ВЕРНУТЬСЯ

Рахат Құсайынұлы Қосбармақ 1972 жылы 19 маусымда Маңғыстау облысының Бейнеу ауданындағы «Қызыләскер» (бұрынғы «Тұрман») деген жерде, Сам құмында дүниеге келген. 8 жасынан бастап жыр жаза бастаған ол 1988 жылы Алматы қаласында республика бойынша тұңғыш рет өткізілген қазақ тілі мен әдебиеті олимпиадасына қатысып, бас жүлдені иемденді. 1989-1994 жылдары Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік Ұлттық университетінің журналистика факультетінде оқыған Рахат Қосбармақ оқи жүріп, студенттердің республикалық «Өркен», тәуелсіз қоғамдық-саяси басылым «Жас қазақ» газетінде тілші, қазақ-түрік бірлескен «Таң-plus» телекомпаниясында редактор болып еңбек етті.1994-2002 жылдары Маңғыстау облыстық телерадиокомпаниясында редактор, аға редактор, бас редактор, төрағаның орынбасары болып жұмыс істеді. Облыстық телеарнаның эфирі арқылы 400-ден астам телехабар дайындап, 8 жылдан астам уақыт бойы жемісті еңбек етті. 2003 жылы жеке меншік «АР» телестудиясын құрды. 2004-2005 жылдары Маңғыстау облыстық кедендік бақылау департаментінің жұмысты ұйымдастыру және бақылау бөлімінің бас маманы, баспасөз қызметінің жетекшісі қызметін атқарды. 2006-2009 жылдар аралығында республикалық тәуелсіз қоғамдық-саяси басылым – «Ар.kz» газетінің бас редакторы болды. 2009-2011 жылдары «Catkaz» ЖШС Бас директорының кеңесшісі қызметін атқарды.1993 жылы Қазақстан Жазушылар Одағының сыйлығына, 1997 жылы Маңғыстау облысы әкімінің «Құрмет грамотасына», 2000 жылы облыс әкімінің «Алғыс хатына», 2006 жылы Жұмекен Нәжімеденов атындағы республикалық жыр мүшәйрасында «Қазақ әдебиетін қолдау қорының» арнайы жүлдесіне ие болды. 2002 жылы «Қазақстанның Тәуелсіздігіне – 10 жыл!» мерейтойлық медалімен наградталды. 2008 жылы есімі «Маңғыстау» энциклопедиясына енгізілді.Рахат Қосбармақ – республикалық дәрежедегі бірнеше айтыстар мен мүшәйралардың жеңімпазы. 1992 жылғы республикалық «Студент көктемі» фестивалінің лауреаты. V және VІ халықаралық «Шабыт» фестивалінің дипломанты. Қазақстан Журналистер Одағының және Жазушылар Одағының мүшесі.«Кемпірқосақ» (1996 жыл, «Рауан»), «Бекет Ата» (2000 жыл, «Информ-Арна»), «Сұрасаң руымды – Дәулеталы» (2010 жыл, «Информ-А») атты кітаптардың, «Жаздың ең соңғы күні» (1999 жыл, «Зерде»), «Атажұрт» (2011 жыл, «Информ-А») жыр жинақтарының авторы. РАХАТ ҚОСБАРМАҚ ТУРАЛЫ ОЙ-ПІКІРЛЕР: «..Рахаттың сай-сүйегін сырқырататын Мұңалжардың күйген бауырдай киелі жоталары да күншығыс теріскей бетте, құрық созым қашықтықта.Рахат туған Сырға пірлердің соңы Ер Бекеттің тауды қашап, тасты матап орнатқан төрт құтханасының ортасында орналасқан.Қысқасы, ол арада туған ақын көкірек адамның көзіне атамекен, көңіліне атажұрт алдымен оралып, ерекше елжіремеуі еш мүмкін емес.Оның көзін қыдықтаған Жердің өзі тарих боп ымдайды.Оның құлағын қыдықтаған Желдің өзі тарих боп ызыңдайды......Оның ақындық шанағы да асқақтатып ән шырқатып, желкілдетіп тіл безетпей, көкірегіңді күбірткедей солқылдатып, мұңлы күй шалғызатын көйгөй домбыраға көбірек келіңкірейді екен. Желпінтпейді, ойландырады. Құлшынтпайды, толғандырады......Рахаттың өзі нәр еміп, сыр тартқан өлкеге ұқсап, салмақты ойланып, салиқалы толғанатын сабырлы шабытына ұзақ ғұмыр, кең өріс тілейміз».Әбіш КЕКІЛБАЙҰЛЫ,Қазақстанның халық жазушысы,                                                             ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. *          *          * «Өлең сылап, сөз баптап байлыққа батпайтынын түсіне қойған ақыны да, «Ел қорғаймыз» деп екіленген батыры да қалта қамына жаппай жұмылып, ақындары ақымақ көрініп, алыпсатарлары ардақталып жатқан заманда жүйкесін жырмен егейтін жастар сирек. Табиғаттың оты мен желінің өтінде тұрған Бейнеу ауданының Сыңғырлау ауылында туып-өскен, Қашағанның жырын жаттап, Досат пен Қайыптың әнін қанына сіңіріп, Абыл мен Есірдің күйін тыңдап өскен, бұл күнде әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің студенті Рахат Қосбармақ сол сиректердің бірі болып шықты.Ақша қумай, банк ашпай, митингілетіп, қор-қозғалыс ұйымдастырмай, байлардың мәшинесін жемдейтін бензин колонкасын сатып алмай, өзімен-өзі жүріп, сөз қасиетін кие тұтқан Рахат тектес өрім жігіттер мен қыздарды күтіп тұрған қиын-қыстау жолдарда оларға адалдық пен төзім серік болғай!».                                                                                     Фариза ОҢҒАРСЫНОВА,Қазақстанның халық жазушысы,                                                             ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. *          *          * «Менің білетінім: Маңғыстауда бір күшті ақын бар. Оның аты – Рахат Қосбармақ. Ақын атанып, Жазушылар Одағына мүше болып жүргендердің бірталайынан оның мойны озық. Ол туралы кезінде Ә.Кекілбаев та, Ф.Оңғарсынова да пікірін білдірді.«Кемпірқосақ», «Жаздың ең соңғы күні» деген кітаптары бар.Рахат ешкімге ұқсағысы келмейді, өзінше жазады. Өлеңдері сонысымен құнды, сонысымен мықты. Әдеби ортадан алыс, шалғайда жүргендігінен өз бағасын ала алмай жүр».Өтежан НҰРҒАЛИЕВ,ақын. *          *          *             «..Рахат Қосбармақтың ой-толғамдарынан байқалатын сыр – оның көп жылдан бері осы тақырыпқа құштар көңілде, ізденісте жүргендігі. Жас ақын, журналист Маңғыстау жеріне қатысты үш жүз алпыс әулие, суфизм, Ата мешіттері, Көк аса, Бекет Атаның өмір сүрген жылдары, Атаға арналған жыр-толғаулар, А.Ершуов ұсынған толғаулар, т.б. мәселелер хақында ой толғайды, шолу жасайды. Жәй ғана баяндамайды, қызуқандылықпен, іңкәр көңілмен, жанкүйерлікпен ашық айтады, өзінше жазады».                                                                                  Қабиболла СЫДИЫҚҰЛЫ,филология ғылымының кандидаты, ғалым. *          *          * «Мен маңғыстаулық ақын Рахат Қосбармақтың шығармашылығымен көптен бері таныспын. Оның баспасөз беттерінде, жастардың жырлары топтастырылған кітаптарда жарияланған өлеңдерін оқып, шын риза болып, бүгінгі күнге дейін Рахаттың шығармашылық әр адымын бақылап келемін. Оның «Жаздың ең соңғы күні», балаларға арналған «Кемпірқосақ» еңбектерінен тек өзіне ғана тән үн мен сарынды, қуат пен жігерді көрдім. Ол жинақтардағы образды оралымдар мен тосын сөз тіркестерінен әлі де ашылмай жатқан, бірақ ашылуға тиіс бұла еркіндік пен арқалы ақындықты бар тұла бой, жан-тәніңмен сезініп отырасың. Кесіп айтады. Есіп сөйлейді. Лап етіп көтеріледі. Лақ етіп төгіледі.Сондықтан да мен Рахат Қосбармақтың толық мағынасындағы ақын екендігіне кепілдік беремін».                                                                                      Темірхан МЕДЕТБЕК,ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ақын. *          *          * «Жұртты білмеймін, менің ылғи жақсы өлең оқығым келіп жүреді.Мұны айтқанда, мен Рахатты көпіртіп мақтағым жоқ. Өйткені, Рахат – ерте танылып, ел аузында жүрген ақын. Енді оны асыра мақтап, аса шешен болмай-ақ қояйын. Кейде тіпті жақсыны мақтағың келгенде, дөп тиетін оқыс пікір ойыңа оралмай, оралымды сөз аузыңа түспей, қинайтыны бар.«Әр ақынның өз үні, өз даусы болуы керек» деп жатамыз ғой. Ендеше, Рахаттың өз даусы бар. Не жазса да, өзінше жазады.Жас ақындарға «ауру» болып жабысатын еліктеу-солықтаудан да Рахат ада. «Әйтеуір өлең жазғанның жөні осы екен» деп, қайсыбіреулер сияқты қайдағы жоқты көйітіп, әулігу, аспан мен жердің арасында салбырап тұрып алып, өзге түгіл өзі де түсінбейтін бірдеңелерді шатыстырып-бытыстырып, пырдай басыңды шырдай қатыратын күшеншектік те, тыраштық та жоқ Рахатта.Рахаттың жазатыны – кәдімгі адами сезімдер, дүнияуи тіршілік, кәдімгі дала, кәдімгі жел.Әрине, «Маңдайың тершімей, қиналмай өлең жазылады» дегенге мен сенбеймін. Ол – өтірік. Бірақ оған бола ескі грек құдайларына табынудың, Париждің көркіне сұқтанып, көзіңді ашып-жұмудың, болмаса, Пегасты іздеп, әуреге түсудің керегі жоқ екен.Рахат жырлаған атақоныс Маңғыстаудың сардиған сары даласы да, Самның қылтанақсыз ақ шағылы да, ығыр қылатын Бейнеудің сарнаған желі де, «күн астына қарай күңірентіп тартар» кереге жал Күреңі де етене, көзге оттай басылып, жүрекке жылы тиеді.Әрі айтып-бері айтқанда, майын тамызып, мың мақтағанмен, өлеңді бір оқығандай болмайды бәрібір.Ал «Мақтамаймын» деп отырып, мақтаған болсам – жақсы өлеңді, мықты ақынды мақтаған болармын».                                                                                          Есенғали РАУШАНОВ,ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ақын

Рахат