ВЕРНУТЬСЯ

         Шытынап сынған айнаға қарап,

шыт-шыты шыққан өзімді көрдім,

мен емес,

өзге қаймана қазақ

қарап тұрғандай сезілді кей күн;

сындырған жанды төзімді дер кім,

шыт-шыты шыққан өзімді көрдім,

жүрегім - парша,

санамда - сызат,

бұл күйде қайтіп көзімді ілермін?

Жарыма жаңа айна әкелдім де,

абайлауға енді сөзімді бердім.

Жаңа айна үйге ала келгенмен,

быт-шыт боп, бірақ қала бергем мен:

өзім де сынық,

сөзім де сынық,

шатынап кеткен көзім де сынық,

жарықшақ, жаркеш, жарадар, жадау,

әзіл де сынық, сезім де сынық.

Қайғы мен шерге шыдайтын байғұс,

күлпарша болып құлайтындай-мыс...

Анадан енді қайта тумасам

қайтадан мені құрайтын қай күш?..