұрақ қойған
және алған жауабынан сілейіп тұрып қалған әлгі адамның бетіне қарай найзағайда
жарқ еткізіп лақтырылған жауап-ирония еді. Дегенмен, осы ызалы қалжың араласқан
сөз-жасырынбақ ойынында шындық та бар еді, шынында да Стендаль өмір бойы
жоспарлы және мақсатты түрде жандүниенің өмірін бақылаумен болды және
адамдардың миын ақтарып көргендей көруге деген құштарлықтан асқан табанды да
ұзаққа созылған құштарлығы болған емес.

Оны барлық замананың ең мықты психологтарының қатарына
қосуға, жандүниенің ұлы білгірі ретінде атап, жүрек астрономиясының жаңа
Копернигі деуге әбден болады, сонымен қатар, егер алда-жалда Стендаль өзін өзі
немесе басқа біреу ол туралы «психология оның басты мұраты» деп қателесіп айтып
қалса, Стендаль бұған тек ризашылықпен жымиып қана жауап қатар еді. Өйткені
басты мұрат дегеніміз - бұл адамның өзін сол жолға толықтай арнауы, бұл кәсіби,
мақсатты жұмыс, ал Стендаль болса өмір бойы писхологиямен жүйелі, ғылыми түрде
айналысқан жоқ, ол оны жанай өтіп жүріп, онымен сырттай бақылап, қыдырстап,
көңіл көтеріп жүріп айналысты.

 Енді бір жола анықтап
алуымыз үшін біз бұған дейін бірнеше рет астын сызып көрсеткендерімізді тағы да
табандап тұрып нақтылауымыз керек: егер де біз Стендальды жұмысқа аса жауапкершілікпен,
қатал іскерлікпен қараған, эмоциональды немесе моральдық жағынан басқаларға
ықпал еткен адам десек, демек біздің Стендальды дұрыс түсінбегендігіміз және бұл
оның өзіндік психологиялық типін дұрыс бағаламағандық болып шығады. «Өмірдегі
ең басты нәрсе - көңіл рахаты» деген девизді таңдаған Стендаль маңдайына терең
әжім қалдырарлықтай ауыр ойдың соңында, жүйелі 
ұмтылыста жүрген жоқ, тек өзі айтқандай «diletto» («дилетант») болып, өз
жүрегінің қалауын ғана ойлап, мақсатсыз, өзін өзі күштемей ғана өмір сүрді.

Ол суреткер ретінде ешқашан да өз шығармаларының құлы болған
емес, қайдағы бір Бодлер немесе Флобер сияқты маниактық есерлікпен беріліп
кетпейді, ал егер де ол қандай да бір кейіпкерлер сомдайтын болса, онда тек
өзіне өзі және ғаламға сырттай қарап, содан ләззат алу үшін ғана сомдайды.
Өзінің саяхаттары кезінде қандай да бір Гумбольдтарға да, өзі үшін жаңа ашқан
елге келген ұқыпты зерттеушілер де сияқтанбай, есептен жаңылмайтын жер
өлшегіштерге де сияқтанбай, бірақ, турист ретінде ландшафтарға тамсанып, ол
елдің салт-дәстүрін, әйелдерін қызықтап қарайтыны сияқты, психологияға да ол
өзінің негізгі профессиясы ретінде қарамайды (мұны ғалымға қарата айтуға болар
еді, бірақ Стендаль ғалымдар қатарына жатпайды), танымға да ол Ницщенің
шуылдаған, оттай күйдіріп бара жататын қылығымен немесе Толстойдың өкініш
өртімен ұмтылмайды: ол үшін таным дегеніміз көңілін рахатқа бөлейтін өнер
сияқты, айырмашылығы оған мидың жұмысы қосылады және ол танымды міндет ретінде
емес, ақыл-ойдың санадан ары-бері өткізетін ойыны ретінде қабылдайды. Сондықтан
да оның бейімділігінің, қызығушылығының әрқайсысында қуаныштың реңкі бар, әсем
саздылық, көңілге қанат бітіретіндей жеңілдік және оттай ыстық жалын бар.

Ол бұл әлемнің тереңіне жол салатындардың қатал да бірбеткей
қылығынан ада, ол неміс ғалымдарына да, танымның жоғары шындығын іздейтін,
өздерінің өрттері өздерін тықсырып келе жататын 
Паскаль мен Ницщеге де ұқсамайды. Стендаль үшін ақыл-ой дегеніміз - бұл
ойлаудың шарап сияқты көбік атқан қуанышы, бір нәрсені білудің таза адами
рахаты, нерв орталықтарының көңілді мас қылып қоңыраулатуы, адамның шынайы да
тұтас, жан-жақты жетілген әрі баға жетпейтін құштарлығы.

            Стендаль
мұның психологтың құштарлығы екендігін білді, ол ұлы ойшылдардың осы
құштарлығының ықпалында болды; бірақ оның жүректің құпияларын өте нәзіктікпен
білуі - керемет, оның психологиялық өнері қандай жеп-жеңіл, қандай мазмұнды
десеңізші. Оның білуге құштар санасының саусақтарының, яғни, зерек нерв жүйесінің,
кез келген үнді қағып алар елеңдеп тұрған қабілетінің, өткір жанарының
көмегімен жандүниенің балдай миы асқақ сезімталдықпен тірі зат атаулының
бәрінен нәр сорады. Оның бейімделгіш интеллектісі үшін бір нәрсені бойына ұзақ
сіңіріп жүруінің қажеттілігі де жоқ, ол өз құрбандықтарын бір жүйеге сыйғызу
үшін тұншықтырып тастамайды, сүйектерін де сындырмайды; стендальдық талдау аяқ
астынан табылған жаңалықтың жаңа қуанышын, бұл кездейсоқтықтың тың келбетін,
таза рухын сақтайды.

Оның мейірбанды да ерік-жігерге толы аңшылық құмарлығы тым
тәкәппар, сондықтан да ол танымның қандай да бір ұсақ бөлшектерін теріп жүрем
деп тыраштанып, терлеп-тепшіп жүгіріп, оған тағы да аргументтер жинап, өзінің
де, өзгенің де берекесін кетіруге бармайды; ол тартымсыз кәсіптерге жоламайды,
яғни, бір нәрсені деректермен қампайтып, сосын оның ішін ақтарып көріп
әлектенбейді: ол не нәрсені де өте нәзіктікпен қабылдай алатындықтан, кез
келген эстетикалық құндылықты ұстаймын деп дөрекілікпен шап берудің оған
қажеттілігі шамалы. Кез келген нәрсенің өзіндік жұпары, олардың қолға
ұстатпайтын ішкі мәні, рухани сәулесі бұл ұлы дегустаторға мәні мен құпиясын
аша қояды, жәй бір ғана қимылмен ол сезімді тап басады, анекдот айтса -
тарихты, афоризмді айтса - адамды тани қояды, оған бір сәттік қана,
білінер-білінбес деталь болса, бір нәрсенің бір қыры ғана болса, жетіп жатыр,
ол көз ілеспес жылдамдықпен оның үстінен дәл түседі; ол көзге және сезімге  бытырай байқалғандардың, ұсақ-түйек
деректердің психологияда шешуші мәнге ие болатынын жақсы біледі. Оның романында
банкир Левен: «Тек ұсақ бөлшектерде ғана шындық пен нақтылық болады» дейді және
Стендаль өзі де «ұсақ бөлшектерге маңыз бен құқық берілген» сол ғасырдың әдісін
ұстанып, келесі жүз жылдықта психология бос, ап-ауыр, омырлып кетейін деп
тұрған гипотезаларды тастап, клеткалар туралы шындық молекулаларынан дене
туралы ғылым жасап, ал ұсақ бөлшектерді жіті бақылау арқылы,  нервтардың сәл ғана қозғалыстары мен
тербелістерінен жандүниенің қысымын есептеп шығаруға кірісетіндігін
көріпкелдікпен білген еді.

Канттың, Шеллингтің, Гегельдің ізбасарлары мен соларға
еліктеп жүргендер кафедраларда өздерінің профессорлық қалпақтарының астынан
күллі ғаламды суырып алып, баяндама жасап жүргенде, өзіне өзінің ғашықтығымен
танымға беріліп кеткен Стендаль философияның 
сансыз күмбезді мылжыңын доғаратын уақыт жеткендігін, алып жүйелердің
уақытының келмеске кеткендігін, енді рухтың мұхитында жеңіл ғана жылжып
отыратын су асты қайықтарының заманы келгендігін түсініп қалған еді.  Бірақ ол өз өнерінің айдынында жаңғыз еді,
біржақты қозғалыстағы профессорлар мен жағаның арғы бетіндегі ақындардың
ортасында ол мүлдем жаңғыз болды.

Стендаль сол замандағы табанды әрі оқу өтіп кеткен
психологтарды жеңіп, эрудициямен толтырылған гипотезаның ауыр жүгін арқалап
жүрмей-ақ олардан озып кетті; рух жолындағы ұлы күрестің еркін жауынгері болған
ол ешкімді жаулап алғысы да келмейді, ол тек «мен қарсы шықпаймын, қолдамаймын
да, мен тек бақылаймын» деп өзі айтқандай, ол тек ойын үшін ғана, спорт үшін,
өзінің жеке ләззаты үшін ғана танымның соңына түсті! Рухани жағынан өзінен
жақын, өзінің поэтикалық ойларымен философиядан озып кеткен  Новалис сияқты, бұл да танымның тек
«гүлдерінің тозаңдарын» ғана ұнатады, соққан желмен келетін, бірақ барлық
тіршілік атаулының мәнін бойына жинақтаған сол «гүл тозаңдары» секілденген
таным жүйесінің   тармақталған ағашының
түп тамырын ғана ұнатады.

Стендальдың бақылау тәсілі өте ұсақ нәрселерге, тек микроскоппен
ғана байқауға болатын, сезімнің ілкі сәттегі кристальдану кезеңіне бағытталған.
Тек осындай тұстардан ғана ол жандүние мен дененің құпия қосылысу сәтін толық
бақылай алады, ал оны схолостиктер «әлемдік жұмбақ» деп көпіртіп айтады; өте
ұсақ жағдайларды бақылау арқылы ғана ол ұлы шындықтың бетін аша алды. Осылайша,
оның психолгизмі бастапқыда филигранды болып көрінеді, миниатюра өнері
сияқтанады, нәзіктік ойыны сияқтанады, өйткені ылғи да, оның романдарында да
Стендальдың ашқан жаңалығы, оның болжамдары мен шабытты шақтары жай көзге
байқалмайтын реңктерді, сезімнің әзер байқалып қалатын қозғалыстарын табады;
бірақ ол өзінің мызғымас (әрі әділетті) ұстанымында тұра береді, содан да болар
сезімді бір сәтке ғана болса да дәл бақылауы жандүниенің қозғаушы күшін тануға
көбірек мүмкіндік береді, бұл «жүрек өзін басқалардың сезінуінен гөрі,
түсінуіне көбірек мүмкіндік береді» деген теориядан әлдеқайда нақтырақ, жандүниенің
өзгерістерін термометрдің шкалалары бойынша дене қызуын өлшегендей, ерекше
белгілерге қарап өлшеуді үйрену керек, өйткені жан туралы ғылым ала
көлеңкедегіні осылай бақылаудан басқа өлшеу тәсілін білмейді. «Тек сезінуде
ғана шындық бар сияқты». Өмір бойы үнемі бес-алты идеяға назар салып жүрсе
жеткілікті, соның өзінде жұрттың бәріне міндетті болмаса да, рухани қалып
сияқтанған жекелеген заңдар пайда бола бастайды, ал оны түсіну, ең болмаса
шешімін табуға тырысудың өзі нағыз психологты қуантып, өзіндік ләззат сыйлайды.

            Стендаль
осындай сансыз ұсақ әрі сәтті жаңалықтар ашты, олардың кейбіреулері аксиомаға
айналып, жандүние өмірінің көркемдікпен ашылуының іргетасы болды. Бірақ
Стендальдың өзі осындай табыстарына ешқандай да мән берген емес, ой ағымдарын
ақ қағазға қалай болса, солай жаза салады да, оларды ретке келтіруді де,
жүйелеуді де қажет деп таппайды; оның хаттарының, күнделіктерінің, романдарының
деректер үйінділері арасында жатқан осындай тұқым шашар ойларды көптеп тауып
алуға болады: кездейсоқ табылып, солардың арасына лақтырыла салған ойлар
өздерін қайта тауып алғанша жата береді.

Оның барлық психологиялық еңбектері жалпылама алғанда
жүздеген немесе екі жүзге жуық сентенциялардан тұрады: кейде ол екі-үш ойды бір
арнаға бұрып, байланыстырады, бірақ ешқашан да соларды бір тұтастандырып,
тәртіпке келтіріп, аяқталған теория жасап қою оның ойына да келмейді. Тіпті
оның екі романының аралығында жарыққа шыққан психологиялық тақырыптағы  жаңғыз монографиясы - махаббат тақырыбына
арналған монографиясы - үзінділер мен сентенциялардың, анекдоттардың жиынтығы
десе болғандай, ол өзінің еңбегін «Махаббат» деп атауға ыңғайсызданып,
«Махаббат туралы» деп атапты, ал оны «Махаббат туралы айтылғандар» десе
дұрысырақ болар еді. Бұл кітабында ол махаббаттың бірнеше түрін суреттеп
шыққан: махаббат-құштарлық, сезім махаббаты, махаббат-бейімділік; ол көп
ойланып жатпай-ақ мұндай махаббаттардың пайда болуы мен сөнуі туралы теориясын
да жазып тастайды, бірақ ол осының бәрін «қарындашпен» ғана жаза салған
(Стендаль, шынында да, өз кітаптарын қарындашпен жазып шыққан). Ол мұнда тек
ымдап қана, болжамдармен, ештеңені міндетіне алмайтын гипотезалармен көрсетіп,
жәй бір әңгіме айтып отырғандай, арасына анекдоттар қосып баяндайды, өйткені
Стендаль ешқандай жағдайда да терең ойлы болып көрінгісі келген жоқ,
түп-тамырына шейін ойлап, басқалар үшін де ойлануды мақсат етпейді, кездейсоқ
көзіне түскен құбылыстардың соңынан қуа жөнелу оның әдетінде жоқ.

Адам жанының Еуропа бойынша 
бұл алаңсыз саяхатшысы өзі атқаруға тиісті екшеу, жүйеге енгізу жұмыстарын
психологияның жүкшілері мен тасымалдаушыларына, қара жұмыскерлеріне қалдырған;
шынында да  француздардың тұтас бір
ұрпағы ол клавишалардың бойымен жеп-жеңіл жүгіріп өткен жолдардың әуенін
дамытты, түрлендірді. Оның әйгілі махаббатты кристаллдандыру теориясының ізімен
ондаған психологиялық романдар өмірге келді (бұл теория сезімді бір кездері
тұзды суда болып, тұзға қаныққан, сосын бұлақтың тұщщы суына тап болып, бір
секундтың ішінде кристаллдарға айналған шыбықпен салыстырады); нәсіл мен
ортаның суретші Тэнге ықпалы туралы кездейсоқ айтыла салған ой қомпайған, ауыр
салмақты гипотезаны туғызды әрі атақ-даңқы да жайылды.

Бірақ Стендальдың өзі жұмыскер емес, ол ұлы суырып салма
дарын, өзінің психология туралы жазғандарында үзік-үзік ойлардан, афоризмдерден
арыға барған жоқ, бұл жерде ол өзінің француздық бабалары Паскальдың,
Гамфордың, Ларошфуконың, Вовенарганың ізімен жүрді, олар да Стендаль сияқты
құрметтеу сезімінен бастап, барлық шындықтың өтпелі екендігін жазды, өздерінің
байқағандарын олар біртұтас ауыр салматы Шындықтың кең креслосына нық отырғызу
үшін    ешқашан бір-бірімен
байланыстырған емес. Ол өз болжамдарының былайғы жұртқа бүгін болсын, жүз
жылдан кейін болсын қажет болар-болмасын ойламастан ысырап етіп, төгіп-шашып
ұстады. Ол бұл туралы басқа біреудің бұған дейін жазған-жазбағанын да, өзінен
басқа біреудің көшіріп алуы мүмкіндігін де ойлаған емес; ол ешқандай күш
жұмсамай-ақ өзі қалай өмір сүрсе, қалай сөйлеп, қалай жазатын болса, дәл солай
ойлап, дәл солай бақылайды.

Еркін ойлайтын бұл адамның ойына ешқашан да серіктестер,
ізбасарлар мен оқушылар іздеу керектігі туралы ой келген емес; оның бар бақыты
- барынша жарқырай тереңдеп, айқын ой ойлау. Кез келген қарапайым ғана адами
қуаныш сияқты, оның қуанышы да жұрттың бәріне ашық және барынша тартымды.

Іскер де ауқымды психологтармен салыстырғандағы Стендальдың
артықшылығы - ол бұл жүрек ғылымына ақылдылықпен, алаңсыз және өнерден ләззат
алғандай соншалықты рахат сезімімен беріле атқарды, ол бұл жүрек ғылымына
кәсіби жұмыс ретінде қараған жоқ. Ол, Ницще сияқты, ойлаудағы жігерлілігімен
ғана емес, кейде ойды ойнату шеберлігімен де көзге түседі; ол айтарлықты мықты
және өжет, бұл оның шындықпен бетпе бет келіп, ойнай алуына және танымды ерекше
құштарлықпен сүюіне мүмкіндік берді.

Өйткені Стендальдың руханилығы оның тек баспен ойлауында
ғана емес, мәселе оның күллі өмірін нағыз, толыққанды интеллектуальды ете
білуінде, оның болмысының өмірдің күллі шырынына суарылғандығында және
қаныққандығында. Онда толыққанды сезімталдықтың дәмі бар және өткір иронияның
тұздығы, ащы тәжірибенің тұтқырлығы мен тістеп алар ызақорлықтың бұрышы бар;
біз көптеген аспандардың күнінің астында қыздырынған, кең ғаламның самал желі
желпіген жандүниені сезінеміз, ашқарақтана басталып, елу жасқа келгенде де әлі
тіршіліктің қызығына тоймаған, солмаған өмірді көреміз. Оның ақыл-ойы
соншалықты мол және жеп-жеңіл көпіршік атып, өмірлік сезімнің жиегінен асып
төгіліп жатыр.

Бірақ оның барлық афоризмдері -  күллі ішкі байлығының тек бөлек-бөлек,
ернеуден кездейсоқ асып төгіліп қалған тамшылары ғана, ал оның одан да көп әрі
құнды бөлігі бір жағынан мұздай, бір жағынан өрттей ыстық жандүниесінің жұп-жұқа
ғана шарасында сақтаулы, ол шараны өлім ғана сындыра алады. Бірақ осы шашырап
кеткен тамшылардың өзінде де рухани масаңдықтың жап-жарық және қанатты қуаты
бар; олар, жақсы шампан сияқты, жүректің жай ғана соғысын жиілетіп, өмірдің
сөнып қалған қуанышын қайта туғыфзады.

Оның психологиясы - жақсы оқытылған мидың геометриялық
әдістемесі емес, толықтай бір өмірдің жинақталған мәні, нағыз адамның ойлау
жүйесінің негізі, бұл оның шындығын асқан шындыққа, оның құштарлығын асқан
құштарлыққа айналдырады, оның ашқан жаңалықтарын әрі бір сәттілік, әрі мәңгілік
жалпы қоғамдық мәнділікке айналдырады, өйткені ойшылдың қандай да бір талпыныстары
өмірді толығымен қамтуға жететіндей емес.

Мақсатқа ұмтылатындардың барлығы да мақсатқа жеткен соң,
тоқырайды, уақытша нәрсенің бәрі өз уақыты жеткен соң тасқа айналады. Барлық
идеялар мен теориялар Гомердің Аидасының көлеңкесі сияқты жалаңаш көріністер
ғана, қандай да бір кескіні жоқ елестер; оларға адамның қаны нәр бергенде ғана
оларға дауыс пен образ пайда болып, адамзатқа 
қарап тіл қатады.